Today's Birthdays
Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
PROSE
Қамшының сабы

Blogs

15.10.2019
5461

Қамшының сабы

Сәуір айының соның ала әр жердегі қыстан қалған ойдым-ойдым қарды ерітіп, күн қызды. Жер құрғап, қырда қылтиып көк те білінді. Күн қырға таман еңкейіп, көсіліп жатқан кең жазықтан балаша еркелеп салқын жел соқты.

 

Ойпаңдағы ауылдан өрге тырмысқан ұзақ жолда қыбыр еткен жан болсашы. Қалаға баратын жол айрығында көлік тосқан екеу жалығайын деді. Отыздар шамасындағы, аққұба келіншек әлденеге ренжіген кейіппен Тоқболаттың жүзіне қарап: 
 

– Әке, әлі де ойланыңыз. Ауылда жалғыз не бітіресіз? Бұрынғыдай жұмыс істеп жүрген жоқсыз. Баяғы сенетін совхоз тарап кетті. Мал асырау оңай емес. Келіссеңіз көшіріп алайық,– деді. –Қандай туыс болса да күн сайын сіздің сиырыңызды сауып, сүтіңізді пісіріп, тұрмысыңызға қараса бермейді. Әркімнің өз тірлігі бар. Бәрі де өзіңіз тәрізді. Өз күн көрісінен кім асады? Үйленіп, келін түсіріп, ендігі шаңыраққа ие болып, қолыңызды жылы суға малады деген Жарболдың жүрісі анау. 
 

Әкейдің жүрегі ауырар деп көптен айтпай келген туыстық қайғысын айтқанда, Кәмәштің сұлу өңі сұрланып, екі көзінен жас парлап отырды. 
 

– Несіне жылайсың? – деді әкесі қатайып. – Оған басыңды қатырып қайтесің. Біздің арамыздан кеткен адам ол.  
 

– Туыс қой, бәрібір,– деді қызы. 
 

Тоқболат үнсіз. Қыздың сөзінде жан бар. Ұл азып, тірлік тозды. Келешекке көз жетпей, қиял кезген қара басы әңгі-тәңкі. Көзі тірісінде тірлігінің бір тұтқасы қатында деп кім ойлаған? Енді жиған-терген мал-мүлкімен ата-жұртын тастап, қызының қолына көшіп барғанда не болмақ? Рас, Кәмәш қасында болған бір жұмада көңілі орнығып, жоғы орнына келіп, үй-мүлкі тазаланып, жел қағып, бөлмелері әктеліп, жуып-ағартылып, бос жатқан орынсыз заттан арылып, жөніне келді. Қолы ұзарып, тұрмысы аз болса да жеңілдеп, өзі де күндегі күйбеңнен тыныққандай. Соның бәріне көңілі разы болып:
 

– Жаныма сая болған, қаршадай құлыным! – деп аласа орындықта мұңайып отырған қызына қарап қойды. Мінез орнықтылығы, ішкі сырға беріктігі, пысықтығы Балжанға тартса да Кәмәштің түр-түсі, арықша бойшаңдығы, ішкі сезімі көзінде, бет әлпетінде жазулы тұратындығы Тақболатқа ұқсаған. Балжан барда өзін ешкімнен кем санамайтын Тоқаңның қаукөкірек есебі әшейін «бардыкі білінбейдімен» бірдей екен. Заманның тарлығы ма, әлде бойдан қуат азайып, жас келгендікі ме, көңілін жалғыздық уайым меңдеді. Екеуінің бұдан кейінгі әңгімелері алдағы уақыт, тұрмыс, ақша төңірегінде болды. Автобус келіп, жылы сөз, ыстық тілекпен қош айтысқанда араларында айтылмай қалған көп әңгіме, сыр бардай еді.

 

 

*  *  *

 

 

Қара жолдың шетімен ойпаңға түскенше күн кешкірді. Биыл қыс аяғы созылып кетіп, ел қыстан зорға шықты. Баяғы, совхоз болып тұрғандағы отар-отар, табын-табын мал, үйір-үйір жылқы, қырманға сыймайтын тау-тау егін, о шеті мен бұ шетіне жүгірген бала жетпейтін мол пішіндеме бүгінде жоқ. Бірте-бірте тарап, қолдан-қолға көшіп, азая беріп, ел аяғы жоқшылыққа ұшыраған. Әркімдер жекешеленіп, үлес алып, өз күн көрістеріне кетті. Білдіріп бір, білдірмей екі алғандар, неше жыл совхозға бастық болғандар, не есепші, маман боп тұрып, соңын ала үлесін аямай қарпып қалғандар ақыл тапты. Өмір бойы майлы тұмсығын совхоздың жылы-жұмсағынан алмай түк көрмегенсіп, ештеңе білмегенсіп, жылмиып жүріп-ақ ақырын іргесін елден бөліп алған. Адал қызмет қып, айдан-айға жалақымен, маңдай термен күн көргендер қайта-қайта жиналысқа келіп, бізге не бөліп береді, енді не болады, келешекте қалай күн көреміз деп жүргенде, құр үміттің құйрығын ұстап қала берді. «Совхозды көктетеміз» деп уәдені үйіп-төгіп келген үш бірдей директор үш қыс аунатып емін-еркін жеген соң, қайран ауыл, қар үстінде қансыраған момын қойдай шашылып қала берді. Ел басқарған қасқалар қос-қостап мәшинеге мініп, баласының баласына үй әперіп, тағы да әлденеден дәметіп, айналайын өкімет қара халықты қыра ма, тағы бірдеңе тастаса құр қалып қалмайық деп әкімшілікті жағалады. Бұл кезде үкіметтің жарлығы шығып, кеңестік шаруашылық таратылып, келмеске біржола кетті. Бос үміттің бармағын сорған аңқау жұрт, ары далақтап, бері далақтап жоқтықтан ақылы енді кіргендей. Не істеу керектігін жаңа ойлана бастады. Тоқболаттың пенсия алмағына – жеті ай. Есептеп отырса, елге бір қап ұн, үш құты шекілдеуік майына, елу пәшкі темекі, он қорап шай, бір шелек қант қарыз екен. Бастабында пенсия келсе беремін ғой деп сұрап, қарызға жаздырып алып еді, бір-екі рет берген соң ақшасыз олар да қашанғы бере берсін, тіпті ақыры қайта-қайта сұрай берер деп сырт айналатын болды. Қолдағы сатса – пұл, тамақ болар деген он-он бес ұсақ малдың былтырғы төлі түгел айырбаспен кетті.
 

«Бұлаңдап бара жатқан бір тірлік», – деп ойлады Тоқболат. Ой үстінде жүріп ауылға таяғанда гүлмен көмкерілген он-он бес жеңіл мәшине тізбектеліп қасынан өтті. Ішінде өңшең жастар, бала-шаға шулап, өлең айтып мәз-мейрам. 
 

«Бекмағамбеттің немересі ғой! Үйленеді деп еді. Өркені өсіп, мың болғыр!» – деп күбірледі. – Ел бөлінбей, совхоз боп ұйысып отырған елу жылда осы кішкене ауылдың ішінен екі-үш отар қой, неше табын сиыр өретін, үйір-үйір жылқы егінге түспесін деп ала жаздай күзетшілер тыным көрмеуші еді. Елу мың қой, он мың сиыр, мың жарым жылқы өсірген бай совхоз бас-аяғы төрт-бес жылда құлағы құнтиып, құйрығы сымпиып сүмірейді де шықты. Тапқан еңбек, істеген қызмет жоқ жұрт қалаға босты. Ептілер сауда істеп, рудникке көшіп, ағайын-жақындарын жағалап кете бастады. Бұрын біреудің үйі босайды десе баласына не туысына алып бермек боп кеңсе жағалайтын жұрт енді сол үйлердің қаңырап бос тұрғанын көрді. Қалаға кеткеннің дені жастар. Бұрынғы бастықтармен ілесе кеп орнығып қалған кірмелер. Жеті атасынан бері осы жерде үрім-бұтағы өсіп, маңдайымның тері сіңген, кіндігімнің қаны тамған, ата-бабамның рухы осы жерде, көшкенде қайда барам, өлсем топырақ осы жерден бұйырсын дегендер қозғалмады. Тірнектеп тірлік қылды. Бас құрап ел болуды ойлады. Туған-туыс бірігіп ап, бастары піспей, арты жанжалмен бөлініп, бір-бірін көрместей боп, елге күлкі боп ажырасып қалғандар да бар. Сол орнығып отырып қалғанның бірі – Тоқболат. Жасында жалқау, меншікшіл еді. Сонысымен елге сүйкімсіз атанды. Пайдасыз жерге баспаймын деп совхоздан қуылды. Мына заман сорына кеш келіп, ішінен қатты өкінеді. Әкесі Құрақбай жер өңдеп, кереге-уық жонып елге арба-шана, ер-тұрман соғып ұсталық еткен шебер еді. Тоқболаттың жекешілдігі оның ұстамына келмейді. Мұның құлқын өлшеулі жерге, өлшеулі сағатта барып келіп, өлшеулі ақы алатын шопырлықтың бұрма жүрістері бұзды. Ел қатарлы мал жиып, дәулет құрсам деді. Өзінде жетпей қалған соң, оқта-текте совхоздан жем, шөп ұрлады. Артық малын сельсовет тартып алатын. Кисе – киімге, ішсе – тамаққа жарымай өтті тірлігі. Байыған жоқ. Үнемі құрулы қақпан, ұрулы қақпаймен жұмсады да отырды ес білгелі.

 

 

*   *   *

 

 

Далада қас қарайып,  шам жана Тоқболат үйде жалғыз отыра алмаспын деп Сарықұлдыкіне келіп, түннің бір уағына дейін өткен-кеткенді әңгіме қылып отырысты. Сөздерінің көбі өткен қыс, алдағы жаз, жемшөп, егін жайы. Төр алдында түксиіп жатқан қалың қасты, жалпақ мұрынды қара бұжыр Тоқболаттың бажасы. Отыз жыл совхозда тракторшы болып, пайына екі-үш қой мен бірер торпақ алған. Техника тимеді. О да әділет жоқ, берекесіз тірлікті сынап отыр.
 

– Енді бөлінбегені жер ғой, – деді Сарықұл ойланып. 
 

– О да не малы, не техникасы, не ақшасы жоқ бізге емес, қолында барға тиер, – деді Тоқболат. Үй іші қолдарында көп ақша болмағанға кінәлі адамша үндемей отырды.
 

– Осының бәрі бірліктің жоқтығынан. Туған-туыс боп бірігіп, баяғыда техника, мал, жер алып, іргені бөлу керек еді.
 

– Оған жіберді ме басшыларың. Соңғы сәтке дейін темір шарбақпен құрсап тұрды ғой.
 

– Не болса да қиындық бар, – деді Сарықұл далаға шығуға ыңғайланып.
 

– Елмен бірге көрерміз енді не көрсек те, – деді Тоқболат қозғала беріп.    

 

 

*   *   *

 

 

Таңсәріде дабыр-дабыр, шаң-шұң айғай, көп дауыстан оянды.                                                                                                      

 

– Аға, есік ашыңыз, – деді терезе қаққан денелі екі малшы жігіт. Өздері мықшыңдап былқ-сылқ еткен біреуді көтеріп жүр.                       
     

– Әке-ау, мас па!?      
 

Есік ашқан Тоқболатқа малшы екі жігіт өзен жағалап кеп өткелден өте бергенде ат үріккен соң, қалтарыстағы талдың түбін айнала қарағандарын, сол жерде ес-түссіз, өлімше халдегі Жарболды тапқандарын айтты. Бет-аузы ісіп кеткен, өлі адамдай былқ-сылқ етеді. Бәрі шулап жүріп ауыз үйдегі пеш түбінде зорға жатқызды. Темір кереуетте ескі көрпе жататын. Соның үстіне қисайтып, басына күпәйке жастады.
 

Тоқболат ұлының мына күйіне әбден қорланды. Бұған дейін ашу, ыза, намыс талай басынан өткендіктен, бұған да сезімі өліп, жігері құм болып шыдаған адамның қалпымен сыр бермеді. Сөйтіп тұрғанда, айғайды салып жылап, дода-дода болып Гүлжан келді.
 

– Тірі ме өзі, кім осынша қорлаған. Заң қайда? Япырау ел қайда? – деп сүріне-қабына үйге кірді. Сол шу күн көтерілгенше басылған жоқ. Туған-туыс, көрші-қолаң, ағайын болып білгендері: оқиға түндегі той үстінде болыпты. Жарбол қаладан жеңіл көлікке мініп бейтаныс төрт-бес жолдасымен келеді. О жақтан аздап ішсе керек, түн ортасында тойдың шырқын бұзады. Бекмағамбеттің немересімен баяғыдан есебі бар ма, олар сонда да шыдап, алдап-сулап оңаша алып кетіп, үлкендер екі жақты таң атқанша ұстап отырады. Таң ата екі жақ бітіспек болып, өзен жағасына келеді. Қалың төбелес үстінде қаладан келгендер өлерше болып таяқ жеп, келген мәшинемен қашып құтылады. Жарбол болса, бас сүйеушісіз, өлі мен тірінің арасында мас күйінде қала берген.

 

 

*   *   *
                                                                                                            
 

 

Қақпаны жауып, аулада жүрген тауықтарды қораға кіргізді. Жиюлы отындарға түнде мал сүйкеніп, шарбақты да қоса құлатқан екен. Соны орнатты. Көрші кемпір шақырған соң, сол үйге кіріп шай ішті. Балжан марқұм тіріде осы кемпірмен бірігіп іркіт, май жинайтын, бір-біріне кіріп-шығып, араласып тұратын. Енді міне, елуден асқан шағында Тоқболат жалғыз қап, біреудің дастарқанына телмірді. Соны қанша білдірмеймін десе де, біреу «үйге жүр, шәй іш» десе жан дүниесі қаңырап сала береді. Үйде жалғыз отырып ас батпайды. Түс кезінде ескі сөмкенің ішінен екі бет қағаз, конверт, қаламсап тауып алып Тоқболат ойланып отырып, қаладағы бауырына хат жазды.                                                   

 

«Аманбысың, құрметті бауырым Әсембек, келінжан, кішкене бауырларым» деп бастады да, бірдеңесі келмей тұрған соң, Әсембек деген жерге дейін қалдырып, кейінгі жағын сызды да, олардың халін інісінен сұрап білді. Өзінің кейінгі айларда жалғызсырап жүргенін, биылғы қыстың ұзақ және ауыр болғанын жазды. Қыздардың өзін қалаға көшіріп алғысы келетінін, бірақ ата-бабасының кіндік қаны тамған жерінен кеткісі келмейтінін айтты. Оның үстіне, заман болса қиын, күш салып мал асырасам сендерге көмегім тиер деп өзін көтермелеп қойды. Сосын ең басты шаруасы-қалада мәшиненің дөңгелегі салынған шөп таситын арбалар сатылатынын ескертіп, «егер жағдайың келсе, сондай бір арба сатып әперсең, менің бар жағдайым шешілер еді» деп түйіндеді. Өзінің ешкімнен ештеңе сұрап көрмегенін, егер осы өтінішін орындар болса, жаз өтіп, күзге қарай соғымға жылқы сойып, сол арбамен өзі апарып беретінін уәде қылып байлады. Арасында қашанда қолы ашық, жанашыр келін мен оқуға жүйрік сүйкімді кішкентайлардың жағдайын тәптіштеп сұрады. Балжан марқұмның жылын бергенде жасаған көмегіне рақметін білдірді. Айтатын ойларының бәрін мұқият анықтап, өзінің үлкен ғып жазған қаріптерімен аяғына: «Сәлеммен хабар күтуші ағаң Тоқболат» деп жазды. Хатты төрт бүктеп конвертке салып, ойланып отырып, «қазір көктемнің ортасы, бұл хат барып, менің қолыма арба тигенше жаз шығып, шөп шабатын уақыт та келеді» деп шешті. Конверттің сыртына адресті анықтап жазып, почтамен жіберуге жоғалып кете ме деп қорқып, «өзіне табыс ет» деп қалаға баратын сенімді біреуден беріп жіберді. Көптен қолайына келмей жүрген қымбат шаруасы біткендей көңілі орнығып, күншуақта отырып газет қиындысына махорканы орап, көк түтінді рахаттана сорды.                    
          

 

*   *   *

 

 

Жарбол екі-үш күнде ес жиді. Бедірейген жүзіне, ет алып толыса бастаған денесіне, салмақты қимылына біткен өктемдікпен бір кеште киімін жуып, тазалап, өтектеп, тәртіпке келді. Алғашқыда ешқайда шықпай, үйде  жатып алған. Денесінің, бет-аузының таңба жарасы жазылып ұмыт бола бастаған сайын әкесімен болатын ашық әңгіме тақай берді. Үйге кіріп шыққанда онымен кезігіп қалмауға тырысып, көңілсіз жүрді. Тоқболатта та үнсіз. Әңгіменің болатын ретті сәтін тосты. Күйбеңмен кеш жатқан. Түннің бір жеріне дейін ұйқысы келмеген, көшеден түскен мәшине жарығына түрегеп терезеден қарады. Дуалдың сыртында төрт-бес жігіт темекі тартып, мәшиненің жанында тұр. Қастарында – Жарбол. Қолдарын көтеріп таянып келіп, сойылша сілтеп сарт-сұрт алақан соғысты. Қарқ-қарқ күлкілер шықты. Есіктер тарс-тұрс жабылды. Матор үні гүр етіп, даусы үдеп, жанып өшкен жарық көшеге түсіп, бірте-бірте алыстап кете берді. Ауылда жарық жоқ еді. Түн қараңғы. Ерте көктемгі қара суық далада дүрілдей соғып тұр.    
 

– Кетті, – деп ойлады шал. Тағы, тағы…                                                                                                                                                                                                       

 

*    *   *

 

 

Ертесінде үйге Жарболды іздеп учаскелік мелиса келді. Бір сағат әурелеп, Тоқболаттың басын қатырды:
 

– Ақсақал балаңыз қайда?
 

– Түнде кеткен. Бөтен мәшинемен. Ол сендерге не істеді?
 

–Бізге не істесін. Түнде екі бірдей көршілеріңізден қой ұрланған. Сіздің балаңыздан көріп отыр.
 

– Үйде қызыл жоқ , балам. Көрем десең көр бәрін. 
 

Әңгіменің ұзын ырғасы осы. Мелиса бала ештеңенің түбіне жете алмай, кешірім сұрап, кетіп қалды. Содан көңілі топ боп отырғанда, үйге екі кештің арасында Гүлжан сүйінші сұрағандай айғайлай кірді.
 

– Қамытаяқ, салпыауыз! Жарболдан көріп, мелиса шақырып еді, малын ұрлап, қалаға сатқан өз ұлы боп шықты, – деп табалай сөйлеп жүр
 

– Е, Алла,– деді Тоқболат. Жүрегі тоқтап қалғандай отырған жерінде есеңгіреп біраздан соң ес жиды. Сосын:
 

– Қарағым! Біреудің қайғысына қуанбас болар, – деді.                                                                                      

     
 


Share:      
Leave a comment: