Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

Блогтар

11.07.2017
5238

БАЛА

БАЛА

(Өзіме қатысты хикая)

 

...Бала жоғалды.

Осыдан жиырма жыл бұрын мына беткейде бəрі басқаша еді. Қазір ғой, үйлер салынып, жолдар төселіп, ауыл боп кеткен. Баяғы кішкентай бала да, баяғы жусанды қыр да енді жоқ. Бар, бірақ олар тым-тым алыста. Менен алыста. Өзім іздемесем, мені іздеп келмейтіні анық. Ауылға қанша іздеп барсам да оларды таппай қала беремін. Оларға баратын жол мəңгі жабық секілді. Даланың жүре бермей бытқылында, қаланың неге қалдым тұтқынында деп ойлап қоятыным содан. Тек елес пен сағыныш қана бар. Қазір де көз алдымда көне суреттер көлбеңдеп тұр. Еш уайымсыз періштедей сол бала ана қоңыр төбенің басында біресе қой бағып жүреді, біресе шөп шауып жүреді, біресе асыр сап доп, əлде асық ойнап жүреді. Өзі ерке, өзі тентек. Сосын тақырда немесе құм үстінде жалаң аяқ жүгіріп бара жатқаны есімнен кетпейді. Оның достары көп еді жəне анасы бар еді. Табанына тікен кіріп кеткен жағдайда қиналмайтын, анасына жұлдыртатын. Ал егер табанын шөлмектің сынығы тіліп кетсе жыламайтын, топырақты жара үстіне құя салатын. Желаяқ боламын деп күс-күс табанына  қанқызын жағып алып, құлындай қайта құлдыраңдап шауып бара жатқаны. Сөйтіп жүріп көз көрмес, құлақ естімес ғайып əлемге өтіп кетті-ау деймін. Анда-санда түсіме кіргені болмаса...

...Бала табылмады.

 

(с) Асылбек Жаңбырбай


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: