Blogs
Сәбит Мұқановтың 1940 жылғы жазбасы
Қазақтың халық әдебиетіндегі ең мол саласының біреуі, айтыс жанры екендігі, бірақ осы мол сала соңғы кезге шейін жиналмағандығы жақын арада ғана айтыстың мол қорын, СССР Ғылым Академиясының Қазақстандық филиалы жазып алғандығы, ел арасында жазылмаған айтыс әлі көп екендігі айтылды.
Ескі халық әдебиетінің кейбір салалары қазіргі соцалистік ауылдың әдебиетінен шығып, тарихи әдебиет болып қана сақталып бара жатыр. Мәселен: жоқтау, бет-ашар, бақсының сарыны, жар-жар, т.б.
Ескі ауыз әдебиет түрлерінен қазіргі соцалистік ауылдың әдетіне кіріп, түрі сақталып мазмұны өзгерген әдебиет «айтыс». Біз білетін материалдарға қарағанда айтыс жанры қазіргі колхозды ауылдың тұрмысында мықты орын тепкен, орныққан. Колхоз бен колхоздың айтысы, бригада мен бригаданың айтысы, колхозды айылдың адамдарының өзара айтысы қазіргі толып жатыр.
Колхоз айтыстары әлі толық жиналған жоқ. Бірақ құлағымыз естіген, бірен-сараң колхоз айтыстарына қарағанда, бұрыңғы айтыспен соңғы колхоз айтысының арасында, түрі ұқсас болғанымен мазмұнында айырма көп. Бұл ретте Қармақшыдағы Үркімбаевтың «Сары атан мен иесі» деген айтыс өлеңін Шашубай ақынның «Қасқыр мен аңшы» деген айтысын, Нұрлыбек пен Нартайдың айтысын т.б. атауға болады. Қазіргі айтыс әдебиеттегі болшевиктік өзара сынның мықты құралы. Колхоздың оның жеке мүшелерінің кемшілігін ашуға жақсылығын жаңа соцалистік ауылдағы, соцализм қоғамының жаңа мінез-құлқы, ой-пікірі, талабы, ынтасы, қайраты, ісі, мақсаты көрінеді.
Тиісті материал қолда толық болмағандықтан колхоз айтыстары туралы сөзді әзірге осымен доғарып, ол темаға кейін біра ораламыз.
Әзірге, революциядан бұрынғы айтыстарды қысқаша талдай кеп айтарымыз: айтыс жанрын зерттеп, ұғу, түсіну, талдау, талқылау, бағалаудың бұл очерк басы ғана. Толық зерттеу ғылымның кезегінде тұрған мәселе.