Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ПРОЗА
«Арман қала» романы. №8 машина. 1 бөлім. Жақында шығамыз.

Блогтар

12.05.2017
5254

«Арман қала» романы. №8 машина. 1 бөлім. Жақында шығамыз.

«Арман қала» романы. №8 машина. 1 бөлім. Жақында шығамыз.

Күні:

[Белгісіз]; [Деректі анықтау қажет].

Уақыт:             

10 : 03 : 29.

Мекенжай:

Арман қала. АҚОРТАЖУ. Бас зал.

 

 

 

 

 

 

[Элемент басы]:

Ұйымқанат: Құрметті тест қатысушылары мен қонақтары, 10-ші ашық Тьюринг тестіне қош келдіңіздер! Сірә, тесттің өткізілу тәртібін білмейтіндеріңіз жоқ шығар, десе де қайталап өтуім шарт: Тьюринг тестінің стандартты түрі өтеді, яғни тест төрешісі 1 адам, 1 машинамен 5 минут бойы жазба мәтін арқылы сөйлеседі, әңгіме барысында төреші ешқайсысын көрмейді, сол уақыт ішінде төреші қайсысы адам, қайсысы машина екенін нақты ажырата алмаса, машина тест айналымынан өтті деген сөз. Төрешілер саны - 25, әр машина 25-мен де сөйлесіп шығады, яғни 25 айналымнан өтеді, егер төрешілердің 30%-ы машинаны таба алмаса, демек машина Тьюринг тестінен сәтті өткен болып саналады. Әдеттегідей, тест төрешілерінің бірі - Арман қала орталық ақпараттық жүйелер университетінің (АҚОРТАЖУ) жетекшісі Асқарұстаз ағамыз. Бұ кісінің компьютері ...

 

Таныстырғанда шын ықыласпен: «Арман қала роботехника саласының негізін қалаушы, «жасанды сана – Жасан» терминін енгізуші, «жанды сана мен жансыз сана» тұжырымдамасының авторы, ақпарат зерттеу ғылымының аянбас жанашыры» – деп, атақ тізе жөнелгендерді бұл кісі: «Мақтау семіртпе, – жан азар» – деп, о бастан тыйып тастаған-тын. Жарты жыл сайын өтетін ашық Тьюринг тестінің 10-ында да Асқарұстаздың орны осы – бас залда, үлкен экранның алдында. Қалың куәгердің айтуы бойынша осы уақытқа дейін машина атаулы Асқарұстаз төрешілік еткен Тьюринг тестінің бірде-бір айналымынан өткен емес. Адамша ойланамын деп тырмысқан темір былай тұрсын, Асқарұстазды алдап, айласын асырған адам баласын ешкім көрмепті, айла іздеген адам үш-төрт сұрақтан соң қызарып шыға келеді, алдайтын адам мүлдем жоқ емес қой әлбетте, бірақ тауып көр қар қабыланындай болған жалғыз-жарым ондай тіс қаққанды. Соны өзінен сұрап таңданғанның бәрін «салдар, себеп!» – деген бір шөкім тұспалмен қатырады. Әріптестері, студенттері өтірік айтып тұр-ау деп біреуден күдіктенегенде «Әә, пәле, Асқарұстаз тестінен өткізу керек қой сені!» – деп өзара әзілдесетінді шығарып алған. Талай пысықай неше түрлі лақап ат та қоймақ болып әрекеттенді: «АнтиТьюринг», «Суперкомп», «Полиграф». Бірақ Асқарұстаз жайлы сөздің төркініне енді таядық: ерекше, кемеңгерлігі кемелденген ұстаз, құдды бір қолымен бір-бірлеп тұрып шәкірттерінің көкірегін хирургше ашып, мақсат, мән-мағынаны салып шығатын сияқты. «Тастай қатты» – деген бейғам, жалқау студенттердің өзі алдынан өткенде өзгеріп сала береді, көзінде ұшқын жарқылдап, студент бақылаған сырт көз суда ұйықтардың арасында шыр айналып жүрген жерінен желкен бітіп, өмір желін мықтап ерттеген қайық көргендей болады. Мәссаған, ондай да бола ма?! Бүкіл студент! Ал Асқарұстаздың шәкірт бағып-баптағанын бақыласаң «қызғыштай қору» деген сөздің түбін көресің шіркін! Әке! Өте ақылды, тәсілқой, алғыр әке! Шәкірттеріне тиер шарапат құны өзіне тиер зиян болса, Асқарұстаз үшін ол мұң емес. Студенттері де өзі сияқты өткір ойлы емес пе, ондай нәрсені алдын ала түсініп, болжап, алдын алуға әккіленіп алған. Бұл ұстаз, бұл шәкірт өздеріне ғаламды жаңадан ашып алған секілді, көрген жұрт тамсанады – пікірсайыста теңше, іс-әрекетте ерекше қадірлеу, ықылас, қамқорлық, мақсаттағы нәтиже де осы ғой, тәрбиесіз берілген білім жайлы қағиданы Асқарұстаз ұғынбағанда кім ұғынады. Жаман сөз де, лақап ат та жұқтырмас ақыл-есі толған шәкірт. Ендеше, Асқарұстаз қашан да Асқарұстаз – Асқар Тау, Ұлағатты Ұстаз!

 

Жақсы, енді әлгі тестімізге қайта оралайық:

Ұйымқанат: Бұ кісінің компьютері үлкен экранға қосылған, бүгінгі тестімізге қаланың 8 институт, зертхана, зерқолүйлерінің машиналары қатысқалы отыр, айта кетейін, Асқарұстаз ағамыз бастаған жобажасақтың машинасы бұл тестке қатыспайды, модификация жұмыстары жалғасып жатыр екен. Олай болса, 8 ең қызық тест айналымдарын бірге тікелей тамашалауға мүмкіндігіміз бар, бүгінгі тест ерекше қызық болғалы тұр өзі...

Ұйымқанат: Ал, ағайын, тестімізді бастаймыз, төреші екі сұхбаттаспен қатар әңгімелеседі, экраннан көріп тұрғандарыңыздай екі сұхбаттас үшбұрыш (∆) және дөңгелек (○) болып белгіленген. №1 машина жүйеге қосылды, жүйе тестке дайын.

[Элемент соңы].


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: