Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ЭССЕ
Адамгершілікке сенген Сәкен!

Блогтар

30.07.2019
5158

Адамгершілікке сенген Сәкен!

Адамгершілікке сенген Сәкен!

Өкінішке қарай бүгінгі таңда біздің бұқаралық ақпарат құралдарында ҰЛЫ ҚҰРБАНДАР сөз тіркесіндегі “ұлы” деген сөзден гөрі “құрбан” дегенге көбірек, жиірек екпін түсіріп жүр. Бұл мені айрықша қынжылтады. Мәселен, Сәкен Сейфуллинді алсақ, ол ел есінде құрбан болғаны үшін ғана емес, ең алдымен қаһарман тұлға болғандығы үшін қалды. Соңғы кездері менің көңілімде бір күдік пен үрей бар: бәз біреулер акцентті ерліктен гөрі құрбандыққа бұра берсе, бұл біздің ұлттың өз-өзін қадірлеуін азайтуға бағытталған саясатқа бұрып жіберуі ықтимал. Аталмыш эссем осы күдіктен туындап отыр. Егер жаңа туған сәбиге ер жеткенше тек қана сенің әкең құрбан болды деп айта беріп, марқұмның бойындағы ерекшелікері мен өмірлік ерліктері, жетістіктері һәм табыстары турасында айтпаса бұндай жағдаят әлгі баланы “комплекс неполноценности” деген психологиялық ауытқуға әкелуі мүмкін. Тағы бір қауіптісі – әлдебіреулер өздерінің жеке саяси мақсаттары жолында большевиктер (арасында қазақтар, татарлар және т.б. ұлт өкілдері де болды) деген сөздің орнына ОРЫСТАР деген сөзді ақпараттық кеңістікте жиі қолдана бастары сөзсіз. Бұл - аса қауіпті мәселе, өйткені, шын тарихи оқиғаны талқылаудың орнына ұлт аралық араздыққа әкеліп соғуы ықтимал. Мен кәсіби тарихшы болмасам да, тарихи фактілерге немқұрайлы әрі жеңіл қарай салғанға қарсымын.

    

1937-1938 жылдары қаза тапқан нар тұлғаларымызды қазіргі күні  телеарна және кино, театр режиссерлері тым біржақты көрсетуде. Яғни оларды бейне бір Іле Алатауы, Алтай іспеттес алып алайда, үнсіз, бірқалыпты зат ретінде ғана көрсетеді. Ал шын мәнінде олардың адами болмыстарына көркемдік тұрғыдан мейлінше аз һәм мардымсыз назар аударылуда. Неге мен көрермен ретінде Садуақас Сейфоллаұлының жабырқап, қамыққанын, күдік-күмәнға бой алдырып, күйзелген, күйреген, толғанған не болмаса шаттықа бөленген жарқын сәттерін, ең бастысы ТІРІ бейнесін көре алмаймын. Оның орнына жаттанды, жадағай, құп-құрғақ фактілерге толы айтарлықтай әдемі әйтсе де, жалаң, жансыз (дәл сондай жаттанды музыкамен көмкерілген) кадрларды ғана көремін. Бұның себебі неде? Әлде Алаш зиялылары туралы архивтердің көбісі әлі ашылған жоқ, әлде деректі фильм сценаристері мен режиссерлері не дарынсыз, не еріншек болып тұр. Қалай дегенмен, аталмыш сұрақтың жауабының басқа нұсқасын таппай қойдым.

      

Мен бұны өнер қайраткерлерін кемсіту мақсатында емес, өз сауалдарыма сол фильмдерден жауабымды әлі де таба алмағандығымнан кейін жеке сынымды жазып отырмын. Бұрыннан бері көкейімде мынадай келесе сұрақтар мазалап жүр:

 

- Қазан төңкерісі 1917 жылы болды, ал үш бәйтерек, бес арысты жойған репрессия 1937 жылы болды, осы 20 жылдың ішінде жағдайдың асқан қауіптілілігін тек Мұстафа Шоқай ғана сезіп қойған сыңайлы. Ал Әлихан Бөкейханұлынан бастап, өзіміздің Сәкен Сейфуллинімізге дейінгі бір топ зиялы қауым өкілдері неліктен өз-өздерін және өз ұлтын сақтап қалу шараларын жүзеге асыра алмай қалды? Сонда 20 жыл аз болып қалды ма? Немесе тағы да мен байқамаған өзге де мардымды себептер болды ма?

 

- Сәкен турасында бір сұрақ – өз заманының аса білімді, ақылды азаматтарының бірі бола тұра, неліктен ол ұзақ жылдар бойы большевиктерге шүбәсіз сеніп жүрді? Білімсіз адам былай жауап беруі мүмкін: Сәкен алданды, өтірік пен қауіп-қатерді алдын ала сезіп, байқауға қауқары жетпеді. Ал менің пікірімше, Сәкеннің санасы, ойы, тіпті ішкі түйсігі де өте терең болды. Демек, большевиктердің арасындағы кейбіреулері надан  көпшілік сеніп қалған большевиктік идеяға пропагандистік шеберлікпен біздің Сәкенді де уақытша болса да арбай алды. Асқан өкініштісі – 1917 жылдың ақпан айында Алашорда партиясы Орынборда саяси партия есебінде ресми өз-өзін жариялаған сәттен бастап, тиісті деңгейде өзінің тарабына қазақ халқының басым көпшілігін тарта алмады. Ал осының да себептері қандай? Егер осы сауалдар бойынша кәсіби тарихшылар мен кинорежиссерлер ақылдаса, кеңесе отырып жұмыла жұмыс жасаса, менің көңілімнен шығатын және жоғарыдағы сұрақтарыма жауап бере алатын, халықты сапасымен қуантатын көркем немесе деректі фильмдер пайда болар ма еді?

       

Мен аталмыш эссемнің басында жазған қағидамды өзі бұзды демеңіздер, мен ұлылық компонентін кішірейтіп тұрғаным жоқ, әр тарихи оқиғаның әсіресе ұлт деңгейіндегі трагедиялық тарихи оқиғаның тек ғылыми-фактологиялық сипаты ғана емес, сонымен қатар әр адам үшін жеке эмоционалдық сипаты болады. 125 жылдықты тойлау керек, дегенмен, бір сәтке елестетейікші: Сәкен атамыз бүгінгі заманға бір сәтке оралды дейік, шөбере-шөпшек буынын көрді делік, осы көріністі көз алдыма елестеткен тұста менің тұла бойымды мұң билей жөнеледі... Әлбетте, ел тәуелсіздігіне ол қуанар еді, әйткенмен, бүгінгінің Ахмет Байтұрсынұлы, бүгінгінің Досмұхамедовтерінің аз екендігіне көңілі толар ме еді? Әрине, бүгінгінің Әлихан Бөкейханұлы – Нұрсұлтан Назарбаевтай ірі көшбасшысы барына қунар еді, десек те, ұлт ағартушы Байтұрсынұлы, ұлт жыршысы – Мағжан Жұмабаев, ұлт ұстазы – хакім Абай сынды тұлғалардың аздығын аңғармас па еді? Сондықтан, Алаш зиялыларының әрқайсысының ұлылығын ЖЫРЛАҒАН кезде, олардан бүгін де, ертеңгі күні де іс жүзінде үлгі алуды ұмытпасақ деймін!                                                

     


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: