Екі рет жаралмаймын

26.09.2026 41

ЕКІ РЕТ ЖАРАЛМАЙМЫН

 

Өз-өзімді сұраққа салалмаймын,

Қайғыға мен басымды малалмаймын,

Білім қуып,бойымды желтілдірем,

Өйткені мен екі рет жаралмаймын

 

Оқу менен тоқусыз қалалмаймын,

Жас шағымды құр өткізіп алалмаймын,

Өмірімді тек өзім гүлдендірем,

Өйткені мен екі рет жаралмаймын

 

Уақытымды бос іске қия алмаймын,

Арзан сөзге көңілді тыя алмаймын.

Биік шыңға ұмтылып, қанат қағам,

Өйткені мен екі рет жаралмаймын.

 

Жалқаулықтың жетегіне бара алмаймын,

Төмен қарап, жасып та қала алмаймын.

Әр сәтімді бақытқа толтырамын,

Өйткені мен екі рет жаралмаймын.

 

Тар соқпақта тосылып, тұра алмаймын,

Биіктерге ұмтылмай тына алмаймын.

Мақсатыма жетемін нық қадаммен,

Өйткені мен екі рет жаралмаймын.

 

Жүрегімді жалынсыз қыла алмаймын,

Тағдырыма өкпелеп, жыламаймын

Нұрлы жолды өзім-ақ салып өтем,

Өйткені мен екі рет жаралмаймын.

 

Өткен күнге өкініп, жана алмаймын,

Армансыз боп ұйқыға қана алмаймын.

Асыл мұрат жолында жалындаймын,

Өйткені мен екі рет жаралмаймын.

 

Тірі тұрып,ұмыт боп қалалмаймын

Өшпес ізді артыма сала алмаймын —

Деп айтуға қақым жоқ, еңбек етем,

Өйткені мен екі рет жаралмаймын.

 

Жаттың сөзін жаныма батырмаймын

Биік болып,жалындап,лапылдаймын.

тарихымды өзім-ақ жазып кетем,

Өйткені мен екі рет жаралмаймын.

 

Пайдасыз боп өмірде қала алмаймын,

Тар қапасқа өзімді қамамаймын

Күндей күліп, әлемге шуақ шашам,

Өйткені мен екі рет жаралмаймын.

 

Кедергіге жасқанып, тая алмаймын,

Жақсылықты жанымнан аямаймын.

Биік шыңды бағындыру — басты мұрат,

Өйткені мен екі рет жаралмаймын.

 

Жасық болып, жасырын қала алмаймын,

Намыс отын жүректен ала алмаймын.

Мәңгілікке өшпес із қалдырамын,

Өйткені мен екі рет ЖАРАЛМАЙМЫН!

 

 

Пікір қалдыру: