Блогтар
ЭКСПО-ға арналған «Қазақстан–Түркия достық әуендері-2» концерті өтеді
Қазақстан тарихы үшін биыл ерекше жыл. “ЭКСПО-2017 Астана” Халықаралық көрмесіне төрткүл дүниенің назары аууда. Айтулы осы шараға тарту ретінде бауырлас түрік елі Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы және Түркияның Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен екі үлкен шара жоспарлаған. Алғашқысы, «Ұмытсам сыбырла» атты кино туындысын елорда көрермендеріне ұсынған болатын.
Келесі шара, Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығының бастамасымен «Қазақстан –Түркия достық әуендері-2» атты концерті астаналықтар мен ЭКСПО-2017 қонақтарына тарту етілмек.
Аталған концерттің алғашқысы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай 2016 жылғы 26 қазанында өтіп, қала халқы үлкен қошеметпен тамашалаған болатын. Сол концертте Димаш Құдайбергенов, Кәмшат Жолдыбаева, Гүлнұр Оразымбетова, Ақерке Тәжібаева, “Ханзада” тобы өнер көрсеткен еді.
Аталған шараның жалғасы ретінде, Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрлігіне қарасты «Түркі әлемі музыкалық ансамблі» және Астана қаласы әкімдігінің «Мемлекеттік академиялық филармония» оркестрінің сүйемелдеуімен өтетін концертте әсем әндер шырқалып, күмбірлеген күйлер орындалады. Қос оркестрдің тізгіні Австрияда білім алған дирижер, «Алтын таяқша» дирижерлар байқауында Гран-при жүлдесін иеленген Ернар Нұртазинде болады. Күміс көмей әншілер Чидем Гүрдал мен Джем Гүрдал қазақтың танымал «Дударай», «Қарлығаш» сияқты әндерін қос оркестрдің сүйемелдеуімен шырқайды.
«Біз ЭКСПО-ға арнап екі концерттік бағдарлама дайындадық. Алғашқысы 20 шілдеде Астана концерт залында сағат 19:00-де, екіншісі 21 шілде күні ЭКСПО алаңындағы Түркия ұлттық павильонында сағат 17:00-де өтеді. Екі тілде өнерімізді көрсетеміз. Астанаға келіп ЭКСПО-ны тамашалауды тағатсыздана күтіп жүрміз. ЭКСПО-ға арнап концерт беру құрметіне ие болғанымыз үшін өзімізді бақытты сезінеміз» - деді қазақ және түрік тілінде өнерлерін ортаға салатын танымал солистер Чидем Гүрдал мен Джем Гүрдал.
20 шілдеде өтетін концертте көрермендерге арнайы лоторея таратылып, «Turkish Airlines» компаниясы тарапынан берілетін Ыстамбұлға барып-қайту ұшақ билеті ойнатылады. Әрбір көрермен Түркияға тегін жолдаманы ұтып алу мүмкіндігіне ие болады.
Бауырлас түрік елінің тек қана өнер адамдары ғана емес, ЭКСПО-2017 көрмесіне орай өткізілетін осы шараға Түркияның ТRТ ұлттық арнасы мен Қазақстанда қызмет көрсетіп отырған «Казстройподряд» компаниясы да демеушілік танытып өзіндік үлестерін қосуда. Атап айтсақ, ТRТ арнасы Астанада өткен «Қазақстан Барысы-2017» турнирін тікелей эфирден таратқан болатын.
Астаналықтар мен қала қонақтары «Қазақстан –Түркия достық әуендері-2» атты концертін ақысыз түрде тамашалай алады. Концерт 2017 жылдың 20 шілде күні, сағат 19:00-де Астана концерт залында (Бейбітшілік көшесі 1/1) өтеді.