Әке 3-ші монолог
Әке, менің есімде сенің бейнең тек еміс-еміс естеліктермен, үзік-үзік сәттермен ғана сақталған. Сенің анамның бөлмесіндегі қабырғаға ілінген, інімді құшақтап күлімдеген суретің сен туралы ойлаған сайын көз алдымда тұрады. Мектептегі ұстаздарымның «шашың өсіп кеткен, қысқартып кел» деген ескертуін естіген соң, ауылда шаштараз жоқ болғасын, әрі онда бару салты ол кезде қалыптаспаған еді, сондықтан менің кірпі шашымды қайшылап, өз қолыңмен қырқып, қысқартып беруші едің. Сол бір сәттер мен үшін бүгін ең тәтті, ең ыстық естелікке айналған. Әрі сенімен өткізген санаулы сәттердің бірі ретінде де мен үшін тым қымбат естелік...
Ойланып отырсам, мен есіме түсіре алатын оқиғалар бірен-саран ғана екен. Себебі сен үнемі күйкі тіршіліктің күпәйкесін киіп, көрінкөріс қамымен сыртта жүруші едің. Апталап, айлап үй бетін көрмей, түзден ырзығыңды теретінсің. Сен демалуға үйге келгенде өзіңе еркелеп, сенің қасыңда болуды ойлаудың орнына, далаға ауып тұрған көңілдің желігін баса алмай, сыртқа тұра ұмтылып тұратынмын. Өзге балалармен түрлі ойындар ойнап, сол бір қызықтарға батып, күннің батқанын білмей қалушы едік, ал кеш батса, дәретімізді алып, мешітке асығатынбыз. Бірақ сен ешқашан бізге дауыс та, қол да көтермедің. Тезге салып, кейбір әкелер секілді жұмысқа жекпедің. Бірақ еңбекке баулуды, тілалғыш болуды үйретуден де таңған жоқсың. Сен сөзбен, айқаймен емес, бізге бәрін өз ісіңмен үйреттің. Көрсеттің ғой, әке!
Бірде егістік алқабында тер төгіп жүрген Дүйсен көкеме жолығуға мені ертіп апардың. Мен не әңгіме айтқандарыңды, не істегенімізді де ұмытып қалдым. Менің есімде қалғаны – сонда мен қарақат деген өсімдікті алғаш көргенім мен бәріміздің дарбыз жегеніміз ғана қалыпты. Бәлкім, «балам, үй сыртында осындай еңбек, тіршілік бар» дегің келген шығар, мынау әлемнің кеңдігін яки достықтың маңызын көрсеткен боларсың... Бүгінде Дүйсен көке, Әбдіраш көке және өзге де құрдастарыңды көргенде сені көргендей, өз әкемнің жанында жүргендей күй кешемін. Олар да маған ақылдарын айтып отырады.
Мен олардың амандығын тілеймін...
28.05.2026
