Сәбетай Сыпатай: Қожбанбет толғауы
Қожбанбет
(Толғау)
(авторы: Сәбетай Сыпатай)
Осы өлкеде бір жұрт бар - Албан деген,
Асқақтатқан тағдырын арманменен.
Тауларымен өмірге қадам басып,
Аяқтайды сапарын тауларменен!
Бәйдібектен тарайтын Албан елі,
Бір қауым ел, көбейіп қалған еді...
Таулыққа тән намысы қорғап тұрды,
Қайта-қайта тиіскен жаудан оны.
Дерек берер ата-тек сан заманнан,
Тағдырың ғой -
Шежіре, қолда қалған!Күреспенен күні өткен бабалардың,
Келешегі елінің болған арманІ..
Еркіндікті сүйген жұрт мерейлі еді,
Сегізсары-
алқа топ, сол елдегі.
Ұлы бабам солардың қатарынан,
Жарық күнім содан ғой төбемдегі!
Әр аңыздың біледі ел шыны барын,
Шындығы бар, сырын да ұғынамын!
Қожбанбеттің қаны ғой бойымдағы,
Толқып тұрып толқытқан, тұнық ағын!
Душар қылған не бір сын кезеңдерге,
Не қилы заман өткен ежелгі елде,
Екі мың жыл, үш мың жыл тарихың бар,
Дәлелмен де сөйлей бер, өлеңмен де!
Сонау бір кезеңдерде алыстаған,
Жау жоқ шығар қазақпен алыспаған!..
............................................
Дәуірлердің көшінен қалыспаған!
Ойдағы елі қазақтың таудағы елі,
Бір- біріне үмітін жалғап еді!..
Төбедегі келеді -
түгел болсаң,
Бір ел болу бәрінің арманы еді!!.
2
- Аттан, қазақ!..
Жау шапты тағы еліңе?!.
Тағы түстің, соғыстың әлегіне!..
Қайта шапқан жау бетін қайтармасаң:
« Қара түнек басыма төнеді» - де!..
Жаның шығып кетсе де шегінбегін,
Сәл кідірсең біткенің- жеңілгенің!..
Бұйыратын -
туылған топырағың,
Жуылатын қаныңмен, сенің жерің!!
Арқа сүйеп Алланың қолдауына,
Қарсы шапқан қол жинап жауларына.
Жердің жүзі шашылып кеткен қазақ,
Хабар кеткен:
ойдағы, таудағыға.
- Жан қалдырмай бәрін қыр, баласын да,
Қарға-құзғын жем қылсын даласын да!..
Талай қазақ ауылы құрып кеткен,
Осы жер мен осы жұрт таласында?!
Түгел қырып, мал-мүлкін қолды қылған,
Түгел тонап, біржола
«болды» - қылған!
Аруы - күң...
қаруын, атын алған,..
Соңғы қазақ баласы - сорлы құрбан?!
Соғыс... соғыс...
Сен үшін ақырғы күн...
Қанша қазақ зар кешті өмір - соғыс.
Қаншама ана қайғымен батырды күн!
Аңыз - дастан, жыр - дастан, нағыз дастан - Біледі елі Қожбанбет батырлығын!
Тағы соғыс күштеді бізде сенім,
Кескілескен қанды ұрыс бірнеше күн!..
Қақыратып Қожбанбет бір өткенде ,
Қаңбақ құрлы көрмеген бірді, екеуін!
Соғыс... соғыс...
Қайтар шақ күн қиырдан,..
Қара құрым жау қолы мыңды жиған...
Арыстандай атылған ер Қожбанбет,
Бір құйынға ағылған бір құйыннан!!.
Қанды қырғын......Өлеске далаң қалған...
Қазақтан да шамалы аман қалған...
Бабалардың күшімен атамекен,
Бізге келіп жетті ғой, замандардан!
3
Жанып тұрған сүйегі асыл бабам,
Намысынан тұтанып, лапылдаған!
Бұл далада, бұл елде, бұл өлкеде.
Талай орнай жаздаған, ақырзаман!..
Ел басына күн туса -
қара қайғы,
Өлемін деп ер жігіт, қарамайды!
Нағыз батыр көп мес бұл қазақта,
Нағыз ерді заманы даралайды!!!
Бауырым ғой, маңдайы жарқыраған,
Осындай-ақ боп тусын, жарқын адам!
Тірі қалған пендеге тірлік керек,
Жартым аман болса екен, халқым аман!!
Бір мақсат Қожбанбеттің ойындағы -
Жартыны үйлеп, жасамақ тойын-дағы!
Бір бауыры жайқалып қырда гүлі,
Нұрын шашып өседі бойындағы!..
Жалғасамыз әр қашан қол ұшымен,
Сүйіктісін алады, ел ішінен!..
Алла жазса, отауы құрылады:
Малы-жаны, қонысы, өрісімен.
Талай жердің дәм- тұзын татады әлі,
Жақсыдан ғой, жақсы бір- ат, алады!
Іздейтіні - тазалық, тілейтіні,
Келеді әлі ел,Жартыдан бата алады!..
Қолайлы екен арғы бет шаруаға,
Бау-бақша сал, өріс қөп малыңа да.
Жері шүйгін тұтап тұр, тұтанып тұр,
Батып жатқан өлке ғой қазынаға!..
Малдың, жанның өспегі - иесімен,
Қозғайды ойды Қожбанбет жүйесімен:
Бұл бауырым өзгеше тумысынан,
Рулы ел боп кетеді!..
Киесімен!..
4
Толқып аққан дария -
Іле деген:
...Шарын, Текес, Қытайда бірер өзен!..
Тауға дейін қөсілген дала жатыр,
Жете алмайды ол жаққа түнемеген.
Анау Жоңғар жотасы тау сәнімен,
Іле міне:
сазаны, шортанымен.
Бұйрат құмды төбелер көз тартады:
Шеңгел, жиде, тораңғы, жантағымен...
...Фәни - жалған...
Кім қалай жан бағады?!Жол тартасың сапарды жалғағалы!..
Торы төбел...
Сағым дала!..
Қарт Қожбанбет!..
Жер шолып жүр шамасы, тау қазағы!..
Беу, дүние- ай!!.
Самғаған қыран құсым!Бұлбұл құсым!
Сұңқарым...
Ұлар құсым!..
Шеңберленіп тарылып келе жатсың?» ...
Жанды жұлып алуға құмармысың?!
...Шынында да дүниең шолақ екен,
Адам үшін сынағы мол-ақ екен!..
Алып кетер нәстең жоқ ала бөтен,
Қалады екен бәрі де, қалады екен!..
« Қудым сені дүние жалықпай-ақ,
Ұстатпайсың судағы балықтай-ақ...
Бұлбұл болсаң - бұлбұлсың,
Дүлдүл болсаң !..
Тізгініңді барасың , ағытпай- ақ!!.
Қайта-қайта толқыйды ой жүйедегі,
Мына жұрттың кім болсақ иегері?!
Кімнен кімге қалады құтты мекен,
Қасиетті топырақ, киелі елі?!
Табар ма екен шіркін- ай, көңіл медет,
Қайткенде бой бір сергіп, жеңілдемек?!.
Өмір-керуен,көшетін жүгіменен,
Келе жатқан ұрпаққа өмір керек!!.
Қорған керек бұл елге алынбайтын,
Ождан керек от болып жалындайтын!..
Мынау арман-тауларға ие керек,
Тәңірінен өзгеге табынбайтын!!!
Қадам керек,талпынып қам жасауға.
Қоғам керек,баршамен жалғасарға!
Ортаймайтын бақ-дәулет, орта керек,
Ынтымақ қой керегі, әрқашанда!!.
...Алтынемел қалды алыс, белдерімен,
...Іле, Шарын...
саз-балшық, көлдерімен,
Тауға бұрды Қожбанбет өз тобымен,
Шалкөдеге жетпекші, төрдегі, кең!..
5
Шалкөдені айтсаңшы жатқан керім,
Осы емес пе күн шығып, батқан жерің!..
Олай қарай тау ассаң - Қарадала,
Хантәңірі міне тұр - аспан,көгің!!.
Ақша бұлттар көшеді анда-санда,
Көзің тоймас, құс болып самғасаң да!
Масатыдай құлпырған гүл- гүл әлем,
Қалай қарай жол тартып қозғасаң да!..
Тоғайларға тұнып тұр атырабы,
Беткей-беткей қаулаған жапырағы.
Ылдыйласаң, бір жолмен суға қарай,
Қырға қарай, жазира шақырады!
Таулар қандай, мызғымай күзет құрған,
Шыңдар қандай, қатарын түзеп түрған!..
Жер-әлемді көтеріп алып келіп,
Заңғарымен аспанды тіреп тұрған!!.
Аңқып жұпар жеткенде ауасымен,
Масайасың, тыныстап дауасымен!
Майлы сорпа, қуырдақ, бал мен қаймақ,
Қотарып іш қымызды сабасымен!...
Балуандар күреске сайланады,
Тоғыз дүлдүл тоғыздан бәйге алады!..
Жуық маңда Қожбанбет ауылында,
Анау жатқан жазықта, той болады!..
6
...Қарт батырдың түсті еске бала кезі,
Өмір қалай зымырап барды өзі?!
Шөбересін үйлейді бірер күнде,
Әже болған сүйікті, қара көзі!!.
...Фәни- жалған...
Кім қалай жан бағады?!...
Жол тартасың, сапарды жалғалы!..
« Бұ дүние көзді ашып- жұмғандай-ақ» ,
...Дем ішінде бітеді бар ғажабы?!
...Қайда жатыр екен ә, асыл бабам,
Найзағайдай жарқылдап, шатырлаған!!.
Қызыл гүлі жайқалған бұл далада,
Талай орнай жаздаған ақырзаман?!.
...Осы өлкеде бір жұрт бар-Албан деген,
Биіктеткен тауларын арманменен!
Тауларымен келеді дүниеге,
Дүниеден кетеді тауларменен!!.
...Қайда жатыр екен ә, асыл адам,
Қажымаған қайтпаған, жасымаған!!.
Жерін сүйіп өткен ғой дара тұлға,
Елін сүйген, өмірге ғашық адам!!!
