Blogs
ЖАЛҒАН-АЙ - 2
(Басы ЖАЛҒАН-АЙ - 1)
ҮШІНШІ ПЕРДЕ
Арада бір айдай уақыт өтеді. Самажан ақсақалдың өз үйі. Жұмагүл дастарқан әзірлеп, сипақтап жүр. Ары-бері жүгіріскен ұсақ балалар. Абыр-сабыр. Жұмагүлдің мектеп бітірген ұлы сырттан шүйінші сұрай ішке алқына кіреді.)
Бала: Алақай, Мақсат ағам келе жатыр! Сүйінші!!! Сүйінші!!!
Жұмагүл: Әке, бауырым аман-есен жазылып келе жатыр дейді! Сүйінші!
Самажан: Тәңір жарылқасын, берем сүйіншілеріңді! Берем! О Аллам, тілегімді қабыл еткен шексіз рахымыңа мың да бір рақмет!
(Ішке Мақсат, Гүлім және Желкен кіреді. Бір-бірімен көрісіп, мәре-сәре. Жұмагүл қонақтарын отырғызар орын таба алмай, асты-үстілеріне түсіп жатыр. Дастарқан басына жайғасады.)
Жұмагүл: Әкетай, асқа ишара жасаңыз.
Самажан:
Берейін бата асыңа,
Амандық берсін басыңа.
Бөденедей жорғалап,
Қыдыр келсін қасыңа,
Бар екем деп тасыма,
Жоқ екем деп жасыма.
Еңбек етсең ерінбей,
Дәулет келер қасыңа.
Е, Құдайым оңдасын,
Бір Тәңірім қолдасын,
Береке ұйып жұртыма
Еш жамандық болмасын.
Дастарқанның байлығын,
Деніміздің саулығын
Нәсіп етсін халқыма!
Біссімілә, Алаһу ақпар!
(Отырғандар беттерін сипасады.)
Желкен: Ата халыңыз қалай?
Самажан: Рақмет, балам хәлімді сұрағаныңа! Қуануға қорқып отырған жәйім бар. Адам есейген сайын сақ бола бастайды екен.
Желкен: Енді қорықпаңыз, ата! Балаларыңыз қасыңызда, әрдайым жақсылықта жүріңіз!
Самажан: Е қарағым, жақсылық деген сендердің жақсы болғандарың ғой мен үшін. Өзің қай баласың?
Желкен: Ата сыртта жүргенде бір облыстан болсақ болды туыс санап дегендей...
Самажан: Е жараған екенсіңдер, аман болыңдар! Баяғыша ел сұрасу қалды десейші... е-е...
Жұмагүл: Тамақ дәмсіз бе, келінжан?
Гүлім: Жоға, өте дәмді!
Мақсат: Сымбатым бұзылып кетеді деп отыр! (Күледі. Гүлім қымсынады.)
Жұмагүл: Шұқыланып, жегендерің қызық екен? Бір ішек боп кеткенсіңдер ғой, мүлдем!
Желкен: Апай, қаланың қазақтарын зорлай бермеңіз! Тойғызам деп дүміктіріп, ауыртып аласыз!
Жұмагүл: Ойбай, құдай жарылқағырлар! Өздерің біліңдер. Менікі әйтеу, ішсе деген ниет қой! «Ішуі жаманның неменесі жаман» деуші еді. Туу құдайым-ай, не деп лағып кеттім!..
(Асты аяқтап қалған сәтте бөлмеге Жұмагүлдің бозбала ұлы кіреді. Ол состиып есік алдына тұрады. Үнсіз. Тұқиып, төмен қарап тұрады. Бәтеңкесінің басымен еденді түрткілеп қояды, анда-санда.)
Мақсат: Ұшқыш болам деп жүрген ұл сенсің бе? (Ұл басын изейді.) Онда жолға дайындала бер! (Ұлдың екі көзі қуаныштан жалт етеді.)
Желкен: Сенің курсант кезіңдегі ксерокопияң ғой, құдды!
Гүлім: Інісі емес пе! Біздің батырлар қуанатын болды ғой, ағалары барса!..
Жұмагүл: Айналындар, садағаларың боп кетейін! Мақсатжан, артыңнан ерген осыларға қамқор бола көр! Әкемді өзім қараймын. Сендерден басқа мен де кім бар?
Самажан: Иә, қарақтарым... (Самажан ақсақал қолын жаяды, бата жасаған ишаратпен.) Құдай құрсағыңа береме, құшағыңа береме өз еркі. Тек адамдықтан танбалық. Небір қиын-қыстауда ардан азбай, жақсылықтан жаңылмаған жұрт едік. Енді мұндай кең заманда пейіл де кең болсын. Ағалы-інілі болып аттанғалы жатқан жолдарың ағымен жайылсын! Әумин! (Ұл тізе бүгіп, қалғандарымен қатар бет сипайды. Дастархан басынан тұрады. Мақсат пен Желкен және ұл сыртқа шығады. Самажан ақсақал өз бөлмесіне кетеді. Жұмагүл мен Гүлім ғана қалады. Ыдыс-аяқ жинап, жуып жатыр.)
Жұмагүл: Келінжан, ана жігіт сенің асты-асты үстіңе түсіп, тым есі шығып жүр ғой?
Гүлім: Мақсаттың досы ғой. Жақсы жігіт, аңқылдақ.
Жұмагүл: Жақсы екеніне күмәнім жоқ, тек саған қарағыштай береді, сонысын айтам да...
