Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ПРОЗА
Сәкен Жүнісовпен кездесу

Блогтар

28.05.2017
6273

Сәкен Жүнісовпен кездесу

Сәкен Жүнісовпен кездесу

 

2003 жылғы шілде айы. Жұбайым Қазына, балам Сауран, мен Көкшетау қаласы, Горький мен Абай көшесі қиылысындағы «кәсіподақ үйі» ғимараты жанынан халық қызыға оқитын «Жапандағы жалғыз үй» кітабінің авторы Сәкен Жүнісов ағамызды көрдік. Қазақ әдебиетінде өзінің шығармашылығымен, кең тынысты суреткерлігімен танылған, қайталана бермес бірегей туындылар туғызып, қаламгерлер шоғырында тұрған жерлесіміз Жүнісов Сәкен Нұрмақұлын көргенімізге шынында да қатты қуандық. Қазақтың көрнекті жазушы-драматургі, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері Сәкен Жүнісов – ұлттық прозамыздың, драматургиямыздың шашбауын көтеріп, оқырманына сүбелі-сүбелі шығармалар берген қазақтың қабырғалы қаламгерлерінің бірі. Ол замана шындығын өз шығармаларында шынайы көркемдікпен бейнелеу шеберлігімен әдебиет тарихында өз орнын алды. Проза мен драматургияны қатар ұстап, бұл орайда қапталына жан ертпеген кең тынысты, қуаты мол, қарымды, дарынды қаламгер болатын. С. Жүнісовтің қаламынан туған таңдаулы шығармалары қазақ әдебиетінің алтын қорынан берік орын алған құнды дүниелер екенін білетінбіз. Көңіліміз шаттанып, жанына бардық. Баруын барғанмен, есімі алты алашқа тараған адамның қарапайым адамдармен сөйлесе қоюы екі талай шығар деп ойладық. Бірақ қателесіппіз, ол кісі бізді ескі танысындай қарсы алып, амандық-саулық сұрасып, жөнімізді білген соң, Сауран балама «Айналайын тәуелсіздік құрдасы екенсің, қазақ елінің іргетасын нығайтып, халқымызды бай-қуатты қылатын сендер боласыңдар, бір сөзбен айтқанда ел болашағы сендердің қолдарыңда. Сондықтан балам, қазақ елінің арқа тұтар, бетке ұстар азаматы бол. Алланың назарында, бақыттың базарында жүр», - деп балама ақ батасын бергеніне риза болдық. Әдебиет жөнінде басталған әңгiмемiз ақырындап, Сәкен ағаның шығармашылығына ауысты. Сәкен аға өзінің шығармашылығы жөнінде айта келіп «мен, бірыңғай жазумен айналысқан жарты ғасырға таяу шығармашылық өмірімде қазақ әдебиетін өркендетуге үлес қостым деп айта аламын. «Ақан сері» трилогиясы, «Жапандағы жалғыз үй», «Заманай мен Аманай» романдары қалың оқырман қауымнан да, әдеби сыннан да жоғары баға алды. «Ажар мен ажал», «Тұтқындар», «Қызым, саған айтам», «Жаралы гүлдер», «Қос анар», тағы басқа пьесаларым республика театрларында табыспен қойылды. «Өліара» пьесама 1986 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді. Көптеген шығармаларым шет тілдерге аударылды. Л. Толстойдың, С. Цвейгтің, О. Гончардың әңгімелері мен романдарын қазақ тіліне сәтті тәржімаладым. Өзің де көркем әдебиеттің шашбауын көтергім келеді дейсің, ақыл сұрайсың, әрине талабыңа нұр жаусын. Ал, көркем әдебиет дегеніміз не? Ол өзінің айтайын деген ойын образ арқылы береді. Оның негізгі құралы көркем сөз, сол арқылы адам бейнесін жасап, өмірдің, өмір құбылысының қилы қырын жан-жақты алып суреттейді. Көркем әдебиеттің басты құралы сөз, сондықтан ұлттық тілдің сөздік қорын жете пайдаланып, оны шебер келістіріп қолдан. Соның нәтижесінде ғана көркем суреттеулер жасай аласың. Көркем шығарма болу үшін, біріншіден– суреттілік, образдылық, яғни күндегі көріп жүрген адамдарымыздай өзіндік қимылы бар, ой парасаты, киім киісі, жүріс-тұрысы бар жанды адамдар болуы керек; екіншіден, сол образ типтік образ болуы тиіс, яғни қоғамдық тәрбие бере алатындай бір топ адамдардың басындағы жақсы не жаман қасиеттерді бір адамның басына жинақтап, оны нанымды етіп беру қажет; үшіншіден, шындық пен суреттілік бір-бірімен ұласып жатуы, яғни жазушының суреттеп отырған образы сол кездің шындығына сыйымды болуы керек; төртіншіден, ол шығарманың туу тарихы, өмірге келу себебі, яғни туындыңның жазылу мақсаты болсын; бесіншіден, халықтық сипатта жазылған болуы керек; алтыншыдан, көркем әдебиеттің оқырманына тәлім-тәрбие бере алатындай дәрежеде, жамандықтан жирендіріп, жақсылыққа қарай жетелей алатындай қасиеті – қоғамдық мәні болуы шарт», - деді. Осы кезде жұбайым Қазына Сәкен серіге:

- Абылай хан туралы фильмді түсіруге сіздің сценариіңіз өткен көрінеді, енді Абылай хан туралы киноны қашан көре аламыз? - деді. Ол ойланып қалып:

- Рас, менің жазған сценариім қабылданды. Енді сол менің сценариім бойынша кино түсіріліп жатыр, бірақ түсірілім барысында Абылай ханды «каратист» қылып, алыстырып-жұлыстыра беріпті. Шыныда бұл маған ұнамады. Абылай хан талай жекпе-жекке шыққан қазақтың жүрек жұтқан батыры екеніне дауым жоқ. Бірақ, бұл кинода Абылай ханның – Қазақ ордасын бір тудың астына топтастырып, байтақ жерімізді жоңғар шапқыншылығынан азат еткен, алып мемлекеттер – Қытай, Ресей патшалығымен мәмілеге келіп, ел тәуелсіздігін сақтаған, айбынды да ардақты хан, кемеңгер көсем ретіндегі бейнесін сомдай алмайын деп тұрған сияқты. Режиссерға кино жөніндегі сындарымды айттым, ал енді киноның қандай дәрежеде сәтті шығатынын уақыт көрсетер, сосын халық бағасын бере жатар, - деді. Ол өзінің жеке өмірі жайында да тоқталып, жұбайының өмірден ерте озғанын күйінішпен еске алды. Өзінің осындағы шаруаларын аяқтаған соң, Алматыға кететінін айтты. Бір кезде Сәкен ағаның күтіп тұрмын деген кісісі келгесін, кетуге жиналып жатып, мен ұсынған қағазыма қолтаңба жазып берді. Сондай-ақ, Сәкен Жүнісовпен бірге фотоға түстік. Қазір Сәкен ағаның қолтаңбасы бар қағаз бен Сәкен ағамен түскен фото үйде сақтаулы тұр. Кетерімізде Сәкен ағаға шығармашылық табыстар тілеп, қимай қоштастық.

Сәкен аға дүниеден озды. Әрине, қазақ өнерін дамытуға күшін аямаған Сәкен сері Жүнісовтей төрт аяғы тең тұлпар-таланттың ендігі жерде арамызда жүрмеуі өкінішті-ақ. Халқы талантты перзентін сан қырлы өнері үшін Сәкен сері деп атап, аялап еркелетті. Аяулы азамат, үлкен қаламгер Сәкен Жүнісовтің жарқын бейнесі әрдайым ел жүрегінде сақталады. Оның озық туындылары халқының рухани қазынасына айналып, болашақ ұрпақтармен бірге жасай беретініне сенемін.

 

 


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: