Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ӨЗ ОЙЫМ
Бір өлеңнің тарихы.

Блогтар

10.01.2019
7081

Бір өлеңнің тарихы.

Бір өлеңнің тарихы.

Ақындар кей уақытта өз өлеңдерін өздері елемей, кейін жариялармын деген оймен бей-жай күйде болатыны рас. Арада белгілі бір уақыт өтіп, ой-санасы биіктегенде артына көз тастаған ақын жас шағындағы жауһар дүниелерді жаңа қырынан көргендей болады.

 

Бүгін Сұраған Рахметұлының 90-шы жылдары жазылған Элегия деген өлеңі қолыма түсті. Мұнда ақын өзінің кіндік қаны тамған туған жері, өскен өлкесі туралы тебірене толғанады. Өлеңнің əр жолынан сағыныш лебі еседі... Жуырда бұл өлеңге əн де жазылмақ екен.

 

Мен бұл құндылықты ұмыт болмайтын өлеңдер керуеніне қостым. Патша көңілді оқырман, сіздер де оқып баға беріңіздер. Сарғыш параққа қара сиямен жазылған ақынның өз қолтаңбасымен ұсынып отырмын.

 

 

***

 

Беу, Дэлүүн - іркіті күрпілдеген, 
изен исі - биенің үрпінде - өлең...
Бессаланың белесі - бесігімдей,
Бұлғын жақтан жел есіп...
Шіркін деген...

 

Бөктер бойы, кешкі - елес, елік- демік,
жер иіскейді боз інген жеріктеніп,
Емшек емген езуі көбіктеніп,
ботамұнар көз жасын төгіп,төгіп.

 

Сыбызғының сырлы үні қымызда ұйып, 
сыбырлайды серке - шың, мүйізді - иық.
Қоңырқаздан үзілген үзім - қиық
қой жусайтын қоңырқай - үйізді ұйық.

 

Сағынышым - жалқы лақ тауда лағып,
Алатаудан аңқыған саумал ағып.
Аққу ұшып барады Алтай жаққа,
Ай сүтіне азырақ аунап алып.

 

Беу, Көксерке, сән - Күнгей бауыр, өтім.
Көмейінде төбеттің тау үретін?! 
Жаматының жалынан жай құлайды,
Сауырынан Бөктердің жауыны өтіп.

 

Қарасуға ақ жалын таратып ем,
Кісенейді Қараөткел - дара түрен!
Әжетайым әуенін қаз қайталап,
Әкем желіп келеді сары атымен.

 

Бұлт түтеліп апамның ұршығына ақ,
Сағым іші нұр - мұнар, бүршігі - дақ.
Үзеңгімнің ұшында кілкіп ұза-а-қ,
Үр - Қарасу ағады күрсініп ап!

 

Шіркін рең, не жетер бір күніме, 
Мыңбұлақтың сыңғыры - мұң түріле.
Шың Бүркіттің оралып бұлты міне,
Бір мөлдір шық қонады кірпігіме.

 

 


1995.05.16


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: