Басты бет
/
Блогтар
/
ПОЭЗИЯ
/
СӘБЕТАЙ СЫПАТАЙ : КЕҢІСТІК толғауы

СӘБЕТАЙ СЫПАТАЙ : КЕҢІСТІК толғауы

31.05.2026 28

СӘБЕТАЙ СЫПАТАЙ:

 КЕҢІСТІК

Құс жолы лаулап, жарқырап,
замандар өткен.
Бар-жоғын даулап, талқылап,
адамдар өткен.

Жағдайлар алуандығымен,
күнтізбе-бірден.
Тірілер арман-мұңымен,
Күн көзі нұрмен!

...Помпейде көміліп қалған,
марапат, атақ.
Тунгусқа неғылып барған,
алапат опат ?!..

Таулар көп атылайын деп,
тоқталып қалған.
Дүние шашылайын деп,
сақталып қалған!

Шың-құздар жарыла жаздап,
көшкін аққызған!
Жаңғырық жаңғырық қозғап,
...тас құлатқызған.

Айғайтас айғайға көніп,
ай бағып қалған.
Тас біткен сай-сайға толып,
сайланып қалған.

Тасқорым төгіле беріп,
желініп кеткен.
Жартастан меңіреу көріп,
жел ұлып кеткен!

Әптері-тәптері шығып,
беткейлер жатыр.
Кеткен өң шөптері күйіп,
Төскейлер жатыр.

Ел көшкен көшпен,
күз көшкен,
...Майтабан қалған!..
Он көшкен көшпен,
жүз көшкен!..
қайта оралмаған.

Ғасырлар көшкен тірнекпен,
жылжыған әлем!
Хантәңірі дір-р еткен!!.
мұзды қарменен.

Қаратау батысқа қарай
"жүгіріп" кеткен.
Алатау Шығысқа қарай
...бұрылып кеткен!

Өр Алтай!...
...беріліп келіп,
шегініп кеткен.
Қазығұрт езіліп кеміп,
...егіліп кеткен!

Кетпентау "бұғынып қалып"
тынығып кеткен.
... бәйшешек...
мың өліп барып,
...тіріліп кеткен!

Тіршілік маздай берген ғой,
маздаған, жанған!
Соңынан қалмай келген ғой,
жалмаған жалған!

Бабалар біздің жасын ғой,
нақ мұрат қуған!
Аналар біздің асыл ғой,
бақты нақ туған!

Солардың шырағы, бізбен,
қайтадан жанған!
Солардың жыр-әні, бізбен,
қайта лаулаған!

25 ғасырдың белі,
тау шыңдар дара!
Арман мен асудың жері,
...таусылған дала.
#поэзия #Сәбетай #әдебиет #философия #тарих

Пікір қалдыру: