Блогтар
Соттың шешімі
Қыс түскелі Ортаншының ешкімге айтпай, білдірмей айналысып жүрген шаруасы бар. Оны басқа біреуге айтайын десе, осыны қалай істеуге болады деп ақыл сұраса, әркім білгенін айтып, шатастырып жібере ме деп қауіптенеді. Тіпті білгенін де айтпай тыңдап, тыңдап алып «өзің білесің ғой» деп жағдайды білетіндер мұның мәселесіне сақтана қарайды. Оның осылай шатасып, дайын жұмысын бітіре алмай оңай жол табу орнына қиналып күнде аудан орталығына сандалып жүргеніне біреулердің қарап тұрып қыбы қанатын сияқты. Ақымаққа обал жоқ деп табалайтындай. Жүр солай дорақ деп сыртынан әжуалап күлетіндей. Кейде кейіп кетіп өзінің әсіре шыншыл, ештеңе шығарғысы келмейтін ақшаға үнемшілдігін іші сезеді. Кінәлі де сол сияқты. Басқа жұрттар сияқты әлгі құжат жасайтын делдалдарға сұрағанын бере салып тыныш жүрсең ендігі құжат та дайын, ұйқың да да тыныш болар еді-ау Ортаншы деп қояды өзіне-өзі. Кейде әлгі жұмысты бітіру үшін ұшы-қиыры жоқ құжаттарды жинап, шаршап келіп диванда жатқанда осы өкініш ұлғая түседі. Жатып алып қара күзден бері үйгі заңдастыруға жұмсаған қаражатты есептейді. Әлгі делдалдар сұраған 350 мың теңгеге әлі жете қойған жоқ екен. Осы бетімен жылжи берсе 150 мың теңге үнемдеп қалмақ. Ортаншының есебі осындай еді. Ол пара алмайтын, қызметіне адал, еңбегімен күн көрген жуас адам еді. Аздаған аңқаулығы, алданып қалған кездерде әділетсіздікке көрсететін қиқар шақарлығы да бар. Сол үшін оны ұнатпайтындар мұны қай жерде сүрінер екен деп аңдиды, бірдеңе дұрыс болмай қалса сүйреңдеп сөз етіп айызын қандырады. Олар мұның ішке жасырып жүрген әлгі 150 мың теңге үнемдемек ойын біліп қойса, жақсылап тұрып талқылап, үнемшіл тақыстығын әбден әжуа қылар еді. Сол себепті ол есебін ешкімге айтқан емес.
Мәшине қаладан шығып, аудан орталығына қарай зымырап келеді. Қаланың шетіндегі ауылдан шығып, қайнап жатқан базарға келгенше біраз уақыт өтіп кеткен екен, енді тез жүрмесе барар жерге кешігіп те қалуы мүмкін. Кеше үйдегі ұсақ тиындарды жинастырып, автобусқа жолақы төлеуге есептеп қойған. Есік көзінде қисайып, табалдырықта ақша жинап тұрған балаға тиындарын берді. Кесек ақшаға тиын тауып бере алмай тұрған жас бала бұл берген ұсақ тиындарға қуанып қалды. Біреулер түсіп, біреулер кірген сайын кішкене автобус ішінде орын ауысып, қысылып-қымтырылған адамдар күнделікті үйреншікті тірліктің мұндай жайсыздықтарына жатырқай қоймайды. Отырмақ түгілі тұратын жер болса да жетіп жатыр. Мәшине зымырап келеді. Ортаншыға осы қызық. Күнде қалада жүрсе де осы автобус дегенге лық толған жолаушылардың ішінде бұл жұмысқа кетін бара жатар еді. Ортаншы енді терезеге қарап бүгінгі соттың жайын ойлады. Сот десе зығырданы қайнап кетеді. Сотқа емес әділетсіздікке іші күйеді.
–Жер теліміне заңсыз салынған құрылысты заңдастыру талабы бойынша кезекті істі қарауды бастаймыз,–дейді сот киімін киген әдеміше келіншек.
–Заңды құрылыс,–дейді Ортаншы киіп кетіп.
–Сөзімді бөлмеңіз,–дейді сот төрағасы.
–Сонымен Сіздің арыз талабыңыз бойынша, салынған үйді заңдастыру үшін мынадай құжаттар талап етіледі. Пәленше уақытқа дейін сол құжаттарды дайын етесіз. Соттың келесі отырысы екі жұмадан кейін.
–Қарағым, маған қайта-қайта шақыра бермей түгел спесігін берсеңші жинап бірақ әкелейін,–деді Ортаншы.
–Қарау тәртібі солай. Осы тәртіппен қаралады.
Тық-тық еткен әдемі келіншек кірген есігінен қайта шығады да, бұл тағы да келген жағына құжат жинау үшін кете беруге мәжбүр болады. Хатшы қыз бұған құжатты қалай жинастырып, қайдан алу керегін түсіндіріп, келесі отырысқа кешікпей әкелуді қайта-қайта айтып тапсырады.
–Түсіндім,–дейді Ортаншы ойланып тұрған қалпы.
–Көп ойланбай қазірден кіріссеңіз болады,– дейді қызметіне берілген жас қыз.
–Мұны жинамаса болмай ма, өткенде әкеліп ем ғой, бәрін өлшеп кетіп еді ғой. Тағы өлшей ме?!
–Аға, бөгет жасамаңыз. Бөлмені босатыңыз. Бізді келесі іс күтіп тұр.
Міне, осылайша Ортаншының сотқа да еті үйренді. Ішіне қонбайтыны қағаз жината беретіні. Ортаншыны ыза қылатыны соттың әр отырысты заңсыз салынған құрылыс бойынша іс қарауды бастаймыз деп қайталайтыны.
–Қарындас, заңсыз құрылыс емес. Өз ақшама сатып алған жер теліміне салынған заңды құрылыс,–дейді бұл шыдамай.
–Заңды құрылыс болса рұқсаты болар еді. Сіз рұқсатсыз салғансыз,–дейді сот.
–Рұқсат сұрағам,–дейді Ортаншы. Мен архитекторға барғам. Рұқсат бер. Үй салам деп. Ол не деді дейсіз ғой. Сала беріңіз. Біткен соң бірақ құжат жасаймыз деді. Енді құжат жасатқан кезде әлгі архитектор маған 40 мың төлейсіз деп шығыпты. Төлемеймін дедім. Неге төлеймін. Ол маған үйдің сызбасын жасап, қалай заңды болатынын айтып көрсетіп пе? Сот мырза, бұлар өз міндетін дұрыс атқармаған. Оларға тиісті міндеттер жүктеу керек. Сонда біз де бүйтіп, заңсыз құрылыс деп әлек боп жүрмес едік.
–Азамат, сіз тақырыптан ауытқымаңыз. Тек қойылған сұраққа жауап беріңіз. Сіз үйдің заңды болғанын қалайсыз ба?
–Әрине, сол үшін жүрмін ғой.
–Онда мынадай құжаттарды тағы да жинап келесі отырысқа екі аптадан кейін келесіз.
Ортаншы құжат жинау үшін аудандық мекемелерді кезіп, үйін өлшетіп, неден салынғанын тексертіп, әр бөлмесін сызбаға түсіртіп, оған қыруар ақша төлеп тағы келеді. Екі аптада жинаған құжаты бірінші жинаған құжаттан онша айырмашылығы жоқ. Тек сөздері басқалау. Әлдебір сызбалар қосылған. Сол қағазда алуға барса кейде таласып-ақ қалады. Мына қағазды алып едік қой неге қайта жинатып жатырсыз дейді бұл. Солай болу керек дейді компьютерге үңілген жас жігіт. Сонымен қойшы, Ортаншы қыстың орта шенінде әбден шаршағанын сезді. Күн суытып, құжат жинау қиындай түсті.
Ортаншы бүгін тағы жұмыстан қалып, үйде өрт сөндіру қызметін тосып отыр. Аудандық өрт қауіпсіздік мекемесінің қызметкері түске таман хабарласты. Бұлардың үйі жаңадан салынғандықтан әлі көше аты, үй нөмірі берілмеген. Екеуі телефонмен сөйлесіп көшеде кезікті. Ортаншы өрт сөндіруші формасын киген жас жігітті жол бойында тосып алды. Сүліктей қап-қара мәшине мінген жігіт үйге келген соң папкісін столға жатқызды да айнала қарап біраз отырды. Малақайын сәл көтеріп қойды. Ұзын бойлы әдеміше келген, формасы үстіне жараса кеткен жас жігіт осы қызмет үшін жаралғандай.
–Жарық жүйесін электрді білетін маманға, талапқа сай тартқыздым. Кіріп көруіңізге болады. Бір жылдан асты. Ешқандай мәселе туған жоқ. Рахмет оған. Тексеріп көруіңізге болады. Қауіпсіздік шаралары толық сақталған.
–Рұқсат қағазын көрсетіңіз,–деді жас жігіт папкісін сипап қойып. –Құжатын, сызбасын әкеліңіз.
–Бізде ешқандай сызба жоқ. Жасады да кетті. Сен оған 50 мың теңге төледім. Ал кейбіреулер құжаты болмаса да өздері долбарлап тарта береді.
–Аудандық электр жүйесінің рұқсаты мен солардың жасап берген қағазын көрсетіңіз.
–Мұнда ешкімде ондай қағаз жоқ. Нанбасаңыз көршілерден сұраңыз. Ешқайсында жоқ. Жас жігіт түсініксіздеу көзқараспен Ортаншыға қарап қойды. Ортаншы елуден әлдеқашан асып кеткен көздері отты, аласа бойлы төртпақ адам. Шашы дудырап көзіне түсіп кетті. Быртиған саусақтарымен малақайын уақалай берді.
–Енді былай ғой бауырым. Істің турасына көшейік. Мен жұмыстан сұранып келіп едім. Іздейді ғой мені түстен кейін бармасам. Біздің колледжде математик аз. Білетіндері. Былайша қызмет істеп жүргендер бар. Бірақ емтиханға мен қатыспасам болмайды. Солай. Енді мына шаруаны бітірейік. Іс қалайық. Қалай істейміз.
Ортаншының қобалжуы өрт сөндіру қызметінің маманына күш бітіргендей болды.
–Былайша... әлгіндей құжат болмаса Сіздің справкі жүз мың тұрады.
–Мынау сұмдық қой. Тонау ғой бұл,– Ортаншының қиналысына өрт сөндіру қызметінің маманы жаны енді кіргендей болып қимылдап қалды.
–Енді бұл өзіңіздің үй ғой. Сол үшін төлейсіз. Мен 200 мың сұрап тұрғаным жоқ қой,–деді.
Ортаншы көзі бағжиып орнынан атып тұрды.
– Шық үйден иттің баласы,–деді. Спрәпкіңмен қоса құры. Білесің бе сен менің кім екенімді. Қазір бірақ звонокпен баратын жеріңе жіберемін. Шық үйден!
Жас жігіт мұндайды күтпесе керек шегіншектеп барып шығып кетті. Ортаншының айқайын да, ыза болып балағаттағанын да онша елең қылмады. Дабыр басылды. Үй іші тым-тырыс. Ыза буып барады. Денесі қалшылдап кетті. Қолдары дір-дір етеді. Көз алды қарауытып кеткендей. Ортаншы жалғыз бірталай отырып барып өз-өзіне келді. Мына сома оның күткенінен ондаған есе көп еді. Есік алдына шықса жас жігіт анадай жерде бірдеңені күткендей әлі тұр екен.
–Үйдің айналасын қоршамапсыз ғой,–деді бейбіт дауыспен араларында түк болмағандай.
–Сен сияқтылап тонап жатса қоршарсың,–деді бұл ызамен. Жас жігіт бұған да елең етпеді.
–Өзің бір меңірейіп сөз өтпейтін неме екенсің,–деді Ортаншы. –Бар кете бер. Үй заңдаспай қалса да бір тиын бермеймін саған. Пожарниктер алатын 5 мың теңгеңді аласың, сол жетеді. Ертең барам құжат дайын болсын. Егер дайын болмаса бастығыңа айта бар ісім сендермен болады,–деді дауысын қатайтып.
–Жарайды аға,–деді өрт сөздіру қызметінің маманы–Сіз бұджет адамы екенсіз қинамай-ақ қояйын, 30 мың теңге берсеңіз болады. Оның бұл сомасы Ортаншыға әлі де көп көрінді. Саудаласып, тәжекелесіп тұрап, ақша мөлшері 27 мыңға келді. Бұдан ары өрт сөндіру маманы түспей қойды.
Ақшасын қимаса да айтқан соманы санап беріп, Ортаншының көпке дейін іші ашығандай, әлдебір лас нәрсеге араласып, өне-бойы кірлеп, белшесінен батпаққа кіріп кеткендей жағымсыз күйден арыла алмай бірнеше күн мең-зең болып жүрді.
Құжат жинау жалғаса берді. Қолы босаса облыс орталығынан іргедегі ауданға қарай автобуспен зымырап келе жатады. Автобус ішінде ине шаншар жер жоқ.
Бір күні тағы да аудан орталығында құжат жинастырып жүріп әлдебір мекемеде үйді заңдастыруға көмектесеміз деген хабарландыруды оқыды. Екінші қабаттағы жеке бөлмеде шашын жайып иығына жіберген жас қыз отыр екен. Бұл келген шаруасын айтып еді қыз бірден қызметтің ақысын айтты. Жарайды ойланайын деп далаға шыққан соң көшедегі адамдардың әрі-бері асыға басқан легіне қарап тұрып, қыстайғы еңбегім босқа кетпеген екен ғой деп ойлады. Өзі ойлағанда жүз мыңнан артық ақшасы үнем болған екен. Енді бір-екі айналымнан соң шешім шығатын кез де таяп қалады. Бірақ сол шешімнің таныстарды салып барып, қан қақсатып барып зорға шығатынын ойламапты.
Көкек айының аяғында соттың шешімі шығып, үйдің құжаты дайын болды. Бірақ бұл шешімнен кейін де талай қағаз жинастыру керек еді, бірақ көрінген таудың алыстығы жоқ деп бұл кезеңдегі жұмыстарға Ортаншы қиналып ренжи қойған жоқ. Қыс өтіп көктем шыға көптен күткен қағазына қолы жетті. Бір-екі беттік қағаз үшін қыстай дедектеп жүгіргені есіне түсіп күрсініп қойды.
13.12.2020