Гүлім:Гүлім: Мен ештеңе байқаған жоқпын.
Жұмагүл: Есесіне мен байқадым!
Гүлім: Менде несі бар, аюдай ақырған әйелі тұрғанда!
Жұмагүл: Тегі, пәленің барлығы әйелдің өзінен! Байды уыста ұстаймын деп қылқындырады да бір күні айырылып қалғанын білмей қалады. Сонан соң тым бос болған да жаман... сен құсап! (Гүлім аңырайып, Жұмагүлді бетіне қарайды.)
Гүлім: Сіздікі де дұрыс шығар, тек Мақсат екеуміздің арамызда өзгеше қарым-қатынас.
Жұмагүл: Еркек пен әйел арасында тағы қандай өзгеше қарым-қатынас болушы еді, мен білмейтін?
Гүлім: Үлкен сый-құрмет... және...
Жұмагүл: Мені бір түк көрмеген қараңғы деп тұрсың-ау келінжан! Ұялмай-ақ айта бер, махаббат деп! Біздің кезде махаббатты – саусаң сиыр, мінсең ат дейтін! Хи-хи... (Тырқылдап күледі. Осы арада есік салды-күлдір ашылып, арсалаңдап, сақал-мұрты ербиген Тайбек кіріп келеді.)
Тайбек: Ат-көліктерің аман келдіңдер ме Гүлімжан! Кеші бір сүйейін! (Гүлімге ұмтылады. Гүлім бұны танымай және арақ иісінен қашақтайды.)
Жұмагүл: Әй антұрған, алкаш! Өңмеңдемей бар ары, қатыныңды сүй! Сүйгішін, бұның!
Тайбек: Жан әпеке! Мен ғой бұл! Жалғыз бауырының жан досы, Есілбектің еркесі!
Жұмагүл: Танып тұрмын! Есім адаса қойған жоқ. Мақсат керек болса олар далада. Ал жүз грамм дәм етсең, онымен ат құйрығын кесіскем!
Тайбек: Апырау, бұ дүние не боп кеткен? Маған айтпай революция жасап тастаған ба?!
Жұмагүл: Иә! Жасап тастадық! Мұсылмандық жолға түстік!
Тайбек: Мешітке барсаң сәләпит, бармасаң алкаш ит! Барар тау, басар жер қалмады-ау!
Гүлім: Сіз Мақсаттың сыныптасы емессіз бе?
Тайбек: Жан жолдасымын! Бір командада ойнадық. Ол шабуылшы, мен қақпашы... Қыздарға да бірге баратынбыз.
Гүлім: Ауылдағы қызының есімін айтңызшы.
Тайбек: О құдай-ау, бәріміз бір қызға ғашық боп, топырлап соның терезесін күзететінбіз!..
Гүлім: Мақсат онымен жүрді ме?
Тайбек: Айтасың-ау! Ол қызбен ойымызда ғана жүрдік. Қиял ғой!..
Гүлім: Ештеңе жасырып тұрған жоқсыз ба?
Тайбек: (Гүлімнің жанына таяп барып сыбырлайды.) Шындықты білгің келсе, бағасы екі жүз теңге. (Гүлім Жұмагүлге байқатпай ананың қолына ақша ұстатады. Анау жасырынып ақшаға қарайды да бір тізерлеп отыра қалады.) Астапыралла, астапыралла! Сендей перизатқа жалған айтып, жан досымды наһақ күйдіретін жауыз мен емес! Мақсат екеуің бір-бірің үшін ғана жаралғансыңдар! Біссіміллә, алақпер! Бақытты болыңдар! (Бетін сипай салып, зытады. Үй шаруасымен теріс қарап тұрған Жұмагүл ұшып бара жатқан Тайбектің артынан таңдана қарайды.)
Жұмагүл: Мынаған не болды? Артына ит қосқандай тұра безді ғой? Бірдеңе дедің бе әлде, бердің бе?
Гүлім: Жоға... Шұғыл шаруасы шығып қалған шығар.
Жұмагүл: Оның шұғыл шаруасы арақ дүкенінде ғана. Әй келінжан, тымпиуың тегін емес! (Гүлім жымиып күледі.) Бауырым екеуіңнің құлақтарың шулайтын болды.
Гүлім: Неге?
Жұмагүл: Әлгі әумесір сендердің денсаулықтарың үшін деп ішсе, қатыны қарғап әлек болады! Айтпады деме.
Гүлім: Соның бәріне арақ ішеме?
Жұмагүл: Ойбай-ау, соның бәрісі не? Қанша беріп ең?
Гүлім: Сұрап тұрған соң ұялдым... Кілең бес мыңдық еді.
Жұмагүл: О жаратқан құдай! Оны қуып жетіп, желкесінен шығарайын! Бәсе зыта жөнелгені тегін емес! Осынша аңқау бола ма екен? Ел битін сығып отырғанда!..
Гүлім: Апай, бармай-ақ қойыңыз. Ұят болар. Мүлдем ақымақ емес шығар.
Жұмагүл: Үйіндегісін сата бастаған адам да ұят қалушы ма еді? Не жарытып жұмыс істемейді. Осы сияқты бір-жар шіріген жұмыртқалар бар, ауылда.
Гүлім: Балалары бар ма?
Жұмагүл: Бақандай бес баласы бар!
Гүлім: Бес бала?! Сонда қалай?
Жұмагүл: Қырқынан көтере берген де...
Гүлім: Тұрмыстары ауыр шығар?
Жұмагүл: Ауыр деп айта алмаймын. Ел қатарлы. Әйелі де балдары да тығыршықтай! Не жеп семіріп жүргенін қайдам?
Гүлім: Жалпы тұрмысы жұпыны адамдардың басты тағамы нан. Нан қатты толтырады.
Жұмагүл: «Естімеген елде көп» деуші ме еді! Нанға да семіреді екен-ау? (Жұмагүл өзінің денесін ұстап, салмақтап көреді) Сөзің айна қатесіз рас, келінжан! Нан салма, кеспе көже, мәкөрөн... бәсе неге толып кеттім десем?
(Бөлмеге Мақсат пен Желкен кіреді. Екеуі көңілді.)
Желкен: Мәкеңнің құрдасы тұсымыздан зымыран құсап зу ете түсті ғой! Бірдеңе болған ба?
Жұмагүл: Оны ана келінжаннан сұра. Бір уыс тотияын тығып жіберіпті!
Желкен: Қойыңызшы, апай!? (Қымсына қырын қарап тұрған Гүлімге қарайды барлығы.)
Мақсат: Құрдасты қуып жетейік бізге де берсейші!
Жұмагүл: Ол тотияын сендерге әсер етпейді. Әлгі әумесірдің қолына бақандай бес мыңды ұстата салыпты! Ол зымыран болмағанда кім зымыран болушы еді?!
(Мақсат пен Желкен ауыздарын аша Гүлімге қарайды.)
Гүлім: Несіне таңданасыздар? Құдай берейін десе форточкадан бере салады!
(Екі жігіт шек-сілелері қата күледі.)
Мақсат: Үйбай, ішім-ай! Құрдасымды өле-өлгенше ұмытпастай разы қылыпсың ғой! Рақмет!!! Тек осы арақтан өртеніп кетпесе?
Жұмагүл: Өртенсе өртенсін! Байқұс әйелінің көзі ашылып, бағы жанар ма екен? Өмір-бақи осының арағымен алысып келе жатыр!
Желкен: Біздің ауылда да осы сияқтылар бар. Кеңес үкіметі тағы біраз тұрғанда құдай білсін не боларымызды?
Жұмагүл: Кеңесті сөгіп керегі жоқ, бауырым. Кезінде нанды тепкен кеселдің зардабын енді тартып жатырмыз!
Желкен: Рас айтасыз. Нанның бағасын білмей өсіп едік... Нарық кеп, қарық болдық!
Жұмагүл: Нан демекші, шәйдің жемі түгесіліпті, дүкенге барып келейін.
Гүлім: Мен де барайыншы.
Жұмагүл: Жүре ғой, келінжан. Ауылды көрмегелі талай болған шығар. Ел де көрсін келініммен бірге қалай қайқаңдап келе жатқанымды!
(Жұмагүл мен Гүлім жиналып шығып кетеді. Абыр-дабырды естіп, өз бөлмесінен Самажан шығады. Мақсат пен Желкен орындарынан тұрып, төрге ақсақалды отырғызады.)
Самажан: Балам... (Мақсатқа қарап сөйлейді.) Әпкеңнің сырын білесің. Мына ертіп бара жатқан ұлға қалай қарасаң - ол да маған солай күтім жасайды. Айтқан уәдеңе берік бол. Баланың басынан кім сипаса - сол жақыны деген...
Мақсат: Әке, ол жағына алаңдамаңыз. Оқуға түсуіне көмектесем. Інім емес пе!
Самажан: Иә інің ғой. Бірақ ол да біреудің баласы, мойныңа үлкен жауапкершілік алып отырсың. Әр басқан ізін қадағала, балам. Қарғысқа қалып жүрмейік!
Желкен: Ұлы сөз айтып отырсыз, ата! Қазіргі уақытта қадағадан кеткен бала рас оңбайды. Небір теріс жолдар маған түс деп, кесе көлденеңдеп жатыр ғой.
Самажан: Айтайын дегенім сол еді, жарайды, тысқа шығып күнге қыздырынайын біраз...
(Самажан шығып кетеді. Ақсақал тұра бастағанда екі жігітте орнынан көтеріліп, шығып кеткенше түрегеліп тұрады.)
Мақсат: Сенің келгенің қандай жақсы болды! Рақмет достым!
Желкен: Арзымайды! Гүлімнің бір ауыз сөзі, сенің риясыз көңілің үшін! (Ол осы сөзді айтады да әлденеге қысылған түрде төмен қарайды.)
Мақсат: Жайсыз бірдеңе есіңе түсті ме?
Желкен: Жоға... Кешкі салқынмен шығып кетеміз бе? Жол да шалғай.
Мақсат: Әрине. Мың жарым шақырым деген оңай емес! Жүрегің дауалап қалай келгеніңе қайран қалып тұрмын да Жеке?
Желкен: Жасыратын несі бар, айтайын... Өз еркіммен келген жоқпын. Маған салса, былай да келер едім. Тегі, осы әңгіменің қажеті де шамалы ғой. Бастысы - мен осында емеспін бе?
Мақсат: Түсінген сияқтымын... Балдызыңның жыры ма сол?
Желкен: Иә. Саған жасаған қызметімнің қарымтасы – балдызды жұмысқа орналастыру болып тұр. Сенің уәдеңді алып бармасам, маған бұл дүниеде тиыштық жоқ!
Мақсат: Естіп жатырсың ғой, Сабыр Сәрсенұлы өзі хабарласты. «Тасымалдау бөлімі» басшысының орны босады деп. Аман-есен жетіп алайық, сосын көре жатармыз.
Желкен: Мақсат, сен дүдамал уәде бермеші! «Орындаймын!» деп нық айтшы. Өйтпесе, қатынның қарасын көруге шошимын!
(Мақсат жымиып, Желкеннің иығынан құшақтайды.)
Мақсат: Кеудемде жаным барда Желкен досыма берген уәдемді орындауға ант етемін! Көңілің орнына түсті ме?
Желкен: Түсті! Түскенде қандай! Енді көлікті де алаңсыз айдайтын болдым. Қазір қоңырау шалып, оны да қуантып қояйын. (Желкен жайдарыланып, қалта телефонын түрткілей, сыртқа шығып кетеді. Мақсат жалғыз өзі қалады. Орынан тұрып, терезеден сыртқа қарайды.)
Мақсат: Туыс та дос та өз есебін ғана ойлаған бұл не өмір?! Әлде шынайы өмірдің мәнін ұғуға менің өрем жетпей ме? Түк түсінсем бұйырмасын! Бұл қағидаңды қай жағынан әкеп жапсырсаң да жан-дүнием қабылдай алмайды! Аяқ-асты мүгедек болып қалсаң да илана салады... өлгенің де көп уайым емес! Егер бір-бірімізді осылай тез қия салатын болсақ – онда бұл дүниенің де аса маңызды болмағаны ғой? Иә... содан да болар оның - Жалған деп аталуы...
(Сырттан дабырласып Жұмагүл мен Гүлім кіреді. Қолдарында сатып әкелген заттары бар. Екеуі де көңілді.)
Гүлім: Ауыл керемет өзгеріп кетіпті! Ішінара болмаса, көп үйлер жаңа талапқа сай сәулеттеніпті. Қақпаларына қатты қызықтым! Мақсат аралап көрсеңші!
Мақсат: Аралап көргем... (Ол көңілсіздеу айтты. Гүлім оның қас-қабағына зер сала қарады да ары қузамады. Жұмагүл заттарды столға жайып, жеке-жеке реттеп мәз.)
Жұмагүл: Алтын келінім, маған бір жылға жетерлік азық-түлік әперді! Дүкенді түгелімен көшіріп кетсем де қолымнан қақпас еді! Мұнша ақшаны қайдан тауып жатырсыңдар? Айтсай, сырын...
Гүлім: Мақсат бауырыңыздың табысы!
Жұмагүл: Ақшаның соңына түсем деп - денсаулықты содан құртқан екен ғой? «Аса қайрат жанға қас!» деген осы. Шешем құсап өліп қала ма деп қорқып едім, тәуба, көретін жарығың бар екен!
Гүлім: Апай!..
Жұмагүл: Несін жасырайын... қу арақтың кесірінен әкемді өз үйінен далаға қудым, одан ішегін сүйретіп Мақсат келді. Ауыл не демеді. «Мақсат араққа салынып, қатын-баласынан ажырап, жұмыстан қуылыпты! Саудасы бітіпті!.. Өлмелі шал мен екеуі біреудің тауық қорасында өлді дей бер, енді!.. Оларды бір кезде дәулетті болды деп кім айтар?» деген қаңқу жайылғаны рас. Соның тезегін қағыстырғанның бірі, мына – мен оңбаған! (Шытының ұшымен көзін бүркеп қорсылдап, жылай бастайды. Мақсат теріс айналып, алыстау барып тұрады. Гүлім не істерін білмей абдырап, екі жаққа жалтақтайды.)
Гүлім: Ұзақ жолға шыққалы жатырмыз ғой апай, жаман ырым бастамаңызшы!.. Енді барлығы дұрысталды, сабыр етіңіз.
Жұмагүл: Менің таңқалатыным, осы, біреудің жарқырап кеткенінен гөрі бейнетке батып, сүрінгеніне қатты қуанатынымыз!
Қайдан шыққан іштарлық?! (Ары гөй-гөйлеп жылайды) Мені қарғасаңдар да балаларымды қарғай көрмеңдерші!
Гүлім: Апай, сізді ешкім ешуақытта қарғамайды! Мақсат пен екеумізге құдайдың өзі таңдап берген жалғыз әпке - өзіңізсіз. Өткен іс өтті...
Жұмагүл: Елдің бәрі өздерің секілді ақжүрек болса, шіркін!
(Жұмагүлдің ту сыртынан келіп, Мақсат құшақтайды.)
Мақсат: Әпкетайым менің! Кішкентай күнімде сіздің арқалап, ойнатқаныңыз бәрі есімде. Анамнан кейінгі адам өзіңіз болдыңыз! Сырттан сіздің дауысыңыз шыққанда анам келген екен деп жүрегім лүпілдеп кететін-ді!
Жұмагүл: Мен де өзіңді бауыр етім деп балаймын! Бір ана, бір атаның баласы боп өсіп едік... (пауза) бәр сұмдық – сол, өз қолың өз аузыңа жетті-ау дегенде басталатын көрінеді. Сүйегі баяғыда қурап қалған әкемнің туыстары табыла қап, мені бауырына тартпақ болды. Оларға да әпке-қарындас керек екен, аяқ-асты!.. Қысқасы, онсыз да ақылы шамалы, шақшадай басымды араққа булап, шарадай қылды! Әкеміздің жиған мал-мүлкін манағы ұл болмағанда сол «туыстарым» ту-талақай етпекші екен!
Гүлім: Қандай қара ниетті адамдар! Олар сізге шын туыс па?
Жұмагүл: Туған әкемнің ағайындары болуы керек. Ол туралы маған ешкім таратып айтпады да және осы әкемнен әкелік мейірімді көрмесем бір жөн.
(Сырттан Самажан ақсақал мен Желкен кіреді.)
Желкен: Атам екеуміз керемет әңгімелестік! Біразын диктофонға жазып та алдым...
Мақсат: Сен этнография десе ішкен асыңды жерге қоясың ғой. Осында қалып, зерттеулер жасасайшы...
Жұмагүл: Рас-ау, бауырым от алуға келгендей тұра қашып барасың, аунап-қунап жатсайшы!
Желкен: Е әпкетай, от өз құйрығыма байланбай тұрғанда елді тапқаным жөн болар!
Жұмагүл: Оның да дұрыс шығар... Сен үшін алаңдайтын бір адамның болғаны ғанибет қой!
Мақсат: Ғанибеті ғанибет-ақ! Ол жақтағы келініңіз де керемет адам!
Желкен: Ғұмыр жазса - қыдырып келгенде қолынан дәм татарсыз, әпкетай! Атаны да ала келесіз ғой?
Самажан: Иә, жетіспегені мен ғана едім! (Кеңкілдеп күледі.)
Желкен: Менің әке-шешем қолдары тигенде келіп-кетіп тұрады. Бірақ екі-үш күннен соң анауымыз-мынауымыз деп қыңқылдай бастайды.
Самажан: Олар жастау шығар маған қарағанда. Менің саяхатым осы үйдің төңірегі де. Үлкендер баяғыда айтушы еді «Кіретін үй қалмады» деп. Сол менің де басыма келді.
Желкен: Өмір заңы деген сол, бұйыртса бәріміздің басымызға келетін. Ата аманшылықта жүздесу жазсын! Біз жолға шықсақ деп едік, күн салқындай бере...
Жұмагүл: Жұмыстарың болмағанда тағы біраз жатқандарың жақсы еді, қалқаларым! Айтпақшы, бір қойдың етін боршалап, сүрлетіп қойғанмын! Бас-сирағы да үйтілген. Үлкен ұлдың тіршілігі! Сыртта ұшарға қанаты болмай тосып тұр!
Желкен: Мен барып заттарды реттей берейін. (Желкен шығып кетеді.)
Самажан: (Самажан ақсақалдың алдына ұлы мен келіні келіп, бас иеді.) Көзімнің ағы мен қарасындай айналайындарым! Сендердің осы жарқын жүздеріңді шешелерің көре алмағанына қамығам! Құдай бұйыртып жатса немерелерімді иіскейтін күн де туар. Мен үшін алаңдамаңдар! Жолдарың болсын! (Самажан ақсақал Мақсат пен Гүлімнің маңдайларынан сүйеді.)
Жұмагүл: Менің бода-бодамды шығармай тұрғанда шығайық!
(Ата мен балалары қайта қауышып, бір-біріне саулық пен амандықта кездесу тілеседі. Қол қапшықтарын алып, жолаушылар сыртқа шығады. Самажан ақсақал үйде жалғыз қалады.)
Самажан: Шырақтарымды аман-есен жол азабынан сақтап, жетем деген жеріне жеткізе гөр Тәңірім! Маңдайыма жазған тағдырымның тәлкегіне шыдай алмай, е Жаратқан өзіңе де тіл тигізген кезім болған шығар... Мына ессіз пендеңді кешір гөр! Тіршілік деген – өз қалауыңмен өте шығатын серуен еместігін дәлелдеп, басыма талай сынды төктің! Соның бәрін қансырай өткеріп, мына күнге де жеттім. Мен көрмеген енді қандай құқай қалмады деп батырсынып жүргенде - жанды жерімнен шап беріп, есімнен де тандырдың! Рахымыңның молдығынан қайта есімді жиғыздың. Осынша жас жасауым менің кереметтігім емес, өзіңнің қаперіңнен шығып қалған керексіздігім бе деп қалам! О Тәңірім, желкілдеп енді келе жатқан жауқазындарыма жебеу бола көр! Олардың көздерін мына жалғанның алдамшы жылтырына сатқызбай, қор пенделіктен ада ет! Ертең көрде жатсам да солардың шам-шырақтай сәулесін сезініп, әруағыммен қолдауды бұйырт. Жазмыш жазып, көрісе аламыз ба жоқ па бір Алла, өз қолыңда... Ендігі арманым: балаларыма салмақ салмай, күннің жылысында кемпірім жаққа кету ғана. Тек ары-бері сабылып, естері шығатын болды-ау!..
ШЫМЫЛДЫҚ
ТӨРТІНШІ ПЕРДЕ
Қаладағы Мақсат пен Гүлімнің пәтері. Бұлардың елден оралғандарына да біраз уақыт болған. Демалыс күні. Балалар ауылдан келген ағаларының соңынан еріп сыртқа бет алған. Мақсат пен Гүлім жорнал столы басында әңгімелесіп отыр.
Мақсат: Ағаларыңның тілін алып, тәртіпті болыңдар, келістік пе?
Балалар: Келістік папа-мама!.. (Күліп-ойнап шығып кетеді.)
Гүлім: Мамам неғып кешігіп жатыр? Ертелетіп келем, шұғыл шаруам бар айтатын деп еді?
Мақсат: Қоңырау шалсаңшы...
Гүлім: Тұтқаны көтермейді. (Алаңдап, орнынан тұрады. Осы кезде есіктің қоңырауы шылдырайды.) Ана қасқалар бірдеңелерін ұмытып кеткен-ау, барып ашайын. (Ішке әдемілене шырттай киініп, бет-аузына опа-далақ жағып, шашын сәндеген Оңай кіреді. Сырт киімін диванның арқалығына тастай салып, сылқ отыра кетеді. Түрі маңызды. Тершіген маңдайын қол орамалмен құрғатып қояды. Қол айнасын алып, бетіне үңіледі.)
Оңай: Құдайдың күні де өзгеріп бара ма? Күз деп айтуға болмайды. Жаз ортасындай шыжып кетті! (Сөзге тартқысы келгендей Мақсат жаққа қарап сөйлейді. Мақсат мәнсіз ақтарып отырған газетті тастап, Оңайға мойын бұрады.)
Мақсат: Орыстардың - «Бабье лето» дегені осы шығар. Қыс алдындағы уақытша жылымық қой. (Оңай шабына от түскендей ыршып кетті де алая Мақсатқа қарады.)
Оңай: Осы сені қанша балам деп бауырыма бассам да жұлдызың неге маған қарсы?! (Мақсаттың көздері дөңгелене, Оңайға аса таң қалыспен қарайды.)
Гүлім: Аяқ-асты не боп қалды?
Оңай: Білмей отырғансуын екеуінің!
Гүлім: Нені білуіміз керек?
Мақсат: Сіздер әңгімелесе беріңіздер, менің қалада жұмыстарым бар еді...
Оңай: Мақсат, тоқтай тұр! (Тұрып бара жатқан Мақсат қайта отырады) Осы сендер менің де отбасымның мүшелері емессіңдер ме?
Гүлім: Мама. Біз сізді бөтен санамаймыз. Менің туған анамсыз. Бірақ, біз бір отбасы емеспіз. Дербес өміріміз бар.
Оңай: Олай болса, сендер де менің дербестігіме түсіністікпен қараңдар!
Мақсат: Маған неге ашуландыңыз?
Оңай: Мен көпті көрген адаммын... Бірақ, сен жыланның аяғын көргенсің! (Мақсаттың түсі бұзылып кетеді.)
Гүлім: Мама! Сіз әдейі шу шығаруға келдіңіз бе? Біздің татулығымызды неге көре алмайсыз, осы?! (Гүлім жылайды. Арада біраз үнсіздік орнайды. Оңай терең күрсінеді. Көзін сүртеді.)
Оңай: Шынымен шатырым кетейін деген бе? Не деп кеттім? Балам, Мақсат, жындының сөзін көңіліңе алма. Гүлімнің әкесін де осылай жүйкесін тоздырып жүріп, ақыры өлтірдім!
Мақсат: Не айтсаңыз да сіздікі дұрыс...
Оңай: Сенің осынша сабырлы, адал қылықтарың менің жынымды келтіреді! Сондықтан саған сенбеймін! Екіжүзділік жайлаған мына өмірде - көңілі бір беткей таза адам болуы мүмкін емес!
Мақсат: Мені білгеніңізге біраз жыл болды. Сонда осынша уақыт адал адамның рөлін ойнап жүр дегіңіз келе ме? Және не үшін ойнамақпын?
Оңай: Оны қайдан білейін... Тек әр пенденің ішіне бүккен бір арамдығы болуы тиіс! Періште болса, шәйтан да бар...
Гүлім: Мама сіз не деп кеттіңіз?
Оңай: Өмірдің не екенін айтып, сендердің көздеріңді ашып жатырмын! Әсіресе, бақырайса да түк көрмейтін, сенің көзіңді!
Гүлім: Нені көруім тиіс?
Оңай: «Малдың аласы сыртында, адамның аласы ішінде» деген...
Гүлім: Мама, ренжімеңіз! Басқа айтатын сөзіңіз болмаса, үйіңізге қайтсаңыз!
Оңай: Мәссаған, безгелдек! Тоғыз ай он күн көтерген, толғағына төзіп, түн ұйқысын төрт бөлген анасына айтып отырған сөзін қарашы-ей!? Сені оңдырмай оқытып тастаған!
Гүлім: Оқытқан деген не сөз? Мама, сізге қаралу керек!
Оңай: Қип етсе әкең де солай деуші еді!.. Сенің де аузыңа түкіріп кеткен екен ғой. Қызым-ау, қарасаңшы өзіңе, сені қамырша илеп!..
Гүлім: Илесе де неғылса да Мақсат менің күйеуім! Арамызға от салуға жол бермеймін!
Мақсат: Жаным, мамаңның айтайын деп келгені бұл емес шығар... Сөз қума!
Оңай: Міне, тағы үстінен дөп түсті! (Оңай аяқ-асты өзгеріп, тырқ-тырқ күледі.) Жыланның аяғын көргені осы емес пе?! (Мақсат та жымиып, Оңайға жылы шырай білдіреді.)
Мақсат: Енді шыныңызды айтыңыз... (Гүлім екі беті дуылдап, не істеп, не қоярын білмей абдырайды. Мақсаттың шиеленісті ушықтырмай, тарқатқанына шын жүректен қуанады.)
Гүлім: Мамашым, не айтпақ едіңіз? (Оңай ыстықтаған адамша желпініп, қысылған сыңай танытады.)
Мақсат: Қысылмай айта беріңіз...
Оңай: Жанымды қоймадыңдар ғой... Күйеуімнің о дүниелік болғанына он шақты жылдан асты. Жар қызығын көретін шақта жесір қалдым. (Кеңкілдеп жылайды.)
Гүлім: Бәрімізге де оңай емес, түсінемін, мама!
Оңай: Қызым, ол түсінетін шаруа емес... Жалғыздық құдайға ғана жарасқан... Он бес жыл деген оңай емес. Қарашаңырақтан сен ұзатылған соң, мүлдем азынап кетті!
Гүлім: Жалғызсырасаңыз бізге келіңіз... (Мақсат та қоштаған сыңаймен басын изейді.)
Оңай: Ту құдайым-ай! Осында келе жатқанда сақылдап-ақ тұрған сияқты едім, тілім байланып не болды! (Мақсат пен Гүлім күледі. Оңай қызарақтап, қатты абыржиды.) Айттым ғой, мені түсінбейсіңдер деп!
Гүлім: Айтсаңызшы, неге түсінбейміз!
Оңай: Түсінбегендерің сол: айт, айт деп қылқындырып... қайтіп айтам!..
(Мақсат Гүлімді иығынан қаусыра ұстап, былай таман әкетіп, құлағына сыбырлайды. Оңай оларға ұрлана көз салып қойып, төмен қарап отыр. Гүлімнің ішек тарта таң қалған дауысы шығады.)
Гүлім: Мама, рас па?!
Оңай: Рас емей, немене дейсің! Мен де адам шығармын... әйел екенім де рас!
Гүлім: Дұрыс адам ба? Біз танимыз ба?
Оңай: Бұл не сұрақ? Өзің күйеуге тигенде біз таңдап па едік?
Мақсат: О кісі маған бажа болама, әлде ата болама?! (Мақсат сылқ-сылқ күледі.)
Гүлім: Ел есінен танып тұрса, сенікі қызық екен?!
Оңай: Айтарымды айттым! Кетейін, сендердің күлкі-мазақтарыңа айналмай тұрғанда! О байқұс та зарығып, тосып тұрған шығар.
Мақсат: Шақырып келейін, ақыры болар іс болған екен.
Гүлім: Мақсат! (Гүлімнің дауысы жарықшақтанып шығады. Осы кезде есік қоңырауы шылдырайды. Гүлім басқа бөлмеге ата жөнеледі.) Құдай үшін, маған әзірше көрсетпеңдерші!
(Мақсат есікті ашады. Ар жағынан ілесіп Желкен кіреді.)
Желкен: Сәлеметсізбе, апай! Денсаулығыңыз жақсы ма? Күйлі-қуаттысыз ба? (Оңай жақтырмаған сыңаймен қырын қарайды.)
Оңай: Күйлі-қуатты болмасам қайтейін деп едің?
Желкен: Саулығыңызды сұрағаным ғой, апай!.. сыпайыгершілік...
Оңай: Әйтеу, маған кілең сыпайылар үйір! (Апыл-ғұпыл киініп, қоштаспастан сыртқа шығып кетеді. Желкен ештеңеге түсінбеген сыңайда отырады.)
Желкен: Түк түсінсем бұйырмасын!
Мақсат: Өзіміз де күнде аң-таңбыз! Менің енем құйын сияқты адам ғой...
Желкен: Қайын-жұрттың іргеде болғаны осы... Әй қайдам, қай жерде болса да бәрібір ме деймін...
Мақсат: Саған не күн туып жүр?
Желкен: Сол баяғы әйелмен айтыс та... Ақын Сара мен Ақан сері боп...
Мақсат: Саған не қыл дейді?
Желкен: Бұрын не қыл дейтінін білетін сияқты едім, енді білмеймін!.. Ол менің ағайындарымды жамандайды, мен оның... қойшы!.. (Қолын сілтейді.)
Мақсат: Олар болмаса екеуара татусыңдар ма?
Желкен: Мынауың қызық сұрақ екен? Әрине, татумыз!
Мақсат: Онда былай деп айт: «Жаным, біздің ағайындарымыз осы дауды естіп жатқан жоқ. Жынды болып отырған құр екеуміз ғана. Қояйықшы!» деп. Ақылы болса ұғар.
Желкен: Сені кімге тартқан кемеңгер деп ойлаушы едім, енді түсіндім. Ата! (Тығылған бөлмесінен Гүлім шығады. Көзі қызарып, ісіңкі. Желкенді көріп жылышырай танытады.)
Гүлім: Үй-ішің аман-есен бе?
Желкен: Аманшылықтамыз, Гүлімжан! Оңалту шарасын алуға Мақсатқа келдім.
Гүлім: Онысы несі тағы?
Желкен: «Мыйын әйелі жеп қойған еркек» деген диагнозбен...
(Гүлім күледі.)
Гүлім: Шықпағанды шығарасың-ау, осы! Мақсаттың өзі мыйы желінбеп пе?
Желкен: Мақсат бақытты ғой! Өзіңдей мый жемейтін әйел бұйырып...
Мақсат: Е дос абайлап сөйле! Атамыз қазақ: «Астыңдағы атыңа, қойныңдағы қатынға сенбе!» деген...
Гүлім: Сен маған сенбейді екенсің ғой? Мүмкін сенетін біреуің бар шығар?
Мақсат: Жеке, әне көрдің бе?
Гүлім: Ол нені көруі керек?
Мақсат: Әйелдің тілін қалай шығару керек екенін!..
Желкен: Қой, «Есің бар да еліңді тап» демекші, екеуіңді соғыстырып алмай тұрғанда жөнелейін! Менен осы, дау-дамайдың иісі бұрқырап тұратыны несі екен?! (Желкен кетуге ыңғайланады. Мақсат та орнынан тұрады.)
Мақсат: Тоқтай тұр. Мен де сыртқа шыққалы отырғанмын. Серуендеп қайтайық, бірге...
(Мақсат пен Желкен шығып кетеді. Гүлім айнаның алдына келіп, өзіне бажайлай қарайды. Шашын салалап тарап, сілкиді. Көзінің астын саусағымен сипайды.)
Гүлім: Иә, сөйтіңдерші... Сәлден соң мен де бір құрбыма барып келмесем, бүгінгі таң өзі естен тандырып жіберді... (Кенет шыр ете түскен қоңыраудан ол селк ете түседі. Бастапқыда есікке қарап, сосын қалта телефонына қарайды. Кім болды екен дегендей таңқалыспен тұтқаны алады. Таныс емес нөмірмен ауылдан Жұмагүл телефон соғады. Бұлар бір-бірін танымайды.)
Жұмагүл: Әләу, әлеу! Бұл Мақсаттың кібәртірі ме екен?
Гүлім: Иә.
Жұмагүл: Мақсат үйде ме?
Гүлім: Ол шығып кетті. Сіз кім боласыз?
Жұмагүл: Ойбай-ау, кім болушы едім, жалғыз әпкесі Жұмагүл болам! Өзің кімсің? Келінім қайда?
Гүлім: Сәлем бердік, апай! Мен - келініңіз Гүлім ғой...
Жұмагүл: Ой алжастырған құдайым-ай, тылипон дауысты өзгертіп жібереді екен-ау! Бір жас бала екен деп қалдым, сыңғырлағаныңа қарап...
Гүлім: Сіздің де дауысыңыз күмістей төгіліп тұр, апай!
Жұмагүл: Қазан қырып көріп пе едің?
Гүлім: Жоға, апай!
Жұмагүл: Қырмасаң ауылға тағы бір келгенде қырдырам. Сонда естисің апайыңның дауысы қандай екенін!.. (Тырқылдап күледі трубқадан.)
Гүлім: Аманшылық па! Атамның хәлі жақсы ма? Балалар қалай?
Жұмагүл: Аманшылық болған соң мәз-мәйрам боп тұрмын да! Қысқасы былай, атаң екеуміз пойызға шыққалы жатырмыз. Әл-қуатымның барында балаларды бір иіскеп қайтайын деп әкем қыңқылдап қоймады. Мал-жанды балаларға, сосын бір құдайға тапсырдық. Құдағиды да талай болды көрмедік. Биыл зейнетке шықты деп естідік, барып құтты болсын айтайық.
Гүлім: Өте жақсы болған екен! Пойызға отырғанда тағы хабарласыңыз.
Жұмагүл: Үйдегі балалардың бірі қалта тылипонын берді. Үйретіп жатыр. Жол бойы сөйлесем, әлі. Сол айтайын дегенім, келінжан. Бір қойдың етін ала шығам, Мақсат етсіреп жүрген шығар!
Гүлім: Етсіз емеспіз, апай. Базарда қалаған етің сыңсып тұр ғой.
Жұмагүл: Білемін сыңсып тұратынын, тек оны қалай жемдеді, кім сойды? Ал мынау өз қолыңдағы адал мал! Дәмі де құнары да өзгеше ғой, шіркіннің!
Гүлім: Иә, оныңыз рас. Өткен жолғы әкелген етті балалар да сүйсініп жеді. Мамам да тамсанды. Сіздің қолыңыздың ерекше бір қасиеті бар!
Жұмагүл: Оның рас, келінжан! Шешемнен дарыған қасиет! О жарықтық, керемет адам болған кісі! Амал жоқ, келіннің қолынан бір шыны шәй іше алмай арманда кетті ғой!..
Гүлім: Жатқан жері жайлы болсын! Өткенде басына барып құран оқытып кеттік қой, бір аунап түскен шығар, балаларым келді деп!..
Жұмагүл: Әрине, келінжан! Ойбай, мыналар көп сөйлеп қойдың деп түйгілеп жатыр! Тосып аласыңдар ғой, бакзалдан? Аман болыңдар! Сәлем айт, бәріне... Айтпақшы, бір жақсы түс көрдім, тойдың үстінен түсетін сияқтымыз!..(Туут, тууут деп телефонның үні өшеді. Гүлім «үһ» деп терең демалады да бөлменің ортасында есеңгіреген адамша серейіп тұрады.)
Гүлім: (Жабырқау үнмен залға қарап сөйлейді.) Жетіспегені осы той еді!.. Мына үйден шығып, бір жаққа барып бой тасаламасам сірә, жындандып кетермін!? Рүстемнің әйелі неғып шәйпау десем, осындайдан екен-ау?.. Қазақ болған соң осы... Салтың-дәстүрің, ырымың-сырымың... Өз бетіңше өмір сүруге мұрсат жоқ. Алпысты алқымдағанда байға тием деп шешем шықты. Түсін тойға жорып, қайынжұртым келе жатыр. Ұят-ай, бетім-ай! Мамамның мына қылығы жарты Қазақстанға жыр болатын болды ғой!..
Адамды есейтетін, есінен жаңылдырып еселаң ететін де жас емес – өмірдің осындай теперіштері екен ғой?.. Е жалған-ай!..
(Гүлім киініп, сыртқа бет алады.)
Музыка және соңы