Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ПРОЗА
ҚАЙРАН ҚҰЛАМ

Блогтар

26.05.2017
6568

ҚАЙРАН ҚҰЛАМ

ҚАЙРАН ҚҰЛАМ

(Әзіл әңгіме)

«Шәйтан азғырса адамның алжасуы да оп-оңай ғой! Ел естісе күлкі-мазақ қылар, айналайын, өз арамызда қалсын» деп бір ағамыз ішіне симай жүрген шерін өзімсініп айтқан еді.

-         Мына маған көрші, бір жағы құда, бір жағы ағайындас – Нұрсат, өзің

білетін құла атыма көзі түсіп, кенедей жабысқаны. «Ағатай, құдеке, осыңды маған бер, үйдегі үш жылқының ұнағаны сіздікі!» деп екі күннің бірінде қолқа сап, шыр көбелегімді айналдырды.

Кей жылқының сусылдаған сұлу аяңына - желіскер, жорғаң да ілісе алмайды ғой. Қайран құлам сондай еді! Мүмкін оның қолқасына көнбес пе едім, қолтығыма соның тете інісі су бүрікпегенде. Нұрсат мінезі дойырлау, ақылдан гөрі шатаққа жақын, шарт та – шұрт емес пе. Әлгі інісін құдайдың құтты күні бас сап сабап жатқаны. О соқтандай неме бала құсап өңіреп, біздікіне кеп мұңын шағады. Тегі, елдің жеке меншік ұсақ малын бағатын.. Қойды неге ерте әкелесің, кештеу келсе, неге кеш әкелесің деп аяғының қия басқанын аңдып, отырса опақ, тұрса сопақ еткен көрінеді.

Бір күні әлгі інісі: - Ағатай, маған жаныңыз шын ашыса, өшімді алып беріңізші. – деді.

-         Өй, кеңкелес, оған үш-төртеу боп жабылмасақ, бір мені бұт-бұт, қол-

қол қып жан-жаққа шашып тастамай ма!

-         Аға, сіз иә десеңіз мен бір амалын таптым. Мектепте өзіңіз білесіз

үлгерімді болдым, обалым оқуға жібермей әдейі мал бақтырған ағама тисін! Былай. Павловтың ілімі бойынша «шартты рефлекс» деген бар. Ағамның бір сүйкімсіз ғадеті: қашанда түкірініп жүреді. Оның көзі сіздің құлаға түскен екен, алмай қоймайды. Қорадағы малы түгілі сол үшін еркіне жіберсе, жеңгемді де жетектетіп жіберуден тайынбас. Мына ұшы өткір темір кір қыстырғышты алыңыз да құланың құлағын кірш еткізіп қысып қалып, «туф» деп түкірініңіз. Сөйтіп әр қысқан сайын түкіре беріңіз.

Әлгі жүгірмектің айтқанын ақымақ басым екі еткем жоқ. Осының сандырағын көрсем-көрейінші деген ынтызар да қысты. Мүмкін Нұрсаттан да құтылармын. Содан құланың құлағын қыса-қыса, түкіре-түкіре дегенімізге жеттік. Тіпті, көшеде бейсауат біреу «тфу» десе болды аспанға шапшып, мөңкитін болды. Өзім де түкіруден құр алақан емес едім, енді сілекейімді ішіме жұтуға тура келді. Түкірейін деп тұрған біреуді көрсем, атымды көлегейлеп қашатынды шығардым. Ұзын сөздің қысқасы, қайран құламды өзім мінуден қалдым. Енді Нұрсатқа бергеннен өзге амал жоқ.

     Нұрсаттың қуанышы қойнына сияр емес. Алған күні-ақ ерттеп мінді. Атқұмар адамды қойсаңшы. Тізгінді қағып жіберіп, ғадетіне басып «түф» дегенде, құла басын қайқаң еткізді. Нұрсат қаперінде түк жоқ. Тағы жиілетіп: «түф-түфке» салып еді, құла аспанға шапшып, Нұрсатты жерге алып ұрды. Ешнәрседен бейхабар ол, ауырсына түрегеліп, үсті-басын қағынды. Сосын шап айылы шатына тиіп шамданды ма дегендей, айылын босатып, қайта тартып, ар жақ, бер жағына шығып сипақтады да тағы мінді. Әлгі жүгірмек екеуміз деміміз ішмізде, бір жағы күлкі қысса, екіншіден дойыр неме сезіп қалса ұрып өлтірер деп, іші-бауырымыз да қалтырайды. Қойшы, Нұрсат тебініп қап ауладан шыға тағы түкірінгені. Тулағанның көкесін құла енді көрсетті! Сүйегі ауыр етженді жігіттің қайқайып, құлаштай құлағаны қандай жаман еді. Осының кеселінен құдам екі ай көзі бозарып, бәлнисаға жатып шықты. Жазым деген оп-оңай ғой, ұршығы орнынан тайып кеткен болар сірә, кешегі сымбатынан жұрдай болып, шойнаңдады да қалды.

Ана жүгірмек қашып қала түсіп кетті де, әйтеу бір оқуға ілігіпті деп естідік. Нұрсат құланы келген күні Қаратастағы пәзендейір Елеусізге саудаласпай-ақ сатып жіберді. Ол да сол түкірінем деп неше омақаса құлап, жылқы болып жарытпасын білген соң біраз жемдеп, соғымға сойыпты.

Пайғамбар жасына жеткенде баламен бала болам деп, қылып жүрген қылапатым осы! Қайран құлам пышаққа ілігіп, құдам «шойнақ» атанды. Көшеден құла ат көрсем: жүрегім шаншып, көзіме шып-шып жас келеді.  

 


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: