Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
СҰХБАТ
Бір роман ойымда пісіп жатыр

Блогтар

02.05.2020
6083

Бір роман ойымда пісіп жатыр

Бір роман ойымда пісіп жатыр

Махаббатым constant

 

Əлішер РАХАТ – жас жазушы, драматург. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясын кино-теледраматургия мамандығы бойынша бітірген. «Махаббатым-constant» кітабының авторы. Жақында «Қазақ пен қала» байқауында «Қара мысықтың қожайыны» əңгімесі ынталандыру сыйлығын иеленді. Жеңісімен құттықтап, шығармашылығы туралы əңгімелестік.  

 

– Оныншы сыныпта ауылым Қарасаздан Алматыға оқуға келдім. Ауылда өскендіктен, қаланың тірлігіне бейімделу қиын болды. Ортамен араласпай жалғыз жүрдім. Көп кітап оқыдым. Кітаптың мазмұны мен жазылуына мəн бердім. Бұрын кездеспеген сөз тіркесімен, теңеу сөздердің мағынасымен таныстым. Бір күні өзім де шимайлап көрдім. Ешкімге көрсетпей жүргенмін, достарым байқап қалды. Жазған əңгімелерімді ұнатып, газетке шығаруға ұсыныс жасады. Газет-журнал, сайтқа жариялап, оқырманнан жақсы пікір естідім. Университеттегі ұстазым жазушы, драматург Сұлтанəлі Балғабаев болды. Көрнекті жазушы Дулат Исабеков пен жас драматург, сценарист Əннес Бағдат дəріс оқыды. Сол кісілердің арқасында бағыт-бағдарымды айқындап, өмір мен өнерді таныдым. Философия, өнер, психология, саясат, салт-дəстүр, миф, дін секілді тақырыпты тереңнен талдауды үйрендім, – дейді жас қаламгер.   – Мақсатым – қазақ əдебиетін шетел əдебиетімен теңестіру. Бізде əлемнің мықты жазушыларымен салыстыра алатындай мықты қаламгерлер бар, бірақ сапалы аударма мен нарық жүйесі жолға қойылмаған. Кітап нарығын қалыптастыра алмай келеміз. Бізге мотивация мен бизнес кітаптан басқасының бəрі жетіспейді. Жақсы дүние жазылады, бірақ белгілі орта мен аймақта қалып қояды. Жанрлық əдебиет те жетіспейді. Қазір əдебиетке жастардың бет бұруы қуантады. Заманауи əдебиеттің қаңырап тұрған кеңістігін толтыруымыз керек. Өйткені кітап сөресіне шетелдің əдеби кітаптары жайғасып алған. Осы олқылықтың орны толғанда ғана əлемнің əдеби бəсекесіне түсе аламыз. Алғашқы кітабымның оқылымы мен сатылымын бақылаймын. Кəмшат Бекжігітованың «Ойыңды өзгерт, өміріңді өзгерт кітабы» 100 мың тиражбен шығып, бестселлер болды. Қуаныш Шонбайдың «Екінші болмасы» 145 000 тиражбен таралды. Бұл кітаптар əдебиеттен алшақ, бірақ жақсы үрдіс. Осындай кітаптарға көзқарасым жақсы.   Жақында елге Эльчин Сафарли келді. Заманауи жастардың сүйікті жазушысы. Залдың қалай лық толғанын көрдіңіз бе?!. Кездесуге келгендердің басым бөлігі – қазақ оқырманы. «Тура сондай аудитория жинай алатын жазушы бар ма?» деген сұрақ жауапсыз қалады, – дейді Əлішер. Жас жазушының алғашқы туындысы «Махаббатым-constant» деп аталады. Жастардың сүйікті шығармасына айналып, əлеуметтік желіде көпшілік жақсы пікір білдіргенін байқадық.  – Кітаптың атауы қалай пайда болғанын бірнеше жерде айттым. Екі сөз: махаббат, констант. Махаббат деген – адамның сезімі, констант – физика, математика, химия ғылымында қолданатын «тұрақты» деген мағынаны білдіретін термин. Екі кейіпкердің сезімінің тұрақтылығын суреттейтін заманауи махаббат романы. Бұл романның идеясы – заманауи кейіпкер жасау. Шетелдің заманауи əдебиетінде жастарға арналған туынды өте көп. Қазақ жастары орыс тіліндегі əлемдік бестселлерді оқып жүр. Оқырман кітаптан өзін іздейді. Өзіңе ұқсайтын кейіпкерді ана тіліңде жазылған шығармадан ғана табасың. Сондықтан оларға өзі туралы, өздеріне таныс адамдар жайлы роман ұсынғым келді. Мен үшін оқырманды қуанту деген таңсық дүние. Əзірге оқырманым да, аудиториям да жоқ. Қалыптаспаған аудиторияны не деп қуантасың?!. Бір роман ойымда пісіп жатыр. Соны жарыққа шығарғым келеді.

 


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: