Блогтар
Бал балалық
Ауылда өткен балалық
Ес білгелі қалада болдым. Мен туғанға дейін бір жерде көп тұрақтай қоймаған әке шешем мен туғанннан кейін де араға төрт жыл салып туған жерім Үшаралдан нағашымдарға , Семейге тура тартып кетіпті.
Қалада өстік деген атымыз болмаса, балалық шақтың ең қызықты сәттері ауылда өтіпті-ау! Оқу жылы арасындағы тоқсандық демалыстар, мейрам күндері, үш айлық үлкен демалыс жайлы естеліктердің бәрі сол ауыл тіршілігін көз алдыңа үйіріп әкеледі.
Демалыс уақыты тақағанда алдыңда екі таңдау жатады. Нағашымдар ауылы (Көкбай ауылы) немес туған жерім Алакөл. Ооо, ол кезде бүл кәдімгідей үлкен таңдау болатын. Неге екені белгісіз, екіншісіне бүйрегім бұрып-ақ тұратын. Қазір бақсам, шынымен де туған жердің топырағы тартпай қоймайды екен-ау!
Күз, қыс айларындағыдай емес жазғы демалыста мені ауылға жіберу жайы әке-шешемді аса бір әуре сарсаңға сала қоймайды. Ауылдан қалаға оқу іздеп келген туыстардың балаларының барлығы дерлік біздің үйді паналайтын. Жазғы демалыс басталысымен-ақ сол студенттерге ілесіп «Алакөлім қайдасың!», деп, мен де тартып отырам.
Ауылдың кіре берісінен бастап әр жерден бір шұрқыраған дауыстар, көлдің өзіне ғана тән иісі тіпті толқынының дауыс барлығы-барлығы құшағын айқара ашып сені ғана тосып жатқандай әсер қалдырады. Маған да керегі осы, балалығымды желеу қып құшағына енем де кетем. Осы сәттен бастап ауылдың қызығы мен шыжығы басталады.
Біздің қара шаңырақ дәл ауылға кірер тас жолдың бойында жатыр. Үйдің көлеңкесінде өзіне ғана арнайы жасаған жер орындығында Дәу апам отырады. Өзіне жараса қалған домаланған пішіні, жанап өткеннің бәрін жақынындай көретін кең пейілі, құрсағына біткен он бес баладан бөлек тегіс ауылды сыйдырған үлкен жүрегі осының барлығы апамның шын атын (Ырысқан) ұмыттырып ауыл адамдары үшін Дәу апа қылған. Үйге кірген беттегі аздаған сәлем саулықтан кейін, мені даладағы ойын мен қызыққа жібермей, қазыққа байлағандай ғып табжылтпай тұрған бір-ақ нәрсе апамның қара сандығы. Ол сандық ашылып, өзіме тиесілі сыбағамды алмай далаға шығу дегенді атай көрмеңіз... Ол сыбаға әдеттегі қалпынан еш өзгермейді: тойдан жиналған тәттілер және апамның зейнетақысынан әр немересіне бүгіп қалатын аздаған тыйын тебені. Сыбағамды алып, көңілім жайланып далаға шығам.
Үйден шыға салған бетте солға қарасаңыз манағы шаңын бұрқыратып бізді аулға дедектетіп әкелген тас жол, оңға қарасаңыз менің бір жыл бойы есімді алып еліктірген, күнмен шағылысып айнадай боп жатқан көлді көрген болар едіңіз. Біздің үйдің балалары мұны көлдің көшірмесіндей ғана көріп аса менсіне қоймайды. Нағыз көл ауылдан екі шақырымдай жерде толқыны тулап жатады. Жазғы демалыста жан –жақтан жиналған біздірді сол көлге бір сүңгітіп алмай ағама да жеңгеме де тыным жоқ.
Біздің ауылдың атында-ақ тұрғандай ең қаситеттісі де құдіреттісі де осы көл. Жас балалардың ермегі де осы көл, үлкенінің айналысар еңбегі де осы көл. « Осы жарықтықтың арқасында не бір аштық, не бір зобалаң бізді айналып өтті ғой. Жағасын паналағанның бірін аш қалдырған емес. Қазірдің өзінде нантабарымыз боп отырған жоқ па?» ,- дейтін апамның әңгімелерінің бәрі мені де осы көлге ғашық еткен. Тіпті өз болмысымды да көлмен теңестіретінімді қайтерсіз... Кейде мені балалығым мен қыиялилығым жабылып: осы «мен таулықпын» деген түсінік бар ғой, сонда неге «мен көлдікпін» деген ұғым жоқ екен, болған жағдайдан мен өзімді солай атаған болар едім; дүниедегінің барлығы (тау, жер) тозып, жұқарады, ал біздің көл ше, қартая ма екен? Қартайып, кішірейген болса шеті неге көрінбейді?,- деген ойларға еріксіз жетелеп әкелетін.
Бұл ауылдың бар қызығы осы көлмен аяқталады десеңіз, қателесесіз. Ауыл адамдарының негізгі күнкөріс көзі балық шаруашылығы десек те, күллі қазақ ауылына тән төрт түлік біздің ауыл тұрмысының да шырайын келтіре түседі. Сыйыр сауу, өрістен қайтқан малды қоралау, бөтен қой іздеу дейтіннің бәрі мен үшін сондай бір қызыққа толы көрініс болатын.
Кешкілік қарбаласпен қолы тіимей шауып жүрген жеңгемнің аяғына оралғы боп жүргенім... Адамның мыйына сыймайтын сансыз сұрақтарымнан шаршады ма, болмаса «қойдың алдынан шығам»,- деп келгелі бері қоймай қыңсылағанымның арқасы ма?, әитеуір мені жеңгем қойды қайырып әкел деп жұмсады. Екі езуім екі құлағыма жетіп, жерден жеті қоян тапқандай жүгіріп келем. Ауыл балаларымен ілесіп үлкен төбешіктің үстіне да шығып алдым. Біздің үйге тиесілі он шақты қой бар екен, менің міндетім соларды ауыл қойларынан бөліп әкеп, қораға қамау. Жеңгемнің үйден шығарда «құйрық тұсында А деген жазуы бар қойлар біздікі» дегенін ойыма мықтап жазып алғам. Мал келісімен әлгі А жазуы бар қойларды көзбен бір шолып шығып өзіме қарай ыңғайлап жыйнап алмақшымын. Құдды бір қолмен жинағанға тап тұйнақтай болатын заттай көргем-ау шамасы. Малдың шеті көріне салысымен алдынан жүгіріп шығып, әлгіндегі жоспарлап алған әдісімді жүзеге асырмаққа, көп қойдың ішінен біздікі-ау дегендеріді тырбыңдап жүріп бір –бірлеп тартып бір шетке жинап жүрмін. Өйткенге жыйнала қойатын қой ма? Біріншісін әкеп қоям дегенше екіншісі аяғында секірме пружинасы бардай ойнақтап алып қаша жөнеледі. «Өй мына қыз қайтеді, ей. Жамыраттың ғой бәрін. Өзіңді таптап кетпей тұрғанда шық былай», деп айқай салған ересектеу баданың сөзіне жалт бұрылғанымда барып «қой теріп» жүріп қалық малдың ортасынан бірақ шыққанымды байқадым. Мен олардан олар менен үркіп жан жаққа бытырай қашады. Әйтеуір, сөйтіп жүріп манағы айқайлаған ересек бала біздің қойды өзі бөліп беріп, артымнан ілесе шыққан ағам қораға әкеп қамады.
Бүл әңгіме әлі күнге дейін естігеннің ішек сілесін қатырып жүр. Біздің туыстар да бәріміз бас қосқан үлкен жыйын, тойларда мұны қайталап айтып беруден бір талған емес. Әзіл әңгіменің басы «сендер қой қайыруды Балжаннан үйреніңдер»,- деп басталып жатады.
Осы бір бала кезден бергі ауылға деген құштарлық менің бойымда өршіи түспесе, бәсеңдеген емес. Бұған, қорыққанда басын құмға тыға қоятын түйе құстай, қаланың күйбеңінен қашып ауылға кеп тығылатын әдетім дәлел.
Қай жағынан алсаңыз да ауыл таза, ауыл шынайы. Ол кешірімді. Басыңыз салбырап, бүкіл ғаламның күнәсін арқалап барсаңыз да, ол туған анаңыздай, кең құшағына сізді сыйдыра салып, жұбататынына еш күмәніңіз болмасын.