Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Блогтар
ПРОЗА
ТІГІНШІ ӘЙЕЛ

Блогтар

27.06.2018
9237

ТІГІНШІ ӘЙЕЛ

ТІГІНШІ ӘЙЕЛ

ТІГІНШІ ӘЙЕЛ 
Биыл оңтүстiкке қалың қар жаумаса да қыс ызғары қатты. Далада ұзақ уақыт жүрген жанның арқабасы кәдiмгiдей тоңып қалады. Әсима бүгiн де күннiң суықтығына қарамай “Халық банкiне” асығып келедi. Кезек күткендердiң қарасы көп екен. Ұзақ күтуiне тура келдi. Қараптан қарап отырып, ой тұңғиығына батты да кеттi. 
Жаңа жылдан бастап көбейген зейнетақысын қолына алғанша жаны жай табар емес. Ақша алса, қызына қалың пальто әперемiн деген уәдесi бар. Ана үшiн жалғыз қызының қуанғанын көру қандай ғанибет. Гүлжанына кiшкентай кезiнде көйлегiн де, пальтосын өзi тiгiп беретiн. Қызы мәз болып, шаттанып киiп кете берушi едi. Бойжеткелi “апа, киiмдi базардан сатып алайыншы” дейтiн болды. Әсима қызының меселiн қайтарған емес. Қалағанын әперiп, оқытып жатыр. Жанына жалау болып жүрген осы қызы болмағанда қайтер едi. Шешесiнiң тiлiн алмағанда қазiр соқа басы сопайып, жалғыз өзi қалар ма едi, кiм бiлсiн? Не де болса апасы көреген екен. Жұмыс, жұмыс деп, бiр жағы өзiне қарайлап отырып қалған бұған “Қызым-ау ертерек бiреудiң етегiнен ұстап, бала сүюдi ойласаңшы. Мен қашанғы қасыңда жүрер дейсiң. Ертеңгi күнi жалғыз қалсаң жаның қиналады ғой” дейтiн де отыратын. Бiрақ апасы айтты екен деп, бұл қалай, қайтiп еркектiң етегiне жармассын.? Оның үстiне тiгiншiнiң де жұмысы белгiлi. Азаннан кешке дейiн айналдырғаны тiгiн машинасы. Мұның тiгетiнi ерлердiң шалбары. Кейде өзi сияқты өңкей отырып қалған қыздар бас қосқанда “Япыр-ай, осы бүкiл облыстың еркегiне шалбар тiгемiз. Ең болмаса сол еркектiң бiздерге бiреуi бұйырмаған ма” деп күлiсiп алатын. 
Әсима қолы өте шебер тiгiншi еді. Тапсырысты артығымен орындап, ұжымның мақтанышына айналғаны қашан. Артық сөзi жоқ, өз iсiне адал қызды басшылар да жиi мақтап, ақшалай, заттай марапаттап жатады. Соның арқасында, Әсима үйiне де екi тiгiн мәшинесiн сатып алған. Апасы да iсмер болғандықтан қарап отырмайды. Көршi-қолаңның көрпесi мен көрпешесiн, майда балаларының киiмiне дейiн апасы тiгiп бередi. Алайда ақысына пәлен бересiң деп ешқашан айтпайды. Көршiлерi де қолдарында не бар соны әкеп бередi. Бiрақ апасының көзi мен қолы машинада болғанымен, бар ойы – қызында. Оның 36-ға келгенше тұрмысқа шықпағаны анасының жүрегiн ауыртады. “Қарағым-ай, өңiң келiстi болғанда баяғыда-ақ ерге шығып кетер ме едiң. Қолыңнан iс келетiнiн былайғы жұрт қайдан бiлсiн? Қатарыңның бәрi үйленiп кеттi. Сен ендi ешкiмдi де таңдама. Жiбi түзу еркек кездессе, басыңды құраудан қашпа. Үй-күйi жоқ болса, тiптi қолымызда-ақ тұрар. Ұл-қыз сүйсең, саған сол олжа” деп анасы ұзақсонар ақылын айтудан жалыққан емес. Әсима мұндайда үндемей құтылады. Рас, анасы айтқандай өңi де келiсiп тұрған жоқ. Оның үстiне уылжыған жас емес. Ендi бұған кiм қарасын? Әйелi қайтыс болған, ажырасқан бiреу болмаса...
Әсиманың ойы бұдан әрiге бармайды. Апасы да қызық. Жоқ еркектi бұл қайдан таппақ? Бала үшiн деп танымайтын, бiлмейтiн бiреумен қалай төсектес болады? Қызының бiртоға мiнезiн бiлетiн апасы үйге үлкен ұлы келгенде де қызының жайын айтады. “Осы Әсимажанға лайықты бiреу табылса. Көзiмнiң тiрiсiнде күйеу баламды көрiп, немеремдi қолыма ұстасам деймiн” деп кемсеңдеп қалады. Әйтеуiр Әсима апасына уайым болды. Сөйтiп жүргенде нарықтық заман басталып, тiгiн фабрикасы да тоқыраудың тоқпағына шыдай алмай қалт-құлт ете бастады. Сұраныс аз, жалақы уақтылы төленбейдi, амал жоқ, бiрқатар тiгiншiлер қысқартуға iлiктi.
Әсиманың әлi көз алдынан кетпейдi. Жиналыс десе зәре-құтылары қалмай, қысқартудың құрығына ендi кiм iлiнер екен деп тұнжырап, қабақтары ашылмай отыратын әйелдер бұған кейiнгi кездерi жақтырмай қарайтын болды. “Бұл белсендi ғой, мұны қысқартпайды, кетсек алдымен бiз кетермiз” дейтiн. О, тоба-ай, кейде адамның жақсы iсiмен де жұртқа жақпайтын кезi болады екен-ау. Ұжымдағы осындай алауыздықтан кейiн Әсима ойлана бастаған “Қой, менiң соқа басым ғой. Жалғыз шешемдi үйде тiгiн тiгiп отырып-ақ асырармын. Бастыққа кiрiп, өзiмдi қысқартуды өтiнейiн. Менiң орныма төрт баласы бар Ажар қалсын. Қысқартуға ол iлiксе балаларын қалай асырайды? Оның үстiне босбелбеу күйеуi де тұңғыш баласындай оның тапқанына қарап отыр емес пе?” Әсима әуелi бұл ойын анасына айтқан. “Апа, бiз аштан қалмаспыз. үйде тiгiн машинамыз бар. Қажет болса, таныстарымыз үйге келiп-ақ тапсырыс берер. Мен өз еркiммен жұмыстан кетейiн. Бiрақ бастықтан өз орныма қалайда Ажарды қалдыруды сұранайын” дедi. “Қалқам-ай, не дейiн? Жұмыссыздық жұртты қинап жатыр ғой. Жұмысыңнан кетсең, жалғызсырап iшқұса болмайсың ба? Бiр мезгiл көңiлiңдi аулар күйеуiң де, балаң да жоқ. Одан сайын кiсiкиiк болып кетпесең болғаны. Дегенмен өзiң шеш”. Анасы осылай деген соң Әсима таңды ұйқысыз атырды. Алайда бастапқы шешiмiнен айныған жоқ. Таңертең жұмысқа ерте келдi де бастықтың кабинетiне кiрдi. Әйелдер өзара сыбыр-сыбыр етедi.
-Әне, көрдiңдер ме? Бұл бастыққа қалай жағуды бiледi. Қысқартуға iлекпеудiң амалын осы бастан қарастырып, бастыққа жағынып жүр. Қолына бiрнәрсе қыстырып бара жатқанын өз көзiммен көрдiм, – дедi үнемi түймедейдi түйедей етiп көрсетуге жанықұмар Жұпар. 
– Қойыңдаршы, Әсимада нелерiң бар? Ол ешқашан қысқартуға iлiкпейдi. Керек десеңдер, ол жалғыз өзi осы тұрған жетеуiмiздiң iсiмiздi де бiр өзi атқара алады, – дедi оны қорғаштаған Ажар. Осы сәтте Әсима да әйелдердiң қасына келдi. «Ал, құрметтi әрiптестерiм, мен бүгiннен бастап жұмыстан кеттiм. Бәрiңе сәттiлiк тiлеймiн. Бұл қиыншылықтан әлi-ақ бәрiмiз шығамыз. Тек төзiмдi болайық. Келiп тұрамын ғой» деген Әсиманың жанары жасаурап кеттi. Пәлен жыл еңбек еткен ұжымын кiм қисын? Осы кезде ұжым басшысы Гүлнәр Сағитқызы да келiп, Әсиманың жұмыстан кету себебiн түсiндiрдi. Әйелдер сенер-сенбесiн бiлмей, таң қалды. Әсiресе Ажар. Әсиманы құшақтай алып, жылап жiбердi. Жұмыстан босаған Әсима үш күн бойы ешнәрсе iстеген жоқ. Бiр бұрышта тұрған тiгiн мәшинесiне бiр-түрлi жатырқай қарайтындай. Өз ойымен әуре болып жүрген оған апасы да ешнәрсе демедi. Әсима мәшинесiн бiр көршiсi күйеуiне шалбар тiктiруге келгенде ғана қолға алды. Бiр үйде екi тiгiншi отырған соң бұлардың жағдайы жаман бола қойған жоқ. Көрпе де, көрпеше де, халат та, шалбар да, көйлек те үздiксiз тiгiлiп жатты. Жұрттың көпшiлiгi ала дорба арқалап жұтап жүргенде Әсиманың дастарханы дәмге толып тұрды. Ал төрт бөлменiң iшi жұтынып, жайнай түстi. 
Әсиманың өмiрiне де өзгерiс осы жылдары келді. Бiрде бөлек тұратын ағасы үйге бiр ер кiсiнi ертiп келдi. Кезiнде екеуi құрылыс саласында бiрге жұмыс iстеген екен. Базарда кездесiп қалып, үйге ас iшуге шақырыпты. Тұрлыбек қала iргесiндегi ауылда түрады екен. Әңгiме арасында анасы әйелi мен екi ұл,бір қызы бар екенiн бiлдiрдi. Ұзын бойлы, рең басы әжептәуiр жiгiт ағасының киген киiмдерi тым жұпыны екен. Екi тiгiншi мұны бiрден аңғарды. Ол кеткен соң анасы «әжептәуiр-ақ жiгiт екен. Әйелi салақтау бiреу-ау. Әйтпесе осындай азамат өстiп киiне ме?» дедi. Әсима бұл сөзге оншалықты мән берген жоқ. Арада ай өткенде ағасы мен Тұрлыбек тағы да келдi. Бұл жолы анасы оларды қалбалақтап қарсы алды. «Қарақтарым, алыңдар, iшiңдер, жеңдер» деп ұлы мен келген қонаққа барын берiп шығарып салды. Ол екеуi ендi бiрiгiп, бiр үйде құрылыс жұмысын жүргiзiп жатыр екен. Қолдары қалт етсе, сау етiп келе қалады. Апасы екеуi барын берiп, шығарып салады. Бiр күнi тiптi бiтпей тұрған қора-қопсыны да ретке келтiрiп, ағашты да жарып тастады. Келе-келе Тұрлыбек осы үйдiң бiр мүшесiндей болып кеттi. Ұзақ уақыт көрiнбей кетсе, апасы екеуi кәдiмгiдей елеңдеп, күтетiн болды. Көптi көрген анасы Тұрлыбек бiр келiп кеткенде сөзiн әрiден бастады. «Әсимажан, жасың болса келiп қалды. Осы уақытқа дейiн сенiң бiреуге қарағаныңды көрмедiм. Мына Тұрлыбек үйге бекер келiп жүрген жоқ. Байқауымша, сенде ойы бар сияқты. Әрине, саған бiреудiң отбасын бұз деп айта алмаймын. Бiрақ көңiлiн бiлдiрсе көкiрегiнен итерме. Өз баламдай көрейiн . Менiң тiлегiм, сенiң перзенттi болуың. Басқасын уақыт көрсете жатар. Ендi ағаңа не тiксең, Тұрлыбекке де соны тiгiп бер. Ер-азаматтың алым-жұлым болып жүргенi жараспас» деген анасының әңгiмесiн естiгенде шоршып түстi.
Ой, апа, Тұрлыбектi қайтемiн? Әйелi, бала-шағасы бар ғой» деген. Шынында анасы Тұрлыбектi өз ұлынан кем көрмейдi. Тiптi оның ауылдағы анасының, әйелiнiң, балаларының қамын ойлап, уайымдап отырғаны. Бiрде Тұрлыбек келгенде «Қарағым, мына дайын халаттарды әйелiңе апарып бер. Қарап отырғанша сатсын. Үстiнен әжептәуiр көредi ғой. Ал мынаны анаңа апарып бер» деп әдемi тiгiлген бiр көйлегiн де берiп жiбердi. Көйлектi алып тұрып қатты күрсiнген ол: «Апа, ниетiңiзге рахмет! Бiрақ халатыңызды алмаймын. Оны сату менiң әйелiмнiң қолынан келмейдi. Сiзге ұятты болып қалармын», – дедi. Қалада тұратын апасы мен Әсима жайлы Тұрлыбек те анасына айтқан. Ұлының үстiндегi киiмдердi көрiп қуанған аурушаң анасы «Досыңмен қосып, оларды үйге шақырсаңшы. Дәм татқызып жiберейiк. Жақсы адамдармен араласып тұрғанға не жетсiн!» дедi. Тұрлыбек басында үйiн көрсетуге ұялғанымен, ақырында шақыратын болып келiстi. Әсима мен анасы, ағасы үшеуi сый-сияпаттарын алып, Тұрлыбектiң үйiне келгенде жайласып отыратын жер таппай қатты састы. Қонаққа деп салынған көрпешенiң өзi кiр-қожалақ, жастық тыс өрiм-өрiм. Тұрлыбектiң әйелiнiң түрi әдемiлеу болғанымен салдыр-салақ, нұқып көрсетпесең, ешнәрсенi қаға бермейтiн жан екен. Қонақтарға ет асқаны бар болсын, «Апа, еттi түсiрейiн бе, қамыр илейiн бе, салайын ба?» деп ауру енесiн қайта-қайта сөйлетiп ығырын шығарды. Ұялғаннан Тұрлыбек басын тұқыртып, дастарханның шетiн мыжғылай бердi. Бәрiн сезiп, түсiнген анасы Әсимаға «Бар, көмектес, жалғыз өзi үлгере алмай жатыр ғой» деп қызын ас үйге жiбердi. Тұрлыбектiң әйелiне бәрiбiр сияқты. Қонақсың ба, басқасың ба, дұрыстап тамақ бере алмай жатырмын-ау деген ой қаперiне кiрiп те шығар емес. Бiр кезде шикiлi-пiсiлi бiр табақ қамырды тарс еткiзiп үстелдiң үстiне қойды да шығып кеттi. «Әй, мынаның етi қайда?» дедi даусы қарлыққан енесi. «Мен әкелейiн» деп Тұрлыбек орнынан тұрды. Сорпаны Әсима құйып әкелдi. Үйге келген соң апасы күйiп-пiсiп «қор болған еркек-ай» дедi.
Бiр аптадан кейiн үйге келген Тұрлыбек «жайымды өзiң көрдiң ғой» дегендей Әсимаға көңiлiн бiлдiрдi. Анасы мен әйелiнiң қарсы болмайтынын да жеткiздi. Өмiрiнде Тұрлыбектен басқа еркек Әсимаға сөз айтып көрмептi. Әбден ойланған Әсима «маңдайыма жазғанды көремiн» дедi де Тұрлыбекке жар болуға келiсiмiн бердi. Екеуi некелерiн мешiтке қидырды. Көп өтпей Әсиманың аяғы ауырлады. Апасы «құрсақшашу» жасап, мәз болып жүр. Осы кезде Тұрлыбек те бiр шешiмге келгендей болды. Анасын, 1,5 жасар қызын алып, Әсиманың қолына бiржолата келдi. Ешқандай айқай-шу болған жоқ. Тұрлыбектiң әйелiне ақырзаман болса да бәрiбiр сияқты. Екi ұлымен ауылдағы үйiнде тұрып жатты. Олардың бар жағдайын жасау – Тұрлыбек пен Әсиманың мойнында. Әсима аппақ қыз туғанда екi ана қатты қуанды. Әсима өз қызы мен бәйбiшенiң қызын бауырына салып өсiрдi. Ал анасы мен енесiнiң сыйластығында шек жоқ едi. Екеуi тура бiрге туған апалы-сiңлiдей болып, сыйласып отырады. Жағдайы жақсарып, киiмi бүтiнделген енесi де ауруын ұмытып кеттi. Тұрлыбектiң ұлдары да Әсиманы бөтенсiнген жоқ. Тәттi тамағын iшiп, жақсы киiмiн киiп кететiн. Гүлжаны 10 жасқа келгенде алдымен енесi, кейiннен анасы қайтыс болды. Тұрлыбек екеуi екi ананы арулап жерледi. Әсима әлi күнге дейiн анасы мен енесiнiң татулығына таң қалады. Сiрә, адам қартайған сайын сыйластықтың қадiрiн бiле түсетiн сияқты. Ең өкiнiштiсi, сыйласып ғұмыр кешер шағында Әсиманың қасында Тұрлыбегi жоқ. Оның да дүниеден озғанына үш жылдан асып барады. Апасы айтпақшы, бүгiнде Әсиманың қасында жалғыз қызы қалған. Кезiнде анасы «тұрмысқа шық» деп бекер шырылдамаған екен. Әсиманың бары да, бақыты да жалғыз қызы. Қазiр сол үшiн өмiр сүрiп жүргендей. «Аман болшы, алтыным!». Ана жүрегi елжiрей түстi. Өткен өмiрi көз алдынан сырғып өтiп жатқанда кезегi де келiп қалыпты. Зейнетақысын қуана қолына ұстаған тiгiншi әйел «Құдайға шүкiр» деп күбiр етті. 
Фатима ЗАБУРАҚЫЗЫ.


Бөлісу:      
Пікір қалдыру: