Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ЭССЕ
Киіктің киесі

Блогтар

25.09.2018
8031

Киіктің киесі

Екі аяқты мотоцикл мінген зулап барады.  Ойқыш-ұйқышқа қарамайды. Ұшып барады. Қайткенде табиғатты қорғаушы инспекторлардан құтылу керек. Жалт етіп, бұрылғанда, сай-жырадан ор қояндай ырғып секіргенде, артынан қуғандар ілесе алмай, кідіріп қалады.  Жылдамдықты азайтпастан,  мотоциклдің қапталына, арқасына байлаған пластмасс құтыдағы бензинді бакқа құйып, зулай беретіндігін қайтесің.  Ан 24 ұшағында  отырған мен ұшқыр ұрыаңшыдан көз алмай қараған сайын, оның көзсіз жүрекжұтқандығына таң қалып келемін.

Міне, ол тағы  жалт беріп бұрылды.  Жын ба, шайтан ба?  Екі қапталдан қысып, артынан қуып келе жатқан екі уазиктегілер аңырып тұрып қалды. Әуеден бақылап келе жатқан АН 24 ұшағы кері бұрыламын дегенше, көз алдымызда жоқ болды. Қанша үңіліп қарағанымызбен, таппадық.

Андрей Гусев, инспектор:

-Олар жер бедерін жақсы біледі. Талай қуғанда, жерге кіріп кеткендей, осылай жоқ болады. Ұстатпай қашады ғой. Сай –жыраға жата қала ма, жер астындағы ұраларға кіріп кете ме? Білмейсің, таба алмай қаламыз,-деп шынын айтты.

Түсіру тобы облыстық ішкі істер мен қоршаған ортаны қорғау басқармасы қызметкерлерінен құрылған арнайы жасақпен   киікті ататын ұрыаңшыларды ұстау операциясына шыққанбыз. Облыстың Байғанин, Шалқар, Ырғыз, Мұғалжар аудандары аумағын аралап,  ұшқан үш күндік рейдтің ішінде 10 шақты ұрыаңшыны ұстадық.  

Ресей әскерлерінен қалған  Ембі сынақ алаңы маңында жерасты катакомба қасына келгенде ұйыған қара қощқыл қанды көрдік.  Қасында 42 өлшемдегі кроссовканың бір сыңары жатыр.

  • Бұл –адамның қаны. Мотоциклмен ұшып, мерт болғанда, қасындағы серігі ішін жарып, ішек-қарнын алып тастайды да, артына байлап алып, әрі қарай  кете береді.  Бұлар сондай. Киік аулауға шыққанда  үй-ішімен қоштасып шығады. Әлде қандай оқыс жағдай болып,  мертіксе, көз жұмса, сұрауы жоқ. Серігі сүйегі мен тиесілі үлесін есігінің алдына тастап кете береді. Туысқандары ешкімге шағым түсірмей, жылып-сықтап жаназасын шығарып, жерлейді. Киік аулаушылар арасындағы жазылмаған заң шарттары сондай,- деп түсіндірді бізге кәнігі инспектор Марат Аязбаев. – Бастарын қандай қауіп-қатерге тігетіндерін жақсы біледі. Бірақ, ақша керек. Күн көріс керек. Киіктің мүйізі қара базарда мықты қымбат тұрады. Киікті ататындардан бұрын сол мүйізін сатып алатындардың жолын кесу  керек. Бұрындары тек  бірлі жарым адамдар ғана киіктің етінен қуырдақ жейміз деп ататын еді. Қазір көбейді. Киікті аямай қырып, бітірді. Баяғыдай сайындалада келе жатқанда, көліктің алдын кесіп өтетін киік жоқ.  Санаққа шыққанда, қаншама аудан аумағын, ұшақпен ұшып өткенде,  аздаған тобын ғана кездестіретін болдық.  Текелерін атып алса жақсы ғой, буаз аналықтарды да аямайды. Бұлар киіктің киесіне де қорықпайтын болды ғой.

Киіктің киесі демекші, сол  ұрыаңшылардың арасында киіктің киесінен қорқып, ұрыаңшылықты тастап кеткен кісі бар. Тұрар жұмыссыз қалған соң, таныстарымен бірге киік аулауға шыққан. Алғашында қызық көрді. Атқан жануарлардың обалы туралы ойламастан, кәдімгідей кәсіп санап жүрді. Бірде атқан оғы тиіп, құлаған жануарды бауыздамақ болып еңкейген еді. Жануардың  мөлдіреген көзі назарына ілікті. Шарасынан шығардай, бадырайып қарап тұр. Жүрегі солқ етті.

Қолында діріл пайда болды ма, қалай?

-Пісіміллә,-деді де қайта еңкейіп, пышағын тамағына тақап еді. Сыйқырлап қойғандай, көзі өзіне баурап барады..- Сенде жазық жоқ, маған күн күріс керек. Кешір, жануарым,-деп киіктің сауырынан қолымен сипады. Бұлшық еттері жиырылып, діріл қағып тұр екен.   Оқ тиген бүйірінен қан сауғалап тұр. Пышағын алды да, осып жіберді. Қанын әбден сорғытқан соң, ішін жарды.

-Обал-ай!- тарғылданып шыққан дауысын өзі танымай қалды. Бейне біреу айтқандай, жан-жағына қарады. –Қап, әттеген-ай. Буаз екен ғой. Кешірші мені, жануарым.

Күбірлеп жүріп, киіктің ішінен лағын суырып алды.

...Содан бері осы сәт Тұрардың есінен кетпейтін болды. Ұйықтаса түсіне кіреді. Кейде лағын ерткен киік адамша сөйлеп:

  • Не кінәм бар менің? –деп маңырап сұрайды. Көк терге малшынып, оянып кетеді де, содан ұйықтай алмай жатады.

Содан бері жолы да болмай қойды. Үш рет  киік аулауға барғанда,  рейдке шыққан инспекторларға ұсталды. Үш рет телеарна тілшілерінің камерасына ілікті, бұны киікті атқан ұрыаңшы деп жаңалықтардан көрсетті. Үйінен де береке кетті. Аяғы ауырлаған сайын келіні іш тастай берді. Бұл болса, көзімен жер шұқылап, барлығына іштей өзін кінәлап отыратын болды. Бір күні...

-Қой болмайды,- деді ол.- Киік деген киелі жануар деуші еді. Мені киіктің киесінің ұрғаны анық. Болмас. Жазықсыз жануарды қырып тапқан ақшам, маған ас болмас. Өзіме ғана болса бір сәрі, бала –шағама зияным тиіп жүрер.  Киік атуды қоюым керек.

Тұрар   ертемен тұрып, мылтығын, аңға киетін киімдерінің барлығын өртеп тастады.  Мешітке барып, дұға оқыды. Кенеттен көмейіне өксік тығылды. Еркінен  тыс көзінен жасы парлап барады. Егіліп отырып, дұға оқуын үзбеді.  Алладан кешірім сұрады. Мешіттен шыққанда, бойы жеңілдегендей болып,  үйіне қарай нық қадаммен кетіп бара жатты... Тұрар  қазір әкімдікте көлік жүргізушісі болып жасайды. Киік туралы әңгіме болған жерде отыра алмайды. Сыртқа шығып кетеді. Жыбырлаған ерніне қарап, «кешірші мен, жануарым» дееп айтып бара жатқанын  байқауға болады.


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: