Блогтар
Тағдыр жолым
Саумалкөлде Әгір жүр – сыныптас қыз,
Ұмытпастай аққудай айдындағы.
Кәкімбек Салықов
«Сырымбет арулары»
Әгір апай 40 жылдан астам талай шәкірттерді өмірге қанат қақтырған талай жас тәлім беріп, үлгі болған ұлағатты ұстаз еді. Ауыл - аймақтың ақыл айтар қадірменді жаны еді. Апай сырқаттанып қалған жағдайда әрдайым жанынан табылып, медеу болушы едік. Көненің көзі болған апай сондай сәттердің бірінде өмірінің сан қилы кезеңінен сыр шертіп, шерін тарқататын:
- Мен 1930 жылы ауылда ұжымшар ұйымдастырылып жатқан алас-күлес заманда туыппын, - деп бастайтын әңгімесін апай, - Сол себеппен ата-анам менің есімімді Әбігер деп атап, артынан еркелетіп Әгір деп атап кеткен екен. Әкем аудан орталығында жауапты қызметте істеді. Сол кезде тәтті балғын шақтың қызығына тоймаған ерке қызбын. Бірақ осындай жайма шуақ өмірімнің бір сәтте тас-талқан болады деп кім ойлаған
1937 жыл. Жаздың тамылжыған бір күні әскери адамдар үйге сау ете түсті. Чекистер үйді тінткен кезде ештеңе табылмады. Бұл жағдайды өзгерткен жоқ. Атам мен әкемді алып кетіп бара жатты. Анам жылап жатты. Мен қатты қорқып кеттім. Әкем:
- Анаңды тыңда. Оған сіңліңді өсіруге жәрдемдес. Шығып бара жатып:
- Жылама құлыным. Бір қате кеткен шығар. Тексеріп, ақ-қарасы анықталған соң, келемін, - деп жұбатып, тұлымшағымнан иіскеп, анама:
- Мен міндетті түрде ораламын, сен түрменің табалдырығын тоздырма. Балаларды күт, - деп айтқан әкемнің соңғы сөзі есте қалды.
Бірақ Сталиндік қанішерлер олар жүйелі түрде сауаты бар зиялы қауым өкілдері дәрігерлер, мұғалімдер, ғалымдарды құртып жатқан кез еді. Анам, менің есімде қалсын деді ме, атам мен әкем туралы:
- Әкең Қажыкен араб, парсы, орыс, неміс тілдерін жетік білген білікті де, білімді адам болды, атаң Асқар Меккеге екі рет қажылыққа барып келген, оқыған діндар кісі еді, - деуші еді. Әкем туралы бар дерегім осы ғана.
Енді үйде анам, емшектегі сіңлім және мен қалдым. Еңбек етіп ақша табатын Анам дімкәс. Әкемді ұстап әкеткеннен кейін анамның денсаулығы күрт түсіп кетті. Үйде азық - түлік қоры таусылуға айналды. Анам өз бетімен жүре де алмайды, әйтеуір менің жәрдеміммен далаға кіріп - шығып жүреді. Көрші - қолаң бізге көмекке келуге «үндеместен» қорқады.
Осындай қиыншылықпен күндеріміз өтіп жатты, әйтеуір түнде есік тақылдаса табалдырыққа қайырымды жандар нан, сүт, айран, қаймақ тастап кететінін білеміз. Соны талғажу қыламыз. Анама дәрігерлік көмек көрсетілмеген соң, анамның да ауруы күн санап меңдей берді.
Таң ата есік алдына шығып әкемнің жолын тосамын «Келемін деп еді ғой, неге келмейді, әкем неге сөзінде тұрмайды», - деп жылаушы едім. Сонда анам менің үмітімді үзгісі келді ме «Әкең халық жауы, ол енді келмейді» деп көз жасына ырық беретін.
Бір күні таңертең тұрсам, анам қимылсыз жатыр, қолы, денесі мұздай, оятсам оянбайды, қойнында жылап жатқан сіңлімді қолыма алдым, сонда ғана анамның о дүниелік болғанын білдім. Емшектегі сіңлім тамақ сұрап жылайды, оған қосылып мен де жылаймын, қалай уатарымды білмеймін. Өзімнің де, өзегім талып қарным ашты, содан жылай-жылай сілесі қатқан сіңлімді амалсыз анамның қойнына салдым.
Анасының исін сезді ме, сіңлім емшегін еміп жатып үнсіз ғана өмірден өтіп кетті. Менің де аштықтан көзім қарауытып, шешемнің бауырына тығылып талықсып жатқан жерімнен үйдің есігін бұзып кірген көршілер мені өлімнен құтқарды. Мүмкін бұл менің соңғы түнім болар ма еді, әйтеуір көретін жарығым бар екен.
Көршілер анам мен сіңлімді жер қойнына беріп, мені балалар үйіне өткізді. Өздерінің басына қауіп төніп тұрса да, өмірімді алып қалған көршілеріме шексіз ризамын.
«Сырымбет» ауылының балалар үйінде тәрбиелендім. Шота Уәлиханов, Кәкімбек Салықовпен бір мектепте, бір сыныпта, бір партада отырып оқыдым. Бүгінгі күнге дейін ара - қатынасымыз үзілген жоқ. Сабақты тек беске ғана оқыдым алтын медаль алуға үміткер едім, бірақ алтын белгі маған бұйырмады. Тегі артымнан қуынатын адам жоқ деді ме, әлде халық жауының қызына «алтын белгі» лайық деп таппады ма, кім білсін. Мектепті бітіргеннен кейін Алматы қаласына оқуға түсуге жиналдым. Бірақ қаржы мәселесіне қатты қиналып жүргенімді көрген сенің анаң маған қол ұшын созды. Анаң жасы менімен тетелес болса да, педучилищені бітіріп, мектепте мұғалім болып істейтін.
Алматыға келіп педогогика институтына құжаттарымды бердім, бірақ жарты балым жетпей оқуға өтпей қалдым. Ел жаққа барайын десем басымды кім сипай қояр дейсің деп амалсыз Алматы қаласындағы баспаға жұмысшы болып орналастым. Жұмыс беруші жатаханадан жатар орын берді. Алған аз-мұз еңбекақымды күнкөрісіме жеткізіп жүрдім, әйтеуір жолым болып келесі жылы КазПИ оқуға түстім. Алған степендия бірде жетеді, бірде жетпейді, бірақ ешкімге қолымды созған жоқпын. Анамның шұлық тоқып үйреткені кәдеге асты, сол кәсібіммен нәпәқа тауып жүрдім. Бір мақтанарым Мұқтар Әуезовтің дәрісін тыңдау бақытына ие болғандығым еді.
Оқуымды аяқтаған соң тұрмысқа шықтым. Аллаға шүкір бала сүйдім. Бәрі аяқтанып өмірде өз жолдарын тапты. Енді немере-шөберелерімді бағып отырған жайым бар. Әкем мен атам тәуелсіздік жылдары ақталды. Олардың сүйегі қайда жерленгенін де білмеймін. Сонда да жұма сайын мешітке барып әкем мен атамның, анамның рухтарына дұға бағышылаймын. Әкемнен ұрпақ қалмай ошағы өшкеніне қатты өкінемін. Иә, қазір баспа сөзде жазып жүргендей, әкем мен атамның «халық жауы» деп, адамгершіліктерінің тапталуына Сталинің және оның жендеттері ғана кінәлі емес, ең алдымен қанқұйлы басшылардың ниетін орындаған «Ә» десе «Иә» деген жер-жердегі шолақ белсенділер де кінәлі деп ойлаймын.
Есейгенде әкем мен атамның жазықсыз өліміне себепкер болған адамның кім екенін білгім де келмеді, өйткені кек сақтап өмір сүру өзіме де ауыр тиетінін білдім. Әр адамның істеген жамандығы өзіне қайтып келеді деген ана сөзіне имандай сенемін... ,- деп үндемей отырды да, - Кәкімбек құрдасым: Өмірдің жазы өтіп,Қысы қалды,Көңілдің іші тозып,Тысы қалды деген емес пе. Енді міне жер ортасынан ассам да әлі де, анам мен әкемнің жылы алақандарын сағынамын, бірақ сағынышым о дүниеде олармен кездескенде басылар, тек артымда қалар ұрпақтарымның заманы түзу болсын. Ал, тағдыр жолымның осындай шырғалаң болғанына заманымды жаман қылған қарау адамдар кінәлі деп ойлаймын, - деп Әгір апай терең күрсінген-ді.
Әгір апай 91 жасында бақилық болды. Иманы кемел болсын.
Р/S. Бірде апайдың замандасы «Әгір апайыңды жазсаң, менің айтқанымды да қағазыңа түрте сал, Әгір жас кезінде аққұба өңді, ботакөз, ботатірсек сұлу қыз еді. Оған көз салған бозбалалар көп болатын, бірақ Әгірдің ойы басқа еді. Ол әкесінің «халық жауы» емес екенін дәлелдеймін дейтін асқақ арманы болатын. Бір сыныпта Шота, Кәкімбек, Әгір үшеуі бірге оқыды, үшеуі де оқу үздіктері еді. Оқып жүрген кезінде Әгір анамның көзі деп оның қызыл бархыт ішігін киіп жүретіні есімде. Кәкімбек «Сырымбет арулары» өлеңіндегі:
Барады жылдар өтіп ағындаған,
Таусылмас, қайран көңіл, назың маған.
Баяғы қызыл ішік киген қызды
Боламын сағынсам да сағынбаған, -деген жолдарды оқып, Кәкімбектің «Жез киік» әніндегі «Қызыл ішік» киген қыз Әгір емес пе екен деп те ойлайтынмын.
Мүмкін Кәкімбек жүрегінде қалған сұлу бейнені өлең арқылы өрді ме екен, кім білсін? Енді бұл менің жорамалым ғана, бірақ апаңның жас кезінде көркіне ақылы сай сұлу болған рас еді», - деген-ді.