Блогтар
Пейіштің самалы
Өткен күнде белгі бар дейді біреулер. Ал, менің өткен күндерімде не қалды?..
Ештеңе... Еске алардай не бітірдім?.. Кімге жақсылық жасадым?
Тек сенің есімің ғана тайға таңба басқандай жүрегімде жатталып қалыпты. Бейнең ғана көз алдымда, БЕК...
Сол күн есімде... Сары күз салтанатын құрғанмен біздің жақ та сенің Ташкентіңдей ып-ыстық тұғын. Күні бойы аптапқа қақталған тас қабырғалар ыстық дем шығарып тұрған. Анда-санда ғана балконның аппақ пердесін үрлеп қоңыр леп еседі.
– Күздің қоңыр лебі, қандай рахат, – деймін мен салқын лепке жүзімді тосып.
– Бізде мұны «пейіштің самалы» дейді, – дедің сен.
«Пейіштің самалы». Қандай әдемі теңеу.
Пейіштің самалы тербеген жәннаттың жұмақ бағында екеуміз-ақ едік. Екеуміз... Сен алғаш рет ернімнен сүйдің.
- Анамды саушылыққа жіберемін, – дедің сен.
Мен үнсіз қалдым. Бұл мүмкін емес қой... Мен... мен қазақпын, ал сен...
Өз ойыммен өзім арпалысып отырмын.
- Бұған не дейсің?
- Бұл мүмкін емес.
- Неге?! Біз бір-бірімізді сүйеміз ғой.
- Бұл себеп емес.
- Білем, ұлтымыз басқа, бірақ екеуміз де бір мұсылманның баласымыз ғой. Қазақтың қыздары кәпірге де кетіп жатқан жоқ па?
- ?...
Сөзің сүйегімнен өтті. Не деймін? Бұл шындық. Бірақ, мен олай істей алмаймын.
Ашуланғаның білініп тұрды. Сондықтан да сұлусың-ау. Мінезіңдегі еркелікті білдіріп тұратын сәл ғана дүрдиіңкі үстіңгі ерніңді тістеп алыпсың.
- Сен мені шынайы сүйесің бе? – дедің жаныма жақындап. Ыстық демің алқымымды шарпыды. Сондай ыстық, сондай жақын. Жүрегімді ауыртты.
- Мен ұлтымды сүйем...
Тілімнің ұшында тұрған сөзді айтып салдым. Ал , ділім...
Сен түсіндің. Үнсіз ғана балконға шығып кеттің. Жанарымдағы бір тамшы жас жерге құлады. Өлді...
Қиыр шеті қырмен жалғасып кеткен біздің қап-қараңғы қалашыққа жұлдыздар ғана меңіреу сәуле шашып тұр. Күндегідей ай да жоқ. Темекі тұтаттың. Оны да ойланып тұрып терезенің темір жақтауына мыжғылап өшірдің де бөлмеге ендің.
Ескексіз қалған қайықтай мен тұрмын.
Маңдайымнан сүйдің. Кете бардың. Енді жатпыз дегенің шығар.
Одан бері де талай жылдар бетін жасырыпты. Сен тастап кеткен теңізде әлі тұрмын. Е олай емес, е бұлай емес... Ескек жоқ.
Сен әлдеқашан балалы-шағалы болған шығарсың. Хабарласпадың. Ал, мен...
Мен ұлтымды сүйдім. Бірақ, ұлтымның сендей бір ұлын сүйе алмадым. «Жүрекке әмір жүрмейді» дейді біреулер. Рас та шығар. Бірақ, ұлтыңды сатуға болмас.
Сол кездегідей алтын күз біздің өлкеге тағы салтанатын құрды. Сол күнгідей қоңыр кеште алыс-алыстардан қоңыр леп еседі. Пейіштің лебі...
Пейіштің самалы...
Бақтыгүл АУДАНОВА.