Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ПРОЗА
Қой мен қойшы

Блогтар

10.12.2020
5098

Қой мен қойшы

Желтоқсаншылардың рухына бағыштаймын!!!

 

Орал тауының басына қара бұлт үйіріліп, жаңбыр тамшылай бастады. Желтоқсанның ұйтқи соққан долы бораны жаңбырды түре қуды. Ысқыра гуледі, айналадан басқаша дыбыс шықты. Ел орынға отыра қар бұрқасындады, таң атқанша бар аймақ аппақ көрпесін қымтап жамылды. Таңғы азанның даусымен қойлар аяққа тұрды, қойшы қораның есігін ашып қойларын өргізуге келді. Бір жылда бір рет жалғыз қозы туып, тоқтаусыз сойылып жатса да тұқымы азаймай, арта береді. Ал ит жылына төрт- бес рет он күшіктен туса да саны өспейді. Ит байқұс таң атқанша қораны күзетіп, азанда қалғып кетеді. Қалың жүнді қара қой еріншектене қой бастады. Қойшы текені алдыға қарай айдады. Қойлар оның артынан ілесе ерді, аспан көрінбейді, қар әлі қылаулап жауып тұр. Күнәсіз мекеннен қара жерге пәк күйінде келген түйршіктер қойдың тұяғының астында басылуда... Жалғыз аяқ жолда тізілген қойлар екінші қатарға еш шықпайды, қарды бұзып, сақалын сілкіп, ешкі жеңіл басады. Қойшы қанша бишігін үйіре қуаласада қойлар тыңнан жол салмады. Көк беткейден асып, алды көрінбей кетті, арты әлі есік алдында, қойшы атын ерттеп, түскі асын алып, «үйдегі соғымға байлаған тор бие мен бұзауларға су бере сал» -деп домбалша келген қара қатынына бұйрық бере сөйледі. Ол тыңдағаны да тыңдамағаны да белгісіз бір шелектегі сүтті екінші шелекке құйып, өз жұмысымен әлек. Қара баласы есікті қиялап ашып: ''Әке, қашан келесің?’’ - деп айғай салды. Әкесі үнсіз атына мініп, тазысын ертіп, қойдың артынан ілесті. Радиосын ұмытып, бір келіп қайта шоқырақтай жөнелді. Баласы етегін желге түргізе далбаңдап, бара жатқан әкесіне қарап мәз болды. Артта қалған аз қойды бишігімен сабалай, тазысын қоса қуғызып айдады. Қар көрмеген тоқтылар «не тауып жейміз» дегендей мелшиіп қарап тұр. Қақсал кәрі саулықтар жерді тарпып, астындағы сар шөпті жұлып, басын көтере тоқтыларға мойнын бұра курс-курс шайнайды. Оны көрген тоқтылар соларша жерді бір-екі тарпып, «ештеңе жоқ қой» дегендей озандата маңырайды. Қойдың алды етекке жетті. Қолын аузына салып, қойшы ысқырды. Бірақ қойлар оны тыңдамай, тастың арасындағы сар шөпті қуып барады, енді аз құлдаса Естайдың қойына қосылады, атын тасқа байлай салып, борбалаңдай жүгіріп, қойларын қайырды. Тастың үстіне ат көрпесін қойып, шоқиып отырды, таусылмас қиялына мінген жалғыз қойшы тау басында өзімен- өзі екіге жарылып, сөйлесіп отыр...   

 

-Осы мен неге?! Малмен бірге мал болып, оның боғын иіскемесем тұра алмайтын болдым.

 

-Несі жаман, сенікі қарапайым бақытты өмір философиясы, өзіңмен-өзің ың-дыңсыз күн кешу ғой.

 

-Ай қойшы, өтірік мақтау. Анау теле жәшікте сөйлеп тұрғандар қандай бақытты, сөздері қандай, өздері қандай?!

 

-Оларды қой, биік тауды алыстан көріп тамсан, жанына барсаң ой-шұңқырын көріп, қарның ашады. Олар елдің алдында әдемі сөйлегенімен көбі әйелінен қорқады. Сенде бар нәрсе онда жоқ, азғантай етті пәленбай ақшаға сатып алады, қытайдан келетін «парашок езіндісін сүт» деп ішеді, айранды сұрама.

 

-А, солай ма?

 

-Бақыт деген ішіп, жеу ме өзі.

 

-Бақыт деген кім неге қызығады, соған маңдай терін төгу, солай әр сәтті ішкі еркіндікте өткізу.

 

-Оларда қалаған жұмысында жүр ғой.

 

-Иа, олардікі де ұнатқан жұмыс. Бірақ көбісі күн көріс қамы, айлық үшін. Олардан Алла ризалығы, отан, ұлт қамын сұрама. Байлар болса, бақ, тақ, дүние, сұлу әйел таласып күн кешуде. Өздерімен- өздері жанар таудай жарылайын деп жүр.

 

-А, солай ма?!

 

-Иа, олар өзара итше ырылдасып, жалғыз кезде іштері қасқырша ұлып, әйелін түлкіше алдап, бастығының алдында маймылша бұлаңдап, кейбір кезде өзінен төмендерге аюша ақырып, ел алдында арыстан кейіп танытады.

 

Қойшы төбесіндегі бұлтқа қолын соза есінеді, етекке құлдаған қойларын  көрді, қолын аузына салып, бір ысқырды. Сар бас, алаяқ  сыпра кілт тоқтап, өрге қарай бұрылды, барлық қойда оның артынан жоғары қарай өрледі. Күн қиғаш қарап, көлеңкесін екі есеге ұзартты. Қойшы жан-жағына қарап, туған жеріне ұзақ көзсалды...

 

Үйсін тауы батыстан шығысқа қарай ирелеңдей, орқаш-орқаш биік шыңдарымен жалғасады. Оң бетінде Өртекес қалашығы, Нәсілді жылқы фирмасы, Шабырты, Ұзынбұлақ,  Тасбұлақ, Шолақ мыс, Орта мыс, Шет мыс, Қалқаты,  Шилы өзек, Қобы, Текес. Оған парелель жылқы пішіндес тау жатыр. Бұл тауының  табиғи жаратылысы тамаша, топырағы майлы, шөбi шүйгiн. таудың батыс сілемі Қара төбедегі аласа жоталардан басталып, шығысы Қобыға тіреледі. Ақдала аумағына жақындап, тау жылқы мойны сияқты тіктеле жотаға ұласады. Тау жотасының басталған жері Айыр кезең деп аталады. Жотаның күнгей бетідегі Оңтүстіктен солтүстікке созылған  ұзын сайлар жанға жайлы, қыста мал қыстатуға өте ыңғайлы. Қасым сай, Нұржұма сай(кішкене сулы сай), Құсайын сай, Әбдірақпан сай, Талды сай, Қызылтас сай, Желді сай( бұл сайдың желі тоқтаусыз соғатындықтан суық жел адамдардың көбін керең жасаған, былайғы жұрт кереңдер сайы деп те атайды). Борлысай(осы сайға дейінгі ел жазда Балықсудың жайлауына жайлайды). Кеңсайдан таудың ең биік шоқысы басталады. Таудың шоқысына шығатын асу тік, қырдай. Бұл асуды адамдар «айғыржал» деп атайды. (осыдан бастап шығыстағы қоралар жазда тау шоқысының үстіне жайлауға барады). Қарағайлы сай, Теректі сай,  Сулы сай, қалмақ Пәшке сай, Шәкір сай, Зікір сай, Қызылмойнақ сай деп тау бітеді.

 

Әр сайдың бас-аяғы отыз шақырымнан асады, малдарын айдап, қарашаның ортасында сайға кіріп, науырыздың соңын ала етектегі жазыққа көктеуге көшеді. Ел арасы қыста сырттай тату болғанмен «Қой ұры, қойшы өтірікші» ұсақ өкпе ренішке толы болады.

 

Сол таудың шоқысының үстінде айға жуық ат шалдырған Қаракерей Қабанбай батыр жерді танып «Ат тауы» деп ат қойыпты. Содан бері бұндағы жұрт солай атайды. Аттауының шоқысы теңіз деңгейінен биіктігі 2 мың 423 метір, шоқы дегенмен үсті жазық, ұзындығы 25 шақырымдай, ені 6 шақырымдай. Сонша биіктігіне қарамастан жас баланың еңбегіндей былқылдаған саз және бастауларға тола. Мал мен жанға жайлы қоңыр жай мекен. Сөлтүстiк жағы Үйсiн тауы, оңтүстiк жағы Тәңiр тау. Екi таудың орталық ойпатындағы жазыққа бiткен дара тау. Оңтүстiк бөктерiнде Текес өзенi көлбей ағып жатыр. Тауға шығып, қарасаңыз төрт күл төңiрегiңiз түгел көрiнедi. Бабалардың қарауыл шоқысы. Таудың ең биiк шоқысында Жоңғар Ғәлден Серенiнiң «бұрхан шоқысы» бар. Ал Қабанбайдың Тесiк тасы осы аттың таудың шығыс жақ етегiнде. Көктерек қырғыз ауылының Маралтас деген жерiндегi Көктерек өзенiнiң Текеске құяр аузымен тұспа тұс келедi. Тесiк тастың асты ұзын сай, тар кезең, мұнда бұрыннан көш жолы бар. Бұл жол сөлтүстiкке қарай күркiлдектi басып, Орта мыс жолына кетедi де, өңтүстiкке қарай Қызылмойнақ кезеңiн асады. Асуда аттың ер тоқымы сыпырлып түсердей шаншылма тік әрі тар. Әр адам бір-бірлен шығады. Асудың дәл үстінде қолдан жасағандай шағын бөлме іспетті атақты тесік тас тұр. Сол жерде қырғыздың батыр Әтекені Қабанбайдың өлтіргенін шалдардың аузына талай рет естіген. Асуға шыққан соң Текес өзенiн жағалап Өртекестің Ақдала ауылына, ал Текес өзенiнен өтiп Көктерек ауылына барады.

 

Үйсін тауының күнгейі мен Аттауы шоқысының теріскейіндегі мидай жазық Балықсу жайлауы деп аталады. Оның басы Шабыртыдағы саз балшықтан басталып, шығыстан бастысақа қарай ирелеңдеп ағып, Қаратөбенің түбіндегі құйғаннан Текеске құяды. Судың әр иірі ұсақ балықтарға тола. Жергілікті қазақтар үлкен ағыды су балығы емес деп аузына салмайды. Бұл маңға маусымның басында келген ел қазанға дейін жайлайды. Судың екі жағын жағалай ақ шаңқан киіз үйлерге толады. Масатыдай құлпырған жазық мал мен жанға таптырмайтын құт мекен. Балықсу жайлауында жаз бойы қыз қуар, теңге ілу, жамбы ату, көкпар т.б, жайлау қызығы еш таусылмайды. Су ішінде үйір-үйір жылқы шұрқырасып, шыбындап бастарын изектейді, су жағасындағы желіде қатар-қатар тиектелген құлындар анда-санда бір кісінеп қояды. Қойшылар қымыздан кекірелеп, кепенің сірнесіне тойып, суға бір сүңгіп, қойына қостан көз салып, порқырап ұйқыға басады. '' шөп шабатын уақыт болмаса екен’’- деп жігіттер мен келіндер тамыз таяған сайын, таңның атқанын қаламайды. Жігіт ағалары шөптің алдында Талдысайға, Қотырқайға, Атзавытқа  және Ұзынбұлақ пен аудан орталығына бір барып, масаңдап үйлеріне зорға оралады. Онысы бір айлық шөп шабысққа асау нәпісін көндірген түрі еді. 

 

Балықсудың көпірінен өте қалмақтардың құдай (бұрхан) шоқысы бар. Әр жылы көктемде жерден шыққандай моңғолдар құдайларына сиынып, малын сойып, қалың шүпіректі тау басына байлайды. Ол жалаулар алыстан мен мұндалап әлі тұр. Бөктерімен ат жол керлеп асады, аржағы «көп жасардың бұлағы». Сол бұлақты жайлаған ел ұрпақтары ұзақ жасапты. Содан жұрт солай атайды. Алайда бүгінде оны қадірлеген ешкім жоқ.

 

Балықсудың көпірнен өте қайқиған жол Батпақтының болмашы асуынан  асады. Жол жағасы саз, қамыстары желмен бірге ызыңдай, ән салып тұрады. Жол ирелеңдеп отырып, Талдысай асауының ең биік жотасына шығады. Асудың үстіне шыққан адам бір демалып, ақындар өлең оқиды. Қойшы бәрінің төбесінен қарап отыр. Әне-міне дегенше таудың қатпар-қатпар қойнауына жүргіншілер сүңгіді. Қия бетті кесіп жасаған кер жол көп айланба қабат болып, төмен құлдайды. Бала жүргізуші жанындағы тіс қаққан ағасына тізгінді ерксіз ұстатты. Үш мың метрдей төмендеген көлік Мүсілімнің қыстауынан кейін жатағанға ілініп, еңістей береді, еңістей береді. Талдысайдың аузындағы Ақдала барып бірақ тіреледі.

 

Осы кез бір тамаша шақ.  Қар жауғаны болмаса, күн ыстықта суық та емес. Қойшыға рахат. Қандай қиялдаса алысқа қиялы жетеді. Кенет  қойлар дүр етіп үркті. Анадайда борсық борсалаңдап кетіп барады.

 

Қойшы радиосын бұралады. Кеш бата үскірік аяз басталып, көзге түртсе көргісіз тұман шөгеді деп зарлап жатты.

 

***

 

Маңдайында меңі бар, көк көз кәрі абадан аузын арандай ашып, аспанға қарап, тәңірісін шақыра ұзақ ұлыды. Жас бөрілер жаздай қойдың терісін жыртып, оны бірден арқасына лақтырып, қатты машықтанды. Қалың қар жауып, тұман түскелі олар басқаша қуанды. Тас қараңғы түнде мына дауыстан құлақтары елеңдеп, кәрі абаданның жанына жинала бастады. Тау ішін жаңғыртқан сұмдық дауыс алысқа кетті. Қойшы да бұл дауысты естіді, жүрегі суылдады.... Қасқырлар мұрындарын көтеріп, айналаға мойнын соза көп искеді. Көздері жанып, абаданның артынан бүлкек желіспен бәрі ілесіп отырды. Көк беткейдің басына келіп, тұмсығын алдыңғы аяғына салып, кәрі тарлан жата қалды. Қалғандарыда оның істегенін айна-қатесіз қайталап, қатар-қатар тізіліп жатты. Қойшының үйінің жарығы сөнді, тәтті ұйқының құшағына мықтап батуын күтті. Аш бөрілер бір басып, екі басып, қораның түбіне баспалап жетті. Әдетте, үй маңына ештеңе жолатпайтын, қазан бас, танадай сарала сртан мен алып көксүр төбет қалың қасқырды көргенде үргенге шамалары келмей, қойшының үйге сүйеп қойған ескі керуетінің астына кіріп, сол жерде қалшылдап жатты. Қойшы қара келіншегін құшақтап, қамсыз жатты. Қойлар дүр етіп үрікті, жылқы кісінеп, сир мөңіреді. Қойшы түс көргендей болды, бір жағына аунап түсті. Баж етіп жылаған текенің сақалынан ала түскен бөлтірік әп-сәтте оның ащы даусын өшірді. Оқ жыландай атылған жас бөрілер мен ашырқанған жауыз қасқырлар қойшының қойын өз білгенінше тамақтан орып жатты, орып жатты.... Кәрі абадан қораның сыртында күзетте тұр. Қойшы орнынан атып тұрып, далаға шығуға әрекет жасады. Әйелі: “қой, өзіңді жеп кетпесін”-, деп оған үрей салды. Қатынын тыңдаған қойшы далаға шығуға батылы жетпеді. Момақан қойлар жазықсыз дала бөрісінің жеміне айналды. Оны жыл бойы бағып, иесі болып жүрген қойшы ең шешуші кезде көрпесінің астында бүк түсіп жатты... Күйеуі жоқта бақанға мініп, серттесіп қасқырды ұрып жығатын апалар құрлы болмаған қойшы таң ата түс көрді.... Қой басы сарбас сыпыра алдында тұр.

 

- Сен ертең ар сотының алдында жауап бересің!

 

- Неге?

 

- Бізді саған, Алла аманат етіп берген!

 

- Сенің жатысың мынау!

 

- Қасқырлар білгенін істеді, тіпті, күнасыз тоқтыларды да қырып тастады.

 

- Мен...мен... .

 

- Сарбас қой қойшыны бір сүзгенде басы бөлек домалап бара жатты. Қойшы қара терге тұншығып, шошып оянды.

 

Бір қора қойды қырған қасқырлар қойшының соғымға байлаған семіз биесін де жарып кетті. Бір-бір қойдан арқаға салған бөрілер білгенін істеді, тірі қалған аз қойды тағы тамақтап тастады. Көк беткейден асып зым-зия жоқ болды.

 

Таң атты, қойшы түк болмағандай орнынан тұрды, далаға шықты, екі итіне: “ сендер амансыңдар ма”-, деп бажырая қарады. Тұман сусып еш тоқтамайды, ызғырық аяз қойшының қойын-қоншына толады. Көк беткейде бірдеңе айтқысы келіп, айта алмайды. Қойшыны жек көре, сырын желге сыбырлайды. “жаздай жиған шөбіңді өзің жейсің бе”-, дейді қойшыға қораның төбесіндегі сауысқан тоқтаусыз шықылықтап... Күннің өзі көк беткейдің астына келіп, қойшының түрін көргісі келемей тоқтап қалды...

 

Қойшы тау басында ұзақ күн отырды, құлағына қойларының даусы келді, соғыс даусы естілді....Бұл маңда бұрында 188 мың атты әскрі болған ежелгі Үйсіндер болғанын атасынан естіген. Жартастағы ұсақ жазуларға көзі түсті..... Қытай пашасы ХанУди Ғұндардан жеңілгенін мойындап, ағасының қызы Ши Жүнді Елжау күнбиге беріп, оны одаққа тартты. Артынша тыңшылыққа келген Фың Лияу бастаған үш жүз қыз Үйсіндердің сұлтандарына қатын боп, туған баласын Ши Әнда оқытты. Алып ел 1200 жылда тарих бетінен өшті. Ғұндарда сол кезде жоқ болды дегенді ежіктеп оқыды....Менің түрім мынау ақ қора болған деп, жартастан төменге өзін тастап жіберді...


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: