Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ПОЭЗИЯ
Оқылмайтын өлең

Блогтар

15.10.2019
4942

Оқылмайтын өлең

 

Ақ пен қара

 

Түн кетіп, күн шыққан ербеңдеп,
Ербеңдеп ақ, қара және Адам.
Жақын, алыс – жер мен көк,
Қарыс жақын  – жақсы мен жаман. 

 

Шындықпен жүздессең күнде сен,
Қасында бір егес, бір елес.
Көк, жасыл түс десең (күлмесең,)
Ақ, қара – түс емес.

 

Кемпірқосақ бояуы жеті ме, солай деп жүреміз?!
Өтірік айтады. Санынан жаңылған!
Ақ, қара бетіне, тек соны білеміз,
Шексіз түс жағылған.

 

Неліктен Жер – қара, Аспан – ақ, 
Түс емес, солай ғой түсінік?!
Өмірде олар тек қос қанат,
Жалғанған үзіліп!..


 

Оқылмайтын өлең

 

Ай санап жылды, күн өтті...
Кеудені тырнап шемен жыр.
Быт-шыты шыққан жүректі,
Тас-талқан қылған өлең бұл...

 

Жұлқылап алып сананы,
Оянар ойлар таң атпай...
Уақыт та кетіп барады,
Алды-артыңа қаратпай.

 

Уақыты өтіп, тозғанмен...
Аласадан төмен жыр.
Өзің жайлы жазғанмен,
Оқылмайтын өлең бұл.

 

 

ХХХ

 


Бұл болған оқиға,
Ертеде...
Бір ісік пайда боп желкеде.
Атам бар,
Бес-алты жастамын,
Келеміз түйеде,
Ол – кеме.

 

Реті солай ма оның да,
Сусын жоқ түйенің қомында.
Таңатпай айналған сағымға,
Үш қара,
Бет түзеп қорымға.

 

Шеті жоқ ендала көргенім,
Жоқ болып кеткен бе ел дедім.
Жол ұзақ.
Үш қара.
Кешқұрым.
Мазамды алады шөл менің.

 

Жарбайға  Атам да тебінді,
Содан  соң  сөйледі  сенімді:
Ауылға келдік біз дегенде,
Алдымнан мазарлар көрінді.

 

Қастерлеп көненің мұрасын,
Мұнда да ауыл деп ұғасың.
Ал Атам бір тамға енді де,
Тым ұзақ оқыды дұғасын.

 

Бір үрей билеген бойымды,
Дұғаның сазымен жойылды.
Өзді-өзі,
Дастархан жайылды,
Тағам мен сусындар қойылды.

 

Ертегі тілінде айтатын,
Аңыз деп,
Басымды шайқадым.
Қалжырап ұйықтаған...
Таң ата,
Орны жоқ ісікті байқадым.


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: