Блогтар
Әміре әншінің тойында
1925 жылдың жазында, Парижде өткен дүниежүзілік этнографиялық концертте ән салып, қазақ халқының даңқын бүкіл әлемге шығарып, жүлделі орын алып, елге оралған әнші Әміренің құрметіне, Семейде салтанатты сауық кеші өткізілді. Сауық кеші, Семей қаласынла тұратын Тобықты елінің атақты байы, Қаражан Үкібайұлының үйінде болды.
Осы салтанаттың үстіне, Шыңғыстаудан, дәрігерге қараламыз деп, қалаға келген Көкбай ақын мен Уәйіс ақын тап болды. Көкбайдың өз атқосшысы ба, Уәйістің атқрсшысы мен едім. Уәйіс пен Көкбайдың көптен бері қылтамақ ауруына ұшырып, науқастанып жүрген кездері еді.
Әйгілі екі ақынның той үстіне теп келгеніне қала жақсылары қуанысып, Көкбай мен Уәйісті құрметтеп, Әміре отырған Қаражан байдың үйіне түсірді.
Салтанатты мәжілісте Әміре ән салып, Париж сапарының әңгімесін айтты. Сонан соң, кештің билігін өз қолына алған Көкбай Уәйіске қарап:
- Екеуміз де науқаспыз, мына Әміре бойының үстіне дәл келуіміз, елдің мына сауық кеші, біздің тірілгеніміз болсын, сен ән сал деп, домбыраны Уәйіске ұсынды. Уәйіс те көп қолқа салдырмай, терлеп, шаршап отырса да, білдірмей, бірнеше ән салып берді. Уәйістің әнін ұйып тыңдаған халық қатты риза болып, әншіні қошеметтеді.
Әміре тойына жиналған қала халқы таң ата ғана тарқасты. Қаражан бай үшеуіне сый тартып, бір қасқыр, бір түлкі, бір күзен ішікті әкеп, өздеріңіз бөлісіп алыңыздар деп, Көкбайдың алдына тастады. Көкбай жұмбақтай сөйлеп: «Биыл қыс қатты болатын шығар, сапарға аттанғанда тоңармын» деп, қасқыр ішікті өзі жамылып, түлкі мен күзен ішікті Әміре мен Уәйістің арқасына жапты.
Осы сапардан елге қайтып келген соң көп ұзамай, сол 1925 жылдың күзі айында Көкбай қайтыс болды. Көкбайдан соң, сол жылдың аяғында, Уәйіс те дүниеден қайтты. Бұл естелікті жазған Кәкім Оңдасынов (1890-1976) Уәйістің туысқаны, ақын шәкірт. Кәкім естелігінен бізге тапсырған Нәсіпбек Сәменбетов. Нәсіпбек Уәйістің жиені.