Блогтар
Кек пен тек
Кек пен тек
(Әңгіме)
Қыс. Қыстаулық. Дала долданған боран. Аппақ қиыршық қарларды арлы-берлі аяусыз бүрккен қара түн. Шатырша саңлауларынан әлсін-әлсін боран ысқырып тұр. Үй іші жып-жылы. Пештегі қидың қызуы әлі қайтпаған, қоламтасы шоқты. Терезеде іштегі жылу мен сырттағы аяздың әйнек бетіндегі айқасынан қалған із. Білтелі шамның жеткен жарығы осы ғана. Үй ішінің күңгірттігі бір-бірін аңдыған оқты көздерге еш кедергі емес.
Айтан тізерлеп қоржынның атқа мінер жағына қол салды. Жұлқып, тиегін ағытып ішіндегілерді көру үшін аузын керіп сол жаққа оқыс қисайып жарыққа тосты. Сұғанақ саусақтарын қоржын түбіне дейін сүңгітті де іздегенін таппай лезде қайта суырды. Сол кезде қоржыннан науат ораған қағаздың сытыры естілді. Бала елең етті. Ендігі сәтте түтігіп кеткен Айтанның қолдарына әлгі науаттар ілесе шықты. Бөлме іші алакөлеңке болса да, бала анық көрді. Жылдам әрі сабырсыз қолдар қоржынның келесі қамшы басарына ауысты. Суық қарыған әйнек бөтелке қолына ілінгенде «жын қамалған қасиетті құмыраны» тапқандай боп көңілі жайланды. Кенет әлдекімнің желкесінен төніп тұрғанын байқады. Оқыс кері бұрылса, бала екен. Көздері түйісті. Науатқа бір, бұған бір қарайды. Айтан баланың қалауын түсініп науатқа қол созғанымен, әлденеден секемденіп іркіліп қалды. Жоқ, бұл жанарлар жалынышты сұраудың кейіпінде емес, қалағанымды алам деген үстем, әрі тәкаппар кейіпте. Оның көңіліне бала көзінің айтып тұрған ойы емес, сол көзге ұқсас алдыңғы күннен бері мұны сарылып күткен үш баласының, Қайрағының жәудіреген мұңлы, Санаттың жасқаншақ, Қамарының мөлдір көздері қарап тұрғандай әсер қалдырды. Сол-ақ екен бағанадан бергі карта ұтысына құнығып, ашу қысып долданып, саудадан түскен табысын түгел тауысып, тігерге нәрсе таппай өзеуреп кеп қоржынға қол салғандағы бойына жиналған ызалы күш лезде ғайып боп, тауы шағылып тәубесіне бірақ келді.
Әкелік махаббаты мен бойын билеген нәпсінің күресі арасында мең-зең боп отырғанда:
–Ей Айтан, баланы жаутаңдатпай тәттіңнен берсеңші, бізге арағыңды әкел. Сені кедейліктен арақ арашалар болса ойынды жалғастырайық, – деді үй иесі бұйыра. Қабағы қатулы Құрышты қасындағылар да қостап, кекетіп мұртынан күлді.
Айтанның ашуы қайта тасыды, бірақ арнасы басқа. Бағана келгенде бәрі бұған үрпиісіп қабақ шытқан, бой үйрене келе сөзбен тістеп, кейде мұқатып отырған. Есіл-дерті ойынға ауған ол аса мән бермеген-ді.
Орнынан қарғып тұрып, – Жә, жетер, шаңырағыңда құтырма! Әттең қолым жүрмеді, әлі-ақ еселеп қайтарамын, – деді сыздана. Сосын жанынан кетпеген балаға науатты ұстатып жатып, оның әлі де қымсынбай алақандағыны паң боп алғанына ызыланып, – әкелерімен қоймай қыңсылаған күшіктері де өктемдік көрсетеді. Аш иттің артын ұры ит жалапты деген, – сыныққа сылтау таппай отырғандардың ортасында аңдамай артық айтылған сөзінен өзі тіксініп қалды. Айтып ауыз жиғанша Құрыштың тұтығып;
Өй атаңа нәлет, баланың көңілі түскен бес түйір науатыңды бұлдап, тіл біткен екен саған, тоқта бәлем, – деп қатты екпінмен ішкі бөлмеге кіріп кетті. Басқалар да қалыспай, қызынып сөйлеп жатыр.
– Аязда ажал құшпасын деп үйге кіргізсек, ас ішіп астауға сигенін қара мына иттің,- осыны айтып шырт түкірген Ожардың түсі суып орнынан тұрып, қонышына қыстырған қамшыны алды. Құрыштың қимылынан бір бәленің боларын сезген қаба сақалды Сәлім, төрден тұра жақындап, –Қасқыр соғып қаның қарайған екен, бойыңа бөрінің рухы біткен-ау шамасы. Қасқырдың жанын сен алып жүрсең, сенің жаныңды мен алайын, –деді бар айбатын шегіп.
Даурыға шыққан боғауыз табалауды «сарт» еткен қамшының даусы пышақ кескендей тоқтатты. Көзіне қан толып тұрса да, табытшы тілектес бұларды жеңе алмасын біліп, жетімдік жасықтықпен есікке беттегенде, оқыстан тиген қамшы, басындағы түлкі тымағын оққа ұшқан қырғауылдай жалп еткізді. Бойындағы бар қаны басына жиылғандай ауырлап кетті. Өң мен түстің арасында есеңгіреп тұрғанда маңдайдан құлдилап көз құйрығына құлаған жылымыш күрең қан есін жидырды. Қолы қалш-қалш етіп, қоржын түбіне әлі салынбаған бөтелкемен қас-қағымда лып еткізіп, қолының сыртын ала құлаштап Құрыштың қақ шекесінен қойып қалды. Аяз қысқан бөтелке парс етіп шағылды. Ішіндегі «қасиетті жын» арам бастан шыққан ыстық қанмен араласып құлап бара жатқан Құрыштың омырауын бойлап төгілді. Үй іші азан-қазан, айғай шу. Қалған үшеуі қарап тұрсын ба?! Сатырлатып қамшымен осып, бүйрек бауырын бөлердей саптама етікпен аяусыз теуіп жатыр. Боқтық сөздің арасында, «үйіне қондырған Құрышты соққанша, қатының мен қақпандағы қасқырдың қызығын көрген Шонайды тоқтат әлің жетсе! » –деп, арсыз аяныш айтты. Мына сөздер құлағына қамшыдан қатты тиді. Намысы бойына әл бітіріп, бүк түсіп бүктетілген жерінен еңбектеп есікке қарай ұмтылды. Қарулы қолдармен қалың ішікке осқыланған қамшының сірескен өрімі, бұл кезде жидіп те қалған. Қасқыр ішік қорған болмағанда әлдеқашан терісінің тілім-тілімі шығып, қабырғасын қаусатып тастар еді. Басын қорғаштап бара жатып, білек бүкпесінен көзі шалғаны, шыңғырған бала мен Құрыштың басын құшақтап озандатқан әйелі. Жауын жайратқанын көңіліне медеу етіп, ендігі жетіп қалған есікті иығымен соғып ашты. Арттағылар шыға сала ит айтақтап, атына мінуге мұрша берер емес. Байлаулы атына бұрылып, тоңазып сірескен жүген шылбырды шешіп мінгенше ажал құрығына түсерін ұқты. Жан керек, көкала қойдай сабалып, барынан тоналып, дал-дұлы шыққан ішігімен жалаңбас күйде буырқанған боранда, ат құлағы көрінбес қараңғыда бақытсыз бейшара, бағытсыз басы ауған жаққа сіңіп бара жатты.
***
Базаршылап жүріп, өткізген жеті қасқырдың терісінен түскен пайдаға Ғалияның тапсырысымен үйге шай-тұз, балаларға мәмпәзи-науат, өзіне қажетті «бой жылытары» мен жаңа қақпан сатып алып, ұстаға атын тағалатып болғанша қысқы қысқа күнде батты. Қызыл іңірде көз ұшында әрең көрінген шалғайда жатқан тау бөктеріндегі қыстауына қарай ат басын бұрған.
Көкжалды аталатын қасқыр көп мекендейтін тау етегінде, қасқыр аулап өкіметке тері өткізіп жан бағатын жалғыз қараша үй осынікі. Бала кезінде жетімдік көріп, әр қолға жаутаңдап өскесін, ер жетіп есейгенде де атадан қалған мұра жоқ, малға жарымады.
Заман ауысып, қарамағындағы ауылын асыраған арлы байлардың орнын, қарамағындағы ауылы асырайтын ауылнайлар басты. Кенезе кепкенде шөл басып, дертке шипа, бойға қуат сусын қымыздың орнына, берсе ит ішпейтін араққа әуестік артып құныққан кез. Қолына найза алып жауға шаппай, «жаудан» грамота мен приказ алып ауылға шапқан жандаралдар жарамсақтанып, елді татуластырған жүйелі сөзді, өткір тілді шешендердің тектілері таусылып, қаны қазақ жаны орыс, жағымпаз тексіз тілмаштар жетілген өкінішті өлара кезі. Білім алып баюдың заманы туғанымен кең жазира, қырқа-қырқалы қазақ даласында «бөліп алып билей беретін» өз құлқынының қамын ғана ойлайтын шақтың жеткен дертті дәуірі-тін.
Кәсібі өзге демесең біреудің алды, біреудің арты болып ел қатарлы барға шүкір, жоққа сабыр қылып тіршіліктің азды-көпті тауқыметін тартып, қара қазан сары баланың қамы үшін жүріп жатқан. Бойдақ кезінде ауылға түскен қасқырды соғып, содан кейін аты шықты. Өзіне деген сенімі де артты. Отау құрған соң, бірер жыл қойдың артынан ерді. Күндіз-түні қасқырдан қорып баққаны берекесіз болғасын, икемді ісі қолайлы кәсібі қасқырдың өзін «баққан».
Қас қарайып, ел жатар уақыт болғанда, қатал қыстың үскірік желі үдей түсті. Қыстаулығына әлі қозы көш жер қалған. Аты ауыздығын қарш-қарш шайнап, тірсегі қасат қарды теуіп келе жатыр. Өзін суық сорып, боран тіпті күшейіп бұдан әріге шыдатпады. Ат құлағы көрінбейтін қараңғыда қыстаулықтың қай бағытта екенін ажыратпақ түгілі, қар жауып тастаған жолдың өзін тани алмай, тек текті жануар күрең қасқасына сеніп келеді. Бір жалға шыққанда шамамен сүт пісірім уақыт жүрген соң жететін алдыңғы беттегі сығырайған жарық сәуле көзге оттай басылды.
Қос құлағын қайшылап алдыға тіккен күрең қасқа, жүрісін баяу жорғаға ауыстырды. Таяған сайын маялы қорамен тоқал тамнан соғылған үй айқындалып, Айтан өзінің адаспай дұрыс келе жатқанын және осы маңдағы көп бай малшының бірі Құрыштың қыстауы екенін таныды. Бұрында бір екі рет осында соғып құмар ойнап кеткен-ді. Атағашқа жеткенде иттер абалап, боранды түні ит құтырадының кебін кидіріп, үй иесі шыққанша аттан түсірмей қойған. Үйдің ыстық ауасын бұрқыратып есік ашылды. Ойынның қызығына кірсе де иттердің жан ұшыра үргенінен, қораға қасқыр шапты ма деп шошына шықса керек қолында мылтығы бар. Ит үрген жаққа қосауызды кезеніп үй иесі келе жатыр. Адам сөйлекенше, жылқы кісінескенше демекші оған дыбыс беріп, құдайы қонақ екенін айтқан соң барып, қаруы иыққа асылды. Алайда жақын келіп жүз танысқанда Құрыш қапелімде абдырап қалды. Айтанның тығыршықтай денесін кең шапаны тіптен үлкейтіп жіберіпті. Қалың мұртының үшін қырау шалыпты. Бет ажарына жалынышы жасырылмаған жымиыс табы білінсе де жанарын тіке қадап, –Құшеке, мен ғой қасқыршы Айтан, боран қатты, қыстауға жете алар емеспін, жылынып алсам, –деді. Осыдан кеін ғана Құрыштың көңілі жайланып үйге бастаған. Босағаға қоржынын тастап, үй ішіндегі қонақтарға аманадасып, жағалайназар салып еді, бәрі танитын адамдар. Бірақ суық қарсы алды. –Ей неболдей, жай жүрсің бе? Әликсалам, –деп абыржып амандасып. Үйдегілердің салқын көзқарасын Айтан өзінше, қу кедей ойынның шырқын бұзар деп жатырқап жаратпағаны болар мүмкін, деп топшылады да саудадан артқан ақшасын көрсетіп ойынға да кет ары еместігін сездіріп еді, жүздері жылып жандарынан сырылып орын берген. Осылғыр ойынның соңы енді міне, күш-қайратынан айырылып азапты адымдар басып, адасып барады.
***
Құрыштың көптен күткен көкейін тескен орайлы сәті оңтайына келіп тұр. Алдын ала ақылдасып, сөз жасап алған Сәлім мен Ожар, Құрыш үшеуі Шонайды тақырға отырғызып, өлер баланы молаға жүгіртіп, екі оқпен бір қоян атудың амалын іздеген. Көктемде болыстықта Құрыштың Сахан ағасына бақталастың бірі Шонайдың әкесі Байбек еді. Құрыштың өзі болыс болмаса да ағасы шен алса келер күнінің жаман болмасын біледі. Әсіресе бақталасын жолдан тайдырса... «Бұзақы баласына дұрыс тәрбие бере алмаған әке, ел басқарып, халқының көсегесін қалай көгертпек?» Қарсыласының алдына қамшы тастап сөйлегенде мысын басып, аяқтан шалудың таптырмас тәсілі. Екінші бір есебі, Айтанның салған қақпандарына қасқырдың көп түсіп, үнемі қанды болатыны шымбайына батып, қызғаныштың қызыл түлкісі құйрығын бұлаңдатқалы қашан. Тек ыңғайын таппай жүрген.
Жоспарлағандай Шонайдың қолы жүрмей, ақыры жүні жығылып сағы сынып қарыз алуға бірақ келді. Құрыш, Ожар мен Сәлімге көзін сығырайтып қарады да, басын изеп «бастаңдар» дегендей ым жасады. Осы кезде Сәлім Шонайға балға у қосқандай ниетпен «көмектесіп», тығырықтан шығар жол көрсетті:
– Әкең сенің құмар ойнағаныңды білсе оңдырмайды, ал сен есеңді жіберетін ез емессің. Ақылымды алсаң Айтанның құрған қақпандарын жинап бізге бер, жолың болып олжаның үстінен түссең ол да сенікі, –езу тартып, Ожарға қарады. Шонай қапелімде аузына сөз түспей абдырап қалды. ол отырған жаққа Ожар сәл жылжып, арқасынан қақты:
– Шонай, сенің неден алаңдап тұрғаныңды білем, бірақ бізде ақымақ емеспіз. Айтанға әлің жетпесі анық әрине. Бірақ қатыны мен шалажансар бөлтіріктерге шамаң келеді емес пе? Ол алдыңғы күні базарлап ауылға кеткенін естідік, бірер күнде келе қоюы неғайбыл. Алдың орап кетсең артыңнан дауласа біз бармыз, білдей болыс болар әкең тұрғанда неден қорқасың?! Тек тыңғылықты атқарсаң болғаны. Асығыңның алшысынан түскені дей бер... Біздің алдымыздағы қарызың солай өтеледі. Қой да тыныш, қора да тыныш...
Амалы таусылып отырғанда мына ұсыныстың алды тұманды болса да, тәуекел етуден басқа жол жоқ-ты. Ет кесіп отырған кездігін қынына салып шығып кетті.
Қалған үшеуі, оң қолымен достай құшақтап, сол қолымен дұшпандай пышақ сұққанда, жүрек қолқасына дәл тиіп, бай баласын оңай шалғандарына масаттанып отырған. Бие сауым өткенде Айтан келді. Алғаш көргенде алаңдап абдырап, Шонан ұсталып, қорқақ неме айдап салған осылар дегесін қуалап келген болар деп қорыққаны сол еді. Алайда ештеңеден қаперсіз жан сауғалап жүргенін көріп, еш сыр алдырмады.
Үшеуі Айтанды үйге кіргізіп, қалтасын қаққан соң жолына салуға шын асықты. Құрыштың түлен түрткендей аяқ астынан ашуға мініп, қамшы ала жүгіргені сондықтан. Бағана кеткен Шонайды өкешелей ізіне түссе өз үйінде қатынының, не болмаса қақпандағы қасқырдың қасынан табары анық. Қайдан кездессе де бірің өліп бірің қал. Құрышқа келер зиян жоқ, пайда көп. Айтанның ашуы Шонайдың өлімімен тынса, өзі абақтыға айдалып итжеккеннен бірақ шығады. Көкжал сайдың қожасы Құрыш. Егер Шонайдың кездігі Айтанның қанымен суалса, қанды қолдың әкесіне қара күйенің жағылғаны сол, жалғыз ұлын арашалап та, шен қуып та шекесін қыздырмайтыны мәлім. Құрыштың асығы алшысынан түссе, білдей Сахан болыстың бауыры...
***
Ғалия түсінен шошып оянды. Түсінде кешегі Айтан әкелген бөрінің азу тісімен бөлтіріктің асығын қаншық қасқыр сұрап жатыр. «Ырр-рр-р екі аяқты хайуандар, бөлтіріктерімнің тірсегін қиып асығын, арланымыздың азуын алдыңдар. Жасаған жақсылығымызды табиғи міндетімізді сендерге жамандық етіп танытқан, жансыз сүйек асық пен азу тістерімізді айбар қылып көрсеткен, шексіз жатқан ақ қарды емес, киелі көк бізді көретін көздеріңді қылғытам а-у-ууу,» – деп ұлығанда қаны қашып шошып оянды. Есіне күйеуінің ырымдап асықты жіпке өткізіп Қайрақтың мойнына тағып жатқаны түсті. Сосын күйеуі Айтанның базарға тері өткізуге кеткені де ойына оралды. Кенет жалғыздықтың қорқынышы жүрегін дір еткізді.
Таң рауандап келеді, терезеден жарық түсіп тұр. Кең көрпенің астында қатар-қатар жатқан балаларына қарады. Қайрақ шетінде. Көрпесін сырғытып, бажайлап қарады, мойнында тағылған асық бар. Шік жағында шикі болғандықтан ба сіңіріне аралас қан қатыпты. Ерсі көрінсе де елемеді.
Бүгін түнде кешегі түсін тағы көрді. Қайталап көргенінен әлдененің тегін емесін сезсе керек көңілі тіптен құлазыды.. Күні бойы ой құрсауында жүрді. Ақыры кішкене саң түбінен келіге түспеген бидайдан уыстап ақ шытқа түйді де дән шашып ырымдауға бел буды. Кешқұрым балаларының тамағын дайындап жатқан. Қазан астына отты үдете жағып, үйді суытпай кешкі тамағын күндегіден ертерек беріп, ойына алған дән шашу ырымын жасап, кекілік шілдер үрікпей қонатын молаға барып келмек. Қабірдің үстіне көктемде шөп шықса, не құстар дән теріп жесе жатқан аруақтың сауабы артып риза болады екен.
Арша түбірімен бықсыған қиды көсеп маздатқалы жатыр еді, кенет шошынып оянған Қамардың дауысы бейқам ойға шомып отырған оны селк еткізді. Қолындағы аршасы шоққа түсіп, өзі пеш ернеуіне қолын қарып алды. Қолының күйігін бауыр еті баласын ойлағанда байқамай да қалды. Ана үшін тән жарасы – баласының бір іңгәсінен садаға. Ханталапай ойнап отырған Қайрақ пен Санат та қорқып кетті. Көздері атыздай боп, аузынан шыққан үздіксіз «бісміллә, сақта Алласын» айтып, қайта-қайта шырылдаған қарындастарын бауырына қысып сүйіп жатқан аналарына қараған қалпы. Түстен шошып оянғанын түсініп, қаңтарулы бесіктің басынан бұзаудың томпайындай қорғасынды әкеп қалаққа салып, ендігі маздап жанған отқа тосты. Баласының неден шошығанын «қорықтық» құйып білмек. Жаулығын шешіп көзінен жас парлап жатқан қызының бетіне жапты. Жаулықта ана иісі. Ана иісі кез келген баланың мауқын басады. Жаннат әтірімен пара парғой. Шырылдап жылаған бөбек сәл саябырсыды. Тағатсыздықпен Қайраққа темір табақты алдырып Қамардың жанына қойып құманнан аз су құйғызды. Қорғасын әбден ерігесін білетін дұғасын оқып, баласының басынан үш мәрте айналдырып табаққа құйды. Бу бұрқ етіп быжылдап шыққанда өксіп жатқан бала шорт басылды. Қорытылған қорғасын жалпақ табаққа лезде жайылып, су түбінде сәл көлкілдеп тұрып қатты. Ғалия салынған бейнені көріп сең соққандай есеңгіреп, тізесінен әл кетіп, бетін басып отырып қалды. Тағы да қасқыр. Бұжыр-бұжыр бөрінің бейнесі. Аһ ұрып қарғыс айта жаздап, балаларының зәресін одан бетер алғысы келмей, ернін қыршып өзін әрең басты.
Қанша отырғаны белгісіз, кіші ұлы Санат келіп иығынан ырғағанда ғана ой шырмауынан құтылып өзіне келді. Жанындағы қызы бетіне жапқан жаулықты бір қалыпты деммен жеңіл бүлкілдетіп ұйықтап қалыпты. Көже иісі танауын қыдықтады. Суық сумен бетін жуып сергіді де, бейуақта шаршап ұйықтаған қызын оятты. Дастарқан жайып асқа бас қойды. Дала әлі жарық болғанымен бөлме іші күңгірттене бастаған. Кеш түспей дән шашып үлгерсе жақсы. Соны ойлап, орталанған ыдысын үрлеп суытып қызының алдына қойып, ұлдарына қарындастарын тойғызуды тапсырып, өзгеде ескертулер жасады. Қазан түбіндегі бір керден көжені сарқа құйып, Айтан келер деген үмітпен асадалдағы балалардың бойы жетпейтін ыдыстар арасына қойды. Дән түйілген шытты қолына қысып, –Қайрақтай, әкең келіп мені сұраса тау жақты нұсқа, жарай ма құлыным? Есікті іліп ала ғой, шамаң жетпесе сыртынан өзім бастырып кетем,– деп шығып кетті. Қайрат жүгіріп барып тақа жабылған есіктің тұтқасын тартып тұрып, ілгекті төмен басып еді, әдеттегідей емес тез ілінді. Алайда анасына ілгекті оңай ілгенін қалай жеткізерін білмей, «сыртынан бастырма» деп те айта алмай, ештеңеден бейхабар бауырларына қарады. Әлдене айтпақ боп аузын ашқанда мұң ұялаған көзінен жас тамды. Анасының тау жақты «нұсқа» дегені және оның үнсіз қалып жанарынан жас тамған себебі –Қайрақ мылқау болатын.
Бес жасар Қайрақтың тілі күрмеулі болса, одан екі-үш жас кіші Санат жарытып не сөйлесін. Ал Қамар әлі сәби ғой.
***
Бүгін түнде тағы түсіне кіріп мазамды алмасын деп отырғанда, Қамарды шошытып түсіне енген қасқырларды аластау үшін дән шашу ырымын тезірек жасауға асықты. Шығарын шықса да балаларын, әсіресе қорқыныштары әлі арылмаған күйде тастап кеткеніне өкініп келеді. Орта жолдан қайтайын десе түн құрсауынан тағы қорқады. Шешінген судан тайынбас, аталарының моласына дән шашса, ол кісілердің қабірінен құстар ризықтанса, одан Құдай разы болса, жаман түстер көрмейтін болады. Әжелерінен естіген ғұрып. Қандай болсын ем-дом, ырым – ғұрыптардың қасиетті болып, шипасын беретіні оған деген адамдардың сеніміне байланысты.
Екі өкпесін қолына алып, көйлегінің етегі омбылап келе жатқан қардың бетін сызып келеді. Таудың күнгей етегіндегі төмпешіктердің басына орнатылған тастар жалғыз басты әйелге сүркейлі көрінді. «Құдайым кешіре гөр, бәле жаладан аулақ, аруақтар разы болсын, бісміллә Алла», –деп түйіншектегі дәндерді қабірлер үстіне шашып бітірді. Үйден шыққандағы жарық сейіліп, күн еңкейіп барады. Жел шығып, құрғақ қасаттың бетіндегі қарларды ұшырып жүр. Шытын қағып қалтасына салды. Тұрған жерінде жүгініп, ернін жыбырлатып пәтихасын бағыштап сауабы тисін деп, бетін сипады. Осы кезде зарлана шыққан қасқырдың ұлығаны естілді. Құлағынан кіріп бойын шымырлатып қанында жүгіріп өткендей болды. Бетін сипаған қолы дір-дір етеді. Орнынан тұруға күш жоқ.
Бейуақта, моланың басында, жалғыз, қарусыз, қауқарсыз әйел қасқыр үнін тағы да естіді. О, тәңірім-ай, мынау дауыс тура түсіндегі қасқырдікінен бір аусашы. Жазбай таныды. Ауық-ауық естіген сайын құлақ еті үйренгендіктен болар, ұлыған қасқыр екендігі болмаса дауыста үрей жоқ, есесіне зарлылық пен жалыныш бар. Құдды сөйлесіп тұрғанындай. Ғалия қасқырдың қақпанға түскенін білді.
Екі күннен бергі дауысы үйіне жетпесе де түсінде жетіпті-ау. Бөрінің киесі. Кеудесін белгісіз батылдық билеп орнынан көтеріліп дауыс шыққан жаққа бет алды. Дөңге шыққанда көрді. Келесі сай табанында үлкен тастың қуысы апаны болса керек, алдында басын көтеріп бұған қарап аңдып жатыр. Енді ұлымайды. Қасында өзге қасқырлар болса талап тастар деген күдігі сейілсе де, сақтық үшін маңайынан көз жетер жерге дейін шолып еді көлденең ағаш жоқ. Бөлтірігінен айырылған аналық қасқырды балаларынан айырылудың алдында тұрған ана жан дүниесімен түсінді. Сол үшін де оны құтқармақ болып жақындай берді. Таяқ тастам жерге келді. Ызалы, аш қаншық. Тірсектері қиылған төрт бөлтіріктің өлексесі. Үшеуі апанның аузында, терілері сыпырылған жіліншіктері үзіліп, асығы алыныпты. Біреуі қасқырдың жанында жатыр. Айтан әдейі біреуін қалдырған. Кекті қасқыр өздеріне шаппас үшін, біреуі аман қалса соны бағу үшін алысқа әкетеді. Қыңсылаған бөлтіріктің дауысынан қаншықтың міндетті түрде келетінін, келсе қақпанға түсерін білген. Сірә тірі қалған бөлтірігін жаңа апанға ауыстыру үшін, желкесінен тістеп көтеріп бара жатқанда абайсызда қақпанды басқан. Алдыңғы сол аяғының жілігін сындырып жіберіпті. Ауыр қақпанды үш аяқтап болса да сүйреп кетпек екен. Екі-үш адым жердің қары тапталған. Қан ізі қатыпты. Көз алдыңда дәрменсіз күйде, бөлтіріктерінің қыңсылап жатып азаппен өлгенін көру қандай қиын.
Ғалияның тізесі қарға кірді. Басынан жаулығын сыдырып алды. Аштық пен тән жарасы қажытып әлін кетіріпті. Алайда қасқыр көмекке мұқтаж емес. Тектілігін тән жарасының ауырғанына айырбастамайды. Сынған сирағын шайнап тастап кете берер, бөлтіріктерін қимаған. Жақын келіп қолын созып еді, арс етті. Ауа қапты. Қақпанды алып аяғын таңып көмектескісі келген Ғалия қалай жақындарын білмей біраз тұрды. Тағдырлас аналар игі ниетте арбасып көрді. Түз тағысының ақылды болатынын ойлап, анда санда сынған сирағын жалап алдына салып жатқанында қарусыз жалаң қолымен өзінен келер қауіп жоқ екенін білдіру үшін қақпанға қол тигізді. Ырылдап жатып ұмтыла бергенде қолын тартып алады. Ызасын келтірсе де үйретті. Кезекті созғанында қақпанды ұстап еді, қасқырда ұмтыла береген де тартып қалған қолының бағанағы пешке қарып алған жері жырылып кетті. Қан шықты. Қанды көрген қасқыр құтырынып кетті. Айбатын шегіп жатыр. Сонда да ол ессіз батылдықпен қолын қайтадан созды. Екпінімен арс етіп қолынан тістеді. Қомағайлана қапқан екен сол қолы қасқырдың көмейіне кіріп кетті. Құдай сақтап оңынан бергенде Ғалияның білезігі қасқырдың жағын қарыстырып таңдайын тіреп тұрып қалды. Алдыңғы оң аяғымен осып қалғанда Ғалияның бетін тұяғы жырып кетті. Ащы дауысы шықты. Алақанына тиген ұзын тілін ерекше батылдықпен қысып ұстады. Қақалып жұтқына алмай амалсыз берілді. Ептілігіне өзі таңданып, жамбастап отырып аяғымен астыңғы таңдайын басып қақпанды ашты. Сынған аяғын жаулығымен қысып орап, шашындегі ағаш екі түйреуішін тірек етті. Жалғыз қолымен бешпентінің омырау түймесін ағытты. Суық қолы аш етіне тигенде бойы дір етті. Мойнындағы маржан көз тағылған алқаны жұлқып алып, анасынан қалған жалғыз асыл сиымен қасқырдың аяғын орады. Бұл кезде қасқырдың да демі бітіп қырылдап қар тарпуын үдете түсті. Енді жарып кетсең де жазығым жоқ, борышымды өтедім дегендей қасқырдың аузынан қолын сілкіп шығармақ болды. Арандай ашылған ауызға емін еркін кірген білезік қарысып жабыла бергенде алдыңғы ұзын тістеріне ілініп қалды. Ауа жұтып жан шақырғасын аяқтарын тіреп артына тартты. Оң қолымен құлағынан басып қасқырдан «шапалақ» жемеуге тырысты. Енді тисе анық көзін ағызады. Қасқырдың аузындағы қолын көмейлетіп барып қайта сілкіді. Қарысқан жақ ашылып, арс етті. Баж еткен әйел үні қатты шықты. Білезік шыққанымен қас қағым сәтте суырылып болмай тістің арасында қалған саусақтарының көбелі буыны шайналып кетіпті. Серіппемен аралары алшақ кетті. Қасқыр қайта тұрып атылмақ еді, алдыңғы аяғына салмақ түскенде ауырсынып кідірді. Әрі ауыр қақпаннан құтылғанын сезді білем артына шегінді. Әйел де жанарын қадап мізбақпай тұр. Кері бұрылып бөлтірігін тістеп сылтып басып бара жатыр. Беті жырылып, саусағынан айрылып тек ет қызуымен азапты ауырсынғанын әлі аса қатты сезінбеді. Әбігерленіп жүріп байқамапты кеш батуға таянған. Алайда, батыр әйелден қорқыныш атаулының өзі үрейленетіндей.
Жүріп келеді, жүріп келеді. Саусақ орнынан аққан қан тоқтар емес. Суық сорып барады. Бойынан әлі кетіп көзінің алды қарауыта бастады. Кең даланы қараңғылық тарылтып көз байланған шақ.
***
Шонай өз ойымен арпалыс үстінде. Ашуын кімнен аларын білмей, айтақталған ит құсап келе жатқан түрі мынау. Ауа райы да мәз емес. Сұрғылт бұлт қоюланып, көп өтпей долданып соғатын сырғыма ақ боран басталатын сыңайда. Кешкі аспанның толғағы ауырлап, онсыз да еңсесін көңілсіз зіл басып келеді.
Шиырлап жүрген жері болғандықтан бағытынан адаспай, ескі бейіттің жанына таяп қапты. Кенет жарау аты осқырынып оқыс тоқтады. Жер тарпып алдыға басар емес. Миын ораған ойлар ізім қайым жоғалып ат құлағының ортасынан көрінген арқан бойындай жердегі қараңдаған әлдене мұның да зәресін алды. Аңдаса бейітке келіпті. О тоба аруақтар тіріліп кеткені ме? Әлде жын ба жоқ пері ме? Тағы да жақындай атын тебініп: «Алла, Алла Бісміллә, хайт-хайт,» – деп дауыстады. Кенет әлгі бүктетілген зират тасына сүйенген нәрсе қозғалып орнынан тұрды. Ат шалқалап үрккенде Шонай қасатқа гүп етіп түсті. Жалма-жан аунап тұрды. Аллалап қолдарына кездігімен қамшысын ұстады. Көзі шарасынан шыға қатты шошыды. Қараңғыда зират ішінен шашы жайылған, жалаңбас, беті қан-қан әйел дауысты біреу шолақ саусақтарын көлбеңдетіп жақындап келеді. Шонай сіресіп қатып қалған, үн жоқ тіл жоқ. Қас қағымда болып, миына симаған мына көрініс ойын сан-саққа жүгіртіп ағат істің біріне бастамақ. Сүйретіліп қасына келген сәтте, әлгі бір естіген қиссалардағы жағымсыз кейіпкер жалмауыз кемпір өзіне төнгендей түсінді де қорыққаннан қолындағы қамшысымен жылжып келе жатқан әлгінің басынан салып қалды. Нұры тайған көздеріндегі қарашығындай үмітін, қайта-қайта көлегейлеген өкініш пен қайғының салмағы басқан ауыр кірпігі тағы көтеріле бергенде, қатты соққыдан соңғы рет «жарқ» етті де жанары мәңгілік сөнді. Алайда оның аузынан шыққан «Айтан... қасқыр... құлындарым – ай! Құтқар, құтқар...» деген соңғы сөздері ешқандай қисса ертегідегі жалмауыз емес, ажалын құтқарып өзі құрбан болған қыршын Ғалия еді.
***
Алаңсыз отырып тамақтанып алғаннан соң, Қайрақ дастарханды түйіп, шетке ысырды. Сәл бұрын қызық жеріне келіп тоқтаған ханталапай асық ойындарын қайта жалғастырды. Терезеден түскен жарық алыстаған сайын, әншейінде байқалмайтын біртүрлі үрей еніп жатқандай. Қайрақ терезеге айналсоқтап келіп сыртқа көз тастап қояды. Ауық-ауық жол күтіп, елеңдеуі жиіледі. Далада тіршілік білінбейді. Жалғыздықтан жатырқаған себебі анасы әлі күнге дейін бұлардан ажырап, иен қалдырып осыншалық алысқа, ұзағырақ уақытқа кетпеген.
Асықтарының қалай түскенін үңілмесе білінбейтін болған кезде, білтелі шамды ортаға қойып, шоқ қалған пештен шырпы тұтатып білтеге жалғады. Үй іші күңгірттеу болса да жарыққа толды. Үйге еніп, Қайраққа іштей пайда болған қорқынышты терезеден әрі қуып тастады. Сәлден уақытта, Қамар анасын іздеді. Үлкен ағасы көтеріп, үй ішінде біраз жүрді. Өзі ес білмейтін сәби, ағасының есікті нұсқап әр түрлі жасаған ым-шарасын қайдан білсін!? Қарындасын жатқызып терезеден қарап еді, дала қап-қараңғы, ештеңе көрінбейді. Аналарының осыншалық кешіккені көңілін жүдетіп жіберді. Күнделікті ұйқыға жатар уақыттың келгенін Санаттың ойыннан жалығып жиі есінегенінен аңғарды. Әйтпесе қазіргі үркек көңілнен бойы әлі сергек. Үй ішінің жылуы қайтты.
Бауырларына төсегін салып, қымтап жауып, өзі басын көрпенің етегінен қылтитып жатып есікті күзетті, анасын күтті.
Анасының дауысы ащы шығып айғайлап келеді екен. Артында қорғасында бейнеленген бұжыр-бұжыр қасқыр қуып келеді. Анасы үйге жетіп қалды. Есіктің аяз қарыған сыртқы тұтқасын тартқылап жатыр. Ашылмайды. Жан ұшыра қайта-қайта жұлқылайды. Бұл Ішінен ілгекті аша алмай жатыр. Осы кезде әлгі қасқыр анасына атылып, арс етіп қауып алды.
Көрпеден басын жұлып алды. Бастырылып қалыпты. Айғайлаған дауыс анасының емес гуілдеген борандікі екен. Ұйтқып соққанда есікті жұлқып тұр. Анасы келсе шынымен есікті аша алмай қаларын ойлап, бір түрлі анасына сағыныш па әлде аяныштың күші ме тез барып ілгекті ағытып қойды. Үй салқын. Тоңып кетті де жылы орнына жатты.
Түсінде тағы да анасын көрді. Кішкене кезі екен. Өзі бесікте бөленулі жатыр. Аяулы анасы емірене әлдилеп құлағына жағымды ән айтып тербетіп отыр. «Әлди, әлди ақ бөпем... Батыр болар ма екенсің, Әкім болар ма екенсің....» дейді. Анасын сондай жақсы көреді, құшақтағысы келеді, бесікке таңулы болғасын қозғала алар емес. «Әкім де, батыр да, адал ұлың – адам болам» деп айтайын десе ешқандай сөз білмейді екен. Ал қазір құшақтай алады. Бірақ, анасы оған: әттең «апа» деген бір ауыз сөзіңді естісем арманым жоқ», –деп еді ғой. Айтқысы келеді, анасының арманын орындағысы келеді. Амал не? Қазір тілі күрмеулі.
Таң атты. Қайрақ ояна салып қарағаны анасының орны әлі бос, терезеге жүгірді. Боран басылып қалған. Үй алдына келген ешқандай да із жоқ. Тек тас лақтырым жерде қарға жартылай көмілген қара төмпешік жатыр. Бұрын байқамаған ба, әлде түнде пайда болған ба?! Біраз көз тоқтатып қарап еді, сұлбасын ештеңеге ұқсата алмады. Бұрын болмаған нәрсе, ол анық. Жүгіріп келіп інісін оятты. Жылы көрпесінен тұрғысы келмеп еді, ағасының анасының орнын бір, терезені бір нұсқап қолынан тарта берген соң, сүлесоқ көтерілді. Ол анасының жоқ екенін енді есіне алса керек көңілі құлазып, терезеге тез жетті. –Аға, ол не нәйсе? Менде бұйын көймеппін, – деді сұраулы жүзбен таңдана.
Күнде таңертеңгілік үй жылы, дайын асқа тұрып үйренген бұлар, бүгінгі анасыз таңды неден бастарын білмей біраз қипақтады. Ошақтағы шоқ сөніпті. Анасының от жағу тәсілін есіне алды. Қоламтасын көсеп жылтылдаған шоғына ошақ алдындағы кешеден қалған шырпыны салды. Ұртын толтырып бірнеше рет үрлегенде күл бетіне бұрқ етті. Қайта-қайта үрлеп шырпыны тұтатты-ау әйеуір. Қолқасын ащы түтін қапты. Көзі ашып, жас шықты. Ежір түбінде қалған аз суды шөмішпен сүзіп, от жалап қаңсыта бастаған қазанға құйды.
Үмітсіздер жатқан тошаланың түтігінен шыққан болмашы түтін көктегі жолына еріне көтерілген күннің нұрлы сәулесімен араласып, таңғы шыңылтыр ауамен әуелеп көтеріліп жатыр. Ыдыс-аяқтың арасынан талғажау етер бірдеңе іздеп еді қолына іліне қоймады. Асылған су мен қатқан наннан өзге сәресіге тіске басар жоқ. Түнде тойып жатсаңда аш тұрасың, аш жатсаңда аш тұрасың. Кеше анасының әкесіне алып қойған бір керден көже есіне түсті. Өкшесін көтеріп созылып еді сонда да қолы сәл жетпейді екен ернеуіне ілінген саусағы лақ еткізіп керден толы көжені түгел аударып кетті. Әлдеқашан суыған көже Қайрақың жеңін бойлап төгілді... Қара сумен қатқан нанды жеп жүрек жалғағаны болмаса балалар күндегеідей шала тойып болсада ойнаған жоқ. Ауық-ауық терезеден сыртқа қарайды. Анасы да, әкесі де келер емес.
Уақыт өте берді. Жаңадан жүріп үйренген Қамар қуықтай тамның ішінде анасын іздеп көп жылайды. Екі ағасы әр тамақ сайын өз несібелерін ауыздарынан жырып қарындасының аузына тоса берді. Бірақ, суға шылап берген нандары да екі күннен аспай таусылды. Су да бітті. Ашыққан сайын еттері ширап ұйқылары азайды. Алғашқы күндері күніне екі рет дәрет сындырып босағадағы дастың түбін жасырған еді. Қазір екі күнде әрең тамшылатады. Отын таусылып ошақтан жылу өшкелі түнде тоңған соң тулақтарды қабаттап төсеп ішік көрпелерді қалыңдап жамылатын болды. От өшпес бұрын қолдарына ілінген отқа жанар заттарды ошақтың көмейіне тастай берді. Жүктерді жинаған сандықты ақтарып отырып қағаз ақша мен сары май сақтаған қойдың қарынын тауып алды. Қағаз ақшаны әкелері балаларға ұстатпайтын ерекше нәрсе еді. Екі естияры ары бері ойлап бұның не керемет дәмі бар екенін біле алмады. Ақыр соңында тығып қадірлегенмен жеуге де ішуге де жарамағасын тамызық болды. Анасы қарынды неге тыққанын түсінді. Сақтап тұздаған май таусылғаннан кейін келер жылдың үлесіне сандыққа тастаса керек, кепкен қарынның сыртына соры шығыпты. Қуанғандары сонша үшеуі ұялас күшіктердей әр шетінен тістелеп шайнады. Май мен тұздың соры таңдайларын жібіткенмен сәлден кейін шөлдетті. Біраздан бері көздеріндегі жасы сарқылып бозарған жүздеріне күлкінің болмашы іздері байқалды. Қайрақ тағы ақтарып жатқан. Санат пен Қамар енді не табылар деп елеңдеп отырған. Қараса, ағаш есіктің жапсырмалырындағы қуысқа қатқан қырау мұзды екеуі тамсанып тұрып жалап жатыр. Ол да қосылып кетті. Ертесінде терезеге ұстаған қарынды да жеп қойды. Қарын деген аты болмаса үсік шалған еш дәм жоқ. Есесіне ашылған терезенің ернеуінен қар көп алды. Қазанға ерітіп отқа жанатын соңғы нәрселерді жағып тәуір шөлдерін басты. Отқа салған қақыр-сұқырлардың түрлеріне байланысты тошала ішінің жылуымен иісі де өзгеріп тұратын. Келесі күні үй жылымай тоңазығанда, оның үстіне жылуы жоқ жанған көннің қоңырсыған иісінен Қамар ауырып қалды. Көп жылады, уанбады. Ертеңгі таңда оянбай қойды. Санат: –Қамай, Қамай, тұй-тұйшы, – деп шырылдаса, Қайрақ қолына алып ары бері жұлқыды, көтеріп жүрді бірақ оянбады. «Өлім» деген суық сөзді де өлген тіршілік иесінің қандай боларын білмейтін екеуі қарындастарының аузына жақтаудағы қар мұзды ерітіп су құйды. Жылымыш қар суымен аралас көз жастарыда жансыз ауызға толып асып ағып жатты. Қарындастары оянғанша тоңбасын деп көрпелерін қалыңдап жапты. Аштық қанша қысқан сайын әр түрлі әрекеттер істеп тамақ тапты. Бүгін бәрін бітірдік-ау десе ертең жейтін тағы бірдеңе табылады екен. Мұның сыры, ашығудың деңгейі күшейген сайын талдау жоғалып, кез-келген заттың желіну мүмкіндігі молаяды екен. Сөйтіп екеуі тошаланың керегесінің әр жерін ұңғылай берді. Сары топырақ, балшықпен қоса сыланған сабан, қарағайдың қабығын көбелері сөгілгенше тырналап, тіспен қажап нәр татуда. Үш тал сабан сынығымен, асықтай жаңқа табылса жартысын Қамардың қасына қояды. Оянғанды жейді деп.
Аналары кеткелі неше күн болғанын анық білмейді, бір білері талай түнді тоңып, ақ таңды жатырқап атырды. Сол күннен кейін табиғат ана бұларды аяды ма екен қар жаумай, күн жылуын мейлінше төкті. Әлгі боранды түннен кейін пайда болған есік алдындағы төмпешіктің де қары еріп кетті. Қайрақ бір күні сол нәрсеге ұзақ қарап, кенет терезеге тағы да тақала жақындап тұрып, не танып қуанғаннан не сонша күннен бері қозғалыссыз жатқанынан қорыққаннан болса керек, көзінен жасы ағыл тегіл ақты. Терезеден шығып кетпекші еді тіреуіне құлағы мыжылып симай қойды. Ортасына қаққан қос ағашты жұлқып-жұлқып жіберді. Інісіне көрсетіп еді ол да бірден ұғып, тыпыршып кетті. Өйткені олар бұл төмпешіктің әкелерінің ішігін жамылып жатқанын енді таныды. Екеуі әкесін танығасын есікке қатар ұмтылған. Анасы тіреп кеткен есік өткендегідей емес екі-үш ырғағаннан ашылып кетті. Қойған тіреудің тістескен мұзы еріп бос қалыпты. Сүріне жығылып келсе екбетінен жатып көп «ұйықтаған» әкесі боп-боз. Көк ішіктің кейпі қасқыр талағандай. Үйге жүр деп жұлқыласа әкелері көзін ашпай, ұйқыдан оянбады. Екеуі сүйреп еді шамалары келмеді. Үйден шықсам апамды іздермін деген ойы есіне түсті. Қайрақ Санатқа сұқ саусағымен үйді көрсетті де, өзі анасын іздейтінін ишарат етті.
Анасын іздеп мола жаққа қарай көп жүрді. Айналасы шетсіз шексіз күнмен шағылысып жатқан аппақ қар. Өлетін бала молаға қарай жүгіреді дейді. Бұл бала моланы іздеп шыққанымен адасты. Тағы да көп жүрді, жүрген сайын әлсіреп ашықты. «А-аа» дегеннен басқа дауысыда шықпайды. Енді оны айтуға да дәрмен жоқ. Кенет көзі бұлдырап етбетімен құлады.
Есін жиса, аузына дәм келіп тұр. Білегін бетіне бастыра құлаған екен, баяғыдағы бешпентінің жеңіне төгіліп қатқан көжені демі жібітіпті. Жеңін қомағайлана сорды. Кезінде сүрте салған мұрын боғы да, жеңіндегі тігілгеннен бергі сіріде қатқан көжеге осынша дәм берерін ойламаса керек. Бойына қан жүріп орнынан тұрып алға қарай тағы қадам басты. Меңіреу дала. Күн батуға жақын. Алдынан кішігірім сай шықты. Жылтылдап мұз астымен су ағып жатыр. Жар қабақтанып қатқан қасатты басып тұр екен, буы будақтап көтеріліп жатқан суды көріп алдыға жүргенінде тұрған жері опырылып кетті де ыңырсыған күйі қармен умаждалып төменнен домалап бірақ шықты. Үстінің қарын қақпастан сүйретіліп суға жетті. Бусанған суға салған қолының дәрменсіздігінен уысына ілген су саусақтарынның арасынан төгілді. Алақанының аясында қалған жұғынды су жарылған ернімен тіл ұшынан әрі аспады. Осы әрекетін бірнеше рет қайталады. Өңешінен өткеннен кейін тоңып, ішін әлдене түйнеп кеткендей болды. Осы сәтте арт жағынан қасқыр ұлыды. Жалт қараса өзі құлаған жар қабақтан батып бара жатқан күнге тұмсығын созып, дұшпанымды осында жолықтырғаныңа ризамын дегендей күңірене ұлып тұр. Көзі шарасынан шыға жаздап, тұрған ұдылынан суды шалпылдатып мұздан тайып келесі жағасына өтті. Енді бұрылса қасқыр жадағай өткелден асықпай түсіп келеді. Тұрған тұсынан тіке өрге қарай ытқыды. Жанталасып қос қолымен қарды қармап жүріп шықты-ау әйтеуір. Қасқырда кеп қалды. Қабаққа шығып енді таяқ тастам жер жүгіргенде арс етіп ауыр салмақ үстінен бірақ басты. Бетін кешкі қырғақ қарға сүрдіре жығылды. Қасқыр үстінен секіріп алдына түсті. Қалшылдап басын әрең көтеріп жатып көз алдындағы қасқырдың аяғына таңылған қасат қар қатып оралған анасының маржан көз алқасын таныды. Алқадағы көз анасының көзі қарап тұрғандай елестеді. Енді екеуі бір-біріне міз бақпай қадала қарап қалды. Қаншық қасқырдың да мұрны бала мойнындағы өз бөлтірігінің асығын, шік жағындағы шикі сіңірлі қан исінен анық таныды. Мылқау баламен тілсіз хайуан арбасып қатып қалған.
Аз өміріндегі соңғы көрген, мүмкін дала тағысының киесі атқан азапты күндерден кейін, сағынған анасының артында қалған асыл заты, балауса кезінде ана омырауын еміп жатып осы алқамен ойнайтын. Анасы әлдилеп ән айтушы еді. Сосын мұңлы жүзімен қарап отырып : – Айналайын, «ана» деген бір ауыз сөзіңді естісемғой, – деп арман етуші асыл анасы. Бәрі есіне түскен осы сәтте тілінің күрмеуі шешіліп алғаш рет аузынан «ана» деген сөз шықты. Өкініштісі соңғы сөзі де осы еді. Қарға көмілген қолы еріксіз көтеріліп қасқыр аяғындағы алқаға қарай созылды. Қасқыр ырылдап бермеймін дегендей артқа жылжып қабуға оқталды. Бала түсінді. Қойнына қолын салып асықты ұсынды.
***
Сол түнде аруақ көргеннен кейін Шонай күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылды. Көзін жұмса болғаны бейіт басынан шашты албасты қолын ербеңдетіп алдынан шыға келеді. Осылай өз ойымен әлек болып жүргенде қойына қасқыр шауып талайын обалды тамақтап кетіпті. Өткен жолы қастық ниетте болғанымен арамдық істемегесін, бар болса қасқыршыдан табылар деген оймен Айтаннан бірер қақпан және күшала сұрамаққа ат басын солай бұрды. Қыстаулыққа жақындай келе көптен бері мұнда ешкім ат ізін салмағанын байқады. Атағаштан алыстау жерде ұзынынан жатқан Айтанды көріп атынан қарғып түсіп қараса, әлдеқашан о дүниеге кеткен екен. Үйге қарай арлы-берлі жүрілген із көп. Лезде үйге ұмтылды. Жалғыз бөлмелі тошаланың есігі толық жабылмапты. Айқара ашып кіріп келгенде үй ішінде атыс болғандай керегелер түгел ортан белінен шұрық тесік сау тамтығы қалмапты. Ортада көрпе астынан шала жансар бір бала басын көтерді. Құр сүлде, үрпиіп әрең отыр. Көзі суық, отсыз. Әкесі кіріп келді екен деп бойындағы бар күшін жиғаны болар. Үй іші даладан бетер суық. Тізерлеп, бауырына басты да қалтасынан малта құрттан біреуін аузына салды. Бала бұрылып көрпені нұсқады. –Құдай-ау тағы барма, обал-ай, – деп қалың көрпелерді аршып астынан кішкене Қамарды тауып алды. Көгеріп кеткен балауса мүрдеге көзін көп тоқтата алмады. Санатты көтеріп шығып атының қанжығасындағы қоржыннан тұлыпты алып шалап ішкізді. Алдына мінгестіріп, үйіне тез жетіп ыстық тамақ беріп жанын алып қалу үшін өз қыстаулығына қарай далақтап шаба жөнелді.
Сүр еттің сорпасын беріп ошақ жанына көрпесін қалыңдап жатқызды. Шонайдың көңілін бір түрлі суық сезім билеп алды. Аңдаса Айтан мен қызын өзі өлтіргендей әлгі елес саусағын нұқып көрсете береді. Сәлден кейін Санақ тілге келді.
Айналайын тірілдің бе, атың кім? –деді қасына тізерлеп.
Мазасын алмай күтсеңші байғұсты, –деді бағанадан бері зыр жүгіріп, Құдайдан қыл көпірдегі баланың амандығын тілеп жүрген бәйбішесі.
Санат,- деді өлім аузынан құтқарған бейтаныс кісілерге.
Апаң қайда, әкеңе не болды? – деді Шонай тағатсызданып.
Апам молаға кеткен көп бойды, содан әлі кеймеді. Әкеммен Қамай оянбай қойды.-деді, көзінен аққан жасы қос қолымен қысып ұстаған кеседегі сорпаға тамып жатқанда.
Апам молаға кеткен дейсің бе? – деп Шонай бала сөзінен шошынып, бағанағы елестен сезген күнәлі күдігінің рас болғанынан.
Қанша күн болды? – деді де, күн білмейтін баладан орынсыз сұрағанын біліп ары қарай тосылып қалды. Кенет Санаттың көзі жарқ етіп иегін көтеріп, – ағам, Қайлақ ағам апамды іждеуге кеткен, – деді өңі құбылып, орнынан тұрып кетердей. Не алаңдап қорыққаны, не құтқарар деген үміт екені белгісіз.
Ойбай шап, тап ағасын тездетіп, – деді бетін шымшып бәйбішесі.
Астындағы аттың ақ тер, көк терін шығарып молаға келгенде тізгінді бірақ тартты. Оның жан ұшыра іздегені Қайраққа қарағанда, сірә жалмауыз, әлде жезтырнақ, не диуана аруақ деп қамшымен сабап кеткен жетімдердің анасы болатын.
Моланың батыс жағынан ана мә йітін тапты. Қасында бала жоқ. Жан-жағында із де жоқ, яғни мұнда келмеген. Бұл маңға түскен соңғы із өзінің атпен келген өткендегі ізі екен. Айтанның тошаласына қарай тартты. Жолда бұрлыған ізді таныды. Баланың адасқанын анық. Көп жүрді. Обал-ай мында бір жығылыпты. Артынан қасқыр ізі қосылған. Шонай енді барынша асықты. Е-ее дүние-ай, қасқыр ізіне түсіп аулайтын адамның ұлын қасқыр аңдуда. Ал сол адамның дұшпаны баланы қасқырдан құтқармақ боп қамшы басып, асығып келеді. Із – жыра шетіне барып тіреліпті. Құласа керек, ойылған қабақпен бұзылған қар текке емес. Атты бастырмалатып еді үркіп бала құлаған қасатты қырынан түспеді. Жағалап жүріп жадағай өткел тауып өтті. Қасқыр жүрген із жатыр. Су ішіп арғы жағаға тіке тартыпты. Тізгінді ағаш бұтасына іліп, бала шыққан тік бетке жармасты. Қамшысын қадап-қадап көтерілді де қабақтан асып басын қылтитып қарағанда көзіне бірден шалынғаны теңкиіп жатқан бала. Жалма-жан асыға қамшысын тіреп ыршып шығып, жанына жетті. Бала өлер алдында жаны шыққанша үздіксіз қимылдапты. Мынау меңіреу қатыгез дүниені адаммен жыртқыш арасындағы кектің құрбаны бола тұра қимастықпен кеткендей. Жас мүрденің жұдырығы қарысып қапты. Ашса, алақанында маржан көзді алқа бар.
Өлікті өңгеріп, үмітпен асығып келген ізбен, ашына өкініп ауыр аяңмен артына қайтты. Ұзақ жүрістен кейін жол Айтанның тошаласына тірелді. Шыңылтыр ауа, сере қар күнге шағылысып көз ұялтады. Ажалды түннің айыбын жабайын деп, күн қанша жылуын төксе де, Әзірейіл қонған үй суық, сұсты. Оты өшкен ошақты әлде қашан қырау шалған. Дәл қазір бұл үйде оған жанатын зат та, жағатын жан да жоқ.