Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ПРОЗА
Сағы сынған шал

Блогтар

06.10.2019
5274

Сағы сынған шал

Сағы сынған шал

 

- Менің атам жайлы жазыңызшы, - деді ол.

- Ал, айта бер, атаң не бітіріп тастады, - дедім мен оған сынай қарап.

- Атам, әне отыр. – Ол күншуаққа арқасын тосып, көзін сығырайта алысқа қарап, қалың ойдың құшағында отырған қартты иегімен нұсқап көрсетті. – Білесіз бе, менің атам осы ауылдың аузы дуалы ақсақалдарының бірі еді, - деді де мұрты енді ғана тебіндеп келе жатқан бозбала үнсіз қалды.

- Қазір не болған? – дедім шыдамым жетпей.

- Қазір, көріп тұрсыз ғой, тек осылай отырғаны отырған. Бұрынғыдай ел ісіне араласпайды, білгенін ортаға салмайды, ешкімге ақылын да айтпайды, керек десеңіз сөйлемейді де...

- Мүлде сөйлемей ме сонда?

- Сөйлейді ғой, бірақ, бұрынғыдай емес. Бұрын дұрысын – дұрыс, бұрысын – бұрыс деп қара қылды қақ жаратын әділ еді, турасын бетке айтатын қайратты еді. Атамды бәрі тыңдайтын, сыйлайтын. Шынымды айтсам, атамды «сындырды», - деді бала маған сыбырлай.

- Кім? – деппін шошынып.

Бала сұқ саусағын шошайтты, сосын ауада айналдыра дөңгелек сызды.  «Түсінбедім» дегендей иығымды қиқаң еткіздім.

- Былтыр еді, - деді бала айтпасқа шарасы қалмай. – Иә, әкімнің былтырғы есеп беру жиналысында болатын. Атам жылда да есеп беру жиналысына барады. Былтыр мені де ерте барған.

- Бұл бала-шағаның келетін жері ме екен? – деді алдымыздан шыққан Сәбет шал мені жақтырмай. Менде несі бар дейсің ол кісінің, негізінде атамды жақтырмағанын ұға қойдым.

- «Болар бала он бесінде баспын дер, болмас бала отызда да жаспын дер» деген бар. Балаларды осындай жиындарға жастайынан қатыстырып көзін аша бергеніміз жөн ғой. Елдің тұтқасы ертең осылар болады емес пе? Мектеп бітіргенше «бала, бала» деп басынан сипаймыз да, аттестат алған сәттен бастап «сен енді үлкенсің» деп құйрықтан тепкендей боламыз. Біле-білсең талай батырымыз он бесінде қолға найза алып ел қорғаған. Ал сен жиналысқа қатсуға жасы жетпейді дейсің. Немеремді көрсін, білсін, танысын деп әкелдім. Әкім мырзалар бұған тыйым салмаған болар.

Сәбет шал мен атамның арасында бір түсінбестіктің бар екенін іштей ұқтым. Сәбет шал жас шамасы кіші болса да  атама жол бермей алдымен залға өзі кіріп кетті де, алдыңғы орындарға барып шіреніп отырып алды.

Жиналыс басталды. Ауыл әкімі әлеуметтік жағдайымыздың жақсы екенін, экономикамыздың дамып, еліміздің өркендеп келе жатқанын тілге тиек ете келіп, оған біздің, яғни, өзінің қосып жатқан үлестерін айтып өтті. Құдай-ау, мен осы кезге дейін ауыл әкімі не бітіреді екен деп ойлаушы едім. Сөйтсем, оның жұмысы бәрінен қиын екен ғой. Ауылдың малы мен тауық-пауығын бәрін осы ауылдың әкімі күзетіп отыратынын мен осы жиында білдім. «Пәлен гектардан түген тонна өнім алдық» деп егінді өзі егіп алғандай болып есеп бергенде шынымен таң қалдым. Мал басының артуын қойшы, үйді-үйдегі тауықтың ғана емес, оның бір жылда қанша жұмыртқа бергеніне дейін біліп отырған, соның бәрін жыл бойы аңдып отырған әкімдердің жұмысын қиын демеске лажың жоқ қой. Біздің үйде жиырма шақты тауық бар. Оның бір жылда қанша жұмыртқа бергенін өзім білмеймін. Ал, әкіміміз қайдан біліп отыр десеңші. Осының бәрін әкім мырза үлкен экраннан көрсетіп, қолмен ұстағандай етіп санамалап бергенде мен таң қалдым.

- Оның бәрін қайдан біледі? – деп сұрадым атамның жеңінен түртіп.

- Нені? – деді атам түсінбей.

- Тауықтардың қанша жұмыртқа тапқанын.

- Тауыққораға жасырын кәмере орнатып қойған ғой, сен не білмейсің бе?

Атамның сөзіне қасымызда отырғандар да езу тартты.

Әкім мырзаның баяндамасынан соң жарыссөзге шақырды. Алдымен сахнаға бір жөткірініп алып ауылымыздың белсендісі Сәбет шал шықты. Ол жағдайымызды айтып мақтанғанда әкімнен де асып түсті. Сөз соңында екі әкімге де мың-мың алғыстар айтып мінберден түсті. Сәбет шалдың сөзін қостап, ауылымыздың гүлденіп бара жатқанын, ел ішінде ешқандай мәселенің жоқ екенін қысқаша айтып, әкімдерге ауылдастарының атынан да алғыс айтуды парызы деп санап тағы екі шал сөз сөйледі.

Одан кейін аудан әкімі ауыл әкімінің жұмыстарын қанағаттанарлық деп бағалап, жиналған қауымға рахметін айтып қоштаспақ болған. Осы сәт «тоқта!» деп менің атам орнынан көтерілді.

- Немене, сарайдың мына үш бұлбұлынан басқа бұл ауылда сөз білетін адам жоқ па? Осы үш шал сөйлеген соң қашуға асығасыңдар!

Атам сәл ғана еңкіш тартқан кеудесін тік ұстауға тырысып сахнаға бет алды. Залдың іші тым-тырыс бола қалды. Тек мінберде отырғандар ғана бір-бірімен сыбырласа жөнелді.

- Дұрыс, әкім қарағым, - деп бастады сөзін атам. – Экономикамыздың дамып жатқаны, хал-ахуалымыздың жақсарып жатқаны, еліміздің өркендеп келе жатқаны, бәрі-бәрі дұрыс шығар. Бірақ, бұл мына ауыл әкімі айтып отырғандай ел ішінде ешқандай мәселе қалмады деген сөз емес. «Ауруын жасырған өледі» деген сөз бар. Ауылымыздың шешілмей жатқан мәселелерін өзіміз айтпасақ, біздің биліктегі мына сеніп сайлаған өкілдеріміз оны жоғарыға жеткізбесе ауыл қайдан гүлденсін? Ауылда жұмыс жоқ! Басты мәселе осы. Азаматтарымыз берісі Алматыны, арысы Астана мен Ақтауды жағалап, айлап-жылдап үй көрмей жүр. Неге?! Бұл сіздердің шешетін мәселелеріңіз! Азаматтарымыздың кеткеніне көндігер ек, енді төрт-бес баласын болса туысына, болмаса ен үйге тастап аналарымыз да аттанатын болған. Неге?! Нәпәқа табу үшін! Бұған не дейсіз? Сіздер неге осы мәселелерді жоғары жаққа құлаққағыс қылып, ел ішіндегі жағдайды дұрыстауға атсалыспайсыздар? Оны жоғарғы жақтан жасырғанда не ұтасыздар, түсінбеймін. Ауылдағы ауыз судың жайы, жол мәселесі жылда әңгімеге арқау болады. «Келесі жылы» дейсіздер де елді алдап кетесіздер. Суға халық ақша төлеп отырса, мемлекет миллиондаған қаржы бөліп жатыр, сонан келгенде неге ауылдарға су жетпейді? Құбырларды бір рет жаңалап қойса, тағы жиырма-отыз жылға жұмыс істейді ғой. Ал, сендер үнемі жоқтан басқа ештеңе айтпайсыңдар. Ауылдағы мал ұрлығы да шешілмейтін мәселе болып тұр. Оны айта-айта бәрінің аузы шаршаған сияқты. Мына полицейлеріңнің намысы жоқ па деп қалдым. Намысты болса өз істерін адал атқаруды, ел ішіндегі телі-тентекті ауыздықтайтын еді ғой. Ал бұларың қолына ұстап берген ұрыларды қашырып жіберіп отырады. Оған былтырғы оқиға куә бола алады.

Ал, саған айтарым, - деді атам енді көзін аудан әкіміне нык қадап. Аудан орталығында жаңа өзің айтқандай біршама жұмыстар атқарылып жатыр. Бірақ, соның бәрін неге облыс орталығынан келген мердігерлер ұтып алады. Неге өз ауданымыздың мердігерлері шет қалады? Неге? Айтшы!

Әкім мұндай сұрақты күтпесе керек қапелімде не дерін білмей абдырап қалды.

- Мұны тендер дейді, ақсақал. Ол жағын сіз түсіне бермейсіз, сол себепті өз аулыңыздың проблемаларын қысқа айтсаңыз да болады, - деді ішіндегі ашуы бетіне шығып, ызаланып.

- Рас, тендеріңе мен түсінбейтін шығармын. Бірақ, мен мынаны жақсы түсінемін. Құрылыс біздің ауданда жүріп жатыр ма, ол біздің ауданның мердігерлеріне тиесілі болуы керек. Яғни, ауданның халқы жұмыспен қамтылуы тиіс.

- Құрылысты мердігерлер ұтып алғанмен, жұмысқа онсыз да осы өзіміздің ауданның азаматтары қамтылған, - деп қалды әкім.

- Білемін, қанша пайыз қамтылғанын да, қандай жұмыстармен қамтылғанын да, қанша жалақы алатындарын да мен де, ауданның барлық халқы да біледі...  - Осы сәт микрофон өшіп қалды. Атам болса даусы қарлығып тоқтамай сөйлей берді. -Ауданымыздың өзінің мердігерлеріне де мүмкіншілік берілуі керек. «Алдымен өзіңді жарылқа, өзіңнен асса досыңда жарылқа» дейді шариғатта да.

- Әй, сен-ақ ақылдысың. Әйтеуір, жылда бір сен жиынның шырқын бұзатын, - деді   Сәбет шал отырған орнында. - Әне, сенің пәрменіңнен қорқып микрофон да өшіп қалды.

Алда отырған үш шал кеңкілдей күлді. Мінберде отырғандар да мысқылдай езу тартты.

- Ақсақал, айтып болдыңыз ба? – деді әкім асығыс адамдай. Атам отты жанарымен әкімге қарады.

- Олай болса жиналыс аяқталды. Зейін қойып тыңдағандарыңызға рахмет, - деді де жиын жүргізушісі жиналысты аяқтады. Ал, әкім артына бұрылып та қарамай сахнаның сыртына бет алды. Атам мінберде состиып тұрып қалды. Залда атама жаны ашыған, жалпы ауылға жаны ашитын оншақты ғана адам қалыпты.

- Ақсақал, жүріңіз, - деп бірі сең соққан балықтай состиып қалған атамды қолтығынан демеп сахнадан түсірді.  Атам болса меңіреу қалыпта үн-түнсіз аяқ басып келе жатты.  Мен атамды аяп кеттім. Содан бері атам үнсіз. Биылғы әкімнің есебіне де бармады. Мен бардым. Жәй, атамсыз жиналыстың қалай өтетінін көргім келді.

- Қалай өтті?

- Қалай дейсіз бе? Әкімдер «бәрі жақсы» деп халықты алдады, халық та «сіз кереметсіз» деп әкімдердің өзін «ұрып» жіберді.

Мен мына бозбаланың сөзсаптауына күлдім. «Ұрып» жіберді дейді, табылған сөз. Дегенмен, түптің түбінде бәрібір ұтылып отырған қара халық екені есіме түскенде езуімді жинауға тура келді. Амал не?

- Піш-ту, - деді анадайда бізді тыңдап отырған Әбен ақсақалдың кемпірі ернін шүйіріп. – Сол әкіміңнің де, сәкіміңнің де ақылы мына менің сексенге келіп отырған шалымның ақылына жетпейді екен. Әкім деген халықтың қызметшісі, біле білсең. Ал, қызметші дегенді  менің заманымды құл дейтін. Піш-ту, айта бар әкіміңе, Әбеннің кемпірі солай деді де! Адам көріп тұрмағанмен істерінің бәрін Аллам көріп тұр ғой. Қызмет етсе елге адал қызмет етсін. Олай етпесе, елдің киесі түбінде жібермейді...

Әбен ақсақал бізді көрмегендей, тіпті естімегендей болып отыра берді. Мен қос қариямен де үнсіз қоштастым. 

 

 


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: