Today's Birthdays
Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
Ұшқыш-космонавт Тоқтар ӘУБӘКІРОВ: «Жеңiлдеу жұмыстан ауыр жұмысқа ауысуыма көмектесуiңiздi сұраймын. Қазақтан ұшқыш-сынақшы шыққан емес..»

Blogs

03.11.2017
9076

Ұшқыш-космонавт Тоқтар ӘУБӘКІРОВ: «Жеңiлдеу жұмыстан ауыр жұмысқа ауысуыма көмектесуiңiздi сұраймын. Қазақтан ұшқыш-сынақшы шыққан емес..»

Ұшқыш-космонавт Тоқтар ӘУБӘКІРОВ: «Жеңiлдеу жұмыстан ауыр жұмысқа ауысуыма көмектесуiңiздi сұраймын. Қазақтан ұшқыш-сынақшы шыққан емес..»

 

 

Армансыз адам - өмiрге босқа келген адам

 

       — Сiздiң бала кезiңiзде ұшқыш болуды армандамаған бала кемде-кем шығар. Бiрақ солардың iшiнде арманына қол жеткiзгендерi тым аз. Ал, сiздi алға жетелеген қандай күш?

— Мен алдына арман қоймаған адам бұл өмiрге босқа келген адам деп ойлаймын. Кiшкентай күнiмнен алдыңа арман қоя бiлсең, сол арманды өмiрiңнiң мақсат-мұратына, мәнiне айналдырып, соған қол жеткiзсең бүкiл жан-дүниең, санаң, болмыс-бiтiмiң де өзгеше бiр күйге түседi екен. Жеңiске жеттiм деген сезiм адамның жанына қанат бiтiрiп, оны шырқау биiктерге  көтередi екен. Ондай сезiмдi бастан кешу бақытына мен де ие болдым. Себебi, кiшкентай күнiмнен мен алдыма ұшқыш боламын деген мақсат қойдым, бала күнiмнен өз қатарымның алды болғым келдi. Тiптi, төбелесте де ешкiмнен жеңiлмейтiн болайын дедiм. Төбелессем қайтсем де жеңуге тырысатынмын. Таяқ жеп үйге қайтқаннан жаман қорлық жоқ деп бiлдiм мен. Өлсем өлейiн, бiрақ жеңейiн дейтiнмiн.

Мен он жасар кезiмде бiр топ бала әңгiмелесiп отырдық. Сол кезде iшiмiздегi бiр қыз ауыл шетiндегi қорымға түнгi 12-де кiм барып келе алады деп сұрады. Қараңғы түнде қорымға барып келе алатын батыр баланы қыздардың бәрi жақсы көретiн болар едi дедi... Күндiз қорымға барып, оның ортасындағы бiр қабiрдiң үстiне түнде келген бала алып кетуге тиiстi белгi тасты қойып қойдық. Түнде балалар, қыздар бәрiмiз жиналып отырдық. Түнгi сағат 12-болды, күндiз мен барып тас әкелемiн деп батырсынған балалардың түнде бiреуi де төбе көрсетпедi. Отырған балалардың iшiнен де суырылып шығатын ешкiм табылмады. Мен велосипедiмдi мiндiм де қорымға барып, жаңағы белгi тас қойылған қабiрдi тауып алдым, тасты балалар отырған жерге алып келдiм. Бiрақ, қалай барып келгенiмдi өзiм де бiлмеймiн... Егер қазiр сол ерлiгiңдi қайтала десе мен қайталамас едiм (батыр рахаттана күлiп алды). Ол кездегi менiң бойымдағы намыс деген... Жiгiттi намыс өлтiредi дейдi ғой бiздiң қазақ.

— Жаңағы балалардың iшiнде сiзден жасы үлкендерi де болды ғой?

— Болды. Сонымен, мен жас күнiмнен өзiме өзiм тәрбие берiп, алдымдағы үлкен азаматтардың өмiрiн өзiме үлгi тұтып, мен солардай болуым керек деп тырысып өстiм. Әлi күнге дейiн сондай қалыптан таймай келе жатырмын.

— Үлгi тұтқан адамдарыңыз кiмдер болды?

— Бiз совет барлаушыларының рөлiн ойнаған әртiстерге қатты қызығып өстiк. Кинода сол барлаушыларды немiс фашистерiнiң қинағанын көргенде мен де осындай азапқа шыдай аламын ба деп ойлайтынмын. Шыдай алмайтын шығармын деп ойлаған уақытым да болды. Оңаша қалған кездерiмде мен азапқа шыдай алмайтын нашар болып жаратылған екенмiн ғой деп қапаланатынмын. Сосын «мен неге нашар боламын, мен де мықты болуым керек» деп өзiмдi-өзiм қайрайтынмын. Үнемi жақсы болсам деген ой, өзiмдi үздiксiз қинау арқылы, қайрау арқылы, тiптi жоғарыдағыдай сынаққа салу арқылы қайтсем де жақсы адам боламын, қайтсем де мықты адам боламын деген тәрбие бiрте-бiрте өз нәтижесiн бердi.

— Сiздiң ұшқыш болатыныңызды анаңыз сiз туылмай тұрып-ақ бiлген екен. Жалпы ол кiсi жалғыз баласының осындай сирек кәсiптi таңдағанына қалай қарады?

— Анам бiр күнi түс көрiптi. Түсiнде әлдеқайдан шыққан дауыс «ұста қолыңа, мынаны» дептi. Қолын ашып қараса, аппақ бiр әдемi көбелек отыр екен дейдi. Оянса түсi екен. Анам менi ылғи «әппақ көбелегiм» деп еркелетiп отыратын. Ұшқыш болу көңiлiме әбден арман болып ұялап алды. Мен анамды болашақ өмiрге дайындай берейiн деген оймен  «көбелек ұшып кетiп қалады ғой» деп әзiлдейтiнмiн. Анам ондайда маған «жоқ, сен басқа көбелексiң, сен ерекше көбелексiң» деп жауап қайтаратын. Әрине, ұшқыштық мамандықты таңдауым анама оңай тимесiн өзiм де сезгенмiн. Мен өзiмнен үлкен екi апамды шақырып алып, «менiң әскери училищеге кететiнiмдi анама  айтыңыздар» деп өтiндiм. Апаларым бәрiмiз жиылып отырғанда айтты. Анам алдымен жылады, жалғыз ұлым ғой деп шырылдады, сен қайда жүрсең мен сонда барамын дедi. Сен оқитын училищеңе барып, аспазшы болсам да жұмысқа тұрамын дедi. Ана ғой, ана! Содан кейiн отырып: «Сен туылғанда-ақ сенiң ұшқыш болатыныңды сезгенмiн. Қайтейiн, қимаймын. Қимасам да бетiңнен қақпаймын. Қанатың қатая берсiн, маған жалтақтама, елдiң iшiндемiн ғой, менi уайымдама. Дегенiңе жет, балам!» деп батасын бердi.

«Жеңiл жұмыстан ауыр жұмысқа ауысуыма көмектесiңiз»

 

— Жай ұшқыш болу басқа да ұшқыш-сынақшы болу мүлдем басқа. Сынақшы болсам деген ойға қашан келдiңiз?

— Бiз екiншi курста оқып жүрген кезде училищемiзге Александр Васильевич Федотов деген ұшқыш-сынақшы келiп бiзбенен кездесу өткiздi. Жақында ғана Кеңес Одағының Батыры атағын алған екен. Өзi жап-жас. Оның үстiне бiздiң училищемiздiң түлегi. Рас, дәл осы кездесуден соң сынақшы ұшқыш болғым келдi десем, артық айтқан болар едiм. Әйтсе де, жүрегiмнiң түкпiрiнде осы Федотовтай ұшқыш-сынақшы болсам деген бiр сәуленiң қалғаны рас. Оқу бiтiргеннен кейiн әскери қызметiмдi Қиыр Шығыста бастадым. Ол жерде абырой, беделге ие болдым. Маған Қиыр Шығыстың ең мықты ұшқышы деген атақ берiлдi. Сол жерде ең жақсы ұшқыш ретiнде сынақшы ұшқыштар тобына баруыңызға болады деген ұсыныс түстi. Мен өтiнiш жаздым. Бiрақ, өтiнiшiме штабтан мұндай жақсы ұшқыштар өзiмiзге де керек, сiздi ешқайда жiбере алмаймыз деген жауап келдi. Мен тағы жаздым. Бұл хатыма генерал-лейтенант Трофимовтан «сiз арыз берудi тоқтатпасаңыз жай ұшқыштан ешуақытта көтерiле алмай өтесiз» деген жауап келдi. Тура осылай жазылған.

Өстiп жүргенде мен бiздiң армияның қолбасшысы генерал Кадышевтiң майданда Талғат Бигелдиновпен бiрге бiр әскери бөлiмде соғысқандығын естiдiм. Мен ендi қалай да Талғат ағама барып жолығуым керек деп ойладым. Ол кiсi Кадышевке бiр жапырақ қағаз жазып берсе, қолбасшы менi сынақшылар мектебiне жiбередi. Осы ойбасыма келiсiмен-ақ дереу жұмыстан сұрандым да Алматыға тарттым. Жалпы, мен өзiмдi сәттi күнi туылған адаммын деп есептеймiн. Соның мысалы, мен Алматыға келген бойда Талғат Бигелдиновтi тауып алдым. Сөйтсем, бұл кiсi қызмет бабымен өз үйiнде де сирек болатын адам екен. Мен тура дәл сол күнi бiлгендей келiппiн. «Аға лейтенант Тоқтар Әубәкiров!» деп өзiмдi таныстырып, келген шаруамды қысқаша баяндадым. Бiздiң қолбасшымызбен соғыста бiрге болған қандыкөйлек жолдасы екенсiз. Ол кiсi Кеңес Одағының екi дүркiн Батыры. Сiз де. Рекомендация жазып берсеңiз дұрыс болар едi. Қазақтың баласынан да бiр сынақшы ұшқыш шықсын да дедiм. Талғат аға тыңдап болып, арыз бердiң бе дедi. Бергенiмдi, жоғары жақтан қандай жауап келгенiн айттым. «Сынақшыға қойылатын барлық талапқа сен сәйкес келесiң бе?» деп сұрады. «Келемiн, бiрақ олар қабылдамай жатыр». «Қабылдамай жатса, неге қабылдамай жатқанын олар жақсы бiледi... Мен ешкiмге хат жазбаймын. Тек саған айтарым мынау, под лежачий камень вода не течет. Осыны ұқ. Қимылда!»

Мен бала күнiмнен тәңiрдей табынып өскен, пiр тұтатын, қиналған кезiмде атын аузыма алатын Талғат ағамды көргенiме, жолыққаныма мәз болып, үйiме қайттым. Дәлiрегi,  қайтып кетейiн, ұшаққа билет алайын деп тұрдым да, «қой, ақыры келген соң Қонаев көкеме кiрiп кетейiн» деп ойладым. Орталық Комитетке барып, қабылдауына жазылдым. Қабылдауға жазатын екi қазақ жiгiт екен. Шiркiн, екеуi де азамат екен. Бұлай дейтiнiм, жiгiттер не үшiн Димекеңнiң қабылдауына кiргiм келетiнiн сұраған соң мен шынымды айттым. Осылай да осылай, мен сынақшы болайын десем, командирлерiм жiбермейдi. Неге жiбермейтiнiн менiң iшiм бiлiп отыр. Оны сендер де сезiп отырсыңдар. Димекеңе кiрiп осы жайды айтайыншы деп едiм, көмек сұрайын деп едiм. Екi жiгiт жанып түстi. «Болды, ерекше өтiнiшпен жүрген адам екенсiз, бiз сiздi ертең Димекеңе жолықтырамыз. Ертең сағат онда осында келесiз, бiз сiздi қалайда алып кiремiз». Қуанышым қойныма сыймай қонақүйге қайттым. Ертесiне қабылдау бөлмесiне айтқан уақыттарынан бұрын келiп тұрдым. Келiп едiм, әлгi екi жiгiт маған «бауырым, бiз сенi Димекеңе жолықтыра алмайтын болдық. Түнде осында Брежнев келiп қонды да таңертең сағат 5-те Димекеңдi алып Үндiстанға ұшып кеттi. Брежневтiң келетiнiн ешкiм бiлген жоқ. Ол жақтан қашан қайтатынын да ешкiм бiлмейдi» дедi. Күтiп жата беретiн менiң де уақытым жоқ. Жiгiттерден не iстеймiн деп сұрадым. Олар маған хат жаз дедi. Жақсылап тұрып жаз. Жақсылап жазу үшiн заңгер-кеңесшiге бар. Оның мекен-жайы мынадай, ақшасын төлейсiң, ол саған сауатты етiп, мөлдiретiп тұрып жазып бередi.

Жүгiрiп отырып айтқан заңгерiне бардым, не мәселемен жүргенiмдi әдемiлеп айтып бердiм. Заңгерiм жазып жатыр. Жазып жатыр. Жазып жатыр. Үш парақ арыз болып шықты. Қонаевтың атына! Әлгiге он сом бердiм. Он сом ол кезде көп ақша. Айдап отырып, қонақүйiме келдiм. Бөлмеде хатты тағы бiр рет оқыдым. Оқып отырып маған ой түстi. Қонаев бүкiл елдi билеп отыр. Ол кiсi әр минуты есептеулi адам. Газеттердiң өзiн де бастан аяқ түгел емес, көмекшiлерi назар аударыңыз деп белгiлеп қойған жерлерiн ғана оқыса керек. Сол қарапайым нәрсенi мына менiң арызымды хатқа түсiрген заңгер неге түсiнбеген? Дұрыс-ақ, хат тамаша болып шыққан. Оқысаң жылайсың. Бiрақ, оның бәрiн оқып отыратын Қонаевтың уақыты қайда? Мен хатты алдым да жыртып-жыртып корзинаға тастай салдым. Себебi, мен өзiмдi үлкен кiсiнiң орнына қойдым. Сөйттiм де отыра қалып Қонаевқа басқа хат жаздым. «Қиыр Шығыс әскери округiнiң ұшқышы, истребитель-перехватчик Тоқтар Әубәкiровтен өтiнiш: Менiң жеңiлдеу жұмыстан ауыр жұмысқа ауысуыма көмектесуiңiздi сұраймын. Қазақтан ұшқыш-сынақшы шыққан емес. Бүкiл параметрiмнiң бәрi талапқа сай келедi». Сөйттiм де қолымды қойдым.

Үш парақтың орнына үш сөйлем жаздыңыз?

— Иә, үш сөйлем ғана. Хатымды қабылдау бөлмесiндегi жiгiттерге әкелiп бердiм. Олар оқып көрiп, мәз болып қалысты. «Айттық қой, ол заңгер қалай жазуды бiледi дедiк қой. Көрдiңiз бе, қысқа да нұсқа қылып, қандай әдемi етiп жазған. Димекеңе хатты осылай жазу керек қой. Мына заңгер соны түсiнедi екен» десiп жатыр. Мен ол жiгiттерге хатты өзiм жазғанымды айтып не қылайын, хатты тастадым да екеуiмен қоштасып кетiп қалдым. Шыққан бойда Қиыр Шығысыма ұшып кеттiм. Арада бiраз уақыт өттi. Бiр күнi таңертең жұмысқа келсем, бәрi жүгiрiп жүр. «Ойбай, Әубәкiров, сенi бастықтар iздеп жатыр. Қолбасшы ғана емес, СССР Қорғаныс министрi мен Саяси Бюро мүшесi Қонаев iздеп жатыр екен» дейдi...

       Осыдан кейiн де менi сынақшылар тобына қабылдамай бiр жыл күттiрдi... Бiр жылдан кейiн барып қабылдады. Бiрақ, қабылдағаннан кейiн де проблема бiткен жоқ. Оқу қазан айында басталды. Ал, менi оқуға жiберу туралы бұйрық жоқ. Қазан өттi, қараша өттi, желтоқсан өттi. Қаңтардың 21-күнi ғана қолыма бұйрық тидi. Дереу Мәскеуге ұшып кеттiм. Авиация өнеркәсiбi министрлiгiнiң ұшқыштар даярлайтын бөлiмiне кiрдiм. Кiрсем, олар тағы да менi қабылдай алмаймыз дейдi. «Биыл барып техник бол, сондай майда жұмыстармен айналыс, ендiгi жылы көрермiз, қабылдап қалармыз». Мен айттым, «жоқ, менiң биыл оқығым келедi, қабылдайсыз» дедiм. «Қалай қабылдаймыз, жұрттың оқып жатқанына төрт айдың жүзi болды?» «Маған бiр жарым ай уақыт берiңiздер. Осы бiр жарым ай iшiнде қазан айынан берi оқып жатқандарды қуып жете алмасам сiздерге ешқандай өкпем жоқ, қабылдамай-ақ қойыңыздар. Қайда жiберсеңiздер сонда жiберiңiздер, ерiк өздерiңiзде». «Солай ма?» «Солай». Менi комиссияға жiбердi. Комиссия менiң өтiнiшiме келiсiмiн бердi. Бұл топта оқып жатқан он жетi адам екенбiз. Iшiнде капитан, майор шенiндегiлер бар. Сессияда сол он жетi ұшқыштың арасынан емтихандардың бәрiн беске тапсырған екi-ақ адам болдық. Комиссияның бiрде-бiр мүшесi аузын аша алған жоқ. Оқуды бiтiрген соң Микоянның фирмасына жұмысқа жiбердi.

— Микоянда iстеп жүрiп, Сухойдың фирмасы жасап шығаратын ұшақтарды да сынақтан өткiздiңiз бе?

— Оның ретi былай. Бiздi басқа фирмалардан мына машинаны сынақтан өткiзiп бер деп шақыратын. Сол кезде баратынбыз. Ал, сынақшылар мектебiнде оқып жүргенде Кеңес Одағында жасап шығарылған барлық ұшақтарды мiнiп көргенбiз. Туполевтiң фирмасы, Яковлевтiң фирмасы, Ильюшиннiң фирмасы, қысқасы, кезкелген фирма жасап шығарған ұшақты басқаруға хақың бар. Тек емтихан тапсырсаң болды. Ұшақтың электротехникалық құрал-жабдықтарынан бiр емтихан, электроникалық құрал-жабдықтары жөнiнен бөлек емтихан, осылай болып кете бередi. Емтиханның бәрiн де комиссияға тапсырасың. Және емтихан тапсырып болғаннан кейiн он күннiң iшiнде ұшпасаң, емтиханды қайта тапсыруға тура келедi. Бiр аптаның iшiнде 16-17 емтихан тапсыруың керек. Ол комиссияның бәрiн таба қою да оңай шаруа емес. Емтиханның бәрi тапсырылды деген қағазыңды мектеп дирекциясына өткiзесiң. Дирекция сен сұраған ұшаққа тапсырыс бередi.

— Сынақшылар тек қана жаңа машинаны сынақтан өткiзе ме?

— Жаңа машина сол жаңа күйiнде шамамен 5 жылдай ғана жұмыс iстейдi. Содан кейiн оның құрылымында iшiнара жаңарту басталады. Ана жерiне жаңалау аспап қояды, мына жерiне жаңалау тетiк қояды, осылай болып кете бередi. Ал, жаңадан қойылған құрал, аспап, тетiктердi де сынақтан өткiзу қажет. Мұны жеңiл iс деп қарауға болмайды. Осындай жаңартылу үстiндегi машиналарды әбден сынақтан өткiзiп төселген, бейнелеп айтқанда өзi де сынақтан өткен сынақшы ұшқыштар ғана су жаңа машинаны сынауға жолдама алады. Мен өзiм осындай жолдаманы он жыл күттiм. Ондай ұшақ әлi ешкiмде жоқ. Ол бiрiншi рет аспанға көтерiлейiн деп тұр. Мен осындай су жаңа бiрталай машинаны тұңғыш рет әуеге көтердiм. Ал, менiң әрiптестерiмнiң iшiнде ондай бақыт маңдайына бұйырмаған ұшқыштар да болды.

— Бiрақ, олар да ұшқыш-сынақшы деп аталады ғой?

— Әрине, әрине. Айттым ғой, ол жұмыс та оңай жұмыс емес. Ол жiгiттердiң iшiнде ұшақты сынақтан өткiзу үстiнде қаза тапқандар да бар... Мен 80-жылдардың аяғында сынақтан өткiзген кейбiр ұшақтарды Ресей өндiрiске ендi ғана енгiзiп жатыр. Ендi Тоқтар тумайды, Сарыарқаға ексең де...

 — Сiздiң ғарышкерлер отрядына қалай қабылданғаныңызды бүгiнде бәрiмiз бiлемiз. Ал оған дейiн сiз ұшқыш-сынақшы болып әбден қалыптасқаннан соң тағы бiр саты көтерiлейiн, ендi ғарышкер болуға әрекет жасайын деген ой туған жоқ па?

— Жоқ. Неге десеңiз менiң ұшқыш-сынақшы деген жұмысым космонавттың жұмысынан жоғары бағаланатын. Ғарышкерлер сынақшы-ұшқыш келгенде орындарынан тiк тұрып қарсы алатын. Рас, ғарышкерлердiң де жұмысы масқара ауыр екен. Мен оны да көрдiм. Бiрақ, олардың көбiсi ұшқыштық кәсiптiң ең биiк шыңына, ұшқыш-сынақшы деген дәрежеге жетпей космонавт болғандар.

— Сiз Мәжiлiс депутатысыз. Ататүрiктiң сөзiн сәл өзгертiп айтсақ, бiздiң кезкелгенiмiз мәжiлiсмен бола алуымыз мүмкiн. Ал, кезкелгенiмiздiң әрi сынақшы ұшқыш, әрi ғарышкер бола алмайтынымыз айдан анық. Ендеше, Сiз өз әлеуетiңiздi орнымен пайдаланайын, не де болса сол авиация, космонавтика саласына жұмыс iстейiн деп тырысып көрдiңiз бе? Сiздiң қолыңыздан келетiн нәрсе өзге 100 депутаттың қанша тырысқанымен қолынан келмейтiнiн айтып, түсiндiрiп көрдiңiз бе?

— Жоқ. Олай еткен емеспiн. Оны түсiнетiн адамдар менiңше жоқ деп ойлаймын. Неге десеңiз бiзде үстiне өмiрiнде ақ халат кимеген адам Денсаулық сақтау министрi, машина дегеннiң не екенiн бiлмейтiн адам Өнеркәсiп министрi бола алады. Осының бәрi бiр қалыпқа түспей экономикамыз көтерiлмейдi. Мен өзiм министр болып отырған салада бiр күн жұмыс iстемеген болсам, мен ол саланың жұмысын қалай жақсарта аламын, солай емес пе? Мүмкiн, «мен өз саламды көтерер едiм» деген жiгiттер болған шығар, бiрақ олардың қалауы орындалғанын естiмедiм. Мен ер-азаматпын. Оның үстiне кiшкентай күнiмнен менiң намысшыл болғанымды естiп отырсыз. Мен басымды иiп ешкiмнiң алдына бара алмаймын...

— Мен бұл сұрақты неге қойып отырмын? Есiңiзде болса, Әзiлхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» атты кiтабының соңғы беттерiнде Бауыржан Момышұлы атамыздың «маған Алла-Тағала талантты аямай берiп едi, менен халқымның күткенi көп едi, мiнезiмнен, басқа да себептерден мен сол халқымның күткенiн бере алмадым»  деп өкiнетiн жерi бар.

— Мен де өкiнемiн. Ғарыш агенттiгiн құрғанда басы-қасында мен жүрген болатынмын.

— Иә, солай екенiн ел бiледi ғой.

— Бiрақ, кейiн менiң ойым бұрмаланып кеттi, менiң айтқаным жүзеге аспады. Менiң орныма ол iстi түсiнбейтiн, бiлмейтiн адам келдi... Бiр рет iстелiнген нәрсе екiншi рет тағы да қайталанады. Адамның көңiлi деген болады...Көңiлiң қалғанда...Мен қазiр қанша ақшаның қайда шашылып жатқанын көрiп отырмын, қанша iстiң дұрыс iстелмей жатқанын көрiп отырмын. Оны мен айтсам «көре алмаушылықтан айтып отыр» дейдi. Сондықтан мен тыныш отырмын. Уақыты келгенде оның бәрi сыртқа шығады әлi. Әрбiр кiсi өзiнiң шамасына қарау керек, iстей ала ма, iстей алмай ма? Көтере ала ма, көтере алмай ма? Халықтың болашағын ойлау керек. Билiктегi адам үшiн амбиция деген нәрсе, әрине, жақсы, бiрақ, ең алдымен халықтың жайын ойламаса ешқандай да iс дұрыс болмақ емес.

— Сiз қандай оймен депутаттыққа түссем деген шешiмге келдiңiз?

— Менi депутаттыққа жетелеп келген күш – қарапайым еңбекшi елдiң мүддесi. Қалада, биiк орындықта отырған азғантай жұрт байып бара жатыр. Дұрыс. Бiрақ, бiз елдi аралар болсақ, әсiресе ауылды жердегi қалың көпшiлiктiң жағдайы төмен екенiн көремiз. Олар да жыл өткен сайын байып бара жатыр деп айта алмайсыз. Бiз өзiмiздi керемет бай мемлекетпiз деп жариялап жатырмыз. Ол да дұрыс. Бiрақ, сен кiммен бай боласың? Елiңмен бай боласың. Артыңдағы қалың жұрт кедей болса сен қалай өзiңдi баймын деп айта аласың? Елiң бай болу үшiн бiз алдымен ауылдағы халыққа жағдай жасауымыз керек, ауылды көтеруiмiз керек. Ауылдағы елдiң қолына қаржыны қорықпай беруiмiз керек! Иә, бiреулер оны iшiп қоюы, бiреулер жеп қоюы мүмкiн. Бiрақ, басым көпшiлiгi қисайған көшiн түзеп алады. Мiне, осы нәрсе бiзде iстелiнбей жатыр. Мен депутаттыққа сол себептi бардым.

Қарағанды, Темiртаудан, орыстар көп тұратын өңiрден түскенiмде мен жүз пайыз дауыс алар едiм. Менiң қандастарымның iшiнде өзiнiң ұлтын, өзiнiң елiн жақсы көретiн, намысшыл жандар көп екен. Қызылордалықтар өздерiнiң арасынан шыққан балаларын сайламай менi сайлады ғой. Мен бiр рет қана «сен бұл жақтың адамы емессiң» деген сөздi естiдiм. «Мен – қазақпын!» деп жауап қайтардым оны айтқан адамға. «Мен Қазақстанның кез келген жерiнен дауысқа түсе аламын. Және өте аламын да! Тiптi бiлгiңiз келсе, менiң бабамның сүйегi жатыр осында!» Астанадан «Әубәкiровтi өткiзбеңдер!» деген бұйрық та келдi. Бiрақ, ол бұйрыққа қызылордалықтар пысқырып та қараған жоқ. «Қазақтың атын аспанға шығарған азаматты қалай бiз жерге ұрамыз?» дедi олар. Мен екiншi рет көкке көтерiлдiм! Осындай ұлтым, осындай халқым барына риза болдым.

Мен әсiресе қазағымның аруларына ризамын. Қазақты қазақ қылатын – бiздiң қыздарымыз! Олар ұлтшыл десең ұлтшыл, батыр десең батыр! Мен қазақтың қыздарына шынында да қайран қаламын. Олар бiздiң аналарымыздың жалғасы. Ертең өздерi де сондай аналарға айналады. Мен соларға қарап отырып өзiмнiң анамды көргендей боламын. Менiң анам, әруағыңнан айналайын анашым, сұмдық қайратты адам едi ғой...

Кезiнде Талғат Бигелдиновке, Дiнмұхамед Қонаевқа барған өзiңiз секiлдi бүгiн сiзге келiп «көмек бермесеңiз болмады, аға» деген жiгiттер бар ма?

— Көп! «Сiз ғана көмектесе аласыз» деп келедi маған. Тәуба, бiразына қол ұшын бердiм. Оның iшiнде ұшқыштар да бар.

— Ал, ұшқыш-сынақшы боламын дегендерi бар ма?

— Жоқ. Қазақтан ендi ондай ұшқыш шықпайды. Ресей де қабылдамайды оларды...

— Сiз айтсаңыз қабылдауы мүмкiн ғой?

— Жоқ, мен айтсам да қабылдамайды. Олар қазiр ұлтшылдыққа бұрылды. Орыстан басқа  ешкiмдi алмайды...

— Уақыт бөлiп, әңгiмелескенiңiз үшiн рахмет!

 

Сұхбаттасқан  Өмiрзақ АҚЖIГIТ,  «ЕВРАЗИЯ-KZ».23.02.2007 жыл.


Share:      
Leave a comment: