Блогтар
БАЛАКӨҢІЛ ЕЛЕКЕҢ
Ауылды жерде тұрған соң мал жоғалтпай жүресің бе, бірде жоқ іздеп Елекеңнің қонысына тап болдым. Аман-саулық біліскен соң шәй ішіп, салынған тамақтың пісуін тосып, әрнені әңгіме ғып отырдық. Әудемнен соң Елеусіз ағамыз: - Кейінгі кезде үйге кісі қондырмайтын болдым. – деді маған, күдікпен көз тастап.
- Ойбай, Елекем-ау, мен бөтеніңіз емеспін ғой, қуайын деп отырсыз ба?
- Сенің жөнің бір басқа, мынау танымайтын тосын біреулерді айтам да...
Көңілім орнына түсіңкірегенмен, не ойларымды білмей аңырып жеңгеме қарадым. Ол бетін сипаған болып, уысына мырс етті.
- Жәрайды, түн ұзақ қой, әңгіме болсын.
Елекең сөзін көңілсіз бастады. – Былтыр болып кетті, осы өткен күзде бір салт атты кешқұрым «құдайы қонақпын» сап ете түсті. Жоқ іздеп жүрген біреу секілді. Жеңгең ауылға балаларға сәлем-сауқат алып кеткен. Жалғызбын. Дәп осы жоқта маған-ақ қонақ келгіш! «Е, бопты, қонақ болсаң үй міне, тек сен үшін ғана қазан көтермеспін» деп әлгіні түсірдім. Түннің бір уағына дейін кәкір-шүкір әңгімемен уақыт ұттық. Маған ес болды. Күндіз бағып, түнде мал күзеткен де оңай емес. Нақ таң атарда көзім ілініп кетіпті. Тұрсам қонағым жоқ. Ізім-ғайым болған! Біртүрлі жүрегім тіксініп, бар-жоғымды түгендедім. Қос ауыз мылтығым оқшантайымен қоса қолды болыпты. Санымды соқтым да қалдым. Ит-құс қалың, тұрған жерің айдала. Апырай, енді таяғымды оқтап атам ба деп лажсыздықтан қабырғам сөгілді. Ертеңінде ұлым келіп, ол жер-жебіріме жетті. «Өткен жолы ақ жүрек болам деп сотталып кете жаздап ең, қондыр енді кім-көрінгенді, өлтіріп кетпегеніне тәуба!» Кемпір-шалдың қолында өскен жүгірмек менімен жездесінше сөйлесетін-ді.
- Неғып сотталып кете жаздадыңыз?
- И-и қарағым, адамды о бастан ақжүрек, аңқау-ғып жаратса неғып дерің
бар ма. Қарақастың жері тарлық қылып, колхоз-совхоз тараған соң иесіз ен қалған осы бұрынғы отгонымыз Ақбалықтан тағы жер еншілеп, ұлды көмекке алғам. Өзің көріп отырсың, аттандасаң айналамызда жан ұшырып жететін бір пенде баласы жоқ. Кеше ғана осы маңда отар-отар қой, қым-қуыт сапырылысқан ел емес пе еді. Жау шауып, аяқ-асты үркіп кеткендей орнында қыстаудың қирандысынан өзге еш тамтық қалмады! Мұрты бұзылмастай іркілдеп тұрған кең дүниеден қай қарағым таршылық көрді екен деп, кейде арманда болам.
Алдағымыз қолда ұстайтын азғана мал емес. Тегі, тұяқтының өріс қуып, теуіп жегеніне не жетсін. Содан бір күні он шақты жылқы үрпиісіп кеп, үйіріме қосылды. Өз өлкеміздікі болса түстеп таныр едім, бұлар бөтен. Ұл: «Іздеушісі келмесе жүре берсін, сіңіп кетер, бәлесі тиер десеңіз аулақ қуып тастайық.» деді. Не түлен түрткенін білмеймін іргедегі Лепсі стансасына барып, екі күннің бірінде жан-жаққа телефонмен хабар салдым. Көп ұзамай Бақалының бір жігіті жетті. Түр-түс, ен-таңбаны сайрап тұр. Оны жер-көкке өзім жайғаным - қаперімнен шығып кетіпті. Мың да бір рахметін айтып, шүйіншісіне ақ төбел күреңді тастап, дәм ауыз тиместен «малын» қуа жөнелді. Арада бір жеті өтпей, қасында ек-үш мелисасы бар жоқ іздегендер тағы сау етті. Келе міністе жүрген күреңді тарпа бас салды. «Әй қарағым, ақы иесі баяғыда айдап әкеткен. Бұл шүйіншіге тастағаны» дегенімде бір мелиса:«Сыбайласыңды айтпасаң күнің қараң болады, кәне, қайда жытырттыңдар?!» деп жағамнан алды. Имандай шынымды ақтарсам да «сезіктісің» деп дедектетіп, ауданға алды да кетті. Бақалының қуы бір-екеуін ғана сойып үлгермепті, қалғанын Алматының қан базарына аттандырған екен. Ырыл-дырылдан басымды әрең арашалап, жүдеп-жадап үйге келсем: «Енді ақжүректігіңді қоймасаң тағы «шүйінші аласың!» деп ұл мен жеңгең таба қылып, жырқ-жырқ күледі.
- Әй ағасы-ай, аңқылдақтығыңызда шек жоқ қой, Иә, әлгі мылтықтың
жәйі немен тынды?
- Бір күні стансадағы танысымның үйіне бара қалдым. Бұрышта сүйеулі
тұрған қос ауыз мылтықты көргенде көзім жайнап, «Айналайын, мына мылтығыңды маған сатшы, осындай қаруымнан айырылып қалдым.» - деп жабыса кеттім. Бағасы бір қой болсын деп қол алыстық. Оның өзі де әлдекімнен сатып алған екен, оқшантайымен қосып берді. Мәз боп үйге келдім. Балам мылтықты алып қарап отырған, сосын оқшантайды ұстады да: «Әке-ау, мына оқшантайды мен тіккем, мылтық та біздікі, дүміне белгіні шабақтап өзім салғам.» деп маған аңырая қарады. Сөйтіп, ақ дастарқанымнан дәм татып, «жолаушымын» деп пұшайман болған біреудің ала жібімді аттап кеткені..
- Әлгі қойды бердіңіз бе?
- Қол алысқан соң бермегенде, ләм демей, іріңдей нән ісекті өзім өңгеріп
апарып тастадым. Сүтпен сіңген қасиет сүйекпен ғана кетер. Бұл да маған сабақ болмады. Арасына бір ай өтпей тағы бір «жоқ іздеген» келе қалды. Осындайда жеңгең де ауылшыл боп кетпей ме. Тағы жалғызбын. Сақалы ала-құла орта жастағы адам екен. Әңгімешіл. Тіпті, түйіншегінен бір жарты шығарып, ілтипат та көрсетті. Жеңгең болса бір жөн, күзетті кімге тапсырасың. Өзі біраз ішті. Әңгіме мен тамаққа тойған соң, төрге төсек сап бердім. Ұстай кірген түйіншегін басына жастай жатты. Кіріп-шыққанға ғана деп шамды ала көлеңкелегем. О да ұйқысы қашқан біреу екен ара-кідік күңгірлесіп сөйлесіп қоямыз. Бір кезде алыстан талып гүріл естілді. Анау басын жұлып алып, «бұ не?» дегендей тың тыңдады.
- Пойыз жолы жақын, өстіп сабылады да жатады.
Көзім ілінгені сол еді, иттердің жан дауысы шығып, шабаланғанынан шошып ояндым. Үйдің іші тарсыл-гүрсіл, жарқ-жұрқ болды да кетті!
- Лежать!!! Руки за голову!
Көзімді жыртып ашып, тұра бергенімде әлдегім шықшыттан кеп қонжитты! Тоңқая құлаған үстіме қаптаған көп пәлекет қарғып мініп, шүйдемнен түйгіштеп, қолымды артыма қайырып кісен салды. Төрдегіні де төмпештеп, екеумізді екі бұрышта ыңырсытты. Басымды көтерейін десем «басқыншының» біреуі «Лежать!» деп бүйірімнен бір тебеді. Қазақ-орыс боп қаңғырласқан көптің ішінен көз қиығыма өзіміздің «үшаскобыйдың» оттай басылғаны. «Әй, Несіпбек! Мен - Елеусіз ағаңмын ғой!» деппін жаным қысылғаннан жыларман боп.
Сөйтсе, әлгі иттің баласы түрмеден қашқан біреу екен. Бет-аузына сақал-мұрт жапсырып алған, дырылдатып сыпырып тастап еді, антұрғаның өзің секілді жап-жас жігіт боп шыға келді. Түйіншек толы қару-жарақ. Сақшылар көптен ізіне түсіп, бір апанды тасалар сәтін тосып аңдумен келген екен. Егер өстіп, жай түскендей жайратпаса ана сұм атысудан тайынбастың өзі көрінді. Содан бастап «жоқ іздеп жұрмін» дегенге мылтық кезейтінді шығардым. Алла ризашылығын берсін деп ақжүрек те, қонақжайда болдым, қарағым...
Алдымызға ас та келді. Елекең ымдаған соң, дастарқан көркі деп жеңгем бір жартыны ортаға қойған. Әлгінде күле-күле ішек түйіліп еді, енді әлденеге көңілім құлазып, ештеңеге зауқым болмады. Құлан түзде бала-шағасын асыраймын деп, елден безгендей саяқ өмір кешкен отбасының қауіп-қатерге толы тұрмысы тебіренткен тәрізді. Байлық-мансап кейбірге тер төкпей-ақ келіп жатса, енді бірдің тірлігі осындай-ау...