Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
РЕЦЕНЗИЯ
ОРХАН ПАМУК. СЕЗІМ МУЗЕЙІ

Блогтар

18.07.2017
19741

ОРХАН ПАМУК. СЕЗІМ МУЗЕЙІ

ОРХАН ПАМУК. СЕЗІМ МУЗЕЙІ

Орхан Памукпен алғашқы таныстығым сәтті болғаннан кейін “Фолиант” баспасына барып, қазақшаға аударылған (аударған Маржан Ершу) келесі кітабы “Сезім музейін” алдым. Бұл – Кемал деген жігіт пен Пүсін деген қыздың басынан өткен махаббат оқиғасы суреттелетін кітап. “Менің атым Қырмызыға” қарағанда оқылуы оңай, оқиғалары да жеңіл өрбиді. Сонысына қарамастан кітап маған түрлі-түрлі эмоция сыйлады. Арасында жалыққан тұстарым да болды, ашуымды шақырған дүниелер де кездесті, тіпті Кемалдың махаббатына сенбеген сәттерім де көп еді. 

Кітап “дүниенің негізі - сүйіспеншілік” деген ойды жеткізуге барын салады, соны оқырманына дәлелдеуге тырысады. Автордың өзі бұл кітабы туралы “Махаббатты жеңіл-желпі баяндағым келмеді. Махаббаттың сүйініші мен қуанышын ғана емес, қайғы-қасіреті мен жан азабын да сезіндіргім келді”, - дейді. Памуктың мақсаты орындалды деп ойлаймын. Кемалдың жан азабына ортақ болмай көр! Оның жалғыздығы жаныңа батпаса, жүрегіңе салмақ түспесе, маған кел! 

Бірақ кітаптың соңы, яғни финалы керемет! Кемалдың: “Бәрі де білсін! Мен өте бақытты ғұмыр кештім. Мен өмірде махаббат деген құдіретті сезімге бас идім! Сол үшін де бақыттымын!” – деуі, оның өмірбойы көрген бүкіл қайғы-қасіретін жуып, оқырманның да еңсесін басқан ауыр жүкті арқасынан аударып тастағандай болады. Әп-сәтте жаның жадырап, ғажап бір әсерге бөленіп сала бересің. Жалпы байқаймын, Памук шығармаларына нүктені әдемі қояды. Ал “Сезім музейінің” нүктесі кітапта ғана қойылып қалмай, өмірде де шындыққа айналғанын айтсаңызшы. 

Яғни Орхан Памук өз кітабының кейіпкерлеріне арнап, Ыстамбұл қаласынан “Сезім музейі” аталатын музей ашқан. Оған Нобель алғанда берілген мол қаржының бәрін жұмсаған. Музейді Шұқыржұма көшесінен, яғни Пүсін тұрған үйден жасаған. Онда кітапта суреттелген заттар мен кейіпкерлері тұтынған дүниелердің барлығын қойған. Ең кереметі, Памук “Сезім музейіне” шын музейінің картасына дейін енгізіп қойған. Сосын музейге кіретін билеттің де суреті бар. Бұл кітапты оқыған жан, осы кітабымен музейге келіп, жаңағы кітаптағы билетті көрсетсе, тегін кіре алады. Памук бәрін жақсылап тұрып ойластырып қойыпты. 

Бүгінде Орханның оқырмандары Ыстамбұлға барса, бұл музейге соқпай кетпейді. Күндердің күнінде жұбайыммен бір-бір кітапты құшақтап алып “Сезім музейіне” бірге барсақ, Кемал мен Пүсіннің махаббатына ғана емес, сүйікті жазушым Орхан Памукқа деген де құрметімізді солай білдірсек деген арман менің де көкірегімде оянды... ☺ 
Ыстамбұлға барғым келеді... 
“Сезім музейін” көргім келеді... 
Әрине, жалғыз емес...

#МарфуғаШапиян
#1жылда100кітап
#005кітап
#кітапоқыпжарысайық
#bookisthebestfriend
#кітапtravel


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: