Блогтар
Өлеңдер топтамасы
Махаббат мұңы
(Өлеңдер топтамасы)
Сезімімнің лайладың тұнықтарын,
Шын сүйгенің осы ма, сыр ұққаның.
Сен сындырған быт-шыт қып жүрегімнің
Құрай алмай жүрмін мен сынықтарын.
Енді менде не қалды қирамаған,
Ешкім мені дәл сендей қинамаған.
Қайғы, мұңды басыма үйіп-төгіп,
Сорын ғана бұл тағдыр қиған маған.
Енді менде не қалды бүлінбеген,
Арам шөп боп шықтың сен, гүлім деп ем.
Бірақ өзім өлгем жоқ: өлең-куә,
Өртең жерге мен ертең гүлімді егем!
***
Сен кеткелі
Жан-жүрегім шаттанып шалқымапты,
Көз-көлімде мұң-аққу қалқып ақты.
Жырын оқы, жанындай жақсы көріп,
Сені сүйген, сен сүйген «ақымақтың».
Сен кеткелі
Адыра қап алыста шуақты арман,
Жараланған жүрегім жылап қалған.
Айырылып күш, жігер, қуаттардан.
Есеңгіреп сенімім құлап қалған.
Білесің бе,
Шын махаббат қайғымен өлшенеді,
Сен де мендей мұңайып көрсең еді.
Сенде кеткен кіршіксіз сезімдерім
Жүрегімнің бір нәзік бөлшегі еді!
***
Жарылып енді ағымнан,
Жыр жазып сені сағынбан.
Ақ құсым едің, бақ құсым
Кеттің-ау ұшып бағымнан.
Сездіріп сезім соңғы тоңғанын,
Шырқайды жүрек соңғы әнін.
Бақыттың үркіп бақ құсы
Басқаға барып қонғанын.
Сезімді қайғы тұмшалап,
Жігерді үкті құм санап.
Басыма менің қонбастан
Қалайша кетті мұнша бақ?!
***
Аралар өлең гүлзарын,
Ғашықтың тыңда мұң, зарын.
Ұсынар саған жырға орап,
Сағыныш толы гүл-жанын.
Тым жақын, әрі бөтенмін,
Жанымды тербер бөтен мұң.
Сүйсе де сені көп адам,
Сағынып мендей өтер кім.
Жанымды тербеп жыр гүлі,
Жетектеп жүрек бүлкілі.
Кемпірқосақты көпір ғып,
Жетермін саған бір күні.
Бұл келген сонда кім дерсің,
Көзіңе өзің сенберсің.
Сөзімнен танып өзімді,
Сағыныш дертін емдерсің!