Today's Birthdays
Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
PROSE
Жүрек мұздай қатқанда

Blogs

05.12.2017
4948

Жүрек мұздай қатқанда

Қаладан төмен түсе берген кезде, айналама қарайлап, жаңашылдық іздедім, алайда, көз қандырар ешнәрсе таба алмаған соң, жәй ғана отырдым. Атам неліктен шақырды, тағы жұмыс па, деп те ойлап қоямын. Сөйтіп отырғанда Үлкен Ата көшесінен автобусқа Ержан кірді. Өңі бұзылған екен, қабағынан қар жауды десем, асыра сілтемеспін. Алғашында мені байқамаған ол, көзін терезеден алмай тесірейе тұрды. Бірнеше аялдамадан кейін маған қарай таңырқап қарады да:

         - Елдос! Сен қашаннан тұрсың, - деп маған қарай жылжыды. Менде қарап тұрмай оң жақ қатарға ауыстым. Жөн білісіп, көңіліне, не қаяу түсіргенін түсіндім.

         - 1-апта бұрын анам мен әкем екеуі қонақтан қайтып келе жатқанда, масайрап алған жастар, біздің көліктің күл-талқанын шығарды. Ал қазір сол малғұндар кесірінен әкемнің бірнеше жері шытынап хәл үстінде жатыр, - деген Ержанның сөздері де соған дәлел. Іштей ал әлгі жастарға не болды деп ойладым, дегенмен, досымнан сұрауға дәтім бармады. Есіне салып, жағдайды ушықтырып аламын ба, деген ой да дереу келді. Тура сол сәтте кондуктор:

         - Ақтамберді бар ма? – деп сұрай қалды, досым болса дереу

         - Бар! – деді. Содан, тоқтап шыға бергенде, артынан қарап тұрған мен, көз алдымдағы балалар үйіне қарап қалдым.

         Автобус қайта жылжығаннан кейін біраз отырып, балалық шағымды еске ала бастадым. Ержанның әкесінің хәл үстінде жатқаны да себеп болған шығар. Тек ол ғана емес, менің алғашқы қонысым болған бағанағы балалар үйіде соған себеп болды-ау деймін.

Көбінесе сол көшеге қарамай өтетінмін, атында ұмытқан едім. Ақтамберді де..! Балалар үйі бар көшенің аты жырауды жырлатпай, жылататындай еді, қайткенмен де, ол жерде тым көп естеліктерім болды. Осы оқиғаның бәрі, Ержанның әкесінен өзімнің әкеме уайымдауға айналды, алайда...

Әке-шешем 7 жасымда жеке психолог жалдады. Ол кісі болса балалық шағымдағы оқиғаларға байланысты дәптер ұстап, бәрін жазып жүргенімді қалайтын, әсіресе, уайымдаған сәтіңде жазуыңа болатын дейтін. Мен болсам психолог кеңесіне құлақ аспадым, себебі, онсыз-ақ бәрін ұмыта алдым, әйтсе де, сол уақытта алғашқы рет жазып көрейін деп, келесі автобус ауысқанда, босап қалған аяққы орынға отырып, сөмкемді алдыма қойдым да, алғашқы әңгімемді бастадым.

 

Қай күн екені есімде жоқ, әйтеуір, шайдай ашық күн болатын. Сол баяғы ойын алаңында жүрдік. Біраз доп қуалап болғаннан кейін демалайын деп орындыққа отырған кезімде, Айжамал апай келіп, жаныма отырды да:

         - Сүйінші! – деді күлімсірей. Мен таңырқай:

         - А? – деп қалыппын.

Айжамал апайымыз сыр бермейтін, әрқашан күлімсіреп жүретін. Ерзатты асырап аларда, тура солай қуанып, Ерзатты да қуантып аттандырған болатын, дегенмен, достарымнан естуім бойынша Ерзаттың кетісінен-ақ жылапты деседі-мыс. Тура сол сәтте мені де асырап алатын ата-ана табылды ма, деп ойлаған мен, дөп түсіппін.

         - Алдында келген Бекен ағай мен Кербез апай есіңде ме? Сол кісілер сенің жаңа ата-анаң болмақшы, қандай керемет Елдос, - деп бетімнен шымшып-шымшып жіберді. Менде қуанып кеттім де:

         - Шын ба?! – деп жылап жібере жаздадым, соның өзінде, бала жүрегімде бір батылдық болды ма, білмеймін, Айжамал апайды құшақтап алдым да, біраз уақыт жібермей тұрып қалдым. Сол уақытта достарымның маған қызыға қарап қалғаны әлі есімде, қайтсе де, бәрі де әке-шешесінің болғанын қалайды ғой!

         Уақыты келгенде, жаңа ата-анам мені құшақтарына алды. Аға-апай достарыммен қоштасып, бір жағынан қуана, бір жағынан күрсіне Бекен әкемнің машинасына отырдым. Басында бөтен үйде болғандай болдым, алайда, жаңа анам мен әкемнің арқасында, оларға бауыр басып қалдым. Нағыз ата-ананың махаббатын сезіне бастадым. Көршілермен танысып, талай жаңа достар таптым. Әке-шешеме қатты үйреніп қалғаным сонша, олардан айырылып қалудан қорықтым, содан болар, айтқандарын бұлжытпай орындап жүрдім.

         Көктемнің аяғындағы бір күндер еді. Достарыммен алаңда ойнап жүрдім де, сол бұрынғыдай құммен ойнауға кеткен болатынмын. Бір сәтте жаныма ағай келіп:

         - Қалың қалай? Не істеп жатырсың? – деді. Менде аңғармай:

         - Сарай, - деп жауап қаттым. Ертеңінде тағы сол адамды кездестірдім, одан кейін тағы солай, аяғында ол ағайға үйреніп кеттім. Бір күні ол аға:

- Мен саған бір сыйлығымды көрсетуім қажет, - деді. Мен қызыға сол ағамен бірге ере көлігіне отырдым, сол ақ екен Еркін ағаны танымай қалдым. Беті сұрланып, өзгеріп кетті. Рөлді қайта-қайта саусақтарымен тоқылдатады. Қысқа бойыммен төменнен жоғарыға қарап отырған мен, алдыңғы терезеге шағылып тұрған көңілсіз, сасқалақтаған түрін байқадым. Мен енді ғана:

- Аға, сізге не болды? – деп сұрайын деп болмағанша Еркін аға маған:

- Мені кешір, менің амалым жоқ, - деп көзінен мөлдіреп жасы шыға бастады. Шынымды айтсам, сол уақыттың өзінде мен ешнәрсені түсінбедім, түсініп те үлгермедім, алдымызға дабылын қосқан күйі келіп полиция қызметкері тұра қалды. Сасып қалған Еркін аға артқа жылжып үлгергенше екінші машинада жетті. Еркін ағаның қолына кісен салып, өз машиналарына отырғызған полиция қызметкерлері:

- Мына кісі саған зиян келтірмеді ме? – деп сұрады. Менде саспай нақты әрі анық:

- Жоқ! – дедім. Сол-ақ екен әкем мен шешем жетті. Түрлері бозарып кеткен екен. Анам жүгіріп келіп, жылаған күйі мені құшақтап, сүюде. Екі иығымнан жұмсақ қыса, көзіме қарап:

- Саған тиіспеді ме? Ештеме істемеді ме? – деп сұрақтарды жаудыртып жіберді. Әкем болса басымнан бір сипай, полиция қызметкерлері жаққа кетіп қалды. Сол сәтте ғана түсіндім ғой деймін мені ұрлап кеткенін, сонда да, анамды қинамау үшін сол баяғы бәрі кереметтей кейіп таныттым.

Біршама күн өтті, бәрі реттелгендей болды. Ол уақыттарда не болғанының анық-қанығын біліп алдым. Ең қызығы мен отырып кеткен көліктің нөмірін достарымның бірі жаттап алыпты. Анамның айтуынша ол баланың шешесі бөгде нөмірлерді жаттап, сақ жүруін талап етіпті-мыс, менің сол баладай болуымды қалағаннан айтқан да шығар. Қалай болса да, сол досымның арқасында аман қалдым деп ойладым.

Келесі күні әкемді сотқа шақырды, бір қызығы мені бірге алып келуін өтініпті.

Сот залына кіре салысымен суық лебізді сездім. Сол лебіз сол жақ бұрыштағы тор ішінде тұрған Еркін ағадан шығып тұрғандай болды. Салқындықтан мені біраз үрей биледі, дегенмен, батылдығыма әлі таңырқаймын. Дым білдірмей анамның қасынан алыстамай жүріп отырдым.

Соттың ортасына дейін Еркін ағаның заңға қайшы іс жасағаны туралы айтылды. Бізден істің қалай болғанының мән жайын сұрады. Бәрін тыңдап, қорытып отырған мен, бұл Еркін ағаның алғашқы ісі екенін түсіндім, айтуынша, әуесқой ойыннан қарызға белшесінен батыпты. Қарыздан тез құтылудың жолын іздеп, әрең дегенде бала ұрлап ақша табуға бел буғанын айтты. Алайда, «бала ұрлап» дегеннен кейін біраз кідіріп қалды да, маған қарап, бірнәрсе айтпай кеткендей болды. Сол сәтте Еркін ағаға:

- Сіз білесіз бе? Сіз ұрлаған бала, сіздің ұлыңыз, - деді де, күрсіне қоя салды тергеуші мырза.

- Тордың ішінде тұрған Әкемнің де (Еркіннің де), сыртында тұрған менің де жүректеріміз мұздай қатты ғой деймін. Сол уақыттан ары қарай, не болғаны есімде де дұрыс қалмаған. Тек бір нәрсе есімде! Алғашында таңырқап тұрған Еркін, бір жымиды да, өксіп жылап қоя берді. Тордың ішінен шығарып, алып бара жатқанында жыламсырай:

- Қиналғанда жасаған ісім, айналып келе баламды алдыма әкелді ме? Қалайша? – деп айтқан сөздері анық естілді, бірақ, ары қарай соңғы сөзін жасаурап тұрған көзімнен көрмей, тек дауысын естідім:

- Ұлым мені кешір..! – деген. Одан ары есімнен танып қалыппын, содан бері, ата-анам маған жеке психолог жалдады, бәрі реттелгенше қасымнан бір елі алыстамады. Менде үйрендім бәрін ұмыттым, әке-шешемде ұмытты, алайда, әлі ойлаймын ұрлаған баласы қалайша өз ұлы болып шықты деп, қалай болса да, бұл өмірде кездейсоқ ешнәрсе болмайды ғой...

Біршама сөйлем жазып тастаған мен, атамның үйіне жетіп қойғанымды да, байқамай қалыппын. Автобустан секіріп түстім де, таза ауаны кеудеме бір толтырып алдым. Жазған қағазымды, сөмкеме салдым да:

- Атам неге шақырды екен? – деп қайта ойлана, үйіне бет алдым.


Share:      
Leave a comment: