Блогтар
МЕНІҢ ОТАНЫМ
Туған жерім, Отаным Қазақстанның тәуелсізідік алу кезеңі көз алдымда өткен бақытты жанның бірі менмін. Еліміздің кешегісі мен бүгінін бөліп жарып айта алмайсың. Десе өзі қаһарман, еңбекқор, бауырмал, дастарханы сайын даласына тартқан қасиетті қазақ жұрты - бақ пен бақуатқа лайық халық. Осы орайда өзіме өмір мен тәрбие берген, ұрпақ сабақтастығын бойыма дарытқан, Отан, Ұлт, Ар-Намыс деген асыл ұғымдарды ата қаны, ана сүтімен болмысыма сіңдірген. әркімге де ардақты, өз ата-анама деген зор құрметті де ерекше танытқым келеді.
Анамның есімі Ғайнижамал. Жайшылықта Қайныш атанып кетті. Шаралы көздеріне қашанда мұң ұялаған, аққұба өңді, келбетті кісі болған еді. Жанарындағы мұң өле-өлгенше өшпеді. Аракідік бір ноқатқа тесіле қарап, отырып қалған сәттері әлі күнге көз алдымда. Анамның осы мінезін соңғы кезде өзімнен де аңғарамын. Әлдебір ой жетегіне еріп, түпсіз шыңырауға бойлап кеткендей боласың. Ол өткен өмірдегі орны толмас өкініштер ме, әлде ертеңге деген барлау ма біліп болмайсың...
«Мен байдың қызы болдым» деп отыратын-ды. Әжелері ноғайдың қызы екен. Өңінің нұрлы болуы да сол әжесінен сияқты. Тағдыр тәлейі туыстарынан ажыратып, ақыры адастырып тынды. Тек, аға-бауыр, әпке-сіңлім солар еді деп, кейін атақты біреулерді атап отыратын. Пенденің күйкі тірлігінен бауыр жаза алмай, сол туыстарын бір де бір рет көре алмай өмірден өтті. Анамның бойындағы аса бір бекзаттық, татымы жоқ өмір кешсе де оны топ ішінен еректейтін. Анамның атқа отырысы да ерекше еді. Сәл-пәл табиғи сәнқойлығы - жарасымдылығымен көз қызықтыратын-ды.
Ауыл әйелдерінің әлсін-әлсін шаштарын жайып жіберіп, көшеге шығып көршілерімен сыбасып алу сияқты сайыстары сол заманның бір кереғар ғадеті еді. Ондай кезде есікті тарс жауып алып, естімеуге тырысатын. Далаға қызықтап жүгірген бізді үйге қамайтын-ды. Абысын-ажы аралық қатынаста да анам татулықтың туын көтерді. Бүгін қай баланы кімнен тапқанын айтысып, ұрысып-жұлысса - ол жайсаңдардың ертең бір дастархан басында қайтадан пәтуаға кеп, шәй ішісіп отырғанын көресің...
Бала кезімде шешемнің байдың қызы болғанына намыстанатынбын. Санамызға кедей-кепшік болудан асқан арман жоқ деген ұғымды оңбай сіңдірген еді. Қазіргі тұрмыстарының өзі қалт-құлт тірлік қана ғой. Бірақ осы өмірлеріне өксіп, өткенді көксеген кездері есімде жоқ. Шағыл бетінде ойнаған ерке сағымдай көлбең етіп, өте шыққан бейнебір елес сынды ғана болар, алыста қалған сол дәурені... Тағдырдың ауыр жүгі олардың армандарын қос бүктеп, енді қайта бас көтертпестей еткен тәрізді. Олар армандауға да шорқақ еді. Барына қанағат еткен тәубашыл, сәл қызарса көз тиердей шошитын секемшіл жандар еді.
- Ашаршылық жылдары болатын. – деп анам есіне алатын-ды. – Үйге бір
бейсауат адам тосын кіріп келді. Келе тамақ сұрады. Быққан тары тұрған. Бір табақ қып алдына қойдым. Түріне қарасаң күбідей. Сөйтсем аштықтан ісініп кетіпті. Әлгі кісі қомағайлана тарыны асап, табақты басына көтере бере «Үх!» деді де сылқ етіп, кәннің түбіне құлай кетті. Ол көз шырымын алуға жантайған шығар десем жантәсілім берген екен...
Өмір мен өлім жаға жыртысқан соноу бір заман қазіргілерге ертек тәрізді. Жарты шелек су көтеруге жараған баланы қара жұмысқа жеккен қараң уақыт еді ғой - ол. Таң бозынан қара кешке дейін колхоз жұмысында қайыстай қатып, үйдегі шиеттей бала-шағаға талғажау бір уыс еңбеккүндік тары үшін бел жазбады. Оны да көздері көгеріп отырған балаларға қақалып-шашалмасын деп алдарына шашып тастайды. Бір-бірлеп тары теріп жеп тойған заман-ай...
Әкем екеуі бір отар қой бағып, талай жыл алдыңғы қатардағы шопан атанды. Менің есімде олар егде кісілер кейпінде сақталыпты. Малшылардың тұрмысы да тым жұпыны болды. Өмірбақи көші-қон. Бастарына ең қажетті деген дүние-мүліктерін ғана алып жүрді. Қор жинап, баю, тоғайу деген қаперлеріне де кірмепті, жарықтықтардың. Бәрін өкімет ойлайды, өкімет пен партия аш қалтырмайды. Десе де талай ауылдастарға қарағанда қоңды саналды. Бөлісері бар отбасы болды. Анам қолы ашық, көрші-қолаңмен араласқыш жан еді. Енді байқасам, сол келім-кетімдер біздің үйдің дастарханын көбірек жағалайды екен.
Мен бірінші сыныптан бастап елдің қолында тұрып оқыдым. Жетінші сыныпқа көшкен жылы анам: «Қойыңның құлағынан айналдым! Жалғыз баламды тентіретер енді жәйім жоқ!» деп ауылда бір жола қалуды ұйғарды. Бір жаздың ішінде шифер шатырлы үй бой көтерді. Өмірімдегі ең бір ыстық та бақытты кезең сол анамның бауырында болған жылдарым еді. Көрші-қолаң жиналғанда жас кездерін еске алатын-ды. Ақсүйек ойнап, жаяу жарысқа түскендерін айтатын. «Жүгіргенде екі қолыңа тас қысып алсаң, күш береді» дейтін анам.
Бірақ ол да бір-екі жылдан артып, ұзаққа бармады. Тағдыр мені ана алақанынан жұлып алып, өз бейнетімді шектірді. Ана байқұс қанатымен су сепкен қарлығаштай ғана дәрменде еді. Талай жыл тосыннан ұқсас дауыс естісем елең етіп, далаға жүргірткен сағыныш қайта соғып, сары уайымға айналды. Менен гөрі менің бейнетім анама қатты батты. Соның зардабы да нәубетті өмірінің табы да анамды ауру етті. Анамды есіме алсам өтей алмаған Парызым мен сарқылмас Сағынышым қарсы шығады алдымнан...
Әкем Самалбек өткен ғасырдың басында дүниеге келген екен. Әкемнің әкесі өмірден жас кетіпті де жетім қалған үш-төрт бала атасы Абыланбайдың қолында тәрбие алады. Ол, үлкен атамызға кілең жылқы ғана біткен киелі адам болыпты. Аса мергендігіне орай «Сұрмерген» деген атқа да ие болған. Сол өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары байлардың қатарына таңылып, итжеккенге айдалып кетіпті де сүйегі ит арқасы қиянда қалыпты.
Әкемнің бір әңгімесі есімнен кетпейді. «Бозбала кезім. Етектегі елге соғып, жайлау үстіне бет алғам. «Қызылдар» шығыпты дегенді естігем. Жалпы біраз жұрт арғыбетке қамданып жатқанынан мен де хабардар едім. Солармен ілесе кетпек ойым бар-тын. Өйткені атам да жылқысын жылдағыдан жоғары көтеріп, Қайрақты маңына жая бастаған. Ар жағында Жылысай, бір өзеншеден өтсең Арғыбет. Содан ел қоныстаған маңайға да таядым. Үй-үй болып өз орындарында тұр. Тек, бір ғажабы қыбыр еткен жан пендесі көрінбеді. Шет үйден бастап барлығын адақтап шықтым. Асулы қазан, жайыулы дастархан... Япырау, бұлар қайда босып кеткен, мал-мүліктерін тастап?! Сонымен бұл жерде жүрегім дауалап қала алмадым. Дайын тамақтың біразын дорбаға салып, қойныма тықтым да қалың қойтас пен жыныс ағашты сай табанын паналауды ұйғардым. Түннің бір шамасында тұсымнан бір сыбдыр шықты. Маған қарай беттеп келеді. Неде болса аюдың дәл өзі шығар?! Өлген деген осы ғой! Ағаштың басына өрмелеп шықпақшы болдым да аю болса одан да сыпырып алар деп бұққан жерімде жата бердім. Қорыққан адамның жүрегі гүрзі соққандай ұрады екен. Пыс-пыс етіп жаныма келгенде шыдай алмай: «Елмісің, жаумысың?!» деппін. «Елмін, елмін!» деді әлгі неме. Ол да мен сияқты қашып-пұсып жүрген біреу екен. Екеуміз қол ұстасып, сай-сайды сағалап Жылысайға да жеттік. Ондағы жарты ел арғыбет асып, аса алмағандарын «қызылдар» кері айдап келе жатыр екен. Солай қарағым, жарты ағайыннан айырылып, жұлым-жұлым болып, жұртымызға қайта оралдық...»
Отызыншы жылдарғы қызыл аштықтың ғазалдары бір бөлек әңгіме. Көрер жарығы болып одан да аман қалды. Соғыстың алдында Ақмола-Қарталы теміржолын салысуға жер-жерде үндеу тасталған-ды. Бұрынғы Алматы облысы, Андреев ауданынан екі адам ерік танытып аттанған. Соның бірі әкем Самалбек еді. Қанды соғыс. Жасы қырықтан асып кеткен әкем еңбек армиясына алынып, Шлябін танкі жасау зауытында соғыс соңына дейін жұмыс жасайды. Содан 1948 жылы елге оралып, Ғайнижамал шешеммен отау құрады. Жыл өткен соң мен дүниеге келіппін.
Өмірінің ұзақ жылдарын Энгельс атындағы колхозда шопан болып өткерді. Малшылар слетінде бағалы сыйлықтар алып, еңбек озаты атанды.
Сонымен қатар әкемнің бір беткей, адуынды мінезі оны көпшіліктің қамын жейтін азамат ретінде де танытты. Ел айта алмай жасқанған шаруаны әкем басшыларды мақтамен бауыздағандай етіп, дау-дамайсыз шеше алатын-ды. Бұл қасиеті – тек, өмір тауқыметінен ғана қалыптасқан мінез емес, сірә ата қанынан болар. Бесағайынды аталарын тегін еместігі үшін «Бесшоқпар» деп атаған екен. Соның біреуі Ырғалбек атамыз төрт дуан елге би болып, «Қызыл би» атанады.
Сол бала кезімізде әке-шешеміз өз ата-анасын еске алғанда күлуші едік. Осы кемпір-шалдың да ата-анасы болды ма деп... Енді міне сол күйді өз басымнан кешіп отырмын...