Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ӨЗ ОЙЫМ
ОЙ ТАМШЫЛАР - 3

Блогтар

14.05.2017
6874

ОЙ ТАМШЫЛАР - 3

ОЙ ТАМШЫЛАР - 3

ӘР ТҮРЛІ ОЙЛАР ТУРАЛЫ

 

Бір асыл әжеміздің әдемі мәтелін - көкейі ояуларға ұлағат болсын деп

айтайын: Сөз емес сөзді - кісі емес кісі айтады!
Ауыз өзіңдікі болғанымен, оны бұзатын басқа біреу – ( бұл менікі)

* * * * *

- Немереме бір желкең қиылғырлар зәмөк жалатып, тілінің бір қабат

терісі сыдырылып түсіп қап, бір ай болды бейнет көргеніне! - деп бір әже қатты налып отыр. 
- Не деген жаны ашымайтын иттің балалары! - деп қояды екінші әже.
Мен: - Ештеңе етпейді, ер азаматтың күні сол, кезінде бізге де ағаларымыз жалатқан. Одан өзіміз інілерімізге жалаттық. Дәстүр ғой...- деп көңілдерін аулаған болдым.
Олар маған Осының есі дұрыс па? дегендей осқырына бір қарады.

* * * * *

Ұятты жердің көркемдігі жұмбақтығымен ынтықтырмаса - сұлулықтан қадір кете ме деп қорқам...

* * * * *

Иістің түр-түрі болады... Кейбіреу әтір иісін сезбейді де қоқыр иісіне жетік келеді. Сондықтан оған аңқитын да мүңкиді...

* * * * *

Қазақта Жұғысты деген бір әдемі сөз бар. Мысалы: данышпандардың аттарын неше қайталап, солардың ұлағатты сөздерін талмай айта берсең, бірте бірте өзің де Данышпан болып кеткеніңді аңғармай қаласың...

* * * * *

Жас кезіңде басар белім, асар асуларым әлі алда деп, ұзын арқан, кең тұсау кеңшілікте жүрерсің, естір мақтауың мен көрер мадағың да әлем де әйдік тұрар... ал, жасың ұлғайып, соңыңда ирек-ирек іздер тасталып, маңдайың қыртыс-қыртыс ақылдың кеніне айналған шақта: Япырау, менің өмірімнің өзгеге өнегелік мәндеріне неғып үңілмейді? деп күйінетін кейбір сартістілер де болады. Тасаттық беріп жауғызған жаңбырдан - дер кезінде өзі төккен нөсердің көгі биік те бітік болары сөзсіз ау...

* * * * *

Соғысты бастан өткергендер ол туралы айтқанды қаламайды, тіпті, кешегі шектеулі соғыстарға қатысқан жауынгерлердің де басты тілегі: Соғыс болмасын!. 
Соғыс - өлім, азап, баршадан баз кештіретін бір күндік тәрізді қиямет тірлік, барың мен жоғыңды бағалатар да бағасын жоғалтар да қас-қағым сәт... өз тағдырың өзіңнен кеткен мұрындықталған күй... аш бөрідей торыған ажал ұлыған сайын өзіңді де ажалға айналдыра түсетін алапат... 
Жеңіс - соның бәрін ақтап алатын жалғыз ақиқат!

* * * * *

Дүниені әркім өзіне бұйырған көзімен көреді... Біреуі жақынды, біреуі алысты анықтар. Нақтылы көзқарас жаның алқымға тірелгенде ғана анықталар... Бірақ, ол тым кеш екені белгілі, сондықтан өзіңдей көрмеген өзгені сөге көрме...

* * * * *

Хайуанның қарны тойса, сірә бар арманы орындалды деген шығар... Пенде де сол ғой, күнделікті бітпес күйбеңнің ақыры жылы жерде жату, тоя тамақ ішу т.т... Ал саған не жетіспейді деп сұрарсың өзіңнен, егер әлгілердің барлығы бола тұра тағы бір нәрсені аңсасаң... Бұл қайдан жұққан сезім екен?! Әлде қара түнді кеулете ұлыған қасқыр да аңсаудан ұли ма? Иә, кейде ұлығың келіп кетеді-ау...

* * * * *

Кейбірдің маңына кісі жоламас, енді бірдің төңірегі думан той көрінер. Екеуінде де есеп болуы мүмкін. Жалпы пенде арасындағы қарым-қатынаста қайырымды есеп болмаса қазақтың Құрғақ қасығы аузыңды дал-дұл етер күндердің бір күні...

* * * * *

Сараңдықтың екі түрін айтып көрейік. Бірінші - жалпыға ұғынықты дүниеқоңыздың сараңдығы, ал екіншісі - тоғышарлықтан ада жанның өзіне қажет еместі, өзге үшін де маңызды емес деген бейқарасынан туындаған пікірді қате түсіну.

* * * * *

Адам өзінің бойының биік әлде аласа екенін тек салыстырмалы түрде ғана анықтар... сол сияқты ойдың да аласа биігі болады екен. Ондай ғажапты көкірегі керемет жандармен сұбхаттасып немесе оның хаттарын оқығанда танырсың. Сенен де терең, тұнық және жүректі ойлары таң қалдырар...
Әрине, тек әрқашан да таң қалуға өзің дайын болсаң ғана...

* * * * *

Өмір түгілі өзін жатырқаумен келе жатқан адамды әманда жатбауыр деп атар. Ол өзінің барлығына да күмәнді. Ол кімге керек екендігіне де күмәнді. Әрине, ол жауапкершілік дегенге өз көзқарасымен қарар, бірақ осыған дейінгі өзіне деген зейіннің ауқымымен ғана. Басты қателік осында. Оны өзін бағаламау немесе өз жанашырын қадірлемеу деп те айтуға болар...

* * * * *

Жалғыздық дегенге кейде үстірт қарап, оны бір кереметтей көреміз... Ешкім жетіскеннен жалғызсырамас. Әр адам яки пенде жалқы жаратылыс. Оны өзгемен қанша қосақтасаң да жеме-жемге келгенде өзегі өзге шығар. Сондықтан Жалғыздық деген баршаға ортақ күй. Ал жалғыз болмаудың жалғыз жолы Өзіңді тану дер едім. Егер сен Өзіңді танымай, Өзіңнің бар екеніңді аңғармасаң Жалғыздық деген сол.

* * * * *

Көк жиектің шегіне жету мүмкін болмаса – топастықтың да шегін анықтау неғайбыл-ау!.. Дұрыс сөйлегеннің барлығы ақылды емес дегендей, кей мақтаулар сенің бетіңе қарап айтылса да - оның бір зымы іштей бүгілмесіне кім кепіл? Ақылды адам: өзінің аңғарымпаз зейінінен өткізіп барып қана жағдайды не қабылдар, не қабылдамас. Себебі, алпыс екі тамырыңды тез иіткен «ғажап» - сондай жылдамдықпен суыта салады да...

* * * * *

Өзіңді тек, алу үшін бағыштау – өзіңді арзанға сатқанмен бірдей. Әсіресе әйел заты әсіреқызылдық танытса, ол – әудемжердік жолдас қана. 
Ал ермін деген өз ғажайыбын мінезбен емес кебу сөзбен танытса, ол - көл жиегінен құрақ көрмеген шөл.

* * * * *

Артыңда ел ескерер іс қалдырсаң: оны таңертең, түсте яки қас қарая жасасаң да еш маңызы жоқ. Себебі, Игілік кісі жатырқауы мүмкін, тек мезгіл жатырқамайды.

* * * * *

Өткен іс ақталу үшін... келер іс те сол ақталу үшін... тек бүгініңе ғана айып тағылуы мүмкін. 
Немесе:
Бүгініңе тағылған айыпты өткен ісің мен келер ісің ғана ақтай алар...

* * * * *

Кейде біз сырт әсердің ықпалынан ба, әлде, соған ұйыған өзіміздің менменшілдігімізден бе әйтеуір, қисыны келмеске қырсыға қызығып, тек өзіміздің ғана емес, өзге жанашырдың да берекесін кетіретініміз бар. Түлкіқұйрық дүние кіммен ауыз жаласпады, кімді сатпады... Қайта келместей есігін серпе жауып кеткендер де бар... Дәм-тұзын түгесіп, бұл дүниеден алты аласы қалмаса да тағы бір ертеңді тілегендер де бар... 
Егер мен жоқ болсам, бұл дүние де ешқашан болмағандай көрінер ме еді. Бұл дүниенің барлығы менің барлығымның куәсі ма, әлде... Дүниені көрдім, өзімді де көрдім. Солай болса, Мен - олардан бөлек болмыс болғанымда... Менің мекенім, тегім қайда?.. Басқалар да сол... Келдік, кеттік... Біз кеттік, дүние қалды дейміз. Иә, әркім өз дүниесінің ғана шамын өшірер, сірә...

* * * * *

Өмірдегі бар тәттілердің ішіндегі ең бір ерекшесі - Ашу. Оның тәттілігін тек өзіңнің жансүйер адамыңа күйінгенде ғана білесің. Оны майдалап үгітіп, қырық қайта тағы үгіткің келеді. Оны жан-тәніңмен сүйе тұра азапқа салғың келеді. Сол азапты өзің де шегесің. Сөйте тұра жалғай бересің... бірақ ешкім ешқайда кетпесіне кәмілсің. Егер өмір кілең бал татып тұрса онда екі күннің бірінде жүрек айныр...

* * * * *

Арба сүйреп жүрген өгіз мертіксе немесе қартайса мойынағаштан шешілер... Адам да солай - егер сұрап жатса ақылын айтар... Бұл заңдылық бұзылса - көш тоқтайды!!!

 


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: