Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
БІЛІМ
Марапатқа қолы жетпей кеткен...

Блогтар

19.12.2019
5758

Марапатқа қолы жетпей кеткен...

Қазіргі уақытта жұрттың марапатталып, орден алып жатсқаны таңсық болмай қалды. Ондайды көпшілік елең қылмайтын да болған. Ал бүгінде дүниеден өтіп кеткен байырғы ұстаздың сонау бір заманда министрге орден сұрап хат жолдағаны үлкен бір әттеген-ай оқиға еді.

 

Марқұм Әбдірахым Есқараев есімді зейнеткер ата 1977 жылы Қазақ КСР Оқу-ағарту министріне хат жолдаған екен. Онда қиын-қыстау кезеңдерде өзінің білім беру мекемелерін ұйымдастырып, өмір бойы ұстаздық еткенін айта келіп, үкімет еңбегін ескермегенін, жұрт сияқты марапатталмағанын жазыпты. Хатында былай деген:

 

«Мен 1913 жылы Қызылорда облысының Сырдария ауданында кедей-шаруаның семьясында туылдым. Жасыма жетпей анам өліп, Тәжігүл Бесбаева әжемнің қолында 12 жасыма дейін өстім. Ауылда бастауыш мектепті, одан кейін Қызылордадағы орталау мектепті 1929 жылы, ары қарай Шымкенттегі қысқа мерзімді мұғалімдер курсын бітіріп, 1930-1932 жылдары Леңгір ауданындағы «Бейнеткеш» бастауыш мектебінің оқытушысы әрі меңгерушісі болып істедім. Білімімді жетілдіру мақсатында Шымкент орыс-өзбек оқытушылар техникумын 1936 жылы бітірдім. Сонда қалалық оқу бөлімінің жолдамасымен Карл Маркс атындағы колхоздан бастауыш мектеп ашып, 1941 жылға дейін мұғалім әрі меңгеруші болдым. 1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттандым, одан 1945 жылдың тамызында оралдым. Келгесін Шымкент қалалық оқу бөлімінің жолдамасымен «Ақжар» мал бордақылау колхозының «Ақжар», «Айкөл», «Ынтымақ» бөлімшелерінен үш бастауыш мектеп ұйымдастырып, 1952 жылдың күзіне дейін сол мектептердің мұғалімі болдым. Осы бастауыш мектептердің негізін қалап, басқарумен бірге сайлау, халық санағы, үгіт-насихат жұмысы сияқты саяси науқандарға да атсалыстым. Қазір Карл Маркс атындағы мектеп сегізжылдыққа айналды. Ондағы альбомның бірінші бетінде менің суретім бар. Ал «Ақжар» бастауыш мектебі онжылдыққа айналды. Кейінгі кезде Бөген ауданындағы «Шымкент» жеміс-жидек совхозындағы орта мектепте еңбек еттім. Алайда менің кемшілікке жол бермей атқарған еңбегім бағаланбады. Түрлі мерекелік, мерейтойлық наградаларға да қолым жетпеді. Мектепте 43 жыл еңбек еттім. Зейнеткерлікке шыққанымнан кейін мектептен орын берілмеді. Өкімет пен партия еңбегімді бағалап, көңіліме жұбаныш болсын деп әрі балаларыма менен естелік-белгі болып қаларлықтай мені де жұрт қатарлы марапаттаса, Еңбек Қызыл Ту орденін берсе артық кетіп қалар ма еді? Өкімет пен партияның қамқорлығы арқасында сегіз бала-шаға өсірдім. Екі ұлым жоғары білімді мұғалім, қалғандары балабақша қызметкері, малдәрігер, электрик, крановщик дегендей мамандар. Ең кішілерім Әсия мен Жанар үздік оқушылар. Жұбайым совхозда жұмыс істейді. Қамқоршы партияға рахмет! 18. 11. 1977 жыл».

 

...Көрдіңіз бе, сол кезде де мұғалімнің еңбегі лайықты бағаланбаған екен. Қазір де сондай сараңдық бар.

 

С. Алдан.

 


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: