Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

Блогтар

05.12.2017
6361

ШЕЛЕК

Әңгіме

 

ШЕЛЕК

 

         Қалаға кетейін десе ауылды қимай, ауылда жүре берейін десе үйге сыймай, соңғы кездері басы әңкі-тәңкі болып жүрген Самат күн еңкейе күрең құнанын ерттей бастады. Күндегі әдеті осы. Қала мен екі ортада жүріп, жолаушы тасымалдайтын автобустың келетін мезгілі болып қалды. Бұдан әрі кешіксе автобусқа үлгермей, кімдер келіп, кімдер жолаушылап бара жатқанын өз көзімен көре алмай қалады. Светі жоқ, клубы приватизацияланған ауылдағы қалған қызық осы. Мүмкін қаладағы базарда ақшасынан айырылып келген коммерсанттар бар шығар. Олардың әңгімесін екінші-үшінші ауыздан естуден өткен қорлық бар ма?!

         Самат күрең құнанын сипай қамшылап жеткенде аялдама маңы толған адам

екен. Автобус әлі көрінбейді. Бөтен бір жеңіл машинаны қоршап алған топтың жанына жетіп, ат үстінен мойнын соза қарады. Екі чешен жігіті шелек сатып тұр екен. Біреулер алып, біреулер саудаласқандарды қызықтап, мәре-сәре.

         Ауылдың іргесін бөктерлей өтетін тас жолдан түскен автобус ойдым-ойдым көшемен шоқалақтай жылжып аялдамаға жақындағанда жұрт дүрлігіп соған қарай жүгірді. Самат та тізгінін жинақтап, аялдамаға қарай бұрыла беріп еді, саудагер чешендердің бірі:

Әй жігіт, шелек ал. Бұл мықты шелек. Ресейдің шығарғаны, - деді.

Намыс қамшылаған Самат:

Қазақстандыкі Ресейіңнің шелегінен мықты, - деп еді,  анау мысқылдап:

- Какой там, Қазақстаның сіріңке шығара алмай жатқанда қайдағы шелек,- деді.

Мұндай шамданбасын:

Шығарамыз, еще қалай шығарамыз.

Сен әлі атыңды қамшылап жүрсің, мен машина мініп жүрмін.

Мұны біржола тұқыртайын дегендей жалтыраған иномаркасына шынтақтай сүйеніп, темекісінің түтінін будақтатып шығарып, мәз-мәйрем болды. Самат булығып жылай жаздады.

- Шығарамыз, - деді жоғарыдағы сөзін қайталап, - Бізде темір де, көмір де көп. Машина түгілі самолетте шығарамыз…

Ашуланғаны сондай, автобусқа да қарамады. Күрең құнанын  борбайлап, үйіне қарай шаба жөнелді...

 

 

Саян Досаров

1998 жыл


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: