Блогтар
Грег Мортенсон. Дэвид Оливер Релин. “ТРИ ЧАШКИ ЧАЯ”
“Три чашки чая” – адамды жақсылық жасауға ынталандыратын кітап.
“Три чашки чая” – әлемді өзгерту бір адамның қолынан келетінін дәлелдейтін кітап.
“Три чашки чая” – өмірлік мақсатыңды айқындауға көмектесетін кітап.
Бұл бір ғажап адамның басынан кешкен оқиғасын баяндайтын туынды.
Американың қарапайым ғана отбасында дүниеге келген Грег қайтыс болған қарындасының құрметіне әлемдегі ең биік әрі қауіпті шыңдардың бірі, Пәкістанда орналасқан К2-ге шықпақ болады. Сапары сәтсіз болған альпинист қайтар жолда тау арасындағы Корфе атты ауылға адасып барады. Корфеліктер ауылдарына келген тұңғыш шетелдікті өлімнен құтқарып қалады. Есін жинаған Грег ауылдың ауыр жағдайын, балаларының оқымайтынын көріп, мектеп салып бермекке уәде береді. Ал өзінің қалтасында соқыр тиын да жоқ еді...
Кітапта ары қарай Грегтің барын салып қалай ақша тапқаны, талай сәтсіздікке ұрынғаны, оның бәрін жеңіп шығып, Пәкістанның көптеген ауылына мектеп салғаны әдемі баяндалады.
Грег – автор ойлап тапқан кейіпкер емес, өмірде бар, қазір Америкада тұрып жатқан адам. Сонысымен де бағалы. Кітапта “американдықтар буддистерге, христиандарға көмек қолын созуы мүмкін, бірақ мұсылмандарға емес” деген ой айтылады. Әрине, 2001 жылғы 11 қыркүйекте орын алған оқиға талай американдықтың жүрегіне жара салған белгілі. Ал Грег американдықтардың мұсылман қауымына деген көзқарасын өзгертті. Мені Грегтің адамды дінге бөлмей, “адам” деп қана бағалап, көмектесуге бар жан-тәнімен кіріскені ұнады.
Жалпы, осы кітап жарияланып, бестселлер болып тарағаннан кейін көптеген американдықтардың мұсылмандар туралы көзқарасының өзгергеніне кәміл сенімдімін. Өйткені кітапты оқып отырып, оның авторларының мұсылман әлеміне үлкен сүйіспеншілікпен қарайтынын байқауға болады. Нағыз мұсылманның қандай болатынын, олардың қандай әрекетке бармайтынын, қандай істі жоғары бағалайтынын, жалпы Ислам құндылықтарын кітап жақсы сипаттаған.
Маған қатты әсер еткен кітаптағы Жан Эрни атты кейіпкер болды. Ол – Американың ең бай ғалымдарының бірі еді. Мортенсонға мектеп салу үшін қаржылай көмектескен де осы кісі. Жан өліп бара жатқанында ғылымға қосқан қаншама үлесімен емес, салдырған мектебінен мақтанды. Ол өзінің ескі досына хабарласып: “Мен Қарақорымда мектеп салдырдым. Ал сен не істедің?” деп мақтанышпен, салдырған қарапайым ғана мектебінің суретін ауруханадағы бөлмесінің қабырғасына іліп қойып, соған қарап жатқан күйі дүниеден өтіпті. Мен осы кісінің өмірінің мысалына қарап тұрып, адам ғұмырындағы ең маңызды нәрсе, артыңда адамзат пайдасы үшін кішкентай да болса іс қалдыру екенін ұға түскендей болдым. Өмірлері бекерге өтпеген не деген бақытты адамдар!
Исламда адам өлгеннен кейін тек үшеуінен басқа бүкіл амалдары тоқтайды деседі. Құран бағыштайтын ұрпақ, адамдардың игілігі үшін салынған ғимарат немесе көпір және адамзат пайдасы үшін берілген білім. Грег Мортенсон осы үшеуін де көзі тірісінде атқара алған бақытты адам. Оның артынан қаншама мұсылман халқы дұға етеді, ол салдырған көпірден күніне қаншама адам өтеді, ол салдырған мектепте қаншама бала білім алуда, ол жазған мына кітаптан айдаладағы мына мен жақсы адам болуға, әлемді өзгертуге мотивация алып отырмын.
Кітапты электронды нұсқада, интернеттен жүктеп алып оқыдым. Бірақ оның әсер еткені, ұнағаны сондай, кітапханамда тұруы керек деген оймен flip.kz-ке тапсырыс беріп, сатып та алдым. Қазір оны ерекше шабытпен сіңлім оқып жатыр ☺
#МарфуғаШапиян
#1жылда100кітап
#004кітап
#кітапоқыпжарысайық
#bookisthebestfriend
#кітапtravel