Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ЭССЕ
Ақын Дүйсенбек Қанатбаев

Блогтар

05.12.2019
4942

Ақын Дүйсенбек Қанатбаев

 

1994 жылы Қазақ радиосының әдебиет бөліміне аға редактор болып қызметке келдім. Мені қызметке алған басшылар емес тағы да қарапайым, елге белгілі ақын Дүйсенбек Қанатбаев болды. Бала кезімнен радиодан ән, музыка тыңдағанды ұнататын едім. Бибігүл, Роза апаларымыз ән шырқағанда жан қалмайтын. Кейде Дүйсекеңнің де қоңыр дауыспен айтып кететін әдебиет жайлы әңгімелерін тыңдап жүрдім. Бір күні әлдебір шаруамен радиоға келгенде ол кісімен арнайы бөлмесіне келіп таныстым да көп сөйлеп жатпай проза жазатынымды, осы жерде қызмет істегім келетінін айтып едім, ол кісі аңтарылып қалды. –Онда сен алдымен үйреніп көріп ал, – деп Темірхан Момбекұлын шақырып алды да,–Мына Келіске репортерыңды бер передача жасап келсін, записке,–деді. Бірден бұлай болады деген ойда жоқ. Сасып қалдым. Дүйсекең –ал кіріс онда, бауырым,–деп қарап тұр. Темірханнан репортерды алсам да оны қосуын, жазуын білмейді екем. Астыңғы қабатқа түсіп, подвалдағы запись жасайтын жерлерді көріп бірталай жүрдім. Көзім үйренген соң өзім кітабын оқып жүрген ірі жазушылардың бірінен сұхбат алып 1-2 күнде дайын қылдым. Мұны тыңдап көрді де Дүйсекең –көп мақтап жіберіпсің ұят болады. Мына тұсын алып таста,– деді. Бірер жерін түзеттіріп, жарты сағаттық эфирге барсын деп қол қойды.
 

Ол кезде әдебиет бөлімі ұмытпасам әдеби-драмалық хабарлар Бас редакциясы деп аталатын еді. Сыртта жүріп 2-3 хабар жасаған соң қызметім Дүйсекеңе ұнады. Ол маған бастыққа қызметке алу туралы өтініш жаздырып өзі қол қойдырып әкелді де кадр бөліміне құжаттарымды тапсыруға ғана бардым. –Ал, бауырым енді осы бөлмеге сыйысып орналас,– деп отыратын бөлімге ертіп келді. Мұнда жазушы Дінәш Нұрмұханбет, Темірхан Момбек, енді оқу бітірген жас жігіт Оңғар, тағы бір-екі режиссер отырады екен. Екі-үш столға кезектесіп отырып жазу жазатын болдық.
  

Дүйсекең батыс жақтың тумасы екен. Сен қайдансың деп сұраған да жоқ. Тіпті атымды да айтпай –бауырым,– деп тұрғанда ішім елжіреп кететін еді. Орыс, қазақ бөлімін қосқанда бөлімде машинисткалары бар 20-дан астам адам қызмет етті. Бас редактор Дүйсекең. Ұшып жүріп қызмет істейтін кез. –Сенің келгенің қандай жақсы болды. Қолым ұзарып қалды ғой,– деп Дүйсекең қуанып жүрді.
        

Дүйсекең көңілінде қалт жоқ, балаша аңқылдаған, ерекше ақкөңіл адам еді. Қызметтен тыс қол астындағы адамға шамасы келмейтін артық талап қоймайтын. Сол кезде редактордың айлығы 25 мың теңге. Журналда 3,5 мыңға жұмыс істеген біз үшін бұл айлық қыруар ақша саналады. Бірақ еркін өмір сүруге қалай тартсаң да жетпейді. Тұрмыс тапшылығы айналада білініп-ақ тұрады. Сонда да әлі жақсы уақыт келеді шыдау керек сөзге имандай ұйып иланумен жүрдік.

 

Дүйсекең де алатын қаламақысы, шығып жатқан кітабы болмағаннан кейін кейде ешкімге білдірмей оңаша отырғанда кейіп еңсесі түсетін кездері  бар-ды. Бұл кез пысықтар өз ақшасына кітап шығарып, бұрын қаламақы алып жазатын қаламгерлер кейін ысырылып қалған. Жазу өнерінің құны төмендеп кеткен.  Дүйсекең осыған алаңдап:

 

– Әй, бұлай жалғаса бермейтін шығар. Бір жақсылық болу керек қой,–дейді.

 

– Жо-оқ,–дейді Дінәш қолын сілтеп. –Енді ештеңе өзгермейді. Күштілер күшейе береді, нашарлар төмендей береді.

 

– Әй, қойыңдар сендер адамды қорқытпай,–дейді Дүйсекең сенбей.

 

Қызмет барысында бірнеше ай жалақы алмау, түрлі радио, телевизия қаналына басшылықты жиі ауыстыру, қызу жиындар, басшылыққа бұрын белгісіз бұл саланы білмейтін адамдарды алып келу сияқты айнала түсініксіз жайттар болып жататын. Бұған Дүйсекеңнің бар-ақ жауабы бар.

 

– Жұмыстарыңды істеңдер,–дейді.

 

Бірде дүйсенбілік жоспарлау сәтінде пәленше деген жазушыдан сұхбат алатынымды айттым. Оның газетке берген сұхбат қызық шыққанын әңгіме еттім. Дүйсекең біраз үнсіз отырып:

 

– Бауырым сен көп жыл ауылда тұрған екенсің. Онда өтірік айту деген жоқ қой, өйткені бәрі бір-бірін таниды. Қалада олай емес. Бір көрген адамның бір-бірін алдап кете беруі мұнда әдепкі жағдай. Атақ-дәрежесіне, қызметіне қарап адамдардың сөзіне көп сене берме. Әлгі өзің мақтап отырған адамға барсаң барып кел. Мен оны білемін. Шабыттанып сөйлейтіні бар. Оның бәріне сеніп қалма. Келген соң маған көрсетіп ал,– деді.

 

Сұхбаттан расында көңілді келіп, енді хабарды жасайын десем Дүйсекең әлгі лентаны сұрап алып кабинетіне барып оңаша тыңдап келді де:

 

– Жарайды болады екен. Тек мынадай жерлеріне абай бол,– деп қысқартып жіберетін деректерге тоқталды. Айтылған жерлер хабарды жасау барысында тазаланып, артық жерлері алынып тасталды. Дүйсекең өстіп керек жерінде болмаса қызметкердің жұмысына қол сұғып араласа бермейтін. Әркім өз әлі келгенше қызметін істеп жүре береді. Жұмыстан қол босаса жинала кетіп өткен өмір, осы қабырғада өткен небір қызықтарды айтқанда қызумен сағаттап отырып қалатын кездер болатын.

 

Со жылдары газет қағазына басылған шағын кітапшамды Дүйсекеңе сыйлаған едім оқуға уақыты тапшы болды ма ол туралы ештеңе айтпады. Мен де ұмытып кеттім. Дүйсекең кейде ауырып, бірер апта болмай қалатыны бар. Сондай ауруханадан келген бір күні қызмет адамдары Дүйсекеңнің бөлмесіне кіріп, көңілін сұрап, басқа бөлімдерден де көңілі жететіндер келіп-кетіп жатыр екен. Оңаша қалған бір сәтінде мен де кіріп көңілін сұрап біраз отырдым. Дүйсекең өңі ағарып, ағарған сақал-шашы сояулана көрініп, бойы жұқарып қалған екен.

 

– Аға, сіздің келгеніңіз жақсы болды,– деп қуанышымды да білдіріп жатырмын. Бір кезде терезеге қарап үнсіз отырған ойлы жүзін бері қарай бұрды да:

 

– Палатада жатқанда сенің газетке шыққан қысқа әңгімелеріңді оқыдым,–деді. Үнсіздік одан ары жалғасты.

 

– Қалай ішінде бірдеңе бар ма екен?–дедім бей-жайлау үнмен. Өзінің кейде орысша қосып жіберетін әдетімен:

 

– А как же?–деді. Ұнағанда қандай. Ондайды әркім жаза бермейді.

 

Бұл сөздер мен үшін әбден иін қандырып мақтаумен бірдей еді. Әдеттегідей Дүйсекең бір замечание айтатын шығар дегендей қарап отырғанда:

– Бұған хабарларыңа ататындай ескертпем жоқ,–деді күліп.
 
 

Арада он жылдай өткенде Жазушылар Одағында жолықтық. Кабинет ішінде екі-үш адам сөйлесіп отырғанбыз. Дүйсекең басқалармен қол алысып, дабырлап амандасып жатқанда қырын қарап, сөйлемей таныр ма екен деп үнсіз отыр едім. Дүйсекең бері таяп келіп:

 

– Келіс, қал қалай? Жүрсің бе бауырым аман-есен. Үй-ішің аман ба?–деді.

 

Мен де бұдан әрі шыдауға дәтім бармай жақындай беріп төс қағыстыра амандастық.
 

– Дүйсеке, рахмет жөнді мен сұрауым керек еді. Таныр ма екен, әлде ұмытып кетті мен екен, деп әдейі шыдап үндемей отыр едім,– дедім.

 

Ақжарқын күлкісімен жарқырап күлді де –Пәле, сен сияқты адамды ұмытуға бола ма екен,–деді. Осы сөзі демеу бергендей, екеуміз қайта төс қағыстырып амандық сұрастық. Үй-ішімізді қайталап сұрады. Мен радиодан қызметтен кеткен соң ойда-жоқта кездейсоқ жиында жолығып, содан бірнеше күн қызу әңгіме дүкенмен бір күнге қосылған басымыз үш күнге созылып арты мерекеге айналып кеткен. Сол есіне түсті ме, неге айтқанын білмеймін–Ой, сен айналайынсың ғой,–деді. Көп жөн сұраса алмадық.

 

Тағы кезігеміз деп ойласақ керек. Бірақ бізді өмір жолы қайта жолықтырмады. Осы қазақтың тамаша ақыны ойыма түссе оның бауыры Болат Қанатбаевтың прозалық кітабын қолыма алып қарап отырам. Қазақ жазушыларынан осы адам маған ерекше ұнайтын еді. Жазғаны мықты. Әдебиетте жарқын із қалдырып, тамаша өнеге көрсеткен жайсаң ақын Дүйсенбек Қанатбаевты білетіндер аз емес.

 

Ол туралы талай естеліктер айтылып, кітаптарға енген. Оның тамаша жырлары қазақ поэзиясына өзіндік өрнек қосатын сыршылдығымен, әуезді мәнерімен, ұлттық нақышымен баурайды. Дүйсекең туралы біздің де алда айтар сөзіміз бар, ол сәл кейін болсын. Қанша жыл бірге қызмет істеп жүріп, тым болмаса оның бір кітапшасына қолтаңба да алмаппын. Айтпақшы сол жылдары кітап шығару қиындап, Дүйсекең де біраз жылдар өз жырларының жаңа жинағын көре алмай жүрген кез еді.
                                                                                                                             

 

20.05.2005

 


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: