Today's Birthdays
Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
ESSAY
Харекетке берекет

Blogs

07.08.2017
20040

Харекетке берекет

         «Айтуға оңай». Көптен бері көңілде жүрген дүниенің жаңғыруына осы бағдарлама үлкен себепкер болды. Иә, «Қазақстан» ұлттық арнасында ф.ғ.к. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, белгілі абайтанушы, менің ардақты ұстазым Омар Жәлелұлының жақында ғана тұсауы кесілген «Харекет» атты алғашқы кітабына арналған бағдарламада «харекет» қызу талқыланды. Қазақтың «харекет иелерін» көріп, көңілге қайта қозғау салынды. Кітап не себептен «Харекет» аталды? Бұл сұрақ кімнің де болса көкейінде тұрары сөзсіз. Біз осы «харекет» пен «әрекеттің» мәнін ашып алмасақ, «қылып жүрген өнеріміздің» өзі оңды болмайды. Сұрағымызға жауап автордың алғысөзінде берілген екен. «Асылында қазақ тілінде белсенді қолданыстағы қарекет, әрекет сөздері араб тіліндегі Харакатун 1) қимыл, қозғалыс; 2) қызмет, іс; 3) ағу, жүріс; 4) ым; 5) қылық деген мағыналарды беретін сөзден шығады»,- дей келе автор Омар Жәлелұлы хаким Абай араб тілінің қазақ тілі арқылы дыбысталу ерекшеліктерін шебер пайдалана отырып, харекет пен әрекет сөздеріне жаңа мағына беріп, жаңа сөз жасағандығын оның «Сабырсыз, арсыз, еріншек» деген өлеңіндегі мына жолдармен дәлелдейді: «Қылып жүрген өнері: Қарекеті – әрекет. Өзі оңбаған антұрған, Кімге ойлайды берекет». Яғни, «қарекет, қам-қарекет – қамдану, қамын ойлау, қамын жеу – адамшылықтың иісі бұрқырап тұрған сөз. Ал әрекет – адамның нәпсісіне пайдалы, жанына қас іс-әрекет (ұры – әрекет етеді, қарекет етеді деп айта алмасақ керек)». Енді біршама түсінікті болғандай: «Харекет» - Абай айтқан «ақылға бірлік қылып» харекет етуге, «нәпсімізді жеңген рухымызды» еңбек етуге бастайтын, қазіргі қоғамда резонанс тудырып отырған салмақты кітап.

      Бағдарламаны көрген әрі кітапты оқыған көзі ашық, көңілі ояу оқырманның үлкен ойға қалары даусыз. Таптық сана, жалған намыспен тұмшаланған, ел ертеңі түгілі өз ертеңіне сенбей, күдік, қорқынышпен қарайтұғын, «танысың болса «екі көзі-ң аспанда, жынды кісіше» шаба бер» дейтұғын жастардың көптігі - қоғамның шындығы. Десек те Абай айтқан «единицалар» баршылық. Және олардың да аз еместігі қуантады. Біздікі әр қазақтың өнері – харекет болса деген тілек қой.

      Жаһандану заманында біз – қазақ ақылымызды дана Абай айтқан «не болса сол бір баянсыз, бағасыз нәрсеге қызығып, құмар болып, өмірінің қызықты, қымбатты шағын ит қорлықпен өткізіп алатын» ақылсыз кісінің емес, ақылды, есті кісінің қызығатын орынды ісіне ғана жұмсау керекпіз. Өйткені, ұстаздың «Харекетінде» жазылғандай «Алла тағала барлығын жаратады, адамның алдында енді сол жаратылған нәрселерді өндіріп, іс қылып алу міндеті тұр. Адам жаратылған нәрселерді өндіріп, іс қылып алғанда ғана Құдай тағаланың мақсаты орындалып, жүзеге аспақ» екен. Ендеше адамды барлық жаратылыс атаулыдан ерекшелеп тұрған осы ақылды жақсымен кеңейтпек ләзім. Абайдың «Құдай берді, бергенін алмайсың» деп күйінетіні де сол. «Керекті уақытында ойламай, керекті уақытында қылмай, керекті уақытында айтпай, дайым уақытынан кеш қалып, «Әй, әттеген-ай! Үйтуім екен, бүйтуім екен» деп, өмір бойы ғафил болып-ақ отырған-ымыз» /43-қарасөз/ кімге керек, кімге пайда?!

      Біздің айтпағымыз, дүниені «кәмәләтті шеберлікпен» жаратқан Алла Тағаланың ең артық туындысы – ақыл иесі инсан екендігін, адамның мүмкіндігі шексіз екендігін, оны асырса «харекетке берекет» беретінін бір сәтке де есімізден шығармайық. Толыққанды өмір сүрудің, бай болудың, өмірдің мәнін де, бұл «көзге көрілген, көңілге сезілген ғаламның» сырын да хаким Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп сияқты ұлыларымыздан іздейік. Жақұттай жауһар, теңіздей телегей ұлттық дүниетанымымыздан табайық. Сөйтіп, харекет ете білейік. Бұл жол - жарқын да жарық болашаққа апарар даңғыл жол екені айдан анық, күннен рәушан.

        Аз уақыттың ішінде руханиятқа шөлдеген «көкірегі сезімді, көңілі ойлы» өз оқырмандарын тауып, үлкен сұранысқа ие болып отырған, тыңнан түрен салған бұл кітаптың дизайны көркем әрі сапалы болып жарыққа шығуына харекет еткен «Профи Медиа» ЖШС-ның бас директоры Жандос аға Бәделұлына, құрастырушылар Ерғали Зайытхан, Ернат Қашқынов мырзаларға айтар алғысымыз шексіз. «Харекетті» оқиық!

                                                                                                                         17.03.2017

                                                                                                             Шахинұр Садуақас


Share:      
Leave a comment: