Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ПРОЗА
«Кемеңгерлер құпиясы». Әңгіме.

Блогтар

18.05.2017
6335

«Кемеңгерлер құпиясы». Әңгіме.

«Кемеңгерлер құпиясы». Әңгіме.

Жолбастар:

-  Бұ дүниені жақсы білем. Мен білем, мен түсінем, сезінем... Айтам, қазір айтам... Орман іргесінде жиде бар дейді ғой, гүлдеген кезіндегі жұпары керемет... нендей ғажап оның...

Жиде Кемеңгер:

-  Сексен қадам жақындағаннан хабар ала бастайсың гүлдеген жиденің иісінен. Ал іздемей көр сол жидені, сезген сәттен бастап. Бар билік танау мен көзде... Таптың... Дәл алдында тұрсың. Ал ойлан, ақтар есіңдегі иістерді, неге ұқсайды? Жоқ, ондайы жоқ... Мұндай да иіс бола ма?! Қалай өзі?! Балғын. Бірақ кемеліне жеткен. Тәтті. Бірақ шекеңе тимейді. Нәзіктік пен өжеттікті қалай сиғызуға болады бір өлеңге?! Ең үлкен құрметке лайықты өте сыпайы, парасатты қонақ сияқты, танауыңнан дыбыссыз кіріп, жүрегіңнен бірақ шығады. Түкті де білмейді екенбіз ғой, ананың иісі, мынаның иісі дейміз. Патшасы емес, патшайымы емес, иістердің ханшайымы ол иіс. Дәл осы оның орны! Алыста жүрсең есіңе түсіре алмайсың, сезе қалсаң ешқайсысымен шатастырмайсың.

Жолбастар:

-  Сіз? Қайдан білесіз?.. Жарайды... Міне, Алатаудың ар жағынан табылған көлдің сұлулығын айта алам... көлдің сұлулығы... мөлдіреген айдыны көзге...

Тау Кемеңгер:

-  Кішкене ғана көлді қаумалаған тау, жартас. Желден де, сырттағы әлемнен де қалқалап тұр. Шөп басынан қимыл көрмейм... Су бетінде діріл бар ма жоқ па?.. Жыбырлаған аң-құс қайда кеткен?.. Көкте алып әжей жаңа боялған киізді сүйреп өткеннен қалған із құсаған қаз бауыр бұлттар ғана... Олар да қимылсыз... Тыныштық ше... Тыныштықтың төлнұсқасы!.. Сен тыныштық дегеннің не екенін білесің бе? Жоқ. Білмейсің. «Білем» - десең де сенбейм... Ал мен оны ұстап көрдім! Ия, қолымды создым да ұстап көрдім... Сол сәтте жаныма біреу келіп: «Сіз білмейтін бе едіңіз? Бұл жерге уақыт кірмейді» - дегенін қалай тіледім десеңші. Мені тыңда бауырым, ондай сәттер әркімге керек. Әркімге. Уақыт тоқтап қалды екен деп алданып қалатын сәттер. Бүткіл ғалам төртеуіңнен ғана тұрады: сен, үстіңнен, астыңнан қарап тұрған екі аспан және ойың...

Жолбастар:

-  ... Қайдан білесіздер?.. Қалай... Не деген даналық... шеберлік! Жаһанды олай тану деген! Қайдан... Қанша ойландыңыздар? Қайдан білім алдыңыздар? Сіздер қалай жеттіңіздер мұндай кемеңгерлікке?! Құпияларыңыз неде?! Өтінем сіздерден!.. Не болды, неге күліп жатсыздар?!

Жиде Кемеңгер:

-  Бауырым... Отырған орын жайлы, жол – ауыр, таңдау өзіңде. Осы ғана біздің бар құпиямыз. Аяғымыз бару керек жерге ойымызбен жетуге тырыспадық. Әлемнің жауабын сол жерге барсақ қана, көрсек, өтсек, сезінсек қана табатынымызды түсіндік. Мен орман іргесінде жиде барын білген жоқпын, сонда бармайынша. Мына кісінің де ойына кіріп шықпаған Алатаудың ар жағында көл бар екені, көзімен көрмейінше. Осы ғана біздің бар даналығымыз, шеберлігіміз.

Тау Кемеңгер:

-  Жұрт маған шүбә көзбен қарап сұрайтын: «Онда ештеңе жоқ болса ше?» - деп. Бір-ақ сұрақ болды жауабына: «Бәрі сонда болса ше?» ... Алатауды асып, айдын таптым. Оның алдында қанша тауды асып, ештеңе таппағанымды сұрағың келмей ме?.. Тапсам жеңдім, таппасам да жеңдім, менен кейінгілерге басқа жақтан іздеу керек екенін көрсетіп кеттім. Бір қадамым да бекер емес!

Жолбастар:

-  Мен... таңдадым. Мен де шығамын, барамын, табамын! Оған не керек? Жолға шығу үшін не керек?!

Жиде Кемеңгер:

-  Батылдық керек, және арманыңа деген адалдық керек. Арман тек соны өмірге әкелем деген амалмен қуатталса ғана арман! Әгәрәки олай болмаса, ол тек өзіңді алдау ғана, ойыңды сапырып жүргенде ғұмырыңның аяқталғанын байқамай қаласың! Айырмашылығын түсініп тұрсың ба: бірі – арман, екіншісі – өтірік. Қолыңда бір-ақ нәрсе қалғанын көресің – ол жауапсыз сұрақтарға шырмалған өкініш. «Істедім» деген өкініш өмірімізді мұңды қылды, бірақ біздің түбімізге жететін – «Істемедім» деген өкініш.

Тау Кемеңгер:

-  Өміріңді арзанға сатпа! Армандар болсаң ең жарық жұлдызды арманда!

-  ...

-  Сен әлі осында отырсың ба?!


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: