Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ПРОЗА
Бес жерде бесім

Блогтар

27.11.2017
11023

Бес жерде бесім

Бес жерде бесім

Бес жерде бесім – жиырма бес

I -ші бөлім

Дүниеге есік ашты бір сәби

     Сол жылы тамыз айы ерекше ыстық еді. Қала іші қапырық, ауа жоқтай көрінетін. № 5-ші перзентхананың алдын-ала жату бөліміне түскеніме үш-төрт күндей болды. Палатада жеті-сегіз әйел жатырмыз. Күнде біреуі босанып, аяқ-қолдарын бауырына алып, нәрестелі болып жатыр. Перзентханаға үйлері жақын анам, таңғы асқа қойдың етінен сорпа пісіріп, тура сағат сегізде терезенің алдында тұрады. Екінші қабаттан жіп тастап, екі литрлік металл ыдысқа құйылған ыстық тамақты тартып аламыз. Менің анамның келетінін білетін қыздар, «қазір Мираның мамасы келеді, асханаға бармай-ақ қояйық», деп анамды күтіп,  әкелген тамақты бөлісіп ішіп алатын болдық. «Қашан босанасың? -деп, анам да маған жаны ашып жүр. Палатада екеуміз-ақ қалдық, міне, қасымдағы келіншек те босанатын бөлмеге кетіп бара жатыр. Мен жатырмын, уақытым да босанатын келген сияқты, бірақ ішімдегі баланың «сыртқа шығуға асығатын түрі жоқ, үндемейді». «Қой, неде болса өзім барайын, тудыратын бөлмеге» - деп шештім. Төсекте жатырмын, босанып жатқан келіншектердің қиналып, шыдамай, дауыстарын шығарып, айғайлап жатқанын көріп, ішімдегі балам екеуміз одан сайын тым-тырыс, үндемей жатырмыз. Толғағым келер емес.

    Түскі дәрігерлердің ауысымы да болды. Дәрігер-акушер, орта жастағы әдемі орыс келіншек, фамилиямды атап: «кто там у нас так долго лежит, а ну-ка идите на кушетку» - деп тексеріп, қарағаны сол еді, толғақ қыса бастады. «Қыз баланың толғағы ащы болады» дегені рас па, білмеймін, сөйтіп жылы жүзді дәрігердің жеңіл қолымен, кешкі сағат алты жарымда, дүниеге тұңғышым келіп, сәбилі болдым. Есімін енем қойды Айгерім болсын деп. Перзентханада бір жетідей жатып, үйге шықтық. Әпкем Гүлнұр сыйға тартқан Бенджиамин Споктың «Уход за ребенком» кітабын басшылыққа алып, бала күтімін үйреніп жатырмын. Үлкен әпкем, дәрігер Шолпан келіп, Айгерімді шомылдырып, денесіне май жағып, сылап-сипап, емін жасап кетеді. Әкесі де еңбек демалысын алып, қызын айналып- толғанып, маған көмектесіп жүр. Ауылдан қалжамызды (жас босанған әйелге арналып сойылған малдың еті) көтеріп, енем де жетті, тұңғыш немересін көруге. Мәре-сәре қуаныштамыз! «Бала келсе – бақыт әкеледі» деп бекер айтпаған, өмірімізге бақыт әкелген тұңғышымыз Айгерімнің алғаш айтқан сөзі, алғашқы еңбектегені, алғашқы басқан қадамы – бәрі біз үшін қуаныш, бәрі көз алдымызда! Сол жылдары теледидарда Рабиға Аманжолова жүргізген «Әнші балапан» бағдарламасы шыққан еді, қосып қоямыз. Әнмен тербеліп өскен Айгерім өскенде де музыкаға жақын болды.

II-ші бөлім

Айгерімнің мектепке қабылдануы

     Күз де келді. Қарбалас шақ. Айгерімді мектепке дайындау керек. Жаз бойы ауылда, атасы мен апасында болып, інісі Амангелдімен ауылдан кеше ғана келген. Емін-еркін ойын баласы болып, ауылда үйдегі екі-үш сиыр, бес-алты қой-ешкіні қайырып, жаңа туған қозы-лақтарды: «апам айтты, бұл – менікі»-деп, бәсіре (балаларға меншіктеген, арнайы ен салынған мал) санап жүрген кішкене қызым ертең мектеп табалдырығын аттамақ. Өзім үшінші балама аяғым ауыр. Әкесі күні бойы жұмыста, қолы тимейді. Жалақыларын уақытында бермесе де, әйтеуір жұмыстан қалмайды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, еліміздегі экономикалық қиыншылықтар, тек президентімізге деген сенім, қалада тұратын әр қазақтың, оларға ауылдағы мал-жаны бар туыстарының көмегі ел-жұртты аса қыйналта қойған жоқ. Шыныменен, жыл сайын ауылдан ата-енем соғым сойып, сыбағамызды, құрт-майын беріп жібереді. Жаз болсын, қыс болсын ауылға барып жүрген қызым, ұлым екеуі  сүт-айран ішіп, құртты күнделікті жеп үйренген. Қалаға келген соң, апасы беріп жіберген құрттарды көрші орыстың Настя, Катя деген қыздарына, қазіргі тілмен айтқанда бартер жасап, конфет, печеньелерге айырбастайды. Өзі де риза, інісі Амангелді де риза.

       Негізі, бала кішкентай кезінде-ақ болашақта кім болатынына бейімделеді екен. Қызым үйде ойнағанда да, аулада болсын, балаларды жинап алып, қағаздан ақша қиып, дүкен жасап, сатушы болып ойнайтын. Алма, шие жинап, көршілерге 5-10 теңгеге сатып, оған сағыз, інісіне ойыншықтар алады екен. Мен таңертең жұмысқа кетіп, кеш қайтам, үйде өздері қалады. Маған ол «тірліктерін» кейін, мен бала күтімімен үйде отырғанда, айтады ғой «сөйтуші» едік деп.

        Сонымен, ертең 30-шы тамыз. Балаларым ауылдан кеш келгендіктен, мектептегі қабылдау үшін өтуге тиіс комиссиядан өтуді үлгермедік. Неде болса көрерміз, енді. Ұлымды әкесімен үйге қалдырып, ішімде бір балам, қасымда қолынан жетектеп алған қызым Айгерім бар №115 мектептің табалдырығын аттадық. Ол кезде мектеп музыкалық мектеп еді. Директоры – Жасарал Еңсепов. Оқу ісінің меңгерушісі: « Тәте, барлық сыныпта балалар толық. Комиссиядан да өтпегенсіздер, білмеймін енді, директорға кіріп көріңізші, не шешім айтады екен» - деп, директордың кабинетіне жіберді. Қабылдау бөлмесінде отырмыз. Хатшы қыз «кіріңіздер» - деді. Столдың басында – директор, өңі жылы кісі екен. Алдын-ала қағазға өтініш жазып алғам, мектепке қызымды қабылдауын сұрап,  комиссиядан өтіп үлгермегенімізді де айтып жатырмын. Өтінішті оқып, бізге қарады:

- Қызыңыздың қандай өнері бар?

Мен жауап бергенше Айгерім:

- Мен өлең айта алам- деді.

- Ал, айта ғой - деген директордың рұқсатымен, қызым:

«Бес жерде бесім жиырма бес,

Аққу мен бұлбұл тең емес.

Арғы жағын айтпаймын,

Ақылың болса өзің шеш» - деп әндетті дейсің. Өз қызымды жаңа көргендей, таңғалып қарап қалыппын. Риза болған Жасарал ағай:

  - Жарайсың, балам! – деп, өтініштің шекесіне «Қабылдансын!» - деп бұйрық жазды. Кабинеттен шыға, мен қызымнан сұрамаймын ба:

  - Айгерім, қайдан білесің бұл өлеңді? – деп.

  - Қыста, апа екеуміз «шекеге» (соғым сойғанда малдың басын асып, қонақ шақыру) барғанда қонақтар айтатын, содан үйреніп алдым – деп қарап тұр. Ал келіп күлейін. Бір жағынан директордың алдында саспай жауап беріп, ән салғанына риза болып, қызымды құшақтап, бетінен сүйіп, «енді сен оқушысың, ботам!»  - деп қуанып, үйге қайттық. Міне, сөйтіп, «Бес жерде бес...» өлеңінің арқасында, мекткепке комиссиясыз қабылданып кеттік. Бірінші күннен-ақ оқуға алғыр болып, әр түрлі олимпиадаларға қатысып, марапат қағаздарын алып, ата-анасын да, ауылдағы үлкен кісілерді де қуантып жүрді. Нағашы атасы мен апасының үйіне барған сайын, орыс тілінен, математикадан алған марапаттау қағаздарын көрсетіп, көрімдік алуды ұмытпайтын.

      15 жасынан еңбекке араласып, кішкентай кезінде ойнап сатушы болған әрекеті шындыққа айналып, Мега сауда орталығында Sela дүкендер жүйесінде сатушы болып еңбек жолын бастады. Беріліп жұмыс істеп, көзге түсіп, еңбегінің арқасында 1 айдың ішінде жастығына қарамай бөлім меңгерушісінің көмекшісі қызметіне жоғарлатылды, оқуын да сырттай жалғастырып, «экономист»  мамандығының дипломын да қолына алды. Артынан ерген бауырларына үлгі бола білген қызым Айгерім  қазіргі таңда Алматыдағы үлкен бір компанияда менеджер болып қызмет атқарып жүр.

        Отбасымыз жиналған мерекелерде, сонау бір жылдардағы 1-ші сыныпқа қалай барғанын, «бес жерде бесті ... қалай шырқағанын есімізге түсіріп, рахаттанып күлеміз ғой,  «әнші де болуға мүмкіндігің бар еді» - деп. Баласының  өмірден адаспай өз жолын тапқанын көру - әр ата-ананың арманы! Өмірден өз жолын табу - әркімнің өз қолында!

                                             

                                              

                                         


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: