ШЫҒЫС ҚЫЗЫНА
Шығыс қызы, айдың қызы, сүйіктім,
Сүйкімді едің лағыңдай киіктің.
Қамсыз-мұңсыз сайран салып жүрші ек,
Елсіз-жұртсыз қиырында биіктің.
Арман құсым сен едің ғой көктегі,
Жылдар өтті біз бөлініп кеткелі.
Мені бүгін бәріне де үйретті,
Шым-шытырық тіршіліктің мектебі.
Бірісінен біріне өттім дүрмектің,
Көрген күнім әбігері бір кектің.
Жанарыма тұнып қалды дидарың,
Кешір, жаным, қадіріңді білмеппін.
Нұрдың қызы, кешір мені жарқыным,
Өзіңменен қызық еді әр күнім.
Қайда жүрсің, ойымдағы жарқылым,
Қайда қалдың, қолымдағы алтыным!
"Жер салмағы", 7-бет
