Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

Блогтар

16.05.2018
5797

Құлбазар

Құлбазар

Екі-үш күннен бері мені бір сөз мазалап жүр. Ол сөз – «құлбазар». Әлі есімде балалық шағымда ауылда жүрген кезімде естіген «құлбазар» сөзі маған алғашында таңсық көрінген. Маған сол «құл» сөзінің өзі сонау 15-16 ғасырға тән ескі сөз көрінген сол сәтте...

Ал енді бүгінгі күн осы сөз  21 ғасырға қанша жат болғанымен, оны ешкім қолданбағанымен, біздің қалада соңғы жылдары осы құлбазар бар.  Әрине,  онда ешкімнің басыбайлы құлдары жоқ, және оларды ешкім сатпайды. Олар өз еңбегін сатады, жалдамалы жұмысшылар тұратын жай ғана жер. Біздің қалада да, оны ешкім «құлбазар» атамайды әрине, бірақ менің есімде сол баяғы бала күнімде естіген сөзім жатталып қалған...

Ол жерден өткен сайын сол «құлбазар» сөзі менің ойыма кері орала береді. Онда әртүрлі жастағы адамдар тұрады. Оның ішінде қыз-келіншек, бозбала, жасы үлкенді-кішілі қолынан ауыр қара жұмыс, немесе жеңіл-желпі үй ақтау, жер қазу, саз балшықпен майлап-сылау сияқты жұмыстарды атқара алатын екі қолына бір күрек ұстайтын жігіттер де кездеседі. Олардың көмегіне біздің қаланың жер үйде тұратын көпшілік тұрғыны жүгінеді, және жасаған жұмысына қарай еңбекақыларын да береді.  Әрине, мұндай жұмысқа әрдайым сұраныс болады, біз көбіне құрылыс, үй салу, жер қазу сияқты жұмыстарда өзіміздің көршілесіміз – өзбек халқының көмегіне жүгініп жатамыз.  

Бұл жердегі айтпағым мынадай дамыған заман, дамыған қоғамда ондай «құлбазарлардың» бар болуы, маған  баяғы заман қалдығы сияқты көрінеді. Әрине, жұмыссыздық мәселесі қазіргі таңда әлемдегі өзекті мәселелердің бірі. Осы жұмыссыздық салдарынан да болар, жалдамалы жұмысшылардың пайда болуы да. Бола берсін әрине, бірақ осы жұмысшыларды бір жерге шоғырландырып бюро ашып, сол бюролар арқылы осы жұмысшыларға маусымдық болса да қызмет тауып отырса, кеңсесі ашылса  орынды болмас па еді деген ойға қалдым. Ондай жалдамалы жұмысшылардың базар сыртында күн астында топырлап тұрғанын, жанына келіп тоқтаған көліктерге таласа-тармаса ұмтылғандарын көргенде, менің көз алдыма ескі заман көрінісі елестейді.  Бұл біздің соншалықты ізгілікке, мәдениеттілікке, руханилыққа, инновацияға ұмтылған қоғамымыздың екінші беті... еліміздің заманауи өркениетінен қалыс қалған бір қадамы...

 


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: