Қаралы күн

26.09.2026 46

Қаралы күн

 

Қара бұлт аспанымды торлады-ау,

Тәңірім-ау, бұл не деген сор болды?!

Каспийдің ашуланған асау суы,

Он төртім қыршын гүлді солдырды...

 

Кеттіңдер ерте солып, құлыным-ау,

Қиылды бір сәтте-ақ бұрымың-ау.

Су астынан «ана» деп шыққан дауыс,

Тұншығып қалды ма екен, жұлыным-ау?!

 

Көк теңіз, неден мұнша қатыгез ең?

Ажал боп неге келдің ерте кезден?

Он төрттей періштені жұтып қойып,

Толқисың қалай ғана бейқам жүзбен?!

 

Ойнақтап шығып едің үйіңнен сен,

Айналдым күлкің менен күйіңнен мен.

Сөнді де ошақтағы соңғы үмітім,

Айрылдым алтын айдар, ерімнен мен.

 

Қос қанат қиылды-ау, ұша алмайсың,

Анаң да тұр, соңғы рет құша алмайсың.

Жалғанның қызығына тоймай кеттің,

Тар көрдің құшағынан қаша алмайсың.

 

Жатқан жер, топырағың жарық болсын,

Иманың жолдас болып, анық болсын.

Жандарың жәннат төрін мекен етіп,

Артыңда мәңгі өшпейтін жарық қалсын...

Пікір қалдыру: