Өз өлеңдерім.

08.11.2026 99

ЖАЯУ МҰСАҒА АРНАУ.

Сөз қозғасам сен жайында жаяу Мұса,

Өмірден өттің ғой сен болып құса,

Мен келемін күнде сенің жаныңа,

Отырып азырақ бір демалуға.

Сен бірақ сөйлемейсің, тас мүсінсің,

Қарап тұрсың көз тастап сонау алысқа,

Бейне бір ұрпақтарың қамын ойлап,

Тұрғандайсың шомып бір терең ойға.

Тағдырың сенің болған қиын да,

Жетімдікті көргенсің бала шағыңда,

Анаңнан ертерек сен айрылғансың,

Өскенсің ағайыныңның қолында,

Қашып кетіп бозбала шақ Қызылжарға,

Сонда жалданып жұмысқа кірдің бір байға,

Сол байдың бағып қақтың бүкіл малын,

Жауап бердің үй ауласының тазалығына.

Сөйтіп жүріп өз бетіңше хат таныдың,

Газет- журнал, кітап алып оқыдың,

Өзіңді баулыдың ақылменен ойлауға,

Және түрлі музыкалық аспаптарда,

Үйрендің сен шеберлікпен ойнауға,

Домбыра, сырнай, қобыз бен скрипкада.

Ауылыңа көзі ашық азамат болып оралдың,

Халқыңды сауаттындыруға ат салыстың,

Би – болыстардың парақорлығын әшкерелеп,

Сұлтандардың зорлығына шағымдандың,

Сен халқыңды арылтқың келді надандықтан,

Жарыққа шықсын дедің қараңғылықтан,

Оятқың келді жұртыңды қалың ұйқыдан,

Құтқарғың келді зорлық пен тар қапастан,

Алайда сұлтандар саған түрлі жала жауып,

Үстіңнен бүлікшіл деп арыз жазып,

Туған жерден аластатып жер аударғызды,

Өз еліңде жүріп тұруға тыйым салғызды,

Сен тұтқында болып, одан әскерге алындың,

Латвия, Польша мемлекеттеріне дейін бардың,

Тағдырыңда қиындық көрсең де бәріне төздің,

Ақыры жасың ұлғайып туған жерге оралдың.

Кезіңде мықтылар саған қиянат қылған,

Астыңдағы атыңды тартып алған,

Аттан түсіп қара жаяу қалғаннан соң,

Атың содан Жаяу Мұса боп аталған,

Әнші, ақын, сазгер болдың өз заманыңда,

Халық жазған әндеріңді аузынан тастамады,

Сүйсініп айтқан кезде «Ақ сисаңды»,

Жасыбай көлінің жағасында қалықтады.

Сен  қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап,

Заманыңның арманын әнмен бедерледің,

Ұмытылмай ғасырларда есте қалу үшін,

Тас мүсін боп сәулетші қолымен бейнелендің.

 

Автор: Ералы Есімов.

 

Армысыңдар көзкөргендер!

 

Армысыңдар, бармысыңдар көзкөргендер!

Жұмыста және өмірде бірге жүргендер,

Амандықпен жүрмісіңдер жер бетінде,

Болашақта, жақсы өмірге сенгендер,

 

Өздеріңмен кезінде қатар жүрдік,

Өмірдің қиындығын бірге көрдік,

Мойымадық қиындық пен жоқшылыққа,

Болашаққа деген үмітпен өмір сүрдік,

 

Қайта құру заманын да көрдік,

Талонменен тұрдық кезекте де,

Жарық, газ, жылу жоқ кезеңдер болды,

Болды  жұмыссыз жүрген кездер де,

 

Қирап қалған көрдік зауыттарды,

Қаңырап қалған цехтар мен фабриканы,

Көрдік құны жоқ сабан ақшаны да,

Құлып салынған бала бақшаны да.

 

Жекешелендіруді көзіміз көрді,

Қолымызға купон чек деген берді,

Көп жылдардан кейін рахатын көресің,

Қолыңды жылы суға малып отырасың,– деді.

 

Небір ғимараттар мен сауда үйлері,

Балабақшалар мен зауыттар,

Клубтар мен оқу орындары,

Жекелердің меншігіне өтті.

 

Халық бұл науқанға қатыспады,  

Өйткені оның парқы мен мәнін түсінбеді,

Болмаса қаражаттары болмады,

Қаңырап қалған дүниеге қызықпады.

 

Акимат деген басқару жүйесі құрылды,

Оларға әкімдер сайланды,

Өтпелі кезең, нарық жүйесі қоғамға енді,

Бизнесмен деген пысықтар пайда болды.

 

Жаңа дәуір басталды елімізде,

Болашақта бәрі дұрысталад деп сендірді,

Енді бір 20 жылда Арабтардай  өмір сүреміз деп,

Көсемдер халықты алдап лепірді.

 

Содан бері 30 жылдан аса уақыт өтіпті,

Біздерге де зейнет жасы жетіпті,

Бірақ заман әлі күнге оңалған жоқ,

Халықтың жағыдайы түзелмеді.

 

Ұрылар ел байлығын тонап жатыр,

Тонап алып шет ел асып қашып жатыр,

Қара халық кедейліктен шыға алмай,

Қарызға белшесінен батып жатыр.

 

Байлар байып, рахат өмір сүріп жатыр,

Кедейлер күнін әзер көріп жатыр,

Аңсаған жақсы өмірге жете алмай,

Бұл өмірден талай жандар кетіп жатыр.

 

Көз көргендер, бармысыңдар өзі сендер,

Өтпелі кезең қиындығын бірге көргендер,

Жүрмісіңдер есен – аман тіршілікте,

Болашаққа жақсы өмірге сенгендер.

 

Сендерге енді менің тілейтінім,

Қалған жерде аман болып жүріңдерші,

Немере-шөбере қызығын көріңдерші,

Өтінемін, тек ертерек өлмеңдерші!

 

Автор: Ералы Есімов.

 

Пікір қалдыру: