Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ЭССЕ
Орынбор күнделігі: Ахмет Байтұрсынұлының ізімен - 3

Блогтар

08.05.2019
6428

Орынбор күнделігі: Ахмет Байтұрсынұлының ізімен - 3

Орынбор күнделігі: Ахмет Байтұрсынұлының ізімен - 3

 

ІІI. Керуен сарай сыры

 

Орынбордағы Алаш зиялыларына қатысты тарихи жәдігерлерді сөз еткенде, Керуен сарай кешенін айтпай кетпеуге болмайды. Қазіргі таңда сарайда башқұрт халқының мәдениет орталығы жұмыс жасайды. Орталықтың шырақшысы – Жанғабылова Гүлима Салахиянова, башқұрт қызы, қазақтың келіні.

 

Керуен сарайда қазақ арыстарының ізі қалған, рухы сақталған. Біріншіден, Кереуен  сарай кешенінде мешіт орналасқан. Екіншіден, кезінде «Қазақ» газетінің баспаханасы осы кешеннің ішінде болып, Ахаңдар жұмыс бабымен бұған талай бас сұққаны анық. Үшіншіден, жергілікті өлкетанушылардың айтуынша, осы жерде Заки Валиди бастаған башқұрт, татар халықтарының басшыларымен Алаш көсемдері бас қосып отырған. Олардың сол бір алмағайып замандарда оңаша қалып, кеңес құратын шағын бөлмесін шырақшы Гүлима Салахияқызы кішігірім кітапханаға айналдырған. Онда мұсылман халықтарының көсемдері туралы туындылар жинақталған. Киелі рух қонған жерде дәм ауыз тиіп, мешітте Алаш көсемдеріне құран бағыштап, дұға жасадық.

 

data-cke-saved-src=/upload/318/2019/05/08/5ab85c207f78ec1f6f622aa6497d2937.PNG

Кереуен сарайдың кіре берістегі сыртқы келбеті

 

Керуен сарай кешенінің салыну тарихы қызық. Кешен 1842 жылы пайдалануға беріледі. Құрылыс салар жер телімі башқұрттардың 1812 жылы француз-орыс соғысында көрсеткен ерлік істері үшін сол кездегі Орынбор генерал-губернаторы В.Перовскийдің пәрменімен сый ретінде беріледі. Генерал-губернатордың башқұрттарға түскен мейрімінің сыры мынадай: француз-орыс соғысында В.Перовский француздар қолына тұтқынға түседі. Оны башқұрттардан құралған атты әскери полк Парижде босатып алады. Соғыстан кейін В.Перовский Орынборға генерал-губернатор болып келген кезде (1833 жылы), башқұрттардың сыйлы адамы Курбатов Қаһарман губернатордан «қалаға келген башқұрттар қаңғып жүрмесін» деп пансионат салу үшін жер сұрайды.

 

 

data-cke-saved-src=/upload/318/2019/05/08/d43eb4731c2bb6899ebb2de1b1c20d40.PNG

Кереуен сарайдағы мешіт

 

 

Башқұрттардың соғыстағы ерлігіне тәнті болған В. Перовский оларға бекініс сыртындағы бос жерлерден орын береді. Сөйтіп, Керуен сарай кешені қолға алынып, оған мешіт, асхана, жатын орындар салынады. Кешенді құрылысты салуға башқұрттардан басқа мұсылман халықтары да көмектескен. Мысалы, Бөкей ордасының билеушісі Жәңгір хан да қомақты қаражат қосқан. Көптің көмегімен салынған салынған пансионат талай мұсылман баласына пана болады. Орынборда интернат типіндегі башқұрт-орыс мектебі ашылғанда, шәкірттер осы пансионатқа орналасады.

 

 

data-cke-saved-src=/upload/318/2019/05/08/d55f2eddddf62915a55dd513345cdf48.jpgКеруен сарайда мұсылман халықтары көсемдерінің бастары қосылып, кеңес құратын шағын бөлмесі

 

 

Керуен сарайдың салыну тарихы ХІХ ғасырдағы патша үкіметінің  «бөгде жұртқа» қатысты ұстанған саясатының бір ұшығынан хабар береді. Біраз жылдарға дейін орыстар тарапынан салынған қалаларға православия дінінен бөлек жұртқа тұрақты тұруға, қоныстануға тыйым салынып келген. Қалаға тұрақтап тұруға «бөгде жұрт» арасынан патшаға сыйлы кісілерге ғана рұқсат берілген. Мысалы, Қостанай қаласының орталығына қазақтардың қоныстауы мүлдем мүмкін болмаған. Қазақтар, православия дінінен бөлек өзге жұрттар секілді, қаланың табиғи шекарасы болып табылатын қос сайдың сыртына ғана орналаса алатын болған. Қос сайдың бірі – Әбілсай, екіншісі – швейцарлық кәсіпкер Лоренцтің сыра зауытының жанындағы терең сай. Сондықтан Қостанайдағы алғашқы көне мұсылман мешіті, татар базары (Нариман базары), Қазақ көшесі, мұсылмандар қорымы - бәрі Әбілсайдың сыртында орналасқан.

 

ХІХ ғасырдың соңында патшаға аса сыйлы, Ресейдің кез-келген қаласында бизнес жүргізуге рұқсаты бар І гильди деңгейдегі  көпес дәрежесі ағайынды Яушевтердің беделі мен іскерлігі арқасында Қостанайға сәулетті мешіт, сауда орталығы салынады. Ал Алматыдағы қала паркіне «қырғыздар мен иттерге кіруге тыйым салынады» деген ескертудің болғанын біраз жұрт хабардар деп санаймыз.

 

Орынборда Алаш зиялары араласқан, қазақ тарихы мен руханиятына өшпес із қалдырған тұлғалар тұрған. Солардың бірі – өнертанушы А.Затаевич. «Қазақтың 1000 әні» атты жинақ қалдырған атақты өнертанушының тұрған үйі қазіргі Ленинская көшесінде екен. Үйге белгі соғылып, көрер көзге қадыр-қасиеті айқындалған (4 сурет). А.Байтұрсынұлы Орынбор кезеңінде қазақ әндерін нотаға түсіру үшін А.Затаевичті Наркопростың ғылыми бөліміне аккомпониатор етіп алып, әрбір нотаға түсірген әнінің ақысы ретінде 2 фунт нан паек бергізіп отырған және өз тарапынан қазақтың халық әндерін орындап, оны жазбаға түсіруге тікелей көмектескен. Анық көз жеткізем дегендер, 1925 жылы Орынборда жарық көрген А.Затаевичтің «Қазақтың 1000 әні» атты жинақтағы автордың түсініктемесімен және Т.Тугайдың кітабындағы деректермен танысуына болады.

 

Бұл мәселеге қайта соғып отырған себебіміз, Ахаңның есімі ақталған алғашқы жылдары оның А.Затаевичпен шығармашылық байланысына сүйене отырып кейбір азаматтар А.Байтұрсынұлын компазитор деп таныды. Қазақ фольклорлық музыкасындағы халықтық бояуы қалың әуен, ұйқас, мәтінмен айшықталатын әндерді атақты тұлғаға телеп жүрді. Соңғы кезде Орынборда табылған жазба -А. Байтұрсынұлының «Файзолла ақынға жазған хаты» деп, Хамитбек Мұсабаевтың туындысын таратып, сол үшін қызу айтыс-тартыс жасап жүргендер бар. Нақты құжаттарға негізделмеген мұндай жеңіл бағалардан, абырой әкелмейтін әрекеттерден біздер аулақ болуымыз қажет. Алаш мұрасы арзан мақтау мен қолпаштауға мұқтаж емес.

 

Орынбордағы жәдігерлердің құнды қазынасы, әрине,  архив мұрағаттары. Орынбор архиві екіге бөлінген. Бірі – 1917 жылға дейінгі құжаттарды сақтаған «Орынбор мемлекеттік облыстық архиві» болса, екіншісі – 1917 жылдан кейінгі құжаттар сақталған «Орынбор мемлекеттік Әлеуметтік-саяси тарих архиві». Экспедиция мүшелері екі архивте де өндіре жұмыс жасады. Көне сырды бүгіп жатқан мұрағаттарды «сөйлету» - зерде безбеніне салып, асықпай талдайтын жұмыс. Әзірге, Орынбор сапары туралы алғашқы әсерлерден туындаған жазбаларымызды осымен тамамдаймыз. Алмасбек Әбсадық.


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: