Блогтар
Қарлығаштың ұясы
... Қалден Серен қазақ ауылдарын бірінен соң бірін шауып, құйындата,
жұйткіп келе жатады. Қарсы тұрарға күш болмағасын Төле би елді
түгел көшіреді де, өзі көшпей қалып қояды. Қалден Серен ауылға
жақындағанда жұртта қалған жалғыз үйді көреді. Жақындап келіп,
Төле биден:
-Ауылың қайда? – деп сұрайды.
-Сенен қорқып көшіп кетті.
-Сен неге көшпедің?
-Киіз үйімнің босағасына қарлығаш ұя салып, балапан
басып шығарды, солар темір қанат болып, ұшып кеткенше үйімді
жықпаймын деп, қалып қойдым. Бұл қасиетті құс, обалдан қорқып
отырмын,- деп жауап беріпті. Сонда дұшпандардың өзі «бұл тегін
адам болмады» деп, ордасына шақырып, құрмет көрсетіп, аттың
басын бұрып, кері қайтқан екен...
Тыныш мекен,
Іздегенде табылмас,
Пана болмай ну тоғайың,
Қара тас.
Босағаның беріктігін бекітіп,
Киіз үйге,
Ұя салған қарлығаш.
Үй иесі,
Отыр төрде Бектерше,
Күн санайды саусақ саны жеткенше.
Ел көшсе де,
Киіз үй тұр жығылмай,
«Алтын» қанат,
«Күміс» болып кеткенше.
Ән – жұмыртқа! О, тіршілік қолыңды аш,
Келсін десең қанатты өмір -
Ағын жас!
Киіз үй тұр ертеңіне алаңдап,
Ұялы үйге,
Ұя салған қарлығаш.
Бесіктегі бала үніндей басталған,
Сол ұядан таралады асқақ ән.
Үй иесі,
Отыр төрде Бектерше,
Босағаның беріктігін ұстаған!
Бастау алған,
Арман әні биіктен,
Екі үйді,
Қарлығаш жүр сүйіп тең.
Көтеріп тұр,
Ұя салған – Жершарын,
Осы үйдің босағасы иықпен!
Сартас*
...Маңғыстаудың ойында,
Қарайды бізге мүсіркеп,
Мықтылық пенен Көркемдік.
Е.Раушан.
«Сары тас» - деген,
Бұл неме,
Сап-сары ма?
Қоспа құсап илеген ақ, сарыға.
«Үш ауыздан*» теңізге құлағаның,
Жұдырықты жұмғанда ашқаның да?
Шаншылады «Үш ауыз» аспанымда,
Қадалатын қазық жоқ, сасқаныңда!
Оңай ма екен биіктен лақтырылу,
Оттан суға түскендей қас-қағымда?!
Мықтылықты сынайтын бала, күнің,
Я, Жаратқан дегейсің,
-Ая, бүгін!
Көркемдікті көрмесең мүсіркейді,
Теңіз төсер ынжыққа жаялығын...
Еңкейемін,
Тағы да шалқаямын,
Өркешіндей сары тас нар маяның.
Шулағаны теңіздің,
Төркін іздеп,
Сыңсып шыққан қызындай баяғының!
«Сартас» (Сары тас) – жағасы теңіз, таулы жер.
«Үш ауыз» – теңізге келуге үш таудан өтетін қақпа.
Бұлтқа сыр
Бұлттар менің,
Даусым және сырласым,
Екеумізде бірдей аспан,
Бір жасын.
Менің жерде мәңгілікке жүрмесім,
Белгілі ғой,
Сенің көкте тұрмасың.
Қиналғанда өзің болдың мұңдасым,
Сондықтан да,
Бұрдым саған жыр басын.
Жыладым мен,
Қуаныштан жыладым,
Қасымда сен тұрғасын!
Қашан да сен меніменен біргесің,
О, басында қатар салған іргесін.
Күркіредім,
Күркіредім дәл бүгін,
Қасымда сен жүргесін!
Дос туралы...
Білем,
Үлкен ұғым бар,
Нағыз достық биік болған тұғырлар!
Бұлттар менің дәл қасымда,
Шын досым,
Шыбын жаны отқа түсіп шырылдар.
Екеумізде мөлдірлік бар ұстаған,
Адамдардың барлығына құштар ән!
Іздегенде,
Маңайыңнан табылмас,
Дәл өзіңдей,
Айтшы қайдан дос табам?!.