Today's Birthdays
Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
PROSE
ЖОЛ ҮСТІНДЕГІ ЕКЕУ

Blogs

24.11.2017
5817

ЖОЛ ҮСТІНДЕГІ ЕКЕУ

ЖОЛ ҮСТІНДЕГІ ЕКЕУ

Күре жолдың ортасын бөліп тұрған екі құлаш бос жердің бітік өскен шөбін жеуге әдеттенген күрең бие бүгін қасына торы байталды ілестіріп жайылып жүр. Арқырап  өткен  үлкен жүк көлігінің жылдамдығынан соққан құйын жел торы байталдың жалы мен кекілін жалп еткізіп желпіп жібергенде, басын жерден жұлып алып, көзі шарасынан шыға жаздап қасындағы күрең биеге қарады. Тым жақыннан шыққан зор дауысқа үрке қарағанын байқаған қарт бие кісіней күлді.

     – Әй, торым-ай! Жүрегің аузыңа тығылды ма? Ештеңе жоқ. Етің үйренеді. Бұл адамзаттың тапқырлаған «КамАЗ» деген мақұлығы ғой. Кейде оның өз дауысынан бөлек зәре-құтыңды алатын тағы бір жағымсыз дабылы бар. Егер  соны қосқанда сенің жүрегің тоқтап қалуы да мүмкін еді, – деп тағы күлді.  Байтал ыңғайсызданып:

     – Иә, білемін. Иеміздің әңгімесінен осы «КамАЗ» туралы ылғи естіп жүрмін. Көктемде мені дәл осындай көлікпен алыс жолдан жеткізген еді. Біздің ауылдың оншақты жылқысын кешқұрым мал базарына апарып түсіріп кеткен. Базарда байланып тұрған жерімнен бүгінгі ием қасыма жақындап келіп, жалымнан сипап көп қарап тұрды да, алыпсатарға ақшасын беріп мені сатып алды. Сөйтіп құдайдың жазуымен сізбен қоралас болдым. Мынадай тар жерде тұрып тіске жұмсақ шөптің қызығына кіріп кеткенде дүниенің бәрін ұмытады екенсің. Әлгі «КамАЗ» дегеннен шын қорықтым. Иісі де бір жағымсыз  өзінің.

     – Е-е-е, сен ауасы таза, қарағайы көп, шөбі шүйгін жайлаудан келіп едің-ау, айтпақшы. Мына қым-қуыт тіршілікке көндіккенше әлі біраз уақыт бар-ау. Жассың ғой. Әр жерде бір сандалып, қолдан-қолға сатылып жүре берсең берекең кетеді. Қарның да бірде аш, бірде тоқ жүресің. Білетін шығарсың,  адамзат баласы атамзаманнан бері жағы түкті мына біздерді ерекше құрметтеген. Тіпті, кейбір ғасырларда біздің нәсілден шыққан қанатты пырақтарға  табыныпты деп естимін. Қай жағынан алып қарасаң да, біздің адам баласына пайдамыз көп тигені ақиқат. Мысалы, бізді мініп соғысқа аттанған, алыс сапарларға барып келген, аң аулаған, сауып ішкен. Керек болса, сойып та жей салады. Осыдан артық қандай адал қызмет керек дейсің... Сен енді осы жерде менің қасымда тұрақтап қалсаң екен, шіркін! – деп торы байталға мейірлене қарады.   

     – Өзім де солай ойлаймын. Сіз сияқты көнекөз биелер аз ғой. Бұл өңірдің ойы мен қырын жатқа білесіз. Сізбен бірге жүріп жер танысам деймін. Мынадай мал тұяғы тимеген мамық шөпке бастап келуіңіздің өзі көрегендігіңіз емес пе. Қай жылқының ойына келеді десеңізші. Саудаланып кетпесем, сізден үйренетін дүнием көп сияқты. Бірақ мына адамдар менің бойшаңдығыма, сұлулығыма қызығады-ау сірә, өткен-кеткеннің бәрі маған тамсанып қарайды.

     Осы ауылдың мал базарына алғаш түскен күні бірінші болып мен сатылдым. Біздің иеміз де бір мал танитын адам көрінеді. Көп жылқының арасынан мені ғана таңдап алғанына риза болып қалдым. Сондықтан ойлаймын, мына мен сол күнгі көп жылқының ішіндегі бітімінде бір мін жоқ, келбетті байтал болған екенмін деп. Әлгі менімен бірге келген ауылдас жылқының бәрі маған жаман көзімен қарасып қалды. Қызғанған түрлері ғой. Қай жылқының қандай адамға баратынын базар шешеді. Егер мені бір қара табан қойшы жігіт иемізден бұрын келіп сатып алса не болар ем... – деп басын шайқап тұрған байталдың сөзін қарт бие іліп әкетіп:

     – Қызықтың көкесі сонда болар еді. Қой мен сиырдың шаңын жұтып, танауыңды топырақ қаңсытып, жүрер едің сорлап. Одан қалса табынның сасық сиырына үйір болған ұсақ қара шыбын көзіңе үймелей қонып мазаңды алады. Ал, тартыншақтап алыстау жүре қояйын десең, былғары етіктің екі өкшесі бүйіріңді тесе жаздап тепкілейді. Сондай тепкіде жүрген талай жылқы бар ғой. Тіпті кейбір сорлы жылқылар ертоқымы алынбай түнеп шығады  екен. Жауырыны қышыған кезде аунай алмай ит болып қиналатын шығар.  Иесінің салақтығын қарашы, мініп жүрген көлігіне солай салғырт қарауға бола ма?

     Біз деген мал ішінде абыройы асқақтап тұрған жылқы баласымыз. Сонау Қамбар Атамнан бері жігітке қанат болып келеміз, – деп шаттана бір пысқырып еді, кенет ойына бірдеме түсті ме: – Иә, асына да тамақ болып...  – деп, аяқ астынан терең бір күрсініп салды. Содан дереу салпиған ернімен қияқ шөпті сипалап, күртілдетіп жұлып жіберді де, байталға таяп келіп сөзін қайта жалғастырды.     

     – Әй, бірақ адамнан қанша қамқорлық күтсең де, кейде бізді малға  балап, міне тұра менсінбей жатқанын көріп ішің удай ашиды. Бізді алысқа жібергісі келмейді. Иеміздің әкесі екі күн бойы далада отырып асықпай жасаған мына тұсауды қарашы, еркін жүруден қалдым. Күннен күнге аяғымды қиып барады. Қайсы бір данышпан жылқы айтыпты: «Аяғыңда тұсау болса, дүниенің кеңдігінен не пайда» деп. Бұл мақал да тегіннен-тегін шықпаған болар. Мақалдың мәнін енді түсініп жүрмін.  

     Адамзаттың осы қылықтарына қарасам, сонау құнан байтал шағымдағы асау кезімді сағынамын... Рахат еді ғой! Ешкімге ұстатқың келмейді. Кекіліңнен жел есіп, қырқа-белдерде үйірмен бірге дүркірей шабасың. Шір-кі-ін, құлашты кеңге тастап, күркіреп жатқан өзенді кешіп өткенге не жетсін. Еһ, дүние! Бірақ адамзаттан қай бір жылқы асып туды дейсің... Уақыт өте келе біз сорлыға қарын тойғызудың өзі уайымға айналатын түрі бар, – деп кейіді Күрең бие.

     Байтал терең ойға батып, шөп шайнасын доғарды да, Күрең биенің көңілін көтергісі келді ме, «маған қараңызшы» дегендей күре жолды кесіп өтті. Жүйткіп келе жатқан бірнеше көліктің жылдамдығы кілт тежелгенде дөңгелегінен қоңырсық иіс мүк ете қалды да, ол өтіп кеткенше күтіп тұрды. Терезеден басын қылтитқан бірнешеуі әлдене деп боқтық аралас сөз саптап жатты. Күрең бие бұның әрекетін тапжылжымай бағып тұр. Байтал енді кері қайтты. Бұл жолы да дәл солай, бірнеше көлік тоқтай қалып, тұсауымен шоқалақтап жүрген байталды өткізді.

     – Міне көрдіңіз ғой, бізді құрметтейтін жандар  әлі баршылық. Сіз де өтіңізші, мұндай құрметке әбден лайықсыз. Жүріңіз, бірге өтейік, анау тұрған бір топ сиыр көрсін біздің кім екенімізді. Аңдып тұрып көліктер көбейген сәтте өтейікші, – деп қарт биенің қасына жанасалап тұра қалды. Күрең бие байталдың бетіне қарап, басын шайқады. Шаршаңқы ишара білдіре күлді.

     – Е-е-е, торым-ай, сен әлі ештеңені аңғармайды екенсің ә?! Қамбар Атамыздың желкілдеген қызы басыңмен не айтып тұрсың өзің? Олар сені «қасиетті жылқымыз екен» деп тоқтап, жолдан өткізді деп ойлайсың ба? Мына әрекетіңе қарап тұрып, сен үшін мен ұялдым. Қарағым-ау, олар сенің санасыз хайуан екеніңді ескеріп, аяушылық танытып, тоқтап жатқан жоқ па! Ойлансаңшы. Анау сиырларға осы ісіңмен мақтанғың келіп тұр ма? Сиырларға бұл түк те  таңсық емес. Сен тоқтаусыз жүріп өттің,  ал олар тіпті жолдың қақ ортасына тұрып алады. Көліктің бәрі шарасыз сиырларды айналып өтеді. Шырағым-ау, сен өйтіп сиырдың деңгейіне түспесеңші. Онсыз да осы Зеңгі Атамыздың үрім-бұтағымен бірге жайылытын болдық қой қазір. Құдайдың кең жерін тарылтып... Ен далаға еркін қоя берудің орнына өз иеміз өзімізді тұсап, үйдің маңайынан алысқа жібергісі келмейді. Ұры деген бір пәлелер бар дейді, бәлкім солардан қорқа ма, білмеймін. Бұл дүние не боп барады осы? Күні кеше біз кім едік-ай, десеңші! Сиырмен бірге жайылмақ түгілі, сол пақырды менсінуші ме еді біздің ата-бабаларымыз. Қасына сиыр келсе осқырынатын өр мінезі болған дейді. Өрісі ұлан-ғайыр кең болыпты. Айшылық жерлерге дейін шығандап жайылып барып, жайылып қайтатын көрінеді жарықтық аталарымыз.

     Ал енді, мына адамдар айтып жүрген батырларды тұлпарсыз елестету тіпті мүмкін емес. Жауға жаяу шаппайды ғой. Керек десең, біз тұрған мына кең байтақ даланы да – Тайбурыл, Қарақасқа, Байшұбар, Тарлан, Ақтұяқ, Қубас атты біздің арғы бабаларымызға мініп қорғап қалғанын, яғни біздің арқамызда иемденгенін өздері айтып отырады осы күні. Иә, осы сөзімнің бір өтірігі жоқ. Мен өзім ес білгелі  батырды сиырға мініп жауға шапты дегенді естімеппін, – деп тісін қайрап-қайрап жібергенде, шықырлаған дыбыс естілді. Байтал басын шұлғып, күрең биенің сөзіне мүлгіп тұрған. Аяғындағы тұсауға қарап сүлкіні түсіп кетті. Күн қызыл шапаққа жасырынып барады екен. Екеуі де үй жаққа көз жіберді. Иесі күндегіше көк айғырмен шауып келеді.  Қолында бишігі бар, түсі суық...

Бақтияр АЙТАЛЫ.  


Share:      
Leave a comment: