Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ПРОЗА
Райханның рухы

Блогтар

23.05.2021
4156

Райханның рухы

Бала кезімде бөлмемде орыс пеші болатын,- деп бастады Еркін тамағын кенеп, - ал, орыс пешінде анам нан, тәті тоқаш дайындайтындықтан ба, бөлме іші жылы, жайлы және нанның хош иісі мұрынды жарып тұратын.

 

Бірде түн ортасында оянып кеттім. Терезден түскен ай сәулесінен бөлме іші бозамық тартқан. Ал бөлмемнің ортасында ақ көйлек киген өзім шамалас қыз тұр екен.

 

- Сен кімсің? Неге ұйықтамай жүрсің? - деймін оқыстан пайда болған қызға таңғала қарап.

- Менің есімім Райхан. Жүр ойнайық, - деп еді, - түн ғой, анам ұрсады, - деп едім, үндемеді. «Ендеше бөлмеде «тығылмақ» ойнайық» деген Райхан мені біраз әуре-сарсаңға салды. Оны таба алмай дымым құрыған кезде жанымда пайда бола кетеді. Осылай ойнап жүрген кезде есік алдында анамның маған үрейлене қарап тұрғанын байқадым. Ол:

 

- Құлыным-ау, жеті түнде кіммен ойнап жүрсің? – деп мен бауырына тартты.

 

- Қонақ қызбен ойнап жүрмін, - деп пештің қасында монтиып тұрған қызды мегзедім. Анам маған аңтарыла қарап:

 

- Ендеше қонақ қызды үйіне апарармын, ал сен ұйықта,- деп мені пештің үстіндегі төсегіме жатқызды. Ұйықтап бара жатқанда қыздың да, анамның да жанымда отырғанын көрдім. Сол түннен бастап қыз менімен ойнауға жиі келетін болды. Жоқ болса оны алаңдап іздейтін болдым. Күндіз қыз көрінбейді, ал түн ішінде ол мені оятып асыр салып ойнаймыз...

 

Енді анам мен әкем мені жандарына алып жататын болды. Бірақ, түн ішінде қаншама қатты ұйықтап жатсамда «Еркін» деп оятқан қыз дауысынан оянып кетемін қарасам қарсы алдымда жымиып Райхан тұрғаны. Әкем мен шешем селт етпей ұйықтап жатқандары. Содан өз бөлмеме барып асыр салып ойнап жүріп ұйықтап қаламын. Анамның «саған не болды» деп менің бұл қылығыма алаңдап жүргені...

 

Содан бері анам мені молда, көз қарақты кісілерге апарып, үшкіртіп, үйдің ішін аластап: «Сенің алаңсыз ұйықтауың үшін істеп жүрмін» дейтін. Соның нәтижесі ме «Райхан да» келуін қойды. Бірақ ара-тұра түн ішінде атымды атаған Райханның даусын естісемде көре алмайтын болдым?...

 

10 сыныпты тәмәмдаған соң жоғарғы оқу орнына түстім. Оқуымның бірінші курсын аяқтап үйге демалысқа келген кезім, әдетімше жолдастарыммен қыдырып, түн ауа үйге келдім де, төсегіме қисая кетіп едім, ұйықтап кетіппін. Шырт ұйқыда жатқан мені «Еркін» деген әйел дауысы оятып жіберді. Жан-жағыма қараймын терезеден төгілген ай сәулесінен үй іші бозамық тартқан. Ал керуетімнің жанында қазақтың бүрмелі көйлегі мен оюлы камзолын киген, қос бұрымы тобығына жеткен, қара торы, қыр мұрынды, бота көз, қою қара қасты сұлу қыз бетіме тесіле қарап тұр екен. Түн ішінде қазақы болмысымен ғайыптан пайда болған қызға аң-таң боп қарап қалдым.

 

- Сіз кімсіз? - деймін, қызда үн жоқ. Мүмкін қарындастарыма қонаққа келген бикеш болар, қарындастарымның бөлмесіне апарайын деп ойланып қалдым.

 

Қыздың алдында жата бергенім әбестік болар деп басымды көтеріп едім, ол бір қадам кері шегінді.

 

- Сіз кімсіз? - дедім тағы да.

 

- Сіз мені танымай тұрсыз ба? - деді бейтаныс қыз.

 

- Сізді танитын әулие емеспін ғой. Есімімді біледі екенсіз, өзіңізді таныстырыңыз, - дедім.

 

- Райханмын. Жүріңіз далаға шығып еркін сөйлесейік, - деп қыз маған қиыла қарады. Мен не дерімді білмедім, қарындасымның құрбысы болса ұят болар деп ойладым да, дегенмен жүріңіз сөйлессек сөйлесейік, - деп орындықта ілулі тұрған киімдерімді киіп, бойымды тіктеп едім, қыздың бойы менен аласа екен.

 

- Кеттік, - деп Райханды соңымнан ертіп бөлмемнен шыға беріп едім, анам бөлмеме беттеп келе жатыр екен:

 

- Балам-ау, жеті түнде сөйлеп жүрген даусыңды естіп, соған алаңдап келіп тұрмын.

 

- Қарындасыма құрбысы келген бе? Адасып менің бөлмеме келіпті, енді оны бөлмесіне апарайын деп тұрмын, - дедім.

 

- Құлыным-ау, қайдағы құрбы қыз, - деп таң-тамаша болды анам. Мен анама қызды мегзеп көрсетіп едім.

 

- Балам-ау, мен ешкімді көріп тұрған жоқпын, - деді анам.

 

Райхан менің тасамнан көрінбей тұрған болар деп Райханды алдыма шығарып анама таныстырайын деп қолынан ұстайын десем о тоба, қолын ұстай алар емеспін. Құтты бір ет – сүйексіз жаралған жан. Мен Райханға аңтарыла қарадым, ол менің таңданысыма томсырая қарап, шегіне берді, мен де оның соңынан ілесе жүрдім. Осы кезде қыз үйдің қабырғасына тірелді де, көзден ғайып болғанда, денем мұздап кетті. Сонда ғана қыздың астралды денемен жүрген «Райханның рухы» екенін түсіндім.

 


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: