Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

Блогтар

15.01.2020
4703

Иіс

 
Қап-қара сөмкесі жарқырап кіріп келді. Бөлменің ішін әдемі иіс ала жөнелді.
 
 
- Қалайсың, - деді асыға-үсіге үстеліне отыра беріп. - Сөмкеңіз әдемі екен.
 
 
- Бренд қой. Көздің жауын алып жұтынып тұр. Қалай қызықпайсың. Иіссуы анау. Қазір біздің ғимараттағы бар кабинетті аралап кеткен шығар.
 
 
- Иіссуіңіз керемет!
 
 
- Жаңа таксист жігіттің де басы айналды. Сылқылдай күлді.
 
 
- Сразу сөз салып жіберген жоқ па?
 
 
- Жоға, ондай батылдық қайдан болсын. Өзіне риза кейіпте алдында жатқан қағаздарына үңілді. - Сағат тоқтап қалған ба? - деді сосын қабырғадағы қытайдың сағатына бір, қолындағы алтын жалатылған сағатқа бір қарап.
 
 
- Ия, тоқтап қалыпты. Қып-қызыл былғары әмиянын ашып, бір сары қағазды столының үстіне қоя салды. - Мынаған батарея алып келші. Қайтымына шәйға бірдеңе ала сал. Кешке есепші әпкенің қайтымынан қалған тиынмен пәтеріме жетіп алдым. Автобуспен. Жылтыр табақ дөңгелек жылытқышты тоққа қостым. Ирелеңдеген спиралі қызарып ала жөнелді. Арқамды тосып ұзақ отырдым. Терезеден уілдеген желдің даусы естіледі. Дала қарауытып келеді. Асүйге барып тамақ жасауға ынтам жоқ. Мына ыстық пештің алдынан тұрғым келмейді. Киімімді ауыстыруды қимай тағы отырдым. Екі жеңі ақжемделе бастаған тоқыма жемпіріме әдемі иіс сіңіп қалыпты. Тағы иіскедім. Әлдебір өксік алқымыма тығылып, кемсеңдеуге шақ қалдым. Күйеуімнің есік қағатыны ғана еріксіз ас үйге сүйреді. Бір уыс макаронды табаға салып жіберіп, ынтасыз қақпағын жаба салдым. Суық көрпе жылынғанша да біраз уақыт өтті. Үнсіздікті күйеуімнің мойнымнан иіскегені бұзды.
 
 
- Иісім әдемі ме?
 
 
- Ия, әдемі... Ғажап...
 
 
- Біздің есепші апайдың иіссуы. Иісі керемет. Тіпті, менің үстіме сіңіп қапты.
 
 
- Ешқандай иіссудің иісін сезіп тұрған жоқпын. Мен сенің иісіңе ғана тұншығып жатырмын... - Қойшы... - Рас айтам. Мынадай жұпар иіс әлемде жоқ. Оны ешқашан сатып ала алмайсың.
 
 
 
- Апайдың иіссуі әдемі екен...
 
 
- Сенің иісің одан да әдемі... Және оны иіскейтін адам бар. Ал, апайыңды қанша қымбат иіссу сепсе де дәл қазір кім құшырлана иіскеп жатыр екен? Сен оның қымбат иіссуын армандап жатқанда, ол сен сияқты жарының құшағында жатуды армандап жатқан болар... Бүгін жылтыр тастармен көмкерілген қызыл сөмке көтеріп келіпті. Әдемі иіс мұрныма жетті. Бірақ, кешегідей қызықтырмады. Терезені сәл ғана қисайтып ашып қойдым... Жәй ғана күрсінді. Енді білініп келе жатқан ішімнен көзін тайдырып әкетті. Кімнің бақыттырақ екенін білгісі келгендей терезеден суық леппен бірге сынық сәуле сығалайды...
 
 
@Б.Ауданова.

Бөлісу:      
Пікір қалдыру: