Today's Birthdays
Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
ESSAY
Кішкене кейіпкер

Blogs

30.03.2022
6597

Кішкене кейіпкер

Алғашқы қалам ұстаған кезде ет қызуы, жастық албырттықпен көркем әңгіме көп жазылды. Олар дәптердің ішінде жарыққа шықпай қала беретін. Оқыған адамдар қызық екен, бірақ әй, мынауың шықпайды ғой,– деп күліп қайтарып беретін. Сөйтіп жүргенде үш-төрт беттік әңгіме аудандық газетке шыға келсін. Ауыл адамдары оқиды да мырс-мырс күледі кеп. Ай, сенің анауың не,–дейді мен бірдеңені бүлдіріп қойғандай. Үндемеймін баяғы, қулық іште жатыр. Сөйтіп, жазғандарым көбейген сайын, оны қайда қоярымды білмей өзімнің ойда-жоқта пайда болған талантымды қайда жасыруды білмей үнемі бірдеңелерді ойлап, қалай жазудың жолын іздеп ойша қаңғырумен жүрдім. Айналадағы болып жатқан оқиғаларды жазса ғой деймін.

 

Әркімше жаздым. Бірақ өз стиліме түсіп кетем. Бейімбетше, Ілиясша деп көрем. Сәбеңше сілтеймін. Тағы біраз жыл өтті. Орыс жазушыларынан оқып, Чеховты ұйықтасам жастанып жаттым. Сөзі ірілерді, көзге түсетіндерді  түгел қарадым. Миым ашыды. Орыстана бастадым. Қалада 2-3 жыл жүріп қайта ауылға келдім. Тағы оқу...

 

Әңгімелерімнің кейіпкерлері де қызық, студенттер, жалқаулар, жұмыстан қашқан, оған себеп іздеген, әскерден келіп оқуға түспеген, жолы болмаған, ауылдан қашып қалада жұмыс істейтіндер. Көбі жатақхана тұрғындары. Дикий бригада құрып құрылысқа кетіп қысқа ақша тауып алып, қыстың ұзақ түндерінде кітап ақтарамын.

 

Бұл диплом алып кеткен соң да жалғасты. Бар болғаны 4 класс бітірген шешем балам-ау, депломыңды алдың ғой, сол кітапты несін оқи бересің көзіңді тауысып, ана мұғалімдер өмірі бір кітап оқымай-ақ елдің баласын оқытып жүр ғой,–дейді.

 

Бұл кезде журналистік қызметтің бояп жазатын, шындықтың өмірге қабыспайтын жақтарын өтірік қиыстыра алмау себепті оқытушылық қызметке үйрендім. Сол біраз жыл асырады. Әйтпесе дипломмен қара жұмыс істеп жүретіндер көп еді. Оқытушылық көп нәрседен сақтап қалды. Кітап оқуға  дағдыландым. Жазуды қоймадым. Жазғандарым бірнеше кітап болды, бірақ орталықта жарық көргендері сирек. Белгілі жазушыларға көрсеттім. Кейбірін ұнатқан адамдар әр жерге шығарып жүрді. Алғаш кітабым шыға бастағанда менің әңгімелерім туралы жақсы пікірлер айтылды.

 

Ауылдан келген әлдебіреуге жақсы сөзді қиғысы келмеген пысықтар ұсақ тақырыпты жазады, кішкентай адамдардың өмірі деп жақсы пікірді кейін шегерді. Көркем әңгіме жазу 70-80 жылдары дәстүрге айналды. Сол жылдары әңгіме жазбаған жазушы жоқ. Кейін көбі роман, повес жазды. Мен әңгімеден айрылмадым. 90-жылдары бұған базар хиқаялары, шым-шытырық аласапыран қосылды.   

 

Енді кішкентай адамдар керексіз болды. Өмірде адамның үлкен-кішісі болмайды дегенді кім тыңдасын. Жұрттың ойланып жататын, ондайға бас қатыратын уақыты жоқ. Жұрттар не жазып жатыр соны жазады да... Барлық жанр жақсы дегендей хандар, батырлар, билер, партия қайраткерлері туралы романдар бұрқылдап шықта-ай келіп со жылдары көбейген баспалардан. Министрлік мінберінен шалқайып тұрып есеп берген сабазың бізде бір жылда пәленбай тарихи роман шықты деп соқты. Оның көбі шикі екенін қайдан білсін. Жазылды, шықты, бітті.

 

Өзі министрлікке жаңадан келген химия маманы еді. Бізде өзі солай ғой. Сезімшіл халықпыз. Сөйтіп араластырып қоймаса болмайды. Мысалы, он спортшыға мүгедектер мәселесімен айналысатын маман тіркеп қояды. Оның өзі де денсаулығы нашар. Әлгілер бәрі жұрттан озып шулап жүргенде елдің алдына түсе бермей артына қарайлап жүрсін деп жаңағы адамды енгізіп қойған. Дұрыс ақыл ғой...

 

Жазармандар онсыз да ұраншыл ғой арасына үндемей жүретін химикті енгізіп қойсақ химиясын жасап жүре береді деп ойлаған. Жалпы біздегі шенеунік атаулы қызық өзі, басы сондайда істеп кетеді. Мысалы, химик әдебиетті білмейді. Оған ештеңені дәлелдей алмайсың басы толған формула. Оған екі жүз роман деп кітаптарды әкеп берді, қол қойды бітті. Шықты да кетті. Ал, осыны жазушыға берсеңіз көп дау шығады. Оны талқылайды. Қияды. Кішірейтеді. Жасына қарай шіретке тұрады. Сосын қай жақтан келген деп тексеріп қарайды. Сөйтіп жүргенде екі жүз кітаптың жартысы шықпай қалады. Қанша шаш ағарады. Ал, химик оған қараған жоқ. Сөзге келмей әкелген нәрсенің бәрін шығарды. Жақсы-жаманын өздері біліп алсын деп берді түгел өздеріне. Оның үстінен арыз да түскен жоқ Не деп түссін. Бұл өзі қызық жағдай ғой. Түсіндіру қиын да...

 

  Ал, күнбе-күнгі қасымызда жүрген адамдар туралы жазба, айтпа дегенді әдебиет тарихы білмейді. Ұлы Абайдың өзі үйінің отынын жарып жүрген адамды мен оның қасында түк істемейтін, дайын асқа тік қасық біреумін ғой деген оймен, сол отыншы көзі бақырайып алып, түк істемей кешке дейін сөйлейді де отырады,–деп күлуіне де риза болып бірге күлген. Абай атамша кең болсақ қой шіркін.

 

Өмірдегі сол қасымызда жүрген адамдарды, оның арман-мұңы, қайғысын жазған несі айып. Оны дұрыс емес дегеннің өзі дұрыс емес. Менің шыншыл досым айтқан. Бұл тақырыпты дұрыстап жаза алмаған соң жазбай жүр жазғыштар. Тура айтқанда жазу қиын. Оны біліп жазу керек. Мысалы,– дейді менің үй тұрғызған досым. –Талай құрылысшыны көрдім. Мынаны істей аласың ба?–деп сұрасаң істей алмаймын деп айтпайды. Ал, істеп жатқанда қарап тұрсаң қалай болса солай істей бастайды. Ақшаңды төлеп жұмысыңды істетіп, еще жалынып жөндетіп аласың бұзып тастаған жерін. Аңдып жүргенің. Қазір бәрі сондай. Сөзбен қатырам дейді. Ал бірдеңе істеуге келгенде, артынан қарап тұру керек... –Бұл менің досымның шын сөзі. Өзім куәгермін.

 

Біздің жазарман осы сияқты–Ой кішкене кейіпкер ме, е оны қатырамыз,– деп жұмыссыз адам туралы білгенін жазып тастайды. Бизнесмен туралы ма, оны қатырамыз деп тағы жазып тастайды. Пәтерші туралы ма, тағы жазады. Оны оқушыға ұсынайын десең, іші толған қате, қатеден аяқ алып жүргісіз. Осылаймыз ғой біз. Тіпті, өнерді де қиналмай тудырғымыз келеді. Әлгі повесті мықты жазушыға айтсаңыз,–Әй қиын ғой, мен ондай тақырыпты жазбап едім, ойланайын,– деп уақыт сұрайды. Ал, жалған жазғышта уақыт жоқ ойланатын.

 

Әлгі құрылысшы сияқты. Үйді қалайда бітіріп, қисық жерін сылақпен жөндеп, тесік жерін трәпкімен бітеп, сыртынан сырлап қояды. Қаламгер қауым арасында –Не жазсаң оны жаз, бірақ жақсы жаз,–деген сөз бар. Сол рас. Ойбай, жазған соң, роман жазу керек, ұсақ әңгіме деген не, тәйірі,–деп сөйлейтіндер жетіп жатыр. Сол 500 бет романды бес беттік әңгімеге сыйғыз, жазушы деген осы десең иланбайды. Босқа күлкі боласың.  Шағын нәрсеге шекеден қараған қаламгерге –Көлемді дүниеге көп салық салады екен,–десеңіз ойланып қалады. Бізде осылай бірдеңеге ақшаға әкеп тіркесең ғана ойлана бастайды.

 

–Аһа. Романға салықты көп салады екен. Онда сол романды ондаған әңгімелерге бөлу керек,– деп қарап отырмаса маған келіңіз. Сөйтіп салық туралы кодекске көлемді шығармаға салық көбірек, әңгімелерге азырақ салынсын деген бап енгізсеңіз болды, біздің қазақ әдебиетінде көркем әңгіме дегеніңіз қаулап сала берді деңіз. Әсілі, жаңашылдық дегеніңіз осы ғой өзі. Бұны саясат тілімен айтқанда өнерді басқарудың материалдық тетігі дейді. Бір тетікті өзгертесің, мыңдаған адам соның ізімен жүреді.

 

Жалпы біздің баспа саласын инженер де, химик те, мұғалім де, режиссер де басқара береді. Бізге келгенде өстіп қателесе беретін шенеуніктер басқа салаға келгенде бүйтіп қателеспейді. Өте сақ өздері. Мысалы кино, теле хабар саласына жазушыны өмірі апармайды. Себебі жазушылар жеу деген жаққа жоқ, аузы берік. Алғанымызды айтып қояды сондықтан оларға ақшасы жоқ, тамағына әрең жететін «условия» жасау керек деген сөз миларына сіңіп қалған. Тіпті осы жазушылар қандай адамдар өзі деп сұрап қоятынын қайтерсің. Оларды таластыру үшін ішіндегі қызғаншақ біреуге гонарар беріп анау туралы жазшы десе болды. Ертеңінде дайын болады. Мәнісі солай. Енді сценарий жазу деген жазушының, ау бастағы қаламгердің жұмысы еді, одан өздері тегіс айрылды, ал оны түк білмейтін инженер алды да режиссерге бере салды. Рахат. Бұл дегеніңіз ақша ғой шіркін қып-қызыл. Ал, жазушылар болса жүр,– Бізге неге сценарий заказ бермейді екен,–деп. Оны басқарып отырған сіз емессіз ғой қаламгер жолдас-ау, басшы болсаңыз «пажалыста» алыңыз да бере беріңіз қаламгер достарыңызға. Қарық болсын том-том сценарий жазып.

 

Инженер арыз жазбайды, мықтыларын тыңдайды. Математик де солай. Есеп шығара алатынын шығара алмайтыны тыңдайды. Ал, бізде олай емес. Кімнің өлеңі ең нашар болса сол қызметі үлкен болып бірінші бетке шығады, ал кімнің қызметі болмаса оныкі жақсы болса да көрінбейтін жерде тұрады. Сыйлық алуы да солай. Мысалы бокста бәрінен жеңілетін адамның чемпион болғанын көрдіңіз бе? Көрген жоқсыз. Жеңімпаз чемпион болады. Бірақ әдебиетке келгенде өзі жазылмаған заңдар байқамай шығып қосыла береді де кімнің-кім екенін кейде аңғармай қаласыз. Көбіне бізде бәйгеге түскен мықтылар сыйлақ ала алмай шеттеп жүреді де түк білмегенсіп жүрген біреулердің қолы жүріп, алмаған сыйлығы қалмайды.

 

Бүгінгі қоғамда адал адамның қызмет істеуі қиынға айналды деп жүр біреулер. Рас, адал адамды тәртіп бұзатындар ұнатпайды, парақорлар тіпті жек көреді, заң адамдары ығып жүреді. Ал, бұған жазушы қауымының не қатысы бар десеңіз, қатысы сол олардың адал жүріп, адал еңбектің ақысын талап етуі, өз арасындағы алғыштар мен жемқорларға маза бермеуі, қылығын айғақтап өзінің атымен атай отырып, жемқорлықпен күресті пайда болған сәтінен бастап шырақ ала қуалауы ешкімге ұнаған жоқ. Ендеше, бұл саладағы бар гәптің осында жатқанын мойындау керек. Әдебиетте адал кәсіп еткендер жемқорға жем болмасын. Бұл жерде «кішкене адамдар» жоқ деп кім айтады. 

 

Бұған әдебиеттегі «кішкене адамның» қатысы көп. Қызметтегі жемқор шенеунік әдебиеттегі «кішкене адамдардың» жағдайынсыз жақсы кейіпкер, жауапты қайраткер бола алмайды. Өмірдегі, заманы көтеріп зор қайраткер қылған адам да қоғамның індетінен тысқары еңсесін көтеріп «кішкене кейіпкер» келбетінен үлкен адам болатын дәрежеге көтерілуі мүмкін емес. Ендеше, әдебиеттегі «кішкене кейіпкерлер» жасай берсін!   


Share:      
Leave a comment